Сталиннің «жендетіне» ескерткіш тақта қойды

Вальтер Вандқа орнатылған ескерткіш тақтаны ашу кезінде сөйлеп тұрған полиция өкілі.

Ресейдің Саранск қаласында белсенділер бірнеше жылдан бері Сталин репрессиясы құрбандарына ескерткіш қоюды талап етіп келеді. Осы апта Ресей ішкі істер министрлігі репрессия құрбандары жерленген бейіт маңына ескерткіш тақта орнатты. Бірақ ол - қуғындалғандардың емес, НКВД-ның сол кездегі басшысының ескерткіш тақтасы болып шықты.

2004 жылдың жазында бір топ белсенді Саранск қаласы маңындағы орманнан 500-ден аса адамның топтап жерленген бейітін тапты. Ол жерге 1930-жылдары, сталиндік террор кезінде опат болған адамдардың мәйіттері жаппай көмілгені анықталды. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, мұнда православ шіркеуі діндарларының, молдалар мен мұғалімдердің, колхозшылар мен жұмысшылардың сүйектері жатыр. Аты-жөндері белгісіз, себебі СССР және Ресей құпия полициясы архиві әлі жабық жатыр.

Белсенділердің бірі Николай Курчинкин үкіметтің «Российская газета» басылымының Саранскідегі тілшісіне берген сұхбатында «Молаға қатысты өзіміздегі ақпаратты үкіметке, ғалымдарға және халыққа жеткіздік. Бірақ тырс еткен ешкім болмады» деген.

Белсенділер мәйіттер қайта қазылып, қалалық зиратқа арулап жерленеді деп үміттенген еді. Олар тіпті «Қуғындалғандарды алып келіп, желкесінен атып өлтірген жерге лайықты ескерткіш қойылатын шығар» деп ойлаған.

ВАНДТЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

Мамырдың 23-і күні бұл жерге расымен де ескерткіш орнатылды. Бұл Ресейдегі 1930-жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына қойылған бірен-саран ескерткіштің бірі екені рас. Алайда монументтегі жазудың бір жолы ғана репрессия жайлы болса, қалған 12 жолы Сталин зұлматының бір ғана құрбаны – Вальтер Вандқа арналған. Ал Ванд - сол қудалау мен жазалауды ұйымдастырған НКВД-ның аймақтық бөлімі басшысы болған адам.

Ескерткішті ашу салтанатын Мордовия Республикасының ішкі істер министрлігі ұйымдастырды. Рәсімде сөйлегендер арасында Мордовия ішкі істер министрі орынбасары мен Вандтың немересі Нина Фрейман да болды. Шара Вальтер Вандтың осы жерге жақын маңда атылғанына 78 жыл толуына байланысты өткен.

- Бұл – тек саяси қуғын-сүргін құрбандарына ғана емес, олардың әп-сәтте «халық жауына» айналып шыға келген жақындарына қойылған ескерткіш. Бұл – қуғындалғандардың тауқыметін бірге көтеріп, оларды сатып кетпей, ақтап алу үшін өле-өлгенше күрескен жандарға арналған ескерткіш, - деді Нина Фрейман.

Сталин режиміне адал болған коммунистердің өздері де артынан атылғаны белгілі. Сондай «құрбандардың» қатарында Вандтың бастығы – Николай Ежов та бар. Репрессияның ең қарқынды жүрген кезінде СССР құпия полициясы - НКВД-ны жарамсақтықпен басқарған Ежовтың өзі де тұтқындалып, азапталып, 1940 жылы атылған. Оған НКВД-ның 14 мың офицері мен басқа да қауіпсіздік қызметкерлерін өлтірді деген айып тағылған.

ЖАЗАЛАУШЫЛАРДЫ ЖАЗАЛАУ

Сол офицерлердің бірі – Вальтер Ванд болатын. Оның басқа НКВД офицерлерінен аса көп айырмашылығы жоқ еді. Германияда туған Ванд Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс әскері қатарында соғысқан. Ресейде тұтқынға түскен ол 1917 жылғы большевиктер революциясынан соң осы елде қалып қойған. СССР «репрессия құралындағы» жұмысын 1920 жылы бастаған Ванд 1932 жылы Мордова НКВД-сының басшысы қызметіне дейін көтеріледі.

The text of the monument, which devotes several lines to the fate of Valter Vand, in particular.

Ресейлік жазушы Борис Акуниннің блогындағы ақпаратқа қарағанда, Ванд тек 1932 жылы, яғни Мордовия құпия полициясының басшысы болып тағайындалғаннан кейін ғана СССР азаматтығын алған.

Ескерткішті ашу салтанатында сөйлеген Мордовия ішкі істер министрінің орынбасары Толкунов «Орыс патриотизмін бойына сіңіріп, біздің байтақ отанымызды құлай сүйгені сондай, ол советтік Ресейдің өркендеуіне бүкіл ғұмырын арнады. Өмірі қасіретпен аяқталғанына (1937 жылғы маусымда тұтқындалып), 1938 жылы мамырдың 23-і күні атылғанына қарамастан, ол ақырына дейін принциптеріне адал болды» деді.

Ол кездері советтік Россияда өмірі осындай «қасіретпен аяқталғандар» өте көп болған. Партияның жергілікті басшысы Ванд ұсталып кеткен соң Ежовқа «Орнына келген Вейзагер жолдас Вандтың жылдар бойы атқарған чекистік жұмыстарын үш ай ішінде орындап тастады» деп хабарлаған.

Алайда Сигизмунд Вейзагердің өзі де 1937 жылы қарашаның 21-і тұтқындалып, Вандтан екі апта бұрын, 1938 жылы мамырдың 9-ы атылған. Ванд – 1957 жылы, ал Вейзагер 1994 жылы ақталды. Екеуінің сүйегі де осы жерде, өздері қырған жүздеген адамның сүйегі арасында жатса керек.

«ӨЛМЕЙТІН» СТАЛИН

Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын алған Светлана Алексиевич 2015 жылғы қазанда Сталин «мұрасы» туралы былай деген еді: «Социализм артында деформацияға ұшыраған адамдарды қалдырды, себебі түрме лагері азапталушыны да, азаптаушыны да бұзады. Оның орнында жақсылық пен зұлымдықты айыра алмайтын интеллигенция қалды».

СССР-дің құлағанына 20 жыл өткеннен кейінгі халықтың санасында қалған советтік менталитетті баяндайтын «Секонд хэнд уақыты» еңбегі туралы айтқан жазушы «Сталин мұншалық мызғымас «мұра» қалдырды деп ойламаған едім. Ол қазіргі тірілерден де «тірі» болып шықты. Оның бейнесі әлі күнге өмір сүріп келеді әрі Сталин көп адам үшін темірқазық сияқты. Билеушілер ондайды жақсы көреді» деді Алексиевич.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.