Ресейде әсіреұлтшылдар өлтірген белсенділерді еске алады

Станислав Маркелов пен «Новая газета» тілшісі Анастасия Бабурованы еске алу шеруі. Мәскеу, 15 ақпан 2009 жыл.

2009 жылы Мәскеуде құқық қорғаушы Станислав Маркелов пен журналист Анастасия Бабурова әсіреұлтшылдар қолынан қаза тапты. Белсенділер бүгін марқұмдарды еске алмақ.
Қызы Анастасияны есіне түсірген сайын Лариса Бабурова көзіне жас алады.

Украинаның Севастополь қаласындағы үйінде сұхбат берген Лариса Бабурова жан жарасы жазылмайтынын айтты.

КРЕМЛЬ ТҮБІНДЕ ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫС

- Өміріміз тоқтап қалды. Жалғыз балаңды жоғалтып алғаннан асқан қасірет жоқ. Ешқашан ұмытпаймыз, ол әрдайым бізбен бірге. Әр минут сайын, әр сағат сайын, әр күн сайын, - дейді ол.

Журналист Анастасия Бабурова (сол жақта) мен құқық қорғаушы Станислав Маркелов.

Бес жыл бұрын, қаңтардың 19-ы күні ​Заңгер Станислав Маркеловпен бірге Мәскеудің орталығында өткен баспасөз мәслихатынан шығып келе жатқан 25 жастағы Анастасия Бабурованы қылмыскерлер басынан атып өлтірген еді.

Алдымен олар өздерінің басты нысанасы – Маркеловты атқан. Оқиға тапа-тал түсте, Кремльге таяқ тастам жерде болған.

«РЕСЕЙ БИЛІГІ ӘСІРЕҰЛТШЫЛДАРДЫ БАЙҚАМАҒАНСЫП ОТЫР»

Сот 2011 жылы неонацистік топ мүшелері Никита Тихонов пен оның дос қызы Евгения Хасисті айыпты деп тауып, біріншісін - кісі өлтіргені үшін өмір бойына, ал екіншісін оған сыбайлас болғаны үшін 18 жылға бас бостандығын айыру жазасына кесті.

Қаза болған екі адам де әсіреұлтшыл топтардың қоғамға жат әрекеттеріне қарсы күрескен еді. Қайғылы оқиғадан бұрын оларға әлдекімдер қоқан-лоқы жасаған.

34 жастағы Маркелов Ресей солдаттарының қолынан зәбір көрген бейбіт шешендерді қорғаумен танылған заңгер еді.

Ол 2006 жылы Мәскеуде қаза тапқан Анна Политковская мен қастандық жасалғаннан бес жыл өткен соң қайтыс болған эколог белсенді Михаил Бекетовтың құқықтарын қорғаған еді.

Неонацистік топ мүшелері Никита Тихонов пен Евгения Хасис сотта тұр. Мәскеу, 6 мамыр 2011 жыл.

Қыздары қаза тапқан Лариса мен Эдуард Бабуровтар Ресейде нәсілдік қатыгездіктің күшейгенін айтып, ашық хат жариялады.

Сарапшылардың айтуынша, ақ нәсілдің үстемдігін жақтайтын радикалды топтарға қарсы Ресей үкіметінің кешігіп басталған операциясының арқасында мұндай қылмыстардың саны азайған.

Соңғы кездері біраз ілгерілеу болса да, Ресей басшылығын әлі де «нәсілдік кісі өлтіру қылмыстарына көз жұмып отыр» деп айыптаушылар көп. Мұндай қылмыскерлер көбіне жай бұзақылық жасағандар ретінде жазаланып жатады.

«НОВАЯ ГАЗЕТАНЫҢ» ОҚҚА ҰШҚАН АЛТЫ ТІЛШІСІ

Лариса Бабурованың айтуынша, Ресей саясаткерлерінің арасында әсіреұлтшылдардың әрекеттерін ақтағысы келетіндер бар. Оның айтуынша, «Настяны (Анастасия Бабурованы айтады - ред.) өлтірген әсіреұлтшылдар Ресейде талай адамның өміріне қауіп төндіріп отыр».

- Бұл кісі өлтірушілер өте сақ әрі қатыгез. Құрбан болғандардың жақындары қайғы жұтып отыр. Кісіні ұлтына бола өлтіру – ақылға сыйымсыз әрі пасық әрекет, - дейді ол.

Дегенмен Бабурова қызын өлтірген қылмыскерлерді жазалаған үкіметке алғыс айтады.

Анастасияның өліміне қатысты болған сотты «Новая газета» басылымының журналистері де «Ресейде сирек болатын әділдік» деп бағалайды.

Антифашистік шеру. Мәскеу, 15 ақпан 2009 жыл.

Соңғы 20 жыл ішінде Солтүстік Кавказдағы адам құқықтарының өрескел бұзылуын әшкерелеп, өткір мақалалар жазған «Новая газетаның» алты журналисі қаза тапты.

Бабурова оққа ұшқан кезде газеттің бас редакторы болған Надежда Прусенкова:

- Біздің [газет журналистерінің өлтірілуіне қатысты] істердің ішінде тергеу соңына дейін жеткізілген жалғыз іс – осы. Тергеушілер сияқты біздің де бірнеше версиямыз болды. Бұл қылмысты дәл осы адамдардың жасағанын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар да бар. Сондықтан біз тергеу процесі мен оның нәтижелеріне қанағаттандық. Қылмыскерлер лайықты жазасын алды деп санаймыз, - дейді.

«ҚОҒАМ ҮРЕЙДЕН БАС КӨТЕРЕ АЛМАЙ ҚАЛДЫ»

Прусенкова «нағыз батыр журналистер» деп атаған Маркелов пен Бабуроваға «Новая газета» тұтас бір нөмірін арнамақ. Редактор «Екі журналисттің өмірі - жастарға үлгі» деп үміттенеді.

- Жастар оларды батыр деп санайды. Ұлтшылдар Станиславты, онымен бірге Настяны өлтіру арқылы жымысқы мақсаттарына жетті. Өкінішке қарай, сол оқиғадан соң үрей билеген қоғам да, антифашистік қозғалыс та бас көтере алмай қалды. Олар өз кәсіптеріне адал берілген ерекше адамдар еді. Әріптестеріне өшпес рух сыйлаған олардың бұл ерлігіне басымды иемін, - дейді Прусенкова.

Қыздарын жерлеу рәсімінде отырған Лариса Бабурова (ортада) мен Эдуард Бабуров (оң жақта). Мәскеу, 23 қаңтар 2009 жыл.

Бабурова кезінде советтік элитаның балаларына дипломатиялық білім берген білім ордасы – Мәскеу халықаралық қатынастар институтында оқыған.

Бірақ ол кейін журналистік кәсіпке ден қойып, оқуын тастап кеткен. Ол орыс және украин тілдерімен қоса ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлеген, әрі қытай тілін үйреніп жүрген.

Ақындық өнерімен бірге ол шығыс жекпе-жегімен шұғылданған, шахмат жарыстарында жүлделер алған.

Бабурова мен Маркеловтың достары, әріптестері мен қолдаушылары жексенбі күні оларды еске алу мақсатында Мәскеудің орталығында шеру өткізіп, әсіреұлтшылдарға наразылықтарын білдірмек.

Мұндай шерулер Ресейдің басқа да қалаларында, Берлин мен Афинде және Бабурованың туған жері – Севастопольде ұйымдастырылмақ.

- Севастопольде антифашистік көзқарасты қолдайтын қауым баршылық. Олар жыл сайын Севастопольде туып, Ресейде оққа ұшқан жас қызды еске алу шарасын өткізіп келеді. Ол қыздың аты – Анастасия Бабурова, - дейді қаза тапқан тілшінің анасы.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)