Сәуірдің 12-сі күні Ресейдің Біріккен ұлттар ұйымындағы (БҰҰ) тұрақты өкілінің орынбасары Владимир Сафронков Ұлыбританияның тұрақты өкілі Мэтью Рикрофтқа «сен» деп, дөрекі сөйледі. Ресейлік әлеуметтік желі пайдаланушылары оны саясат сахнасына келген жаңа тұлға деп қолдап жатса, енді біреулері оны ашу-ызаға ерік бергені, бейресми түрде дөрекі сөйлегені себепті «баскесер» деп айыптайды.
«Сирия президенті, адам өлтіргіш жабайы қылмыскер Башар Асадты қолдап отыр» деп Ресейді айыптаған Рикрофттың сөзіне жауап берген Сафронков оның өзіне күйе жағуға тырысты. Оның ойынша, «Ұлыбритания Ресей мен АҚШ-тың Сирия мәселесіне қатысты ынтымақтастығына кедергі жасағысы келеді».
«КӨЗІМЕ ҚАРА!»
Өткен аптада Сирияда жасалған химиялық шабуылдан соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Батыс елдері ұсынған қарардың үлгісіне Ресей вето қойды. Сафронков ұлыбританиялық дипломаттан «көзіне тіке қарауды» осы отырыста талап етті. «Көзіме қара, жанарыңды алып қашпа! Неге басқа жаққа қарайсың?» деп зіркілдеген Сафронков Рикфортты «жауапсыз, көңілге келетіндей ерсі сөйледі етті» деп айыптады. Ол Рикфортқа «Бұдан былай Ресейге тіл тигізуші болма» деп зекіді.
ВИДЕО: Владимир Сафронковтың сөзі
Your browser doesn’t support HTML5
Владимир Сафронковтың дөрекі сөзінен соң ақпан айында Нью-Йорк қаласында кенеттен дүние салған Ресейдің БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі Виталий Чуркин еске түседі.
Чуркин өз үкіметін жан-тәнімен қорғады, бірақ өте сауатты сөйлеп, тапқыр пікірлер айтатын, сондықтан Кремль саясатын жақтырмайтын саяси қарсыластарының өзі оны құрметтейтін. Кремльге тәуелді БАҚ-тар Сафронковтың ашуға толы сөздеріне ризашылық білдірді, НТВ телекомпаниясы «ол БҰҰ-дағы Ұлыбритания өкілінің Ресейді қорлауына тыйым салды» деп мәлімдеді.
Кремльдің сөзін сөйлейтін саясаттанушы, президент Владимир Путиннің «Біртұтас Ресей» партиясының бұрынғы депутаты Сергей Марков Facebook парақшасына «жаңа саясаткер пайда болды» деп жазып, Сафронковқа риза екенін жасырмаған.
Рикфортқа қарата айтқан сөзінде орыс тіліне тән «сен» деген сөзді қолданған Сафронковтың сөзін Ресей үкіметі де қолдап отыр. Әдетте жақын адамдар, достар ғана бір-біріне «сен» дейді, дөрекі қарым-қатынас белгісі саналатын бұл есімдікті ресми орталарда мүлдем қолданбайды.
Ресей сыртқы істер министрлігі жариялаған ресми транскрипцияда Сафронковтың «сен» деген сөзін «сіз» есімдігімен ауыстырып берген.
17 жыл билік етіп келе жатқан Ресей президенті Путин сияқты өктем сөйлеген Сафронковты сынаушылар кәсіби деңгейі жоғары Чуркин марқұммен салыстырып, «нағыз баскесер» деп сипаттады.
Әлеуметтік желіде оны ауызекі тілде «гопник» деп аталатын бұзақыларға теңеді, «гопниктер» әдетте спорттық киіммен жүреді, арзан сыра ішіп, шылым шегеді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР
Ресейлік саяси сарапшы Александр Шмелев Facebook парақшасына Ресейдің БҰҰ-дағы келесі өкіліне ұсынысым бар деп жазды: «Ол мұрнын шұқып, маңқасын алсын да, оны елдің көзінше қарсыластарының күртесіне жағып тастасын. Содан соң әупілдеп үріп, қасында отырған адамның сирағын тістеп алсын».
БАҚ сарапшысы және оппозициялық блогер Олег Козырев Денвердің «Айыпты ит» атты интернетте кең тараған бейнебаянына Сафронковтың сөзін салып қойды. Роликте ит қаптағы тыйым салынған тағамды жеп қояды, қожасы ұрсып тұрғанда ол айыбын мойындап төмен қарайды (Сафронков тәрізді иттің иесі де Денверге «Көзіме қара!» деп ұрсады).
Оппозициялық саясаткер Дмитрий Гудков Ресей сыртқы істер министрі, дипломатиялық тапқырлығымен танылған Сергей Лавровтың «дебилы, б****» деген сөзінің микрофоннан естіліп қалғанын еске салды. «Өзінің «Дебилы, б.» дегенді жұмсақ айтқанын еске алып, Лавров көзінің жасын сығып алған болар» деп жазды Гудков.
Содан соң ол Facebook парақшасына «юриспруденциядан соң Ресейдегі қажетсіз заттардың қатарына дипломатия да қосылды» деп жазды.
Кремльдің саясатын әркез қолдайтын танымал ресейлік теле және радиожүргізуші Владимир Соловьев Сафронковтың сөзіне есеңгіреп қалған тәрізді. Әсіресе, ұлыбританиялық әріптесіне қарата айтқан сөзі оның көңіліне қонбапты.
Сәуірдің 13-і күні радиодан өткен таңғы телешоуында ол «Оған біреу рұқсат берген шығар?» деп сауал тастайды. Бұдан соң Сафронковты Чуркин және Ресей сыртқы істер министрі Лавровпен салыстырады.
«Әртүрлі сөздер айтса да, Сергей Викторович Лавровтың бұлай сөйлегенін естімеппін, ол қай жерде қалай сөйлеу керек екенін жақсы біледі» деді Соловьев.
Кремльдің ресми өкілі Нью-Йоркте өткен пікірталасқа қатысты көзқарасын сәуірдің 13-і күні білдірді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сафронковтың «шешімталдық көрсеткеніне риза» екенін білдірді.
«Ол қорлайтындай ештеңе айтқан жоқ. БҰҰ қауіпсіздік кеңесіндегі пікірталастар әдетте қызу өтеді, олардың бәрі қазіргі және болашақ халықаралық қатынастарға байланысты. Батылдық көрсетпеудің соңы жаман болады» деген Песковтың пікірін «Интерфакс» агенттігі жариялады.
Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.