Биылғы қаржы жылының соңы – қыркүйектің 1-іне дейін Ресейде 1912 адам АҚШ-тан саяси баспана сұрап, өтініш берген. Ресми статистика бойынша, былтырғы қаржы жылына қарағанда бұл көрсеткіш 31 пайызға, ал 2012 жылмен салыстырғанда 164 пайызға өскен. АҚШ-тағы ақпарат еркіндігі туралы федералдық заңға сүйенген Азаттық радиосы осы елдің Ішкі қауіпсіздік министрлігіне өтініш беру арқылы осындай мағлұмат алды.
Бұл мәліметтерде өтініш берушілердің қандай себеппен саяси баспана сұрағаны туралы анық айтылмайды. Бірақ оларға көмектесіп жүрген иммиграциялық адвокаттардың көбі АҚШ-қа кетуге ниетті адамдар санының өсуін Ресей басшылығының сексуалдық азшылыққа қатысты дискриминациялық саясатымен, қарсылық қозғалыстарын басып-жаныштауымен, жемқорлықтың өршуімен байланыстырады.
Жыныстық азшылық өкілдеріне қызмет етіп жүрген адвокаттардың айтқан сөздері мен ішкі статистикасына көз жіберсек, 2013 жылы Путин «кәмелеттік жасқа толмағандар арасында дәстүрлі емес сексуалдық қарым-қатынасты насихаттауға» тыйым салатын заңға қол қойған соң АҚШ-тан саяси баспана сұраған ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдерінің саны күрт көбейген.
Батыс елдерінің басшылары, халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл заңды «мемлекеттік гомофобияның көрінісі» деп көп сынады, ал Кремльдегілер бұл пікірмен келіспейді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы жылдары ЛГБТ қауымдастығымен өштескендердің қолымен жасалған қылмыс саны көбейген.
ЛГБТ өкілдеріне иммиграция мәселелері бойынша көмек көрсететін Immigration Equality (Иммигрейшн экуалити) деп аталатын АҚШ-тағы заңгерлер ұйымының мәліметі бойынша, биылдың өзінде Ресейден кеткісі келетіндерден 245 өтініш түскен, ал 2015 жылы 199 өтініш болған. Азаттық радиосына берген сұхбатында ұйымның Нью-Йорктегі штабының клиенттік база директоры Памела Дензер:
Клиенттеріміз зорлық-зомбылықтың күшейгенін айтады. Бізге Ресейде физикалық зорлықтың құрбаны болғандар көп келеді.
- Клиенттеріміз зорлық-зомбылықтың күшейгенін айтады. Бізге Ресейде физикалық зорлықтың құрбаны болғандар көп келеді, - дейді.
Оның үстіне, биыл «биліктің мақсатты түрдегі әрекеттерінің кесірінен» «жұбайларының және балаларының бостандығына алаңдайтындар көбейді» дейді Дензер. Оның айтуынша, бұрынғы СССР елдері, соның ішінде Украина, Өзбекстан және Грузиядан АҚШ-қа кетуге ниет білдіргендер көбейген.
Нью-Йоркте тұратын адвокат Елена Шевцованың айтуынша, былтырмен салыстырғанда биыл АҚШ-тан баспана сұрайтындар саны көп өзгере қоймаған. Бірақ олардың ішінде ресейліктер саны жылдан жылға көбейіп барады.
Азаттық радиосына берген сұхбатында ол АҚШ-тан саяси баспана сұрап хабарласқан клиенттерінің арасында тек ЛГБТ мүшелері ғана емес, жемқор шенеуніктердің қуғынына ұшыраған кәсіпкерлер де бар екенін айтады. Мәселен, бір оқиға барысында баласы АҚШ-та оқып жатқан «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының қызметкеріне қысым жасалған.
- Анасын ұлының АҚШ-тағы әрекеттері бойынша тергеген. Содан соң одан екі жолдың бірін таңдауды талап еткен: не ол жұмыстан кетеді, не ұлы елге қайтып оралуы қажет, - дейді Шевцова.
1994 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл АҚШ-тан саяси баспана сұраушылардың қарасы рекордтық дәрежеге жеткен. Алғашқы жылы Ресей азаматтарынан тек 2127 өтініш түскен еді.
Ресейліктер әдетте Еуропа Одағы (ЕО) елдерінен саяси баспана сұрайды. 2015 жылы алғаш рет өтініш түсірген Ресей азаматтары 30 пайызға көбейіп, 18 мың адамға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш тағы өсетін түрі бар, себебі биылғы жылдың алты айының өзінде ЕО елдерінен баспана сұраған 11 465 өтініш тіркелген.
Қатынау жеңіл болғандықтан, ресейліктер (көпшілігі Солтүстік Кавказдан шыққандар) Еуропа Одағы елдерінің арасынан Германия мен Польшаға көшуді қолай көреді. Неміс үкіметінің дерегі бойынша, 2016 жылдың 10 айында Германияға көшуге алғаш рет ниет білдірген ресейліктер саны 10 172 адамға жеткен. Бұл неміс үкіметінің ресми есептерінде де көрсетілген.
АҚШ пен ЕО-дан саяси баспана сұраушылардың көбейгені өз алдына, әлеуметтанушылар ресми статистиканың Ресейден «адам капиталының», соның ішінде жоғары білімді, еңбекке қабілетті мамандардың кетіп жатқанын толық көрсете алмайтынын айтып қынжылады.
Ресейдегі эмиграцияның жаңа тенденциялары туралы сараптамалық есеп жазған Александр Гребенюктың айтуынша, соңғы бес жылда шетелде тұрақты тұру мақсатында Ресейден 500-600 мыңға тарта адам көшіп кеткен.
Бұл есепті Алексей Кудрин қорының қолдауымен Азаматтық бастамалар комитеті биыл қазан айында әзірлеген.
- Мұндағы мәліметтер [Ресейдегі] ресми статистика көрсеткіштерінен асып түседі. Аталған иммигранттардың көбі жұмысқа тұру мүмкіндігі, өмірдің жоғары стандарттары сияқты экономикалық мүмкіндіктерді іздейді, - дейді Гребенюк.
Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.