Ресейдегі қазақтар тарихи отандарынан көмек жоғын айтады

"Сібір үйлері" фестивалінде тігілген қазақ үй. Новосибирск.

«Қағаз жүзінде болмаса, іс жүзінде Ресейде қазақ тілі жоқ» дейді ол елдегі қазақтар. Мәдени орталық өкілдері Қазақстаннан ондағы мектептерге қазақ тілі оқулықтары келмей жатқанына да налиды.

«БІР АДАМҒА, САЯСАТҚА ҚОЛДАУ КЕРЕК КЕЗДЕ ІЗДЕЙДІ»

Ресейдегі қазақтар көп тұратын кейбір облыстарда – Астрахань, Орынбор, Омбыда, Алтай республикасының Қосағаш секілді кейбір жерлерінде қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Ол елдегі Алтай өлкесінде ғана жалғыз қазақ мектебі бар.

Ресейдегі федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаевтың пікірінше, «Қазақ тілінің дамуы үшін Қазақстан тарапынан саяси да, қаржылық тұрғыдан да қолдау жоқ».

Ресей Федерациясындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев.


– Ресейдегі қазақтардың мәселесіне қатысты жүйелі түрде істеліп жатқан ештеңе жоқ. Қазақстандағы өзімізбен шектесетін немесе жақын орналасқан облыстармен әріптестік тұрғыда жұмыс істеген боламыз. Онда да мереке кездерінде немесе бір адамға, саясатқа қолдау керек болса, «сырттағы қазақтармен амандасып жатыр» деп бірдеңе істейді, – деді ол.

Ресейдегі федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы президентінің айтуынша, «қазақ мектептері жоқ жерде қазақ тілі де жоқ».

– Қазақстан елшілігі тарапынан бізге кейбір мемлекеттік тапсырмалар беріледі. Ал қазақтың жағдайы, қазақтың мәселесінің оларға керегі жоқ. Тіпті 2011 жылдың мамыр айында өткен құрылтайда Ресейдегі тіл мәселесін көтердік. Президент Назарбаевтың өзі де естіді. Міне, бір жарым жыл өтіп кетті – дым да жоқ. Ал Ресей шетелдегі орыс тілділерге қолдауды мемлекеттік бюжеттен қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Тіпті анау АҚШ-тың бір штатында тұрып жатқан орыстарға орыс мектебін салып берді, – дейді ол.

Ресейдің Самара облысында тұратын Тоқтарбай Дүйсенбаев ол елдегі 22 қазақ мәдени орталығының біріне – жергілікті «Ақжол» қазақ мәдени орталығына да жетекшілік етеді.

– Самара облысында бүгінде ресми есеп бойынша 15 мың қазақ тұрады. Мыңға жуық бала мектепке барады. Жылына он шақты бала мектеп бітіреді. Бірақ қазақ сыныбы түгілі ана тіліміз пән ретінде де оқытылмайды. Тек болашақта пән ретінде оқытар деген үмітіміз ғана бар, – дейді Тоқтарбай Дүйсенбаев.

«ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ТЕК ПӘН РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ»

Ресейдегі қазақтар көп шоғырланған өңірлердің бірі – Омбы облысы. Омбыдағы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісованың айтуынша, «100 пайыз қазақтар тұратын 17 ауылда қазақ тілі тек пән ретінде ғана оқытылады».

Ресейдің Омбы қаласындағы қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова.


– Тек қазақтар ғана тұратын Байымбет, Қоянбай, Сарыағаш, Жарағаш секілді 17 ауылдағы 17 мектепте қазақ тілі тек пән ретінде оқытылады. Ал қаладағы №1 және №140 мектептерде биылдан бастап қана қазақ тілі оқытылып жатыр, – деді ол.

Алтынай Жүнісова мектеп бітірген балалар амалсыздан Ресейдің жоғарғы оқу орындарында оқуға мәжбүр екенін айтты.

– Себебі 11 жыл орысша оқыған балалардың Қазақстанға барып білімін жалғастыруға тілдік қабілеттері жетпейді, – деді Алтынай Жүнісова Азаттық тілшісіне.

«Мөлдір» қазақ мәдени орталығының жетекшісі Қазақстанмен арадағы мәдени байланысты үзбеуге тырысып жатқандарын, желтоқсанның 4-інен бастап Омбыда қазақ мәдениеті күндерін ұйымдастырғанын, Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығына орай конференция өткізгендерін де айтты.

138 МЫҢ ҚАЗАҚ ТҰРАТЫН ОБЛЫС

Ресейдегі қазақтар көп шоғырланған өлкелердің тағы бірі – Орынбор. Жергілікті қазақ мәдени орталығының өкілі Азамат Байдәулетовтың айтуынша, «соңғы санақ бойынша Орынбор облысындағы қазақтардың саны 138 мыңға жеткен».

– Олардың 65 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. 2000 жылдарға дейін қазақтар тұратын өңірлердегі мектептердің 80 пайызында қазақ тілі факультатив сабақ ретінде өткізілетін. Қазір 50 пайыз ғана. Ал сол жылдары қазақ тілі пән ретінде мектептердің 43 пайызында оқытылса, қазір 27 пайызға түсті, – дейді Азамат Байдәулетов.
2000 жылдарға дейін қазақтар тұратын жерлердегі мектептердің 80 пайызында қазақ тілі факультатив ретінде өткізілетін. Қазір 50 пайыз ғана. Қазақ тілі пән ретінде мектептердің 43 пайызында оқытылса, қазір - 27 пайыз.


Оның айтуынша, қазақ тілі пәнін оқытатын мектептердің азайып кетуіне оқулықтың жетіспеуі себеп болған.

– Мен Астраханьнан, басқа жерлерден оқулық сатып әкелген боламын. Ал Қазақстаннан 7-8 сыныптың математика және физика оқулықтары келеді. Ол бізге керек емес қой. Себебі бұл жақтың программасымен сай келмейді, Ал Қазақстан қазақ тілі оқулықтарын «береміз, береміз» дейді – бірақ осы күнге дейін бұл мәселе шешілген жоқ, – деді Азамат Байдәулетов.

Ол қазақ тілінде шығатын жергілікті «Жан айқап» пен «Бәйтерек» газеттерін ғана көңіліне медеу тұтатынын айтты.

Ал Новосибирскідегі «Отан» қазақ мәдени орталығының өкілі Орынкүл Байтұрсынованың сөзіне қарағанда, «10 мың қазақ тұратын бұл өңірде қазақ тілі пән түгілі факультатив сабақ ретінде де оқытылмайды».

РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ

Ресей қазақтары қоныстанған өлкелердің тағы бірі Алтай өңіріндегі 160 мың тұрғынның 17 мыңы – қазақ. Мұндағы қазақтар көп шоғырланған аумақ Қосағаштағы 12 мектеп – түгел орыс тілді. Бұл мектептерде қазақ тілі тек пән ретінде оқытылады.

Ресей жеріндегі жалғыз қазақ мектебі – Алтай өлкесі Құлынды ауданының 80 үйі бар Керей ауылындағы Қаракөл орта мектебі. Мектеп директоры, Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі Нұрғайша Баринованың айтуынша, «1905 жылы құрылған бұл ауылда арнайы мектеп үйі 1925 жылы салынған».

Ресей мектебіндегі оқушы. (Көрнекі сурет)


– Мектеп алғаш төрт жылдық, 1937 жылдан бастап жеті жылдық, 1962 жылдан - сегіз жылдық, 1989 жылдан бері орта мектеп дәрежесінде білім береді. Ал оқыту – мектеп ашылған күннен бастап бүгінге дейін қазақ тілінде. 1925 жылы қазақ тілінде ашылған Қаракөл мектебі өзінің оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын 86 жыл бойы Қазақстан білім министрлігі бекіткен құжаттармен жүргізіп келеді, – дейді директор.

Оның сөзіне қарағанда, 1960-70 жылдары осы өңірде көптеген қазақ мектептері жабылып немесе орысша оқу бағдарламаларына көшіріліп, қазақ тіліне бөлінген сағаттар азайып, есесіне орыс тілінің үлесі көбейген кезде ауыл халқы бұндай өзгерісті қабылдамай, қазақ мектебін арашалап алып қалған.

«РЕСЕЙ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ БОЛМАЙ ОТЫР»

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Ботагөз Уатқанның айтуынша, «Қазақстан Ресейдегі қазақтарға көмектесу үшін жұмыстар жүргізгенімен, Ресей жағынан қолдау болмай отыр».

– Соңғы бес-алты жылда Ресейдегі қазақ мәдени орталықтары Самарада бас қосып келеді. Тіпті Қазақстанның білім министрлігінің өкілдерін сол Самараға ертіп те бардық. Біздің білім министрлігінің өкілдері мен Ресей жағының өкілдері екі мәрте кездесті осы мектеп мәселесімен. Бәрібір Қазақстан тарапынан жасалынған ұсынысты Ресей жағы қолдамады, – дейді Ботагөз Уатқан.