ӨЗГЕ ҰЛТ САНАТЫНДА ЖҮРГЕН ҚАЗАҚТАР ДА БАР
Шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабай шеттегі қазақтың санын бұған дейін тек болжам бойынша айтып келгендігін айтады.
– Шетелдегі қазақ түгілі, Қазақстандағы қазақтың нақты санын шығара алмай отырмыз. Миллиардтаған қаржыны осы мақсатқа бөлді. Бірақ, оның тең жарымынан астамы жемқорлардың жемсауына түсіп кетті деп жатыр. Бұндай жағдайда шетелдегі қазақтардың санын нақты айту оңайға түспейді... Біздің негізгі сүйенетініміз – шет мемлекеттерде жүргізілген санақтар. Мәселен, Қытайдағы әртүрлі санақ деректеріне жүгініп келдік. Ал, Түркия, Иран, Еуропа, Ауғанстанда халық санағы жүргізілгенімен, онда ұлттардың санын жеке-жеке көрсетпейді. Сондықтан, сол елдегі қазақтардың өз деректеріне сенеміз. Өзбекстанда осыдан 20 жыл бұрынғы жүргізілген халық санағының мәліметтері бойынша, ол елде 1,5 миллион қазақ болған. Сөйтіп, жобамен шетте 5 миллион қазақ бар дейміз, – дейді Сұлтанәлі Балғабай.
Сондай-ақ, ол шеттегі қазақтың кейбіреуі өзге ұлт ретінде жазылып кеткенін айтады. Бұған Тәжікстандағы бір қазақ отбасын мысалға келтірді:
– Атасы – қазақ, баласы – өзбек, немересі – тәжік болып кеткен адамдар бар. Олар Қызылорда облысынан өткен ғасырдың 30-шы жылдары кеткен біздің ағайындарымыз.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің ресми сайтында таратылған мәліметте шеттегі қазақ диаспорасының ең көп шоғыры Өзбекстанда делінген. Олар Өзбекстандағы қазақтардың санын – 1,5 миллион дейді. Алайда, Сұлтанәлі Балғабай бұл осыдан 20 жыл бұрын жүргізілген санақтың көрсеткіші екендігін ескеру керектігін айтады.
– Кешегі Совет одағы тұсында халық санағы біршама жүйелі жүргізілді. Сол себепті де, ТМД елдері бойынша тұрып жатқан қазақтардың санын нақты білуге мүмкіндік бар еді. Қазіргі келтіріліп жүрген мәліметтердің көбі осыдан 20 жыл бұрынғы мәліметтер. Одан кейін бұл мәліметтер жаңартылған жоқ. Ол кездері Қытаймен ешқандай байланыс жоқ болғандықтан, ондағы қазақтың нақты санын біле алмадық. ТМД бойынша айтар болсақ, Түркіменстанда – 100 мыңға жуық, Өзбекстанда – 1,5 миллион, Ресейде – 600 мыңдай, Тәжікстанда – 80 мыңдай қазақ болды, – дейді ол.
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР
Ал шетел қазақтарының өз статистикасы бар. Мәселен, Ресейдің Омбы облысындағы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова Ресейдегі халықтың саны 2002 жылы жүргізілген ресми санақ нәтижесі бойынша анықталғандығын айта отырып, Ресейде бүгінгі таңда миллионнан астам қазақ бар деген дерек келтіреді.
– Ресейде жалпы халықтық санақ 2002 жылы жүргізілді. Сол есеп бойынша, Ресейде – 1,2 миллион қазақ болды. Соның ішінде, Омбыда – 81 мың, Самарда – 15 мың, Орынборда – 125 мың, Саратовта – 80 мың қазақ бар, – дейді Алтынай Жүнісова.
Алматыдағы «Жебеу» қоғамдық қорының директорлар кеңесінің төрағасы, Қытайдан қоныс аударған оралман Рахым Айып та осыдан бес жылдай бұрынғы бүкіл қытайлық санақ деректеріне сүйеніп, ондағы қазақтардың саны Ресейдегіден көп екендігін айтады.
– Біздің қолымыздағы ең соңғы дерек – 2005 жылы Қытайда жүргізілген жалпы халықтық санақ. Сол санақ нәтижесі бойынша қазақтар соңғы он жылда 15%-ға өскен екен. Ресми дерек бойынша, Қытайдағы қазақтар – 1миллион 413900 адам болған. Қытайда халық санағы 5 жылда бір рет жүргізіліп тұрады, – дейді Рахым Айып.
Оның айтуынша, 1998 жылдан бері Қытайдан Қазақстанға 100 мыңның шамасында қазақ қоныс аударған.
Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқайым Кесіжі Еуропадағы қазақ мәдени орталықтарының өз есептеріне сүйене отырып, онда 15 мың қазақ бар деп есептейді.
– Біз 1936 жылдан бері топ болып көшіп жүрген жандармыз. Қанша отбасы бар, оларда қанша бала бар – бәріміз бір-бірімізді білеміз. Еуропаның он қаласында 10 қазақ орталығы бар, осы орталықтардың өзінің жеке-жеке статистикасы бойынша, Еуропа көлемінде 15 мың қазақ бар деп есептейміз.
Ал, Түркияда тұратын ғалым, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдуақап Қара Еуропа мен Түркия қазақтарының жалпы саны – 20 мыңның айналасында деген дерек айтады.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесінің төрағасы Хабсатор Омарұлы былтырғы жылғы Моңғолияның статистикалық деректеріне сүйене отырып, жалпы Моңғолия көлемінде 145 мың қазақтың тұрып жатқандығын жеткізді.
– Моңғолияның былтырғы ресми статистикалық мәліметі бойынша, Моңғолиядағы халықтың саны 2,75 миллион адам болған. Оның –145 мыңы қазақтар.
Демографтар шеттегі қазақтардың саны – 4,5 миллионның айналасында деген пікірде. Нақты сан жоқ. Және бұл мәселемен айналысып жүрген ғалым да, жекелеген ғылыми орталықтар да кездеспейді.