Туыстары көрскеткен видеода әскери киім киген бірнеше адамның әлдебір оқшау жерде отырғаны көрінеді.
Олардың айтуынша, ол жерге "көп сөйлейді" немесе "аузынан спирт мүңкіп тұр" деген себеп жазаланғандар да түседі. Видео авторлары осындай кемі үш "зындан" бар дейді. Біреуі – жерден қазылған, жеті метрлік кәдімгі шұңқыр. Тәртіп бұзғандар ашық аспан астында шұңқырда отырып жазасын өтейді.
Видеода сөйлеген жауынгерлер өздерін әскери полиция үнемі ұрып-соғып, ауыр жұмысқа салатынын айтады. "Осы мәселені шешуді сұраймыз!" – дейді олар. Бірақ бұл – жауынгерлердің алғашқы шағымы емес. Шұңқырда түсірілген бірінші видео қыста жолданған, бірақ Ресей қорғаныс министрлігі оған назар аудармаған.
Аталған екі видео мен бірнеше суретті Нижегород облысынан ерікті түрде соғысқа аттанған Алексей С. деген жауынгер бір адамдар арқылы әйеліне беріп жіберген. Екатерина жауынгерлердің аты-жөнін жарияламаңыздар деген шарт қойып, жұбайының хикаясын айтып берді.
– 28 мамырда күйеуім хабарсыз кетті. Үш күннен кейін іздей бастадым. Күйеуімнің полкіндегі жауынгерлердің әйелдері отыратын ортақ чатымыз бар. Сол жақтан күйеуімді ұрып-соғып, бір жаққа жібергенін естідім. Бірнеше күн бұрын күйеуім демалыс беруді сұрап, хат жазып еді. Өйткені кей жауынгерлер 8 айдан бері үйіне бармаған. Командирдің нөмірін тауып, хабарластым. Күйеуім әскери бөлімшеге тіркелмегенін, оның қайда екенін білмейтінін айтты, – дейді Екатерина.
Екатерина күйеуін Курскідегі ауруханалардың бірінен тапқан. Ол қатты таяқ жеген, бірақ ресми қағазда "алкогольден бас тарту синдромы" деп көрсетілген.
– Мені оған жолықтырды. Денесі көгала қойдай көгеріп қалыпты. Жанында жақ сүйегі үш жерден сынған бір жігіт жатты. Күйеуім денесіндегі жарақатты дәрігерлер қағазға түсіріп алды деді, бірақ бұған сенбеймін. 23 маусымда ауруханадан шықты да, тағы да ізім-қайым жоғалып кетті... Кейін "зындандамын" деп хабарласты.
Алексей әйеліне видео жіберіп, өзі қамауда отырған жерді көрсеткен. Видеода аядай тар бөлмеде кейбірі үстіне жай киім, өзгелері әскери камуфляж киген оннан астам адам еденде отыр. Олар бір-бірінің сөзін бөле жамырай сөйлеп, көрші Глушково мен Рыльск елді мекендерінде де осындай шұңқырлар барын айтады. Видеодан үзінді келтірейік:
– Бізді ешқандай тергеусіз, сотсыз, баспалдақтың астындағы шұңқырға тығып қойды. Автопарктің муниципалды ғимараты, Коренево (Ресейдің Курск облысындағы, Украина шекарасынан 20 километр жердегі ауыл – ред.].
– Бейресми түрде, ешқандай құжатсыз. Жайдан-жай жасырып отыр бізді. Мал сияқты қамалып отырмыз.
– Тұратын жер емес, не жарығы, не басқасы жоқ. Үш адам наркологиялық диспансерге кетті…
– Адам мынадай жерде есінен адасады!
– Иә, ақылыңнан адаса бастайсың. Түнде ұрып-соқты, жиі кіріп, тексеріп тұрады. Тұтқынға түскеннен де бетер болдық!
– Жазықсыздан жазықсыз осылай істеп отыр! Командирге шындықты айтқанымыз үшін. Өз пікірімізді айтып едік, міне…
– Қоғам назарын аударып, бұл мәселені шешуді сұраймыз. Мобилизация бойынша Отанымызды қорғаймыз деп ерікті түрде келдік. Мынадай қапаста отыруға келген жоқпыз…
– Біреу 10, енді біреу 15 тәулік отырады. 20-25 күн заңсыз қамауда болғандар да бар. Заң бойынша, бізді бір күн де ұстамауы керек, кей жауынгерлер айлап отырады.
Сарбаздардың сөзінше, 15 адам бес шаршы метр жерде матаның үстінде жатады. Күндіз оны да тартып алады, тұтқындар тас еденде отырады. Әскери полиция ұрып-соғып, жауынгерлерді жұмысқа салып, бөрене тасытады. Командирлер ең қауіпті "Шторм" деген топқа айдап, жазалаймыз деп қорқытады.
– Бізді "Шторммен" қорқытады. Көп сөйлеп, наразылық білдірген адамды "Штормға" жібереді. Ол майданның алдыңғы шебінде болса керек, – дейді жауынгерлердің бірі.
– Командир күйеуімнің жолдастарына "мынаны "Штормға" не 500-полкке жіберемін" депті. Ол жерде қолына екі оқсауыт (автоматтың оқ салатын бөлігі – ред.) беріп, жалаң аяқ соғысқа айдайды екен. Одан ешкім тірі қайтпайды, – дейді Екатерина.
Әйелдің сөзінше, күйеуі Алексейдің әділетсіздікке көз жұма қарай алмайтын әдеті бар. Ол соғыста жүріп, жауынгерлерге демалыс берілмейді деп "жоғарыға" шағым жазған. Ресейлік журналистермен де сөйлескен, олар қорғаныс министрлігіне хат жіберген, бірақ материал жарияламаған.
Алексей "зынданды" 380-полк командирі Гостев пен оның орынбасары, подполковник Дульнев ойлап тапқанын айтқан.
Қорғаныс министрлігі мұндай тәрбие жұмыстарын құп көретін сияқты.
"Зындан" туралы қыста белгілі болды. Ол кезде ерікті жауынгер қамауда отырған жерінен видео жазып, №11141 әскери бөлім, 380-полк деп дәл қазіргі деректерді көрсеткен.
– Бізді командирдің бұйрығымен ешқандай айыпсыз қамап тастады. Сотсыз, тергеусіз бірнеше күннен бері жылуы жоқ осы бөлмеде отырмыз! Ұйықтайтын жер жоқ, үш тақтай тұр, оның үстінде бес адам жатамыз. Кейде он адам қосылады, бірнеше тәулік отырады. Түнде әжетханаға шығармайды. Пакетке, бөтелкеге дәрет сындырамыз. Полк командирінің бұйрығы сондай! Мен – мобилизацияға ілініп, Отанына көмектесу үшін өз еркімен соғысқа кеткен Ресей азаматымын. Не үшін ұстап отырғандарын білмеймін. Ішімдік ішпеймін, темекі тартуды осы жерге келгеннен кейін камерада бастадым. Жауапты органдардан мәселені шешуді сұраймын! – дейді ол.
Бірақ ведомство әлі күнге жауынгерлер шағымына реакция білдірген жоқ.
Ашық дереккөздерде №11141 әскери бөлім туралы дерек жоқ. Бірақ әлеуметтік желіде Нижегород және Вологда облыстарындағы мобилизацияға қатысты бөлімше атауы жиі кездеседі. 380-полк туралы да ақпарат аз.
Мысалы, 2022 жылы ақпанда полк штабының бастығы, майор Кузнецов Вологда облысына барып, мобилизация бойынша әскерге алынған жауынгерлердің жағдайы туралы баяндама жасаған.
– Бәрі адамның қандай жағдайға үйренгеніне байланысты. Жауынгер әскерде аз болса, даладағы өмір ауыр соғуы мүмкін. Тәжірибесі бар адамдарға жеңіл болады. Қанша жыл әскерде жүрген тәжірибеме сүйеніп, жағдайлары жаман емес деп айта аламын, – деген ол қала тұрғындарынмен кездесуде.Майор майданнан тараған "жалған ақпарат" туралы да пікір білдірген:
– Интернетте жалған ақпарат көп, шындық аз. Арасында осындай бір ақпарат шығып, адамдардың ойын өзгертеді, – дейді майор.
Екатеринаның жауынгерлерден естіген ақпараты мүлде бөлек.
– Ол жақта сұмдық болып жатыр! Лешаны құрлық әскерінен артиллерияға ауыстырды. Әскери дайындықтан өтуі керек еді. Қолдарына 1943, 1952 жылғы минометтар беріпті. Біреуінен мүлде оқ атылмайды. Қарсы тараптың қару-жарағы жаңа, жаттықтырушылары мықты. Біздің азаматтарды өлімге жұмсап отыр, – дейді ол.
Курск облысы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғыстан көп зардап шегіп жатыр. Курск облысының губернаторы Роман Старовойттың дерегінше, 5 шілдеде үш елді мекен жауған оқтың астында қалған. Глушков ауданындағы Краснооктябрьский ауылында көпқабатты үй өртеніп, елді мекен жарықсыз қалған. Теткино ауылында жеке үй қирап, Елизаветовкада жануарлар кешеніне шабуыл жасалған. "Шиеленіске толы жағдайда отырмыз", – деді өңір басшысы.
Азаттықтың Орыс қызметінің журналисі Александр Луговтың материалынан ықшамдалып аударылды.