Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева: ішкі элитада жағдай тұрақты емес

Қазақстанда президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары деген лауазым қайта пайда болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қызметке Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны тағайындады. 8 қаңтарда Тоқаев Сатыбалдыны қабылдап, жойылған лауазымды неге қайта енгізгенін түсіндірді.

Ақорда сайтына жарияланған ақпаратқа қарағанда, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымы президенттің тапсырмалары мен шешімдерінің ауыл-аймақтарда орындалу барысын бақылауды күшейту, қабылданған іс-шаралардың сапасын жақсарту әрі азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту мақсатында енгізіліп отыр.

Сондай-ақ Тоқаев Сатыбалдыға нақты тапсырламалар беріп, міндет жүктеген.

Дархан Сатыбалды 2022 жылдың тамызынан бері Түркістан облысын басқарып келді. Оған дейін сенат депутаты, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі де болған мемлекеттік қызметте көп жыл істеген. Сатыбалды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігінде де қызмет атқарған. Президенттің мұндай шешім қабылдау себебі не? Бұл жөнінде Азаттық сауалдарына саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева жауап берді.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары деген лауазым аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіру және президент тапсырмаларының аймақтарда орындалу барысына бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп отыр деп жазды Ақорда. Мұндай лауазым 1,5 жыл бұрын алып тасталған. Содан бері президент тапсырмасын орындау барысын бақылау әлсіреп қалды деп түсіну керек пе? Неге бұл лауазымды қайтарып отыр?

Жалпы, бұл, әрине, басқару функциясы. Бақылау деп отырғаны ресми атау ғана болса керек. Сөз сарыны ішкі, жергілікті шенеуніктерге арналған болуы да мүмкін. Тоқаев президент әкімшілігі күшейеді, бұрынғыдай, Назарбаев кезіндегідей жұмыс істейді деп айта алмайды. Бұрын [президент әкімшілігінің] бірінші орынбасары идеологиялық жұмыстармен немесе ішкі саясатпен айналысқан. Демек Тоқаев Дархан Сатыбалдыға оған әкімшілік басқару функциясын беріп отыр. Бұл, шын мәнінде, саяси салмаққа ие емес сияқты.

Ал Тоқаевтың жарлықтары орындалмай жатқанын Әкежан Қажыгелдин (Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі – ред.) кейінгі сұхбатында жақсы атап өтті. Мұндай проблема барын көрсетті. Тоқаев үшін осы бағытты күшейту қажет деп ойлаймын. Бұл әкімшілікті күшейту нұсқаларының бірі.

Екінші нұсқа. Тоқаев ішкі саясатпен айналысатын адам керек екенін түсінеді. Шамасы, ол үміт артқан адамдар, президент әкімшілігі, ондағы мемлекеттік кеңесші – олар, шамасы, бұл функцияларды орындамай не орындай алмай отыр. Оған осы мәселелерді бақылайтын тағы бір адам керек болды.

Бірақ президент оны ресми түрде ашық айта алмады. Естеріңізде болса, "Ана тілі" газетіне кейінгі берген сұхбатында ол ішкі саясатқа жеткілікті уақыт пен көңіл бөлетінін, яғни сыртқы саясатта біржақты емес екенін анық айтқан. Ол негізінде барлығын біркелкі жүзеге асырды. Осындай мәлімдеме жасап отырып, ол ішкі саясатпен айналысатын адам керек деп ресми түрде тағы да айта алмайды.

– Сіз айтқандай мәселе туындағанның өзінде оны жүзеге асыру үшін оны көмекші қызметіне тағайындаса, өкілет берсе, жеткілікті емес пе еді? Әлде жаңа қызмет ашып, оны солай таныстырудың артында өзгелерге бағытталған саяси месседж жатыр ма?

Кейінгі алты ай бойы олар реваншизмнің (бұрынғы президент айналасындағылардың билікке қайта келуге ұмтылуы – ред.) қайталануы, мемлекеттік төңкеріс туралы жиі айтты. Осыған байланысты әлі де алаң бар, әсіресе ішкі элитада жағдай тұрақты емес деген сөз.

Менің ойымша, бұл жерде аймақтағы элита ешқандай рөл ойнамайды. Негізгі ойыншылар президент әкімшілігінің ішінде деп ойлаймын. [Реваншистер арасында] Тоқаевтың орнын наразылық емес, бейбіт жолмен алмастырудың әртүрлі нұсқалары қарастырылған болуы керек. Тоқаев та, менің ойымша, осы мәселелерді реттейтін және қолында өкілеті бар адамды тағайындады. Әрі оған басқалар, айталық, элиталық топ жетекшілері бағынатындай лауазым керек. Бұл жерде ішкі элита маңызды рөл атқарып отыр.

Дархан Сатыбалды бұған дейін аймақтарды басқарды. Бірақ саяси топтарға ықпал ету жағынан ондай бір үлкен саяси қызмет атқара қойған жоқ қой?

Әрине, оның ондай үлкен тәжірибесі жоқ. Мұндай маңызды міндетті атқару үшін, менің ойымша, оның күштік құрылымдардағы тәжірибесі үлкен рөл ойнайды. Тоқаев құқық қорғау органдарында жұмыс тәжірибесі бар адамдарды күшейтетінін көріп отырмыз. Оның қасында премьер-министрдің де бұл жағынан тәжірибесі бар.

Бұл тағайындауды осы аппарат ішіндегі қауіп-қатерлермен байланыстырдым. Өйткені Қантар оқиғаларына әлі нүкте қойылмады. Біз әлі күнге дейін оған нақты кім қатысқанын білмейміз. Тоқаев сұхбатында мұны айтқанымен, әлі Қаңтарға нүкте қойылмады.

Мысалы, Тоқаевтың өзі [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаевқа қатысты 2019 жылдан 2022 жылға дейін елде қос билік жоқ деп келді. Бүгін керісінше қос билік туралы айтады. Осы жағы түсініксіз. Ақордадан келетін әртүрлі сигналдар ол жақта әлдене дұрыс емес екенін байқатады.

Адамдар тынышталған жоқ. Оның үстіне Тоқаев жаңа адамдарды алға әкеп жатқан жоқ.

Ол ескі кадрларға және іс жүзінде әсіресе президент әкімшілігіне сүйенеді. Бұлар негізінен Назарбаевтың тұсында болған адамдар. [Мемлекеттік кеңесші] Ерлан Қариннің де кезінде Назарбаевтар отбасымен өте берік, тығыз байланыста болғанын білеміз. Ол Дариға [Назарбаевамен], Рахат Әлиевпен де тікелей байланыста болды.

Менің ойымша, олар қазір Назарбаевты қолдамаса да, мүдделерін алға тартып отыр.

– Назарбаевтың өз басына қатысты ұстанымын айтып отырсыз ғой. Осы тұрғыда ол тараптан саяси тұрғыда қауіп келетіндей сигналдарды қоғамнан байқайсыз ба? Шынымен, ескі Қазақстан реванш жасағалы жатыр, олардың реваншистік әрекеті бар деген қауіп-қатер байқала ма сізге?

Әрине, қазір Тоқаевтың саясаты ұнатпайтын, оған қарсы белгілі бір наразылық бар. Бірақ Назарбаевтың биліктегі соңғы жылдарындағыдай емес, Қазір ондай наразылық жоқ.

Қоғам тарапынан қарасақ, онда қауіп жоқ. Әрине, қазір Тоқаевтың саясатын ұнатпайтын, оған қарсы белгілі бір наразылық бар. Бірақ Назарбаевтың биліктегі соңғы жылдарындағыдай емес, Қазір ондай наразылық жоқ. Ертең халық жаппай алаңға шығады дей алмаймыз. Яғни, бүгінде Тоқаевқа қарсы наразылықтарға халықты жұмылдыру өте қиын.

Сондықтан менің ойымша, көбіне аппараттық ойындар жүріп жатқан болуы мүмкін. Бұл ішкі жағдайлармен байланысты, біз тек сыртын ғана көреміз.

Бізде билік транзиті толық аяқталды ма дегеннің өзіне толық жауап жоқ. Биліктің Назарбаевтан Тоқаевқа өтуі түпкілікті аяқталды ма? Бұл сұраққа бізде ашық жауап жоқ. Меніңше, Назарбаевтың басқару жүйесі барлық жерде жалғасып жатыр.

Әкімдерді сайлау өтті. Мұның формалды нәрсе екені белгілі. Яғни әкім сайлау жаңа адамдарды билікке әкелудің құралы болуы керек еді. Бұл Тоқаевқа кадр жинау құралы болуы қажет еді. Мен мұны оның кадр саясатының бір бөлігі деп санадым. Бірақ жаңадан ешкім келмегенін көріп отырмыз. Онда негізінен бұрынғы әкімдердің 99 пайызы қалды, сондықтан бұл құралдың еш әсері болмады.

Демек жаңа адамдардың келуін қаламайтындардың позициясы күштірек. Олар бұрынғыдай әрекет ете алып тұр. Әзір ойын ережесі өзгермесе, маңызды өзгерістер болады деп айту қиын.

Демек жаңа адамдардың келуін қаламайтындардың позициясы күштірек. Олар бұрынғыдай әрекет ете алып тұр. Әзір ойын ережесі өзгермесе, маңызды өзгерістер болады деп айту қиын. Күш, билік Тоқаевтың қолында болса, биліктегі адамдардың кем дегенде 30 пайызы алмасар еді. Әкімдерді сайлау арқылы болмаса да, маңызды қызметтерге Назарбаев кезеңінде карьера жасамаған басқа адамдарды әкелер еді. Бұл сұрақтарға жауап берген адамдар, министрліктерде, президент әкімшілігінде отырғандар басқаруға ыңғайлы әрі Назарбаев кланының мүддесін қорғап отыр. Демек, Тоқаев мұның бәрін толық өзгертетіндей әлі күшін нығайтқан жоқ немесе Назарбаевтар кланының өкілдері Тоқаевты алып тастауға қауқары жетпей тұр. Тоқаевтың өзі осы сұраққа толық жауап бермейді. Бірде "А" десе, келесіде оған кереғар "Б" дейді. Сосын бұл нені білдіреді, "А" ма, "Б" ма деп ойланамыз. Назарбаевты сынап, 2022-ге дейін қос билік болды дейді де, екінші жағынан, Назарбаевтың Путинмен кездесуге моральдық құқы бар, олардың достық қатынасы бар, онда тұрған ештеңе жоқ дейді. Мен мұны түсініксіз сигнал ретінде бағалаймын.

Осы жағдайларды ескергенде ол жақта барлығы бірқалыпты дей алмаймыз. Күштік құрылым өкілдерінің маңызды орындарда отыруын Тоқаевқа қандай да бір қауіпсіздік кепілдігі қажет деген сөз.

– Дегенмен Ақорда "саяси реформаны сәтті аяқтадық, соның алғашқы толқыны аяқталды" деп мәлімдеме жасаған. Бұл сіздің сөзіңізге сәл кереғар.

Саяси реформа мүлде жасалған жоқ. Елбасына қатысты заңдарды алып тастады, басқа ешқандай өзгеріс болған жоқ

– Саяси реформа мүлде жасалған жоқ. Елбасына қатысты заңдарды алып тастады, басқа ешқандай өзгеріс болған жоқ. Аймақтағы әкімдерді сайлап жатқаны жүйені өзгертіп жатқан жоқ. Саяси жүйені өзгерту керек.

Қазір әкімдерде еркіндік жоқ екенін де түсінуге болады. Тоқаев іргелі саяси реформалар болғанын, негізгі саяси реформалар жүргізілгенін айтты, бірақ оның не туралы айтып отырғаны маған түсініксіз.

Саяси партиялар әлі де саяси элитаның бір бөлігі болып отыр. Олар қоғамның, саяси жүйенің бөлігі емес. Бізде партиялық жүйе өз алдына дербес өмір сүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бұл қазіргі элитаның бір бөлігі. Ол соның парламентке жіберілген кішкене бөлігі сияқты және елді бірге басқарып отыр. Қандай саяси реформалар туралы айтуға болады?