Bellingcat зерттеу тобы Ұлыбритания полициясы "Александр Петров" деп таныстырған адамның нағыз аты-жөні Александр Евгеньевич Мишкин екенін мәлімдеді. Ол – ГРУ (Ресей қорғаныс министрлігі бас штабының бас басқармасы) әскери дәрігері мен қызметкері.
Зерттеу жүргізген авторлар Лондонда өткен арнайы шара кезінде жұмыстарының қорытындысын жариялады. Шара аяқталған соң Bellingcat пен The Insider сайтына тексеру жұмысының толық нұсқасы жарияланды.
Bellingcat дерегі бойынша, Мишкин 2014 жылы Ресей қаһарманы атағын алған. Скрипальге шабуыл жасады деген екінші күдікті Анатолий Чепиганың да осындай атағы бар. Зерттеу жүргізгендер Мишкиннің туған ауылындағы тұрғындардың сөзіне сілтеме жасайды. Әжесінде Путиннің Мишкинге қаһарман жұлдызын тапсырып тұрған суреті бар болып шыққан.
The Insider өкілі барған ауылда жеті адам Мишкинді танымал дәрігер және "Ресей қаһарманы" ретінде танитындарын айтқан. Мишкиннің әжесі бірнеше күн бұрын ауылдан кетіп қалғандықтан істі тергеушілер онымен кездесе алмаған.
ПЕТРОВТЫҢ ШЫН АТЫ-ЖӨНІН ҚАЛАЙ АНЫҚТАДЫ?
Bellingcat пен The Insider дерегінше, ұлыбританиялық БАҚ-тың құқық қорғау органдарындағы дереккөздері "Александр - күдіктінің шын аты" деген қорытынды жасайды. Олар "Евгеньевич деген әкесінің аты мен 1979 жылдың 13 шілдесі деп көрсетілген туған күні де сақталған" деп жорамалдайды. Құжат ауыстырған кезде аты мен туған күнін сақтау ГРУ тәжірибесінде жиі кездеседі.
Тағы бір жорамал бойынша, "Петров" жаңа фамилиясы жазылған төлқұжатты және ескі паспортын бір қаладан алған. Осы дерек бойынша төлқұжаттар базасынан тек бір адамның аты-жөні - Александр Евгеньевич Мишкин шықты. Тағы бір базадан оның мекенжайы Санкт-Петербургтегі "академик Лебедов көшесіндегі 12-үй" екені анықталған.
Зерттеу авторлары коммуналды пәтердің өзге тұрғындарын анықтады. Әлеуметтік желідегі аккаунттары бойынша олардың екеуі Киров атындағы әскери-медицина академиясының түлектері болып шықты. Мишкин де "сол академияның түлегі" деген ұйғарым жасалды.
Зерттеу жұмысын жүргізушілер телефон базасынан Александр Евгеньевич Мишкиннің Мәскеу тұрғыны екенін анықтады және телефон нөмірі арқылы Мишкиннің Volvo XC90 автокөлігі барын білді. Көлік 2012 жылы Петербургте тіркелді, бірақ 2013 жылы Хорошевское шоссе 76 мекенжайына тіркелген адамның иелігіне өткен. Бұл жерде ГРУ штаб-пәтері орналасқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Руслан Бошировтің" шын аты-жөніЗерттеушілер Мишкинмен медициналық академияда бірге оқуы мүмкін деген адамдармен тілдескен. "Петров" - Мишкиннің суретін көрген академияның екі түлегі оны танитындарын айтқан. Олар Мишкинмен бір курста оқымаған. Мишкин академияны 2003 жылы бітіруі мүмкін. Ықтимал курстастарының ешбірі Мишкинді танымады. Ал академиядағы Bellingcat пен The Insider дереккөзінің айтуынша, екі апта бұрын Мишкиннің курстастарына ол туралы ештеңе айтпау тапсырылған. Зерттеу жүргізушілер "Александр Мишкин әскери-теңіз флоты үшін суасты медицина мамандарын даярлайтын факультетте оқыған" дейді.
Зерттеу авторлары Александр Мишкиннің суретін тапқан. Олар тағы бір дереккөзден төлқұжат 1979 жылы шілденің 13-і күні Архангельск облысының Лойга ауылында туған Александр Евгеньевич Мишкинге берілгенін анықтаған. Суреттегі адам "Александр Петровқа" қатты ұқсайды.
Тексеру жұмысын жүргізушілер Брэдфорд университетінің визуалды өзгерістерді симуляциялау жөніндегі маманы профессор Югейлоға хабарласады. Ол Александр Мишкин мен "Александр Петровтың" бір адам болу ықтималдығы жоғары екенін айтқан.
Bellingcat пен The Insider 2014 жылдың күзінде Мишкин мен Чепиганың жаңа пәтер алғанын анықтаған. Пәтерді "Ресей қаһарманы" атағымен бірге берсе керек. Аумағы 100 шаршы метр болатын екі пәтер де Мәскеудің Черемушки ауданындағы орналасқан. Зерттеушілердің дерегі бойынша, 2014 жылғы нарыққа сай Мишкиннің пәтері 24 миллион рубль, Чепиганың пәтері 30 миллион рубль деп бағаланған.
Bellingcat пен The Insider өкілдері сияқты ВВС телеарнасының журналистері де Мишкиннің Лойга ауылында болып, ауылдастарымен сөйлескен. Олардың екеуі "Александр Петров" суретінен Мишкинді таныған.
ВВС арнасына сұхбат берген ауыл тұрғындарының бірі Мишкиннің жақсы оқығанын, техно стиліндегі музыкамен әуестеніп, ауылда диджей болғанын айтты. ВВС дерегі бойынша, кейін ол Петербургтегі әскери-медицина академиясында оқуы мүмкін.
"ПЕТРОВ" ПЕН "БОШИРОВТЫ" ҚАЛАЙ ӘШКЕРЕЛЕДІ?
- 5 қыркүйек. Ұлыбритания полициясы Сергей мен Юлия Скрипальді улауға күдіктілердің аты-жөнін хабарлап, "бұл шын ат па, әлде ойдан шығарылған есім бе, ол жағын білмейміз" деді.
- 12 қыркүйек. Владимир Путин Скрипальді улау ісі бойынша күдіктілерді "Ресей билігі біледі" және олар "әскерилер емес" деп мәлімдеді. Путин "өздері келіп, бәрін айтып береді деп ойлаймын" деді.
- 13 қыркүйек. Russia Today телеарнасы Петров және Бошировпен сұхбатты көрсетті. "Солсбериде не істедіңдер?" деген сауалға екеуі ол жаққа турист ретінде кафедралы соборды көруге барғандарын айтты. "Наурыздың 3-і күні қаланы қар басып жатқандықтан, сол күні серуендей алмадық. Келесі күні ауа-райы жақсарды" деді. Ұлыбритания полициясы бақылау камерасы түсірген суреттерді жариялап, Солсбериді "қар басып жатқанын" терістеді.
- 14 қыркүйек. Bellingcat зерттеу тобы мен ресейлік The Insider басылымы аты-жөні атамаған дереккөзден Петров пен Бошировке ішкі ресейлік төлқұжат берілгені туралы деректерді алады. Құпия құжаттарда Мәскеудің ГРУ штаб-пәтері Хорошевкий ауданына қарайтын телефон нөмірі бар. Ондағы "с.с." деген белгіні авторлар "совершенно секретно" (құпия құжат) дегенді білдіретін аббревиатура деп болжайды. Bellingcat пен The Insider рейске тіркеу жүйесінен алған көшірме қағазды да жариялады. Құжатта Петров пен Бошировтың шетелдің төлқұжат нөмірінің соңғы үш цифры бар – 294 және 297. Яғни, тек үш цифрда ғана айырмашылық бар. Төлқұжат нөміріндегі басқа цифлар сай келеді. Бұл құжат Азаттық радиосында бар.
- 15 қыркүйек. Журналистер анкетада көрсетілген телефон нөміріне хабарласып, оның Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін анықтады.
- 20 қыркүйек. Зерттеу авторлары Петров пен Бошировтың төлқұжатындағы нөмірдің бәрі (соңғы үш санын қоспағанда) ресейлік азамат Эдуард Широковтың (Шишмаков) төлқұжат нөміріне сәйкес екенін анықтайды. Широковты Черногория билігі "ГРУ қызметкері" деп санайды. Елдегі болмай қалған мемлекеттік төңкерісті сол жасамақ болды деседі. Bellingcat пен The Insider зерттеуінде Петров пен Бошировтың басқа да шетелдік сапарларға шыққаны туралы деректер айтады. Олар Лондон, Женева, Париж, Амстердам және өзге де Батыс Еуропа қалаларына барған. Сондай-ақ, 2018 жылдың басында Шпиц қаласындағы швейцариялық химия зертханасына рұқсатсыз кірмек болғаны үшін тұтқындалып, Нидерландыдан шығарылған екі ресейлік Петров пен Боширов деген жорамал айтылды.
- 25 қыркүйек. ФСБ ақпаратты таратуға айыптыларды іздейтінін айтып, Петров пен Бошировтың төлқұжатындағы деректердің өтіріктігін растады.
- 2 қазан. Азаттық радиосы мен Bellingcat Қиыр Шығыс жалпы әскери командалық училищеден "Қаһарман түлектер" стендінен суреттер табады. Ондағы Анатолий Чепиганың фотосы "Руслан Бошировке" ұқсайды.
- 6 қазан. Conflict Intelligence Team тексеру тобы 2009 жылы Хабаровскіде Анатолий Владимирович Чепиганың атына берілген жүргізуші куәлігінің көшірмесін жариялады. Фотодағы адам "Руслан Бошировке" ұқсайды.
- 8 қазан. Bellingcat пен The Insider "Александр Петровтың" шын аты-жөні - Александр Мишкин екенін, оның ГРУ әскери дәрігері әрі қызметкері екенін айтып, Мишкиннің төлқұжатындағы бірінші беттің көшірмесін жариялады.
Марк Крутов пен Сергей Добрыниннің мақаласы орыс тілінен аударылды.