Рафсанджанидың орнын кім басады?

Иран экс-президенті Әли Акбар Хашемимен қоштасуға жиналған адамдар. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.

Иранда жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы Әли Акбар Рафсанджани қайтыс болған соң оның орнына кім келетіні талқылана бастады. Ықпалды саясаткердің қазасы биыл өтетін президент сайлауына да әсер етеді.

Иранда белгілі саясаткер, жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы Әли Акбар Хашеми Рафсанджанидің қайтыс болғанына бір апта уақыт өткенде оның орнына кімдердің келетіні талқылана бастады. Рафсанджани ислам революциясы негізін қалаушылардың бірі ретінде аталады. 1979 жылы Иранда билікке келген ислам революциясы жетекшісі Рухолла Хомейнидің оң қолы болған Рафсанджани революцияға дейін бірнеше мәрте түрмеге де отырып шыққан. Ол - 1979 жылдан бері Иранда қабылданған саяси шешімдерге тікелей ықпал еткен саясаткер. Рафсанджани ислам революциясының қазіргі жетекшісі Әли Хаменеиден кейінгі мемлекеттегі «екінші адам» деп есептелді. Ел арасында оны «Акбар шах» деп атайтын.

ҚАЙШЫЛЫҚҚА ТОЛЫ ТҰЛҒА

Әли Акбар Рафсанджани Иран-Ирак соғысы кезінде мәжіліс төрағалымен қатар бас қолбасшы қызметін атқарып, Хомейниді райынан қайтарып, соғысты аяқтауға себепші болған басшы ретінде аталады. 1989-1997 жылдары қатарынан екі мерзімге Иран президенті болып сайланған кезінде елдің экономикалық саясатын дамытуға тырысты. Иранның Батыс және араб елдерімен байланысына себепші болып, ядролық бағдарлама келісіміне ықпал етті. 2005 және 2009 жылдары Иранда президент сайлауы дауынан кейін пайда болып, қуғынға ұшыраған «жасылдар қозғалысына» қолдау білдірді. Сол кезде президенттікке кандидат болып, сайлау нәтижесімен келіспеген Мирхусейн Мусави (бұрынғы премьер-министр) мен Мехди Кәрруби (мәжілістің бұрынғы төрағасы) әлі күнге үйқамақта отыр.

Иранның бұрынғы президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанджани.

Ирандағы ең бай адамдардың қатарындағы Рафсанджани саяси күштерді теңгерімде ұстай алатын саясаткер ретінде бағаланады. Ол саяси айтыс-тартыстарда консерваторлар мен реформаторлардың ымыраға келуіне де себепші болып отырған.

Рафсанджани - Совет одағы ыдырайтын қарсаңда Мәскеуге сапар шегіп, Иран мен СССР арасындағы алғашқы келісімге қол қойған басшы. Кейіннен Иранның Орталық Азия және Кавказ елдерімен байланысын қалыптастыруы да Рафсанджанидың президенттігімен тұспа-тұс келді.

Иранның қазіргі жүйесін орнықтыруда қаржылай жағынан да, саяси потенциалы жағынан да аянбаған Рафсанджанидың режимге жақпаған қайраткер, белсенділерді қудалап, репрессияға жол бергені жиі сыналады. Кейбір сарапшылар оның шешуші сәттерде үндемей қалуының өзі елде адам құқығын аяқасты ететін шешімдердің қабылдануына әсер етті деп есептейді. Рафсанджанидың үлкен ұлы Мехди Рафсанджани да 2015 жылы «коррупциялық қылмыс жасады және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді» деген айыппен 15 жылға сотталған.

ЫҚТИМАЛ ҮМІТКЕРЛЕР

Әли Акбар Рафсанджани Иранда мәжіліс пен қадағалау кеңесі (конституциялық кеңес тәрізді) арасындағы дауды талқылайтын жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесін 27 жыл бойы басқарды. Ол былтыр Ислам революциясы жетекшісінің үстінен бақылауға құзіретті эксперттер кеңесіне де мүше болып сайланды. Рафсанджанидан кейін босап қалған жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесі басшысын ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи тағайындайды. Ал эксперттер кеңесінің жаңа мүшесін анықтау үшін аралық сайлау өткізілетін болады.

Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Лариджани (солдан оңға қарай), Иран парламенті төрағасы Әли Лариджани, Иран президенті Хасан Роухани және Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи марқұм Әли Акбар Рафсанджанимен қоштасып тұр. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.

Рафсанджанидың орнын кім басады деген мәселе бұл күндері Иранның өз ішіндегі баспасөз бен елдің сыртындағы парсытілді БАҚ-тың басты тақырыбына айналған. Онда Рафсанджаниге діни дәрежесі жағынан да, саяси бағыты мен салмағы жағынан да ұқсайтын саясаткерлердің санаулы екендігі айтылады.

Сондай «кандидаттардың» бірі – қазіргі президент Хасан Роухани. Биыл Иранда өтетін кезекті президент сайлауы Роуханидың бұл қызметті атқаруына кедергі болмайды. Рафсанджанидың да кезінде бірнеше қызметті қатар алып жүргені белгілі. Алайда саяси жолының реформаторлық бағытта көрінуі Роуханидың бұл қызметке тағайындалуына кедергі болуы әбден мүмкін. Роухани діни тұлға ретінде де, саяси басшы ретінде де жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесін басқаруға сай келгенімен, консерватор Әли Хаменеидің оның кандидатурасын құптауы неғайбіл.

Иранның бұрынғы президенті Акбар Хашеми Рафсанджанимен қоштасу рәсімі. Тегеран, 10 қаңтар 2017 жыл.

Бұрынғы президент, «жүйенің адал жауынгерлерінің бірі» Махмұд Ахмадинежадтың жақтастары босап қалған Рафсанджанидың орнына Ахмадинежад лайықты деп есептейді. Қанша ультраконсерватор болғанымен Ахмадинежад діни дәрежелі саясаткер емес. Соңғы жылдары оның Әли Хаменеимен қатынасы да аса жақсы сипатталып жүрген жоқ. Сондықтан Ахмадинежадтың да жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесіне басшы болуы күмәнді.

Тағы бір «кандидат» – мәжіліс төрағасы Әли Лариджани. Әли Хаменеиді жақтаушы консерватор Лариджанидың да діни дәрежесі жоқ. Алайда оның әкесі Мирза Хашем Амоли – ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеидің ұстазы болған адам. Алайда Әли Лариджанидың Рафсанджанидың орнына тағайындалуы жайлы сарапшылар кесіп-пішіп айта алмайды. Оның үстіне Әли Лариджанидың інісі Иранның сот билігінің басшысы Садеқ Лариджани да «кандидаттар» қатарында аталады. Садеқ Лариджанидың ағасынан айырмашылығы, ол – аятолла діни дәрежесіне жеткен саясаткер.

Иран мәжілісінің бұрынғы төрағасы, қазір ислам революциясы жетекшісінің бас инспекторы, діни тұлға Натеқ Нуридің де аты Рафсанджанидың орнына үміткер адамдардың қатарында аталады. Ол кезінде Рафсанджанимен де жақсы байланыста болған және Әли Хаменеидің жақын серіктерінің бірі. Ол бір кездері Иран президенті Мұхаммед Хатамидің бәсекелесі ретінде президент сайлауына түскенімен, жеңіліп қалған.

Иранның сот жүйесі басшысы Садеқ Лариджани (оңнан солға қарай), Иран эксперттер кеңесінің төрағасы Ахмад Жәннати, оның орынбасары Махмуд Хашеми Шахруди, Иран парламенті төрағасы Әли Лариджани және Иран президенті Хасан Роухани.

Жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің басшысы бола алатын адамның бірі ретінде бұрын Иранның сот билігін басқарған – аятолла Хашеми Шахрудидің де аты аталып жүр. Ол қазір эксперттер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Бұған қоса мәжілістің бұрынғы төрағасы Ғұлам Әли Хаддададель мен Рафсанджани кабинетінде сыртқы істер министрі болған, қазір Әли Хаменеидің халықаралық саясат бойынша кеңесшісі Әли Велоятидың да есімдері Рафсанджанидың орнына үміткерлердің қатарында аталады. Қазір парсы тілі мен әдебиеті академиясын басқаратын Хаддададель – Әли Хаменеидің құдасы. Бұған қоса Рафсанджанидың орнына келуі мүмкін делінетін эксперттер кеңесі төрағасы, әрі конституциялық қадағалау кеңесін басқаратын 90 жастағы аятолла Ахмад Жәннати мен жасы сексеннен асқан тағы да бірнеше аятоллалардың аты аталады. Жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің хатшысы Мухсен Ризаи, ислам революциясы жетекшісінің қауіпсіздік кеңесіндегі өкілі Сеид Жалили, бас прокурор Ибрахим Раиси де үміткерлер қатарында жүр.

Әли Акбар Хашеми Рафсанджани қайтыс болар қарсаңда аятолла Әли Хаменеи жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесінің саясатын қайта қарастыра бастаған болатын. Мұны кейбір сарапшылар Рафсанджанидың ұпайын азайтуға бағытталған әрекет ретінде қабылдаған. Сондықтан алдағы екі айдың ішінде тағайындалатын жүйенің сәйкестігін анықтау кеңесі басшысының Хаменеидің ықпалындағы адам болуы – әбден күтілген жайт.