Совет билігін шошытқан операға 80 жыл толды

Актриса Элеонора Андреева Дмитрий Шостакович операсындағы Катерина Измайлова ролін сомдап тұр. Мәскеу, 1 қыркүйек 1964 жыл. (Көрнекі сурет)

Осы апта орыс композиторы Дмитрий Шостаковичтің «Мценск уезіндегі Леди Макбет» операсының премьерасына 80 жыл толды. Сталинді ашуландырған шығарма сазгер өмірін өзгертіп жіберді.
80 бұрын, 1934 жылы қаңтардың 22-сі күні орыстың жас композиторы Дмитрий Шостакович өзін ең бақытты адам сезінді.

ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН ШОСТАКОВИЧ

Оның 29 жасында жазған алғашқы операсы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург - ред.) опера театрында қойылды. Советтік авангардтың сүйіктісі болып жүрген жас композитор қаланың танымал тұлғасына айналып шыға келді.

Шығармада классикалық операның қалыптасқан ережесіне қайшы келетін тұстар көп еді, жұрттың бәрі соны айтып жүрді. Бір жағынан музыка бар тәрізді, бірақ ол диссонансқа толы, әнде айғай көп, адамның эмоциясы жанартау жарылғандай, қайнар шымырлағандай сипатталған. Сексуалдық «көріністер» актерлердің әрекетінен анық байқалмаса да, музыкадан ашық «естіліп» тұрды.

Басты кейіпкер Катерина Измайлованы (Леди Макбет - ред.) көңілдесі Сергейдің еліктіретін тұсында тромбон әуені оргастикалық шарықтау шегіне жетеді. Қысқаша айтқанда, операның «жаңалықтарға» толы болғаны соншалық, бұл қойылымды «сазгер қиялының салтанат құруы» деуге тұратын еді.

Екі жыл бойы опера Совет Одағында 200 рет қойылды. Нью-Йорк, Лондон, Стокгольм мен Копенгаген, Прага көрермендері ықыласына бөленді. Шостакович әлемге танылды.

Совет Одағының халық әртісі, композитор, пианист Дмитрий Шостакович. Мәскеу, 1 сәуір 1961 жыл.



Бірақ 1936 жылдың қаңтарында күтпеген оқиға болды. Мәскеуде операның үш қойылымы бір уақытта көрсетілді, соның біріне Иосиф Сталин келді. Ол операның ақырын күтпей, ашуға булыққан күйі нөкерлерін ертіп шығып кетеді.

СТАЛИННІҢ ҚАҺАРЫ

Екі күннен кейін советтік басылым жас композитордің шығармасына аяусыз үкім шығарады. Коммунистік партияның негізгі мінбері - «Правда» газетінің «Музыка емес, даңғаза» деп аталатын мақаласында Шостаковичтің музыкалық, көркемдік, идеологиялық қателері тізбектеледі.

«Құштарлық көріністерін барынша сенімді ету үшін әуенді барқылдатып, гүрілдетіп, ырылдатып, ыңқылдатып жіберген. Әуен емес, қыңсыл» деген айыптар тағылады.

Шетелдерде де танылған операны «буржуазияның бұзылған талғамына лайық, музыкасы жүйкеге тиеді» деп сынайды. «Правда» Шостаковичке ғана емес, советтік авангард өкілдерінің бәріне «бұндай ойынның ақыры жаман болатынын» ескертеді.

«Правда» газетінің «Музыка емес, даңғаза» мақаласының фрагменті. 28 қаңтар 1936 жыл.


Николай Лесковтың «Мценск уезіндегі Леди Макбет» повесі 1865 жылы жазылған еді. Шостаковичтің туындысы осы шығармаға негізделген.

Сталинге операның қай тұсы жақпай қалғаны белгісіз. Кейбір советтік өнертанушылар «операдағы бас кейіпкер - Катеринаның өктем әрі екіжүзді қайын атасы Бористі келемеждейтін жерін Сталин көңіліне алып қалды» дейді. Енді бір сарапшылар «адамды сеніміне қарап тұтқындаған патшалық полиция бастығының әрекетін мысқылдағанды өзін мұқатқандай көрді» дейді.

Бірақ өнертанушылардың көбі «тромбонның сексуалды үнін жақтырмады» деп жорамалдайды. Қалай болғанда да, Сталин қатаң шара қолданатын кез келгенін түсінеді.

Оның бұл туындыға шүйлігуі «Өнер мақсаты – мемлекет идеологиясын насихаттау» деген «социалистік реализм» қағидасын айқындап берді. СССР кәсіподақтарынан қолдау көріп, табысқа жету үшін композиторлар мен жазушылар пролетариат жетістігін сипаттап, соларды ғана насихаттаумен шектелетін болды.

Сталин.



Авангард өкілдерінің аузына шүберек тығындап тастағандай болды. Советтік жүйеде шығармашылық тұлғаның ешбір еңбегі кәсіподақтан тыс жарияланбайтын болды. Шостаковичтің алдында талапқа көну немесе өнерден кету деген екі жол ғана тұрды.

ТҮПНҰСҚАҒА ОРАЛУ

Сталиннің идеологиялық қысымынан жапа шеккен композиторлар арасында Сергей Прокофьев, Игорь Стравинский, Сергей Рахманинов, т.б. сазгерлер бар.

Шостакович идеологиялық қайшылық тудыруды мақсат етпегенін айтып, Кремльдің қырына ұшырағанына таңғалады, әрі биліктен қорқады. Бұдан кейін ол операдан бас тартып, партитура ғана жазады.

Оның әуендері бұрынғыдай жаңашыл болып қала береді, бірақ мемлекеттің шамына тимейді. Кезінде оны кеудесінен итерген ресми орындар жаңа туындыларын мақтай бастайды. Сталин дүние салған соң, 1963 жылы, Хрущевтің тұсындағы «жылымық» кезінде совет сахнасына «Мценск уезіндегі Леди Макбет» қайта оралды. Бірақ оны өңдеп, идеологияға барынша сәйкестендіріп, «Катерина Измайлова» деген басқа атпен шығарды.

Шостакович мәңгілік сапарға аттанар алдында (1975 жылы Мәскеуде – ред.) операның кейінгі нұсқасы - «Катерина Измайлова» дұрыс, әу баста солай жазылған» деп мәлімдейді.

Мстислав Ростропович (сол жақта) пен Бенджамин Бриттен Мәскеу консерваториясындағы концертте. 1 қараша 1964 жыл.


Бірақ композитордың көкейіндегі қарсылық, реніш жойылмаған екен. Досы, дирижер Мстислав Ростроповичтен шетелге шығу мүмкіндігі туса, операның түпнұсқа партитурасын жазуды өтінеді.

Ростропович 1979 жылы шетелге барады, дос өтінішін орындайды. Батыстағы опера театрларының көбі туындының 1932 жылғы алғашқы нұсқасына оралды. Қазір сазгердің адуын, асау талантынан туған опера түпнұсқа қалпында қойылып жүр.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)