Советтің құпия "мұсылман батальоны". Хабибжан Холбаевтың хикаясы

Совет одағының Ауғанстандағы соғысы Кабулдағы Хафизулла Әминнің сарайына шабуылдан басталды. Оған негізінен СССР-дегі этникалық өзбек, тәжік, түркімендерден жасақталған, Ауғанстанға жасырын келген "мұсылман батальоны" қатысқан. Сурет 1980 жылы түсірілген.

31 жыл бұрын Совет одағы Ауғанстаннан шектеулі контингентін шығарды. 1979 жылы ауған билеушісі Хафизулла Әминнің резиденциясына шабуыл жасаудан басталған он жылдық соғыс осылай аяқталды. Тәж-Бек сарайын басып алу мақсатындағы құпия операцияға СССР билігі "мұсылман батальонын" пайдаланған. Азаттық тілшісі осы бөлімшені басқарған Хабибжан Холбаевпен ол Алматыға келгенде әңгімелесті.

72 жастағы отставкадағы полковник Хабибжан Холбаев Ауғанстандағы арнаулы мақсаттағы 177-топтың жетекшісі болған, "Қара майор" деген лақап атпен танымал марқұм Борис Керімбаевтың жылдығына Ташкенттен Қазақстанға арнайы келді. Керімбаев былтыр дүниеден өткен. Холбаев Алматыда өзі Ташкенттегі жалпы әскери училищеде оқыған кезінен бері танитын, аты аңызға айналған командирді еске алып, құран бағыштады.

Хабибжан Холбаев пен Борис Керімбаев Совет одағы билігі Ауғанстандағы соғыс үшін құрған екі бөлек "мұсылман батальонын" басқарған. "Қара майор" осы елге 1981 жылы жіберіліп, Панжшер аңғарындағы таулы аудандарды бақылауға алған бөлімше жетекшісі болған.

Қорғаныс министрлігінің Алматыдағы әскери-тарихи музейіндегі «Қара майор» деген лақап атымен танымал Борис Керімбаевтың (бұрынғы «мұсылман батальоны» командирі) суреті.

Басшылық Холбаевқа соғыстан бұрын Кабулға жіберілген, Хафизулла Әминнің сарайын басып алу операциясына қатысқан "мұсылман батальонын" сеніп тапсырған. Совет билігі АҚШ-пен астыртын байланысы бар деп күдіктенген Ауғанстан басшысының көзін жою туралы тапсырма орындалған соң Холбаевтың "мұсылман батальоны" дереу елге қайтарылып, таратылған.

Хабибжан Холбаев Борис Керімбаевқа берілген астан кейін Азаттық тілшісіне өзі басқарған бөлімшенің Ауғанстанда және ол елден шығарылғаннан кейін басынан өткені жайлы әңгімелеп берді.

"АСА ҚҰПИЯ ОПЕРАЦИЯ"

Холбаев басқарған 532 адамнан тұратын "мұсылман батальоны" құрамына негізінен Ауғанстанда тұратын этнос өкілдері – өзбектер, тәжіктер мен түркімендер кірген. Холбаевтың айтуынша, бөлімшеде бес қазақ пен екі орыс та болған.

"Мұсылман батальонының" бұрынғы командирі Хабибжан Холбаев Ауғанстандағы соғысқа қатысқан тағы бір "мұсылман батальонын" басқарған Борис Керімбаевтың ("Қара майор") жылдық асында сөйлеп тұр. Алматы, 8 ақпан 2020 жыл.

"Мұсылман батальонын" Ауғанстандағы соғысқа аса құпия жағдайда дайындаған. Сондықтан жедел қызметтің жеке құрамы ғана емес, батальон басшылығы да соңғы сәтке дейін өздерін қайда жіберетінін білмеген. Бұл ақпарат жауынгерлерге арнап ауған әскери формасын тіктірген кезде бір-ақ белгілі болған. 1979 жылы желтоқсан айының басында оларды Баграмға жеткізген. Желтоқсаның 17-сі күні кешкісін батальон Баграмнан Кабулдың шетіндегі Хафизулла Әминнің жаңа резиденциясы – қайта жөндеуден өткен бұрынғы патша сарайы Тәж-Бекке жақын маңға ауысқан.

Бұл жорық майор Холбаевтың кәсіби карьерасына кесірін тигізе жаздаған. Ол туралы айта бастаса әлі күнге қобалжиды. Жорыққа шықпас бұрын Холбаевтан Кабулдағы совет әскери басшыларының бірі "Батальон екі сағатта Баграмнан Кабулға жете ала ма?" деп сұрапты. Ек ара шамамен 80 километр. Холбаев сағатына 40 километр жүру керек-ау деп есептеп, үлгеруге уәде берген. Ол жауынгерлерді бастап екі сағатта жеткен. Бірақ саптың аяқ жағындағылар бөгеліп, соңғы қатардағы техника келіп біткенше төрт сағат өткен.

Холбаев бөлімше жорыққа бұралаң тау жолымен тас қараңғыда шыққанын, көлік шамын қосуға рұқсат бермегендіктен түнгі жарық құрылғыларын пайдалануға тура келгенін, ал жүргізуші механиктердің жеткілікті тәжірибесі болмағанын айтады.

Бірақ ол кезде басшылық батальонның екі сағатқа кешігуін командир Холбаевтың тапсырманы орындай алмауы деп бағалаған. Бұл туралы бірден Мәскеуге хабар беріп, ол жақтан жедел түрде "мұсылман батальонына" бас барлау басқармасының (ГРУ) екі офицерін жіберген.

- Желтоқсанның 21-і күні полковник Василий Васильевич Колесник пен подполковник Олег Ульянович Швец келді. Колесник "Сені қызметіңнен алып тастауға келдім. Орныңа өзім командир боламын, ал Олег Ульянович орынбасарым болады" деді. Мен "Жақсы, бірақ мені елге қайтармаңыздар. Мұнда кез келген қызметте істеймін, кез келген бұйрықты орындаймын" дедім. Осыдан кейін ол батальон офицерлерімен сөйлесіп, шешімін өзгертті, - дейді Холбаев.

Полковник Василий Колесник пен подполковник Олег Швец "мұсылман батальонында" Холбаевқа бағынатын офицерлер қатарында қалған. Бәрі бірдей ауған әскери киімінде жүргендіктен олар басқа офицерлер мен жауынгерлер арасында ерекше көзге түспеген.

Мұсылман батальонының негізгі мақсаты - Ауғанстан басшысы Хафизулла Әминнің көзін жою екенін Холбаев Колесникке Тәж-Бек сарайына шабуыл жасау операциясының жоспарын жасап, оны басқару тапсырылғанда бір-ақ білген. Операциядан бұрын Холбаев (Колесниктің кеңесі бойынша) Ауғанстан гвардиясының Әмин әскерін қорғайтын бригадасының басшылығын қонаққа шақырған.

1979 жылы СССР басшылығының бұйрығымен өлтірілген Ауғанстан билеушісі Хафизулла Әминнің резиденциясы болған Кабулдағы Тәж-Бек сарайы. 1987 жылы түсірілген сурет.

ҚОНАҚҚА АРАҚ БЕРУ ЖӘНЕ ӘМИН САРАЙЫНА ШАБУЫЛ

Хабибжан Холбаевтың сөзінше, Колесник келгеннен кейін көп ұзамай өткен қабылдау кезінде Ауғанстанның Хафизулла Әминға дейінгі басшысы Нұрмұхамед Тараки қазасының жай-жапсары белгілі болған. Бұрын Әмин Тараки аурудан қайтыс болған леп хабарлаған.

- Бізде клуб не асхана болмады. Жерден шұңқыр қаздық. Аяғыңды әлгі шұңқырға түсірсең, үстел басында отырғандай боласың. Кабулдағы біздің елшілік ішімдік (арақ) пен тамақ табуға көмектесті. Бәрі жеткілікті болды. Колесник бізге "Сен бригада командирімен бірге отырасың, әр орынбасар – бригада командирінің орынбасарымен, рота командирі – рота командирімен бірге отырады. Өздерің ішпеңдер немесе аз ішіңдер, бірақ оларды ішкізіңдер. Әртүрлі сұрақ қойыңдар, осылай жаңа ақпарат білеміз" деді. Қабылдау кезінде ауғандар шешіліп сөйлей бастады. Мысалы, менің орынбасарым [Ауғанстан Ұлттық гвардиясы] бригада командирінің орынбасарынан масаңдау кезінде Нұрмұхамед Таракиді Хафизулла Әминнің бұйрығымен бригада командирі Жандат, барлау қызметінің жетекшісі мен бригаданың байланыс жөніндегі басшысы өлтіргенін айтқан. Үшеуі Таракиді бірлесіп өлтірген: біріншісі қолын ұстап тұрған, екіншісі тізесін басып отырған, үшіншісі артық із қалдырмас үшін жастықпен тұншықтырған, - дейді Холбаев.

Оның айтуынша, қабылдау өткен күннің ертеңіне Таракидің қазасы туралы ақпаратты үкіметтік байланыспен Мәскеуге жеткізген.

- Ақпарат жеткен күннің ертеңіне Колесникке Хафизулла Әминді өлтіру туралы тапсырма (немесе бұйрық) түсті. Бұған дейін ондай әңгіме мүлде болмаған. [Нұрмұхамед Таракидің Хафизулла Әминнің бұйрығымен өлтірілгені] Леонид Брежневтің шамына тигенін соғыстан кейін ғана білдім, - дейді әңгімесін жалғаған Хабибжан Холбаев.

Жұма күніне белгіленген сарайға шабуыл жасау операциясына жетекшілік ету Колесникке жүктелген. Өйткені әдетте жұма күндері ауған әскері босаңсып, жеке құрамды үйіне жуынуға, демалуға жіберіп отырған.

Холбаев өзі басқаратын батальонға сарайға шабуыл кезінде ішке кіріп, Хафизулла Әминнің көзін жою тапсырылмағанын айтады.

- Бізге ғимаратты [Әмин сарайын] толық қоршау, шабуылға мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) арнаулы жасағымен қолдау көрсету тапсырылды. Ал іштегі шаруаны солар тындыратын болды. Өзара байланыс орнатуды ұйымдастыру кезінде "олар қиындыққа ұшырап, [КГБ полковнигі] Бояринов шақырса, [сарайға] кіріп, көмек көрсету керек" деген тапсырма берілді.

Шабуыл кезінде қиындық туған: КГБ арнаулы жасағы тығырыққа тіреліп, полковник Бояринов ғимараттан шығып, қол бұлғап, көмектесуге шақырған. Осыдан кейін "мұсылман батальоны" Әмин сарайына кірген.

Ауған әскери формасын киген полковник Бояриновтың мойнына оқ тиген. Холбаев қақтығыс кезінде оған не өз әскерінің, не ауғандардың оғы тиюі мүмкін екенін айтады. Постсоветтік әскери тарихнамада Бояриновтың қазасының себебі көрсетілген ақпарат жоқ. Оған қайтыс болғаннан кейін Совет одағының батыры атағы берілгені ғана белгілі.

"Мұсылман батальоны" сарайға шабуыл кезінде жеті адамынан айрылып, ондаған жауынгер жараланған.

Ауғанстан астанасы Кабулдың сыртындағы совет әскері. 1 қаңтар 1980 жылы түсірілген сурет.

Тәж-Бек сарайын басып алу операциясы аяқталғаннан кейін бұл ақпарат бәрінен, тіпті Совет одағының өз адамдарынан да құпия сақталған. Холбаев соның кесірінен келесі күні олар басып алған Әмин сарайына шабуыл жасауға келген совет десантшыларымен арада қақтығыс туа жаздағанын айтады. Десантшылар сарайды қорғап тұрған ауған әскери киіміндегі "мұсылман батальонына" қарсы оқ атқан.

ӘДІЛЕТСІЗДІК

1979 жылы жоқ жерден пайда болған және Ауғанстанда заңсыз жүрген бірінші "мұсылман батальоны" 1980 жылы жазда жойылды. Кабулдағы сарайға жасалған шабуылдан кейін көп ұзамай "мұсылман батальоны" жедел қызметінің жеке құрамын мерзімінен бұрын таратып, офицерлерді басқа бөлімдер мен әскери мекемелерге таратып жіберді.

Бұрынғы "мұсылман батальонының" командирі Хабибжан Холбаев Ауғанстандағы соғысқа совет әскері қатарында қатысқандармен бірге. Алматы, 8 ақпан 2020 жыл.

Совет одағына оралған соң, Хабибжан Холбаев 1998 жылға дейін әскерде қызмет атқарды. Ол зейнетке полковник шенінде Өзбекстан қорғаныс министрі инспекциясының басшысы қызметінен шыққан.

Хабибжан Холбаев зейнетке шыққаннан кейін өзінің СССР кезінде болған Ауғанстандағы соғысқа қатысушылар қатарына кірмейтінін білген.

- Қаржы басқарманың зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасындағы әйел "Сіз шектеулі контингент құрамына кірмейсіз" деді. Бұл туралы бұрын сұраған емеспін. Өкінішті! Әскери зейнеткерлер ретінде біз әртүрлі әскери-патриоттық шараларға қатысамыз. Бірде сарбаздардың бірі "Полковник, сіз неге "Ауған" атынан [СССР-дің Ауғанстандағы әскери науқаны] сөйлеп тұрсыз? Сіз оған қатысушысы емессіз, оларға берілетін жеңілдікті де алмайсыз" деді. Бұл намысыма тиді. Арыз жаздым. Биыл осы мәселем шешілді, - дейді Холбаев.

Хабибжан Холбаев бұрын осы мәселе бойынша әскери прокуратураға барыпты. Бірақ ондағылар совет әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстанға ресми кіргізу туралы құжатқа сүйеніп, Холбаевтың бөлімшесі аталған контингент құрамына кірмейтінін айтқан.

- Біз Ауғанстанда болғанда, ол жақта әлі шектеулі контингенттің өзі де жоқ еді, - дейді Холбаев.

Қазір Холбаев Өзбекстан әскери академиясында аға ғылыми қызметкер болып істейді. Ол өміріне өкпесі жоғын айтады, жеті баласы бар, кенжесі қазір 24 жаста. Холбаев "мұсылман батальоны" Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін ол елге қайта бармаған.