Кейінгі он жылда Ресейдегі сайлау учаскелерге орнатылған бейнебақылау арқылы өтіп келді. Кез келген адам кез келген учаскедегі камераларына қосылып, онда не болып жатқанын көре алатын.
Сайлаудың барысы мен сол жердегі қызметкерлердің әрекетін түсірудің еш қиындығы жоқ сияқты көрінгенімен, оппозиция белсенділері мен бақылаушылар бұған әрең қол жеткізген.
2018 жылғы президент сайлауында бейнебақылау арқылы сайлау жәшіктерін толтырып жатқан адамдар, біреудің құжатымен кіргендер, сайлаушылар тізімінің манипуляциясы секілді жағдайлар әшкере болды. Содан кейін орталық сайлау комиссиясы 7 сайлау учаскесіндегі нәтижені жойған.
Сірә, бұл оқиға сайлаудың жалпы нәтижесіне әсер еткен жоқ, Владимир Путин бәрібір жеңімпаз болып жарияланды. Дегенмен, осы бейнебақылау камералары Кремльдің сайлау процесін заңды етіп көрсетуге мүдделі болғанын көрсетті. Бірақ бұл жолы бәрі өзгеше.
17-19 қыркүйекте Ресейде парламент және жергілікті басқару сайлауы өтеді. Бұл сайлауда кіші палата – Мемлекеттік думаның 450 депутаты мен бірнеше қала мен аймақтың басшысы анықталады.
Алдыңғы сайлауларға қарағанда, қазір билік партиясының жағдайы мүшкіл. Сол себепті болса керек, Ресей билігі сайлау қарсаңында тәуелсіз баспасөз құралдарына, әлеуметтанушыларға, бақылаушыларға қысым көрсетіп жатыр. Сайлау күндері елде ақпараттық вакуум орнамақ.
БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ АЛДЫ?
Ресей билігі сайлау туралы заңына өзгеріс енгізіп, сайлау учаскелеріндегі онлайн бақылау жүйесін алып тастады. Сайлау комиссиясы коронавирус індеті кезінде аурудың тарауын тежеу үшін сайлауды үш күнге созуға мәжбүр болғанын, үш күн бойы онлайн бейнебақылау жүргізу шығынға батыратынын айтты. Биліктің сөзінше, бұл шешім ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.
Енді сайлау учаскелерін тек кандидаттар, саяси партиялар және сайлау комиссиясының мүшелері бақылай алады. Осылайша, сайлаудағы заңсыздықты әшкере етуге мүмкіндік беретін сирек құралдардың бірі жойылып отыр.
"ЖАСЫРАТЫНЫМЫЗ БАР"
Сайлау барысын қадағалайтын тәуелсіз ұйым "Голос" та орталық комиссияның бейнебақылау жөніндегі шешімін сынға алды.
"(Бұл) шешім үш күн, екі түн бойы сайлау учаскелерінде не болып жатқанын қоғамнан жасыру амалы ғана" деді "Голос" ұйымының тең төрағасы Григорий Мелькоянц шілдеде шектеулер жарияланғанда. "Видеоматериал бұрамалауды болдырмайды, интернетте тарап кетеді. Олар осыдан сақтанып, "қарамаңдар, жасыратынымз бар" дейтіндей көрінеді".
Бұл сайлауда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары (ЕҚЫҰ) да болмайды. Ұйым Ресейге 500 бақылаушы (қысқа мерзімге 420, ұзақ мерзімге 80 адам) және бір топ сарапшы жібермек болған. Бірақ Ресей билігі коронавирус індетіне сілтеп, бұл өтінішті толық орындаудан бас тартты, бар болғаны 60 қана бақылаушы кіргізе алатынын айтты. Осыдан кейін ұйым Кремльден "індетті таратпаудың басқа амалдарын қарастыруға болмас па еді?" деп сұрады. Оған жауап болмаған соң, ұйым Ресейге бақылаушы жіберу райынан мүлдем бас тартты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Клондар сайысы: Ресейде сайлау қарсаңында аттас кандидаттар тіркеліп жатырТамызда "Голос" ұйымы Армения азаматынан қаржы алғаны үшін "шетел агенті" деп танылып, сайлауды бақылай алмайтын болды. Алайда ұйым бақылау мүмкіндігін алуға тырысып көруге сөз берді. "Шетел агенті" деп танылған заңды немесе жеке тұлғалар әр жазбасында немесе баспасөз құралында "шетел агенті" екенін белгілеп отыруы керек. Ресейде көбіне оппозиция кандидаттары мен Азаттық радиосы секілді бұқаралық ақпарат құралдары "шетел агенті" деп танылады.
Қазір әділет министрлігінің арнайы тізілімінде 47 заңды және жеке түлға "шетел агенті" деп көрсетілген. Оның 37-сі кейінгі жеті айда қосылды.
Кремль Батыс елдері бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары, Алексей Навальныйды қолдайтын қозғалыстар арқылы сайлау науқанына әсер еткісі келеді дейді. Жуырда үкімет мемлекеттің шектеуін айналып өтуге мүмкіндік беретін бірнеше виртуалды прокси қызметін (VPN) бұғаттады.
Сарапшылар бұл шешім сайлаушылардың таңдауын шектеп, "Единая Россия" партиясы мен Владимир Путин туралы жағымсыз ақпараттың тарауына жол бермеуін көздейді деп отыр.
"Бұл – толық авторитаризм. Бір жыл бұрын конституцияға өзгеріс енгізу арқылы Путин осы режимнің алғышартын жасаған" деді Мәскеудегі Карнеги орталығының бас қызметкері Андрей Колесников Азаттық радиосына. "Репрессия мен қоғамды ашық басып-жаншудан ұялмау – тактикалық емес, стратегиялық жол".
МӘСКЕУ "АШЫҚ ЖҮЙЕНІ" ҚОРҒАЙДЫ
Кремль сайлауды алдын ала ойластырғандай: конституцияға өзгеріс енгізіп, Владимир Путинге 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік берді; Путиннің қарсыласы, оппозиция өкілі Алексей Навальныйды түрмеге қамап, оны жақтаушыларды басып-жаншыды.
ЕҚЫҰ дауыс беру уақытын ұзарту "коронавирустың таралу қаупін азайтатын жақсы шара" екенін, бірақ оның "дауыс беру" процесінің ашықтығы мен адалдығына" теріс әсер ететінін айтты. Сондай-ақ артық уақыт сайлаушыларға қысым көрсету үшін қолданылуы мүмкін деген алаң да бар. Сайлау материалдарының түнгі уақыттағы қауіпсіздігі де мәселе болып отыр. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ миссиясымен кездескен партиялардың көбі үш күнге бақылаушы табудың қиын екенін де айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремль репрессияны күшейтті. Келесі қадамы не болмақ?ЕҚЫҰ бақылаушыларын жібермеу туралы шешім қабылдаған соң, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс елдерін "сайлау өткізуге кедергі келтіру үшін халықаралық ұйымдарды түрлі жолмен пайдаланып отыр" деп айыптады.
Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі Элла Памфилова жағдайды жұмсарту тырысып, "шетел агенттері" сайлауды бақылауда немесе одан хабар таратуда шектелмейді, Ресейдің өзге азаматтарында бар құқықты толығымен пайдалана алады деді.
Жуырда Мәскеу түбіндегі сайлау учаскелерінің басшылары арасында болған әңгіменің аудиосы тарады. Онда жергілікті әкімшілік өкілі деген әйел учаскелердің басшыларына дауысты қалай ұрлау керегін түсіндіреді. Памфилова бұл жағдайды сынға алып, Королевке тексеру комиссиясын жолдады.
"Біздің ашық жүйе құрғанымыз сонша, құпияның бәрі жария болады" деді ол. "Әрі-беріден соң, сайлаушыларға қарсы қылмыс жасау ешкімнің ойына келмейтіндей, күдіктің көлеңкесі болмайтындай тәртіп керек".
Бірақ бұл оппозиция мен сарапшылардың күмәнмен сейілте қоймады. Сарапшылар электронды және поштамен дауыс беру идеясын да қолдамайды. Олардың айтуынша, бұл сайлау кезіндегі алаяқтықтың ауқымын кеңейтуі ықтимал.
Ресейде сайлау процесі кезінде тәуелсіз сауалнама жүргізетін ұйымдар онсыз да аз. Мәселен, 2016 жылы парламент сайлауына санаулы апта қалғанда "Левада" зерттеу орталығы "шетел агенті" деп танылды. Бұл қадам "саяси цензура" деп аталып, орталықтың сайлау кезіндегі жұмысына едәуір кедергі келтірді.
Бірақ билік партиясы "Единая Россияның" халық арасында беделі түсіп кеткенін мемлекетке қатысы бар ВЦИОМ институты да айтып отыр. 2016 жылы "Единая Россия" 54 пайыз дауыс алса, ВЦИОМ-ның болжауынша биыл бұл партия 42 пайыз дауыс алмақ.
2016 жылғы парламент сайлауында ресейліктер "Единая Россия" партиясын елдегі экономикалық ахуалдың нашарлығына қарамастан қолдады және оған Ресей билігінің Қырымды аннексиялауы (2014 жыл) ықпал еткендей болды. Биыл билік партиясының жағдайы қиынырақ.
Мәскеудегі Карнеги орталығының маманы Колесников биылғы сайлау алдындағы жағдай 2016 жылғыға ұқсайтынын айтады. Оның сөзінше, ол кезде де "думаға сенім аз болған, сайлау науқаны қызықсыз өткен, оған қызығатын адам аз болған, нәтижесі алдын ала белгілі болған, билік дау-дамайдан қашқақтап, адал болып көрінгісі келген".
Бірақ "өткен сайлауда "Единая Россияны" Қырым мәмілесі құтқарса, биыл жағдай қиынырақ" деді ол.
Биыл экономикалық ахуал нашар. Оның үстіне 2019 жылы зейнет жасын ұзарту үлкен қарсылыққа тап болған. Навальный қамалған соң да наразылық туды. Коронавирус індеті де азаматтардың өмірін күрделендіріп жіберді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейде Путин дәуірінің "соңғы тәуелсіз мэрі" неге отставкаға кетті?