МАҚТАУ ЖӘНЕ "ҮЛГІ ЕТУ"
Телеарналар мен мемлекеттік басылымдар елдегі сайлау туралы үнемі жақсы пікір айтатын халықаралық бақылаушылар тобына назар аударды. "Қазақстан", "Хабар", "Астана", "КТК", "Алматы" телеарналары 10 қаңтарда күні бойы дауыс беру барысы туралы хабар таратты. Олар сайлау кезінде заң бұзылмағанына сендіріп, мұнысын бақылаушылар сөзімен растауға тырысты.
"Қазақстан" телеарнасы "Халықаралық байқаушылар сайлауды оң бағалады" деп аталатын шығарылымында ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Виктор Бондаревтің "еркін әрі тәуелсіз бақылау жүрді және сайлау нәтижесіне әсер етеді деген заң бұзушылықтар болмады" деген сөзін келтірді.
Телеарна сарапшылар сөзіне сүйене отырып, "Парламент сайлауының коронавирус пандемиясы кезінде өтуінің өзі – саяси тәуекел" болғанын айта келе, "Нұр Отан" партиясының "көп дауыс алғанын" сарапшылар сөзімен дәлелдеуге тырысты.
"Хабар" арнасы да 11 қаңтарда эфирге шыққан "Сайлау – 2021" арнайы жобасында ақпаратты негізінен осы сарында қамтыды. "Елдегі саяси науқанды бақылауға барлығы 398 халықаралық бақылаушы келген. Олар сайлаудың ашық және заңға сай өткенін айтады" дей келе, телеарна тілшісі жоғарыда аталған Виктор Бондаревтің пікірін келтірді.
ТМД бақылаушылар миссиясының мүшесі Мирзо-Улугбек Абдусаломовтың сөзінше, "Өзбекстаннан келген 40-тан астам бақылаушы "сайлаудың ашық және халықааралық стандартқа сай өткеніне куә болған".
"КТК" телеарнасының 11 қаңтарда шыққан "Бізді жағымды әсермен таңқалдырды: шетелдік бақылаушылар сайлау туралы не дейді?" деп тақырып қойған сюжетінде журналист бақылаушылардың "барлығы сайлау нәтижесімен келіседі" деген тұжырым жасайды. Репортажда телеарна Шанхай ынтымақтастық ұйымы атынан келген бақылаушылар басшысы Чжан Хайчжоудың "сайлау әділ де демократиялық жолмен өткеніне шүбәсіз сенемін" деген пікірін келтіреді. Ал ТМД бақылаушылар миссиясы атынан Молдовадан келген Владимир Односталко сайлаушыларға көмектесіп жүрген еріктілерді көріп, "Молдовада мұндай жоқ" деп қатты таңқалған. Ал Ресейден келген журналист Елена Афанасьева жас бақылаушылардың көптігіне қайран қалған.
"Алматы" телеарнасының шолуына қарағанда, Түркітілдес елдер парламенттері ассамблеясы делегациясының басшысы Исмет Учма мен сайлау науқаны басталар қарсаңда құрылған "Таза сайлау" бақылаушылар қозғалысы және "Жастарға жол" қорының өкілдері сайлауға разы болған.
Мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі Норвегиядан келген халықаралық бақылаушы Мортен Мидтскогтың "Қазақстан өте жақсы дайындалғаны соншалық, Қазақстандағы сайлау мен Норвегиядағы сайлаудың айтарлықтай айырмасы жоқ" деген пікірін келтірді. Агенттік сайтының қазақша бөлігінде "халықаралық бақылаушы" сөз тіркесімен іздегенде 10 қаңтардан бері жарияланған 8 жаңалық шығады, олардың көбі сайлауды біржақты мақтаған бақылаушылардың пікіріне негізделген.
Мемлекеттік "Егемен Қазақстан" газеті 12 қаңтардағы нөмірінде "Байқаушылар жоғары бағалады" деген тақырыппен шетелдік бақылаушылардың пікірлерін топтастырған. "Халықаралық нормалар қатаң сақталды", "Күрделі кезеңде сайлау өткізу оңай емес", "Тыңғылықты дайындалған", "Жастар белсенді қатысты", "Өзге елдерге үлгі болды", "Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ" деген тақырыпшалардың өзінен пікірлердің біржақты мақтау бағытында қамтылғанын байқауға болады. Материалдың кіріспесінде "Еуропаның маңдайалды елдері сайлауды қалай өткіземіз" деп бас қатырып жатқанда, Қазақстанның батыл қадамға баруы қарт құрлыққа үлгі болғанын жеткізді" деп жазылған. Франция өкілі, Еуропарламент депутаты Тьерри Мариани "Қазақстандағы сайлаулардың бәрінде халықаралық нормалар қатаң сақталады. Саяси додалар демократия талаптарына сай өтеді" деген.
"Нұр Отан" партиясының басылымы "Айқын" газеті "Халықаралық байқаушылар оң баға берді", "Дауыс берушіге тиімді жағдай жасалған", "Халықаралық байқаушылар Атырау облысындағы дауыс беру процесінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді" деген тақырыптармен жаңалықтар шығарған. Тек ЕҚЫҰ миссиясының алдын ала қорытындысы жайлы ғана біршама объективті репортаж шыққан.
"БІРҚАТАР ҰСЫНЫС". ЕҚЫҰ МИССИЯСЫНЫҢ СЫНЫН КІМ ҚАЛАЙ КӨРСЕТТІ?
Дауыс беруді бақылаған ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды бақылау миссиясы 11 қаңтарда алдын ала тұжырымын жариялаған. Онда олар сайлау күні бейбіт түрде ойын айтпақ болған адамдарды күштеп ұстауды сынап, елде заңдар өзгерсе де, құқықтық база әлі ЕҚЫҰ талаптарына сай келмейді деп мәлімдеген.
ЕҚЫҰ миссиясы сайлау күні "жалпы тыныш болғанын", бірақ жергілікті байқаушыларға кедергі келтіліргенін, сайлау комиссияларының құрамы алаңдаушылық тудырғанын сынап, "үгіт-насихатта бәсеке болмады, сайлаушыларда шынайы таңдау мүмкіндігі болған жоқ" деген.
Ресми БАҚ ЕҚЫҰ бақылау миссиясының сайлау жөніндегі сыни пікіріне арагідік тоқталған. Кей ақпарат құралдары халықаралық ұйым бақылаушыларының ең маңызды мәселелерге қатысты пікірін келтірмей, сайлауды ұйымдастырудағы ілгерілеушілікті атап өткен тұстарына көп назар аударған.
"Қазақстан" ұлттық телеарнасы "ЕҚЫҰ: Сайлау кезінде өрескел заң бұзушылық тіркелмеді" деген тақырыппен жарияланған 29 секундық ақпаратында "ЕҚЫҰ байқаушылары еліміздегі сайлаудың техникалық тұрғыда сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті" деумен шектелген. Ал миссия басшыларының маңызды сыни ескертпелерін және "сайлау демократия стандарттарына сай өтпеді" деген пікірін телеарна тілшісі "бірқатар ұсыныстар" деп қана атаған.
КТК телеарнасы халықаралық бақылаушылар туралы жоғарыда аталған репортажының аз ғана бөлігін ЕҚЫҰ миссиясына арнаған. Миссияның алдын ала қорытындысындағы мәселелерге нақты тоқталмаған тілші ЕҚЫҰ бақылаушылары "Қазақстан билігіне қарата бірқатар сын ескертпе айтқанымен, ОСК шешіміне дау келтірген жоқ" деумен шектелді. Есесіне, ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясының жетекшісі Домански "қазақстандықтардың қонақжайлығына қатты риза болған".
"Айқын" басылымы ғана тепе-теңдікті сақтап, сыни пікірлерді де қамтуға тырысқан. "Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасатыны заңды, шетелдік байқаушылар пікірі де екіге жарылды" деп жазады басылым тілшісі Халима Тәжіқұл. Мақтау жағына келгенде басылым сайлаудың ұйымдастырылуы мен тәртіпке көп назар аударған, ал доданы әділ, таза өткізу мәселесіне келгенде ЕҚЫҰ миссиясының тұжырымдарына да тоқталған. Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы бақылау миссиясының 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен брифингінен хабар таратқан басылым миссия басшысының сайлауда балама болмады, бақылаушылардың жұмысына кедергі жасалды, жиналу еркіндігі шектелді деген пікірлерін келтірген.
Мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігінің ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы туралы ең соңғы ақпараты 9 қаңтар күні шыққан. Ақпаратта ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы басшысы орынбасарының Жоғарғы сот судьясымен кездескені туралы айтылады. Бірақ ұйым өкілдерінің сайлауға қатысты пікірлеріне жаңалық арналмаған.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.
10 қаңтарда сайлау - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі алғаш өтіп отырған мәжіліс сайлауы. Бірақ сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз деп бағалады. Ресми қорытындыға сәйкес, биліктегі "Нұр Отан" партиясы 71,09 пайыз дауыс жинап, мәжілістегі басым көпшілік орынды иеленді. Сайлауға тек билікті жақтайтын партиялар қатысты.
Құқық қорғау ұйымдары сайлау қарсаңында және дауыс беру күні тәуелсіз бақылаушылардың сайлауды бақылауына кедергі көп болғанын айтты. Сайлау күні Қазақстанның көп қаласында наразылық жиындары өтіп, 200-ге жуық адам қамауға алынды.
Дауыс беру күні учаскелерден хабар таратқан Азаттық радиосының тілшілері түрлі кедергіге тап болды. Олардың кейбірін "ПТР тесті жоқ" деген себеппен учаскеге кіргізбей қойса, кейбірін дауыс беру процесіне қатыстырмай, сыртқа шығарып жіберген.
"Шекарасыз тілшілер" (Reporters without border) халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының есебінде "баспасөз еркіндігі қиын жағдайдағы" елдердің қатарына енген Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 158-орында тұр.