Сирияға әскер кіргізу мәселесі талқылана бастады

Сириядағы Идлиб провинциясының Маарет әл-Нуман ауылындағы құрбан болғандармен қоштасу рәсімі. Сирия, 7 ақпан, 2012 жыл. (YouTube-тағы видеодан скрин-шот).

Сирия президенті Башар әл-Асадтың биліктен кетуі және қақтығыстарды тоқтату туралы БҰҰ қарарына Ресей мен Қытай қарсы шығып, вето қойды. «Жағдайды бейбіт жолмен реттеу - соғысты болдырмаудың жалғыз жолы» дейді бұл екі ел басшылары.
Guardian («Гардиен») басылымы 7 ақпан күні Сьюмас Милннің «Сирияға араласу адам өлімін көбейтпесе азайтпайды» атты мақаласын жариялады. «Араб көктемі» Египет, Йемен, Бахрейн, Ливия мемлекеттері үшін өте қымбатқа түсті дейді мақала авторы.

«МҮРДЕГЕ ТОЛЫ МЕШІТТЕР МЕН КӨШЕЛЕР»

«11 айдан бері үздіксіз жүріп жатқан соғыс өте қорқынышты болып барады. Сирияның Хомс қаласын үкімет күштері төрт күн қатарынан бомбалаған соң, оппозиция бекінген аудандардан адам өлімі туралы хабарлар жетті. Ол хабарлар

Хомстағы Бәд Амро сунниттер ауданын үкімет күштері бомбалаған кезде қаза тапқан белсенділердің мәйіттері. Сирия, 8 ақпан 2012 жыл.

бойынша, мешіттер мүрдеге толып, көшелерде адам мәйіттері шашылып жатқан. Тұрғын үйлер үйіндіге айналды» деп жазады автор.

Милннің жазуынша, Араб телеарналарының Сирия туралы таратып жатқан хабарларын көрген адамның жаны түршігеді. Екі жақтан да қаза болғандардың санын айтпағанда, жергілікті тұрғындардың басына адам төзгісіз нәубет келген.

«Соңғы бір жылдан бері қантөгіс, адамдарды азаптау, секталардың бір-бірінен кек алуы сияқты қылмыстық әрекеттер жалғасып жатыр» дейді сарапшы.

«ҚАНТӨГІС КҮШЕЙЕДІ»

Ресей мен Қытай ақпанның 4-і күні БҰҰ-ның Башар әл-Асад биліктен кетіп, үкімет әскерлері тұрақтарына қайтсын деген қарарына вето қойды. «Бұл кезде америкалық және британдық басшылар өздерінің одақтастарымен бірігіп, Батыс ақпарат құралдары арқылы Сирия режимінің барлық әрекетін «оңбағандық, бассыздық, сатқындық» деп, күллі әлемге ақпарат таратып жатты» дейді сарапшы.

Алайда мақала авторы БҰҰ қарарының Сириядағы қантөгісті тоқтататынына сенбейді. Сириядағы үкімет күштеріне қойылған, «қаруды тастап, қантөгісті тоқтатыңдар» деген талап 21 күннің ішінде орындалмаса, Сирияға сырттан әскер кіргізілмек.

Сарапшының пайымдауынша, «Араб көктемін» Батыстың өз мүддесіне пайдалануына Ресей мен Қытай кедергі жасамақ. Қарарға вето қою арқылы Ресей өз

Катардағы Сирия азаматтары Ресей елшілігі алдында Кремльдің БҰҰ қарарына қойған ветосына қарсы акция өткізіп тұр. Доза, 7 ақпан 2012 жыл.

позициясын да, Асад режимін де нығайтты. Ал ресейлік оппозиция жетекшілеріне Кремль «АҚШ-пен кикілжің болып жатыр» деп бейресми хабар таратты.

Барак Обаманың да «жағдайды сырттағы күштерді аралстырмай шешуге тырысам» деген уәдесі бар деп жазады Gurdian.

Автордың ойынша, сырттан әскер кіргізу операциясын тоқтату оңай шаруа емес. АҚШ, Ұлыбритания, Франция және осы коалицияға бүйрегі бұратын Сауд Арабиясының автократтық режимі бірігіп, Асадты тақтан тайдырмақшы.

«Сирия мәселесіне сырттан араласу қазірдің өзінде жүріп жатыр. Сауд Арабиясы мен Бахрейн халқы оппозицияны қаржыландырып және қаруландырып жатыр» дейді мақала авторы.

«Азат Сирия» қозғалысының Түркияда қауіпсіз аймағы бар. Батыстың арнайы жасақтары көтерілісшілерге әскери жәрдем беріп жатыр. Егер бұл әрекеттерден нәтиже шықпаса, БҰҰ қарапайым халықты қорғауымыз керек деген сылтаумен Сирияға қарулы күштер шақырта салуы мүмкін деп пайымдайды сарапшы.

Алайда мақала авторы «әскери жәрдем», «сырттан әскер шақырту» сияқты әрекеттер қантөгісті тоқтата алмайтынын айтады. Оның ойынша, бұл шаралар Сириядағы саяси шиеленісті ушықтыра түседі. Автор НАТО-ның Ливиядағы әрекеті кезінде соғыстың ушығып кеткенін, Каддафи қаза болғанға дейін он мыңдай адам мерт болғанын жазады. Сыртқы күштер араласқан кезде Ливиядағы соғыс әрекеттері күшейіп, неше түрлі қатігез әрекеттерге ұласып кеткен дейді ол.

«БІР КЕМЕГЕ МІНГЕНДЕР»

Осы ретте автор «Ресей мен Қытай Сирияда мұндайға жол бергісі келмейтіндерін айтты. Олар Батыстың Сирия халқына жанашырмыз деген сөздеріне сенбейді және Ирак пен Ауғанстандағы соғыстарға Батыс елдері жауапты деп санайды дейді. Милн Израильдің Голан жоталарындағы соғыс кезінде тартып алған жерлерін 45 жылдан бері заңдыстырып келе жатқан Батыс елдері Сирияға «территориялық тұтастық сақталады» деген уәде беріп отыр дейді
.

Сирия президенті Башар әл-Асад (сол жақта) пен Иран көсемі Аятолла Әли Хаменеи. Иран, қазан айы, 2010 жыл.

Сарапшы Сириядағы саяси шиеленісті айта келе, «Бұл елдің Батыс тарапынан ерекше қысымға ұшырауының тағы бір себебі - Иран» дейді. Ол Иран мен Сирияның әскери одақтастар екенін, Батыс Асад режимін құлату арқылы Иранның Таяу Шығысқа ықпалын әлсірететінін, сондықтан дәл қазір Иран мен Сирия Батыстың қарауылына қатар ілігіп тұрғанын жазады.

Автор мақаласын «Азамат соғысын әділ сайлау өткізуге қабілетті саяси институттар ғана тоқтата алады. Ал сырттан әскер кіргізіп, мәселені қарудың күшімен шешу әрекеттері қантөгісті тек қана күшейтеді» деп аяқтайды.