АҚШ жақында «Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» терроршыларының көзін жоямыз» деп мәлімдеді.
2011 жылдың көктемінде президент Башар Асадқа жалпыұлттық қарсылық шаралары басталғанда мұның соңы бірнеше қақтығысушы тарап араласқан, бүкіл елді жайлаған қанды соғысқа айналады деп ешкім ойламаған.
Осы күні Сирия тек ел ішінде ғана емес, сырттағы мүдделі топтардың араласуымен жүріп жатқан бес тараптың қақтығысы ортасында тұр.
КОАЛИЦИЯ МЕН ХИҺАДШЫЛАР СОҒЫСЫ
Қыркүйектің 10-ы күні АҚШ президенті Барак Обама Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» жасақтарының көзін жою үшін халықаралық коалиция құратынын мәлімдеді. Сөйтіп бұл екі елдің жиһадшылар мен Батыс бастаған коалиция соғысының ошағына айналатын түрі бар.
АҚШ «Ислам мемлекеті» ұйымы жасақтарын әуеден бомбалаумен шектелетін сияқты. Ал Сауд Арабиясы билігі өз жерінде «ұстамды көтерілісшілердің (Ассад режиміне қарсыларды айтады – ред.) жаттығуына» мүмкіндік беретінін хабарлады. Ал Ирак әскері «Ислам мемлекеті» жасақтарына (Бұл ұйым Ассад режиміне қарсылардан бөлек – ред.) қарсы Ирак аумағында соғыспақ.
Вашингтонның аймақтағы одақтастарының көбі Сириядағы соғысқа қатысып жатқан тараптардың өзіне қолайлысын жақтап, әрқайсысы әр жаққа тартып отыр. АҚШ одақтастарының осы алауыздығын «Ислам мемлекеті» ұйымы пайдаланып, бұл соғысты одан бетер өршітіп, бүкіл Таяу Шығыс аймағына жайып жіберуі мүмкін.
САУД МОНАРХЫ МЕН «САУД ЖИҺАДШЫЛАРЫ» ҚАҚТЫҒЫСЫ
Сауд Арабиясы Сириядағы Ассад режиміне қарсы қарулы топтардың өз аумағында жаттығуына рұқсат берді. Бұл - елдегі бәсекелес екі топтың өзара кикілжіңі Сирия жерінде де жүріп жатыр деген сөз. The New York Times басылымының жазуына қарағанда, Сириядадағы «Әл-Қаидаға» жақын жиһадшыл топтарды да Сауд Арабиясындағы түрлі ұйымдар қолдап отыр.
Америкалық басылым «Ол топтар Сауд Арабиясындағы қайырымдылық ұйымдарынан қаржылай қолдау көріп отыр. Сауд Арабиясы өз азаматтарының Сириядағы соғысқа қатысуына тыйым салғанына қарамастан, бұл елдің мыңдаған адамы сол майданда жүр» деп жазады.
Егер Сауд Арабиясында жаттыққан Аббас режиміне қарсы көтерілісшілер Сириядағы соғысқа араласса, олар дәл сол Сауд Арабиясындағы қайырымдылық ұйымдарынан қолдау көріп отырған жиһадшыларға қарсы соғысатын болады. Бұл тек Сирияның емес, Сауд Арабиясының да тұрақтылығына қатер төндірері анық.
ИРАН МЕН ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ ЕЛДЕРІНІҢ АРАЗДЫҒЫ
Қазірдің өзінде Сирия Иран мен Парсы шығанағы елдері арасындағы діни араздық ошағына айналған.
Reuters агенттігі «Шииттер қоныстанған Иран Сирия президенті Башар Асадты қолдауға миллиардтаған доллар жұмсап үлгерді, сөйтіп олар бұл соғысты араб мемлекеттеріне (сүнниттерге – ред.) қарсы күрес алаңына айналдырды» деп жазады. Еуропа мен АҚШ-тың қауіпсіздік қызметкерлері осы агенттікке берген сұхбатында «Қазір жүздеген ирандық Сирия үкімет күштеріне кеңес беріп, жаттықтырып, тіпті оларды басқарып жүр» дейді.
Иранның Асад режимін қолдайтын себебі – ол шииттердің бір тармағы саналатын алауит қауымынан шыққан. Иранның жақын одақтасы – Ливандағы «Хизбалла» қарулы тобы Асад басқарып отырған Сирия үкіметінің қарулы күштеріне көмектесу үшін Сирия аумағындағы көтерілісшілерге шабуылдар ұйымдастырып тұрады.
Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері сүнниттерді қолдайды, себебі олар Сириядағы азамат соғысын "халықтың ат төбеліндей шииттерді биліктен кетіруге ұмтылысы" деп қарастырады.
Сауд Арабиясы мен Бахрейн көрші елдегі жағдайдан қатты қауіптенеді. Себебі бұл елдерде де шииттер азшылық болып отыр. Олар және өздерінің дискриминацияға ұшырап отырғандарын айтып, жиі шағымданады.
СИРИЯ КӨТЕРІЛІСШІЛЕРІНІҢ ӨЗ АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
Башар әл-Асад режиміне қарсы күресіп жатқан көтерілісшілер өзара қақтығысып қалып жатыр. Соның кесірінен биылдың өзінде мыңдаған адам қаза тапты.
Ал 2013 жылдан бері радикал топтар зайырлы мемлекетті жақтайтын «Сирия еркін армиясын» тықсыра бастады. Содан бері Батыс саясаткерлері исламшыл радикалдар ең ықпалды топқа айналып кете ме деп қауіптеніп отыр. «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы шабуылдар бұл қауіптің бұлтын сейілтуі мүмкін.
СИРИЯ РЕЖИМІ МЕН ОППОЗИЦИЯ СОҒЫСЫ
Сириядағы ең үлкен соғыс президент Башар Асадтың үкімет жасақтары мен оны орнынан құлатқысы келетін оппозиция жақтастарының арасында жүріп жатыр. БҰҰ-ның мәліметтеріне қарағанда, үш жарым жылдан бері жалғасып келе жатқан осы соғыстың кесірінен 190 мыңдай адам қаза тапқан.
Бұл соғыста Асад режимі жеңіске жетті деуге болады. The Los Angeles Times жақында шыққан мақаласында «Көтерілісшілердің арасындағы алауыздық, әсіресе Сириядағы «толерантты исламға» қарсы күштердің бас көтеруі; Мәскеу мен Тегеранның әскери және қаржылай қолдау көрсетуі; жергілікті жауынгерлер мен Ливандағы «Хизбалла» жасақтарының тұрақты көмегі Башар Асад режимінің құламай аман қалуына мүмкіндік жасады» деп жазды.
(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)