Тәжікстан өз аумағында Қытай базасын салуды мақұлдады. Оның шарты қандай?

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақа) Қытай қорғаныс министрі Вэй Фэнхэмен бірге. Душанбе, 27 шілде 2021 жыл.

Қытай тәжік-ауған шекарасына жақын маңда тағы бір әскери база салмақ. Бұған дейін Азаттық тілшілері елде онсыз да Қытайдың құпия базасы барын анықтаған еді. Сарапшылар жаңа базаның Қытайдың осы аймаққа әскери ықпалын күшейтетінін айтады. Пекиннің көздегені не?

Тәжікстан елде Қытайдың жаңа әскери база салуын мақұлдаған. Нысана тәжік-ауған шекарасында орналаспақ. Ал Тәжікстанның лауазымды тұлғалары Ауғанстаннан төнген қауіп күшейіп жатқанын ескертіп жатыр.

Бұған қоса, Тәжікстан билігі Қытайдың елдегі тағы бір әскери базасын Пекиннің бақылауына толық беріп, жалдау ақысының орнына Қытайдан әскери көмек алуды ұсынған. Азаттықтың Тәжік қызметінің қолына түскен құжатта осылай жазылған. Оны Душанбедегі Қытай елшілігі Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне жіберген.

Бұл екі жағдай Қытайдың Орталық Азияға әскери ықпалы күшейетінін көрсететіндей. Тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстан билігін басып алғалы Қытай мен оның Орталық Азиядағы көршілері ондағы қауіпсіздік мәселелеріне назар аударып келеді.

– "[Базаны] бірге салып, кадрмен қамту шешімі Қытайдың әлемдегі аз ғана белгілі мысалдарының бірі. Бұл әрекетін Тәжікстанда байқап отырғанымыз Қытайдың Ауғанстан мен аймақтағы жағдайға қаншалықты алаңдайтынын көрсетеді, – дейді Ұлыбританиядағы Royal United Services институтының ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи.

ҚЫТАЙДЫҢ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Тәжікстанда Қытай базасы онсыз да бар. Ол тәжік-ауған шекарасына жақын жатқан Вахан дәлізі маңындағы Мургаб ауданында орналасқан. Оның жұмыс істеп жатқанына кемінде бес жыл болғаны айтылады. Мұны жуырда Азаттықтың Тәжік қызметі зерттеп, осы аймақта Қытай әскерилерінің рөлі артып жатқанын анықтаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда Қытайдың құпия әскери базасы бар. Пекиннің көздегені не?

Ресми Пекин мен Душанбе Тәжікстан аумағында Қытай базасы барын ресми түрде жоққа шығарған. Нысанның кімге тиесілі екені, оның қалай жұмыс істейтіні жайлы да дерек аз. Азаттықтың Тәжік қызметі көрген құжатта базада Қытай әскері бары, бірақ қазір нысанның Тәжікстанға тиесілі екені жазылған.

Құжаттарға қарасақ, базаны Қытайға беру ұсынысын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон шілдеде Душанбеге барған Қытай қорғаныс министрі Вэй Фэнхэге айтқан.

– Бұл – Орталық Азияның Қытай назарында болатынын көрсетеді, – дейді Пантуччи. – Алға жылжи отырып, Пекин аймақтағы қауіпсіздік проблемаларынан құтылуға тырыса алады.

Құжатта Қытайдың бұл ұсынысқа келіскен-келіспегені айтылмаған, бірақ Рахмонның ұсынысын келтірген. Онда Қытай Тәжікстанға Ауғанстанмен шекарада әскери база салуға көбірек ақша берсе, Душанбе оның орнына Қытайдың елдегі нысанын толығымен Пекиннің бақылауына беріп, жалдау ақысын алмайтыны айтылған.

– Қытайға шекарасындағы қауіпсіздік маңызды. Оның Орталық Азиядағы негізгі мүддесінің бірі де осы, – дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының Қытайдың Орталық Азия елдерімен байланысын зерттейтін сарапшы Темір Омаров. – Тәжікстанда қауіпсіздік күштерінің көбеюі қазір оның қолында бар тиімді құрал болып отыр.

Тәжікстандағы совет кезінде салынған ескі бекіністің жанындағы стратегиялық ғимараттар мен мұнаралар. Оларды Қытай пайдаланып отыр.

ЖАҢА ӘСКЕРИ БАЗА ҚАЙДА САЛЫНАДЫ?

Жаңа база құрылысын Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы 27 қазанда мақұлдаған. Онда депутаттар Тәжікстан ішкі істер министрлігі мен Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасындағы келісімді қолдап дауыс берген.

Тәжікстан ішкі істер вице-министрі Абдулрахмон Аламшозода жаңа база Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы Вахон ауылында орналасатынын, ішкі істер министрлігіне кіретін арнайы бөлімге тиесілі болатынын мәлімдеді. Депутаттар нысанда тәжік әсері де болатынын айтты.

Тәжікстан депутаты Толибхон Азимзода парламентте жаңа базаны Қытай қаржыландыратынын, оған 10 миллион доллар кететінін айтты. Ол мұны Ауғанстанда Батыс қолдаған үкімет құлап, тәліптер билікке келген соң қауіпсіздіктің нашарлағанымен байланыстырды.

"Құрылыс Ауғанстанды тәліптер басып алып, елдің шекарасы бойында қауіпсіздік мәселесі күшейген кезеңге тұспа-тұс келді" деді Азимзода.

Жаңа базаның нақты қызметі белгісіз. Бірақ депутаттар база полицияның ұйымдасқан қылмыспен қарсы күресіне бағытталатынын, онда Қытайда орнатылған "Интерпол ақпараттық жүйесінің арнайы жабдықтары" болатынын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибанға" Тәжікстан ғана ашық қарсы шықты. Рахмонға бұл не үшін қажет?

Ауғанстанда тәліптер билікті басып алған соң Пекин аймақтағы қауіпсіздік саласында қиын жағдайда қалды. Қытай "Талибан" қозғалысымен прагматикалық іскери байланыс орнатқан. Бірақ лаңкестікпен күрес мәселесінде тәліптердің Қытай билігімен қаншалық әріптестік жасайтыны әлі белгісіз.

Көп жыл бойы Қытай ұйғыр содырлар Ауғанстанды Қытайға шабуыл жасау орталығына айналдыра ма деп алаңдап келді.

Ұйғыр содырлары төндіретін қауіп әлі дау туғызып келеді. Сарапшылардың көбі содырлардың шабуыл жасауға шамасы жетпейтінін айтады. Ал Ауғанстаннан төнген лаңкестік қаупі Қытай саясаткерлерінің негізгі шаруасына айналған.

"Мұндай оқиғаның болатыны белгілі еді. Бірақ Ауғанстандағы тұрақсыздық оны жылдамдатты. Болашақта біз Қытай әскери және барлау қызметінің аймақтағы басқа да елдермен әріптестігін нығайта беретініне куә боламыз" дейді Омаров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Босбелбеу дипломатия". Тәжікстан Қытайға қалай жер берді?