Өз елін орыс, совет және араб атауларынан тазалап шыққан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон енді түркі атауларына көз сала бастаған сыңайлы.
Тәжікстан басшысы парламентке республиканың әр түкпіріндегі 10 елді мекенге берілетін жаңа атаулар тізімін жіберді. Олардың көбі - өзбек және қырғыз тілдеріндегі географиялық атаулар.
Жаңа атаулардың барлығы тәжік тілінде (бұл тіл парсы тіліне жақын) әрі патриоттық рухта болуы тиіс. Ал өзбек және қырғыз атаулары бұл талапқа сай келмейді.
1 ақпанда бұл ақпаратты жариялаған Тәжікстан президентінің кеңсесі қалалар мен аудандардың және су электр станциясының қасындағы жасанды көлдің аты өзгеретінін хабарлады.
АТАУЛАР ҚАЛАЙ ЖАҢАРДЫ?
Олардың кейбіріне бұрынғы парсы атаулары қайтарылса, енді біріне тәжік батырларының есімі беріледі, қалғандарына жаңа тәжікше атау ойлап табылады.
Мәселен Қайроққум (өзбек тілінде – ред.) қала бұдан былай «Гулистан» деп аталады. Осы аттас жасанды көлге тәжікше «Тәжік теңізі» деген ат берілген.
Түркі тіліндегі Гөнчи ауданы исламға дейінгі ежелгі Панджакент қаласының соғды билеушісі болған тарихи тұлға құрметіне «Деваштич» деп аталатын болды.
Жиргатол ауданы Лахш атауын қайтарып алды. Ал Жилликул деген қырғыз тіліндегі аудан аты «Дусти» (тәжік тілінде «Достық» деген мағына береді) болып өзгертілді.
Тәжік баспасөзінің жазуына қарағанда, Тавилдара ауданын ежелгі атымен «Сангвор» атаудың артында бір сыр жатыр.
Атаудың алғашқы буыны «Тавил» - араб сөзі. Мұның алдында президент Рахмон елді араб сөздерінен тазарту науқанын жүргізген. Өткен айда ғана тәжік парламенті сәбилерге араб есімдерін беруге тыйым салып, оның орнына тәжік, парсы тіліндегі балама аттар тізімін ұсынған.
«ҰМЫТУ ШАРАСЫ»
Тәжік баспасөзінің жазуына қарағанда, Тавилдара ауданының тұрғындары «тарихтағы қанды оқиғаларды ұмыту үшін» бұл ауданның атауын өзгерту туралы бастама көтерген. 1990-жылдардағы азамат соғысы кезінде Тәжікстандағы ислам оппозициясының бекінісіне айналған Тавильдарада қақтығыстар, әскери операциялар жиі болып, адам қаны төгілген.
Парламентке жіберілген жаңа ұсыныс – ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан науқанның жалғасы іспетті. Совет Одағы құлаған соң Тәжікстанда атауларды ауыстырудың алғашқы толқыны басталды. 20 жыл ішінде елдімекендерінің орыс, совет атаулары барлығы дерлік өзгертілді, тіпті Тәжікстан президенті 2007 жылы фамилиясындағы «ов» деген жұрнақты алып тастады.
Чкалов қаласы бұл науқаннан аман келе жатқан еді. Жақында президент оған «Бустон» («Гүлді бақ») деген атау беру туралы ұсыныс айтты.
КӨРКЕМ АТАУЛАР
Тәжікстан үкіметі атау қойғанда мүмкіндігінше көркем теңеулерді таңдауға құмар.
Былтыр бұл елдің әділет министрлігі балаларға қоюға болмайтын есімдердің тізімін жариялағанда ата-аналарды сәбилеріне көркем әрі лайықты ат қоюға шақырған.
Елдімекендерге атау бергенде де осы принцип негізге алынады. Мәселен, былтыр елдің оңтүстігіндегі Гуркхурда («Қасқыр жеген») ауылының аты «Чаманзор» («Жасыл желекті алқап») болып өзгертілді.
Соның жанындағы «Пустхур («Тері жеген») деген ауыл қазір «Шохрух» («Ғажайып бейне») деп аталады.
Шілде айында Тәжікстан осы сияқты 50-ге тарта ауылдың атын жаңалады.
Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.