"Талибан" қорғаныс министрлігі Ауғанстанның солтүстік, солтүстік-шығыс және батыс аумақтарында бірнеше жаңа әскери бөлім құрып, онда 4400 сарбаз жолдады.
14 ақпанда министрлік "Талибан" әскері штабының басшысы Қари Фасихуддин Фитрат Бадахшан уәлаятында "Омар Салис" дивизиясын іске қосқанын мәлімдеді. Бұл аудан Тәжікстан, Қытай және Пәкістанмен шектеседі. Министрлік әскерилер санын нақтыламады, бірақ дивизияда шамамен 3 мың сарбаз бары айтылып жүр.
Сондай-ақ министрлік Түркіменстанмен шектесетін Бадгис уәлаятында "әл-Фарук" корпусының төрт батальоны құрылғанын мәлімдеді. Тағы бір батальон Иранмен шекарадағы Фарах уәлаятында құрылды. Мұндай батальондардың әрқайсысында әдетте шамамен 350 сарбаз болады.
15 ақпанда Азаттық радиосының Ауған қызметі – Азади осы аудандарға әскер кіргенін растады.
Бұған дейін шекараға осылайша әскер қоюға көрші мемлекеттер, әсіресе, Тәжікстан күдіктене қарайтын. Душанбе Ауғанстандағы қауіпсіздік проблемалары мен оның Орталық Азияға ықпалын жиі айтып, алаңдайтынын білдіріп жүр.
Тәліптер жаңадан құрылған "арнайы күштерді" ішкі қауіпсіздікті нығайту мақсатында қойғанын айтады.
"Талибан" баспасөз хатшысы және ақпарат министрінің орынбасары Забихулла Мужахид Азаттыққа шекарадағы уәлаяттарға әскер қою аймақтағы тұрақтылыққа да септігін тигізетінін айтты.
"Қуатты күштерді қою белгілі бір [қауіпсіздік] талаптарынан шықты... Бұл басқа елдерге қауіп төндірмейді; шын мәнінде аймақтағы қауіпсіздікке тек жағымды әсері бар" дейді Мужахид Азаттыққа.
"Көршілерімізге Ауғанстандағы қауіпсіздікті қолдау олардағы қауіпсіздікке де септігін тигізетінін айтқымыз келеді" деді ол. Мужахид "Талибан" ешкімге көршілеріне қауіп төндіру үшін Ауғанстанды пайдалануға жол бермейді" деп, бұрынғы мәлімдемесін қайталады.
Тамызда тәліптер Кабулды басып алғаннан бері ескерту мен күдік жиі айтылғанымен, Ауғанстаннан көрші елдерге шекара асу жағдайлары айтарлықтай бола қоймады.
Бірақ кейінгі екі айда тәліптер Түркіменстан және Иран шекарашыларымен екі рет атысты. Иран бұл жағдайды тәліптер тарапынан болған "түсініспеушілік" деп сипаттады. Түркіменстан ешқандай жария мәлімдеме жасамады.
Ауғанстанның жаңа үкіметін сынап жүрген Тәжікстан Ауғанстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарында құрылған әскери топтардың айтарлықтай қауіп төндіретінін айтып келеді.
Қаңтарда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын Ауғанстан айналасында қауіпсіздік белдеуін құруға шақырып, оның ұйымға мүше елдермен шекарадағы аудандарда тәліптер арасында болуы мүмкін ішкі әскери қақтығыстармен күресуге бағытталатынын айтты.
Рахмон Ауғанстанның солтүстік-шығысында жалпы саны 6 мың содыр құрайтын 40-тан астам лагері барын айтты. Бірақ тәліптер мұны бірден жоққа шығарды.
Тәліптер билікке келген соң бірнеше аптадан кейін Бадахшан мен Тахар уәлаяттарына Лашкар-е Мансури дейтін жанкешті лаңкестер батальонын орналастырды. Бұл – Тәжікстанның үрейін үдете түсті.
Бұл екі уәлаятта тәліптермен бірге соғысу үшін Тәжікстан, Өзбекстан мен басқа да елдерден келген жүздеген содыр тұрады.
Қазанда Ауғанстан ішіндегі және Тәжікстан шекарасындағы әртүрлі дереккөздер тәліптердің Бадахшандағы тәжік содырларына Америка әскері қалдырған жаңа әскери көліктерді, қару және басқа да құралдар бергенін мәлімдеді.
Орталық Азия елдерінде содырлар басып кіре ме деген қауіп болды.
ТӘЛІПТЕР ІШКІ ҚАҚТЫҒЫСТАРДАН ҚАУІПТЕНЕДІ
Сарапшылардың көбі тәліптер көршілерімен әскери қақтығыс бастау немесе арандату пиғылы жоқ дейді.
Ауған әскери сарапшысы Омар Сапи Азаттыққа "ұзақ жылдық соғыстан жуырда ғана шыққан" тәліптер тағы бір соғысқа кіруге мүдделі емес дейді.
"Талибан" ішкі қарсылыққа ұшырайтынына қауіптенген соң шекарадағы аудандарға әскер қойған болар дейді ол.
"Ауғанстаннан кеткен саяси қайраткерлер немесе бұрынғы командирлер секілді қандай да бір күштер шиеленісті арттыруға немесе әскери шабуыл ұйымдастыруға, әсіресе, көктемде Ауғанстанның солтүстігіне шабуыл жасауға тырысуы мүмкін дегендей болжамдар бар" дейді Сапи.
Шекарадағы аудандарға әскер жібере отырып тәліптер қандай да бір шабуылға дайын болғысы келеді және көрші елдерге "Жауларымызды тығып отырған болсаңыздар, біз шекара маңында күтіп тұрмыз" деген хабарлама жібергісі келеді дейді ол.
16 тамызда танымал командир Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд бастаған "Талибан" қарсыластары тәжіктер көп шоғырланған Панджшер уәлаятында Ұлттық қарсылық майданын құрды.
Бірақ тәліптер Панжшерді басып алып, майдан лидерлері елден кетті. Олардың Тәжікстанға кеткені және Душанбе қолдап отырғаны жайлы болжам бар. Тәжікстан Ұлттық қарсылық майданының ең үлкен жақтасы болған еді.
Бұрынғы әскери қолбасшылар және саясаткерлер, елдің солтүстігіндегі Жаузжан мен Балх уәлаяттарының тумасы Абдул Рашид Дустум мен Атта Мұхаммад Нұр тәліптер билікке келген соң Өзбекстанға қашқан. Олар қарсылық майданын қолдап, тәліптердің билігіне қарсы шыққан қайраткерлер қатарында болған.
Елде қалған майдан жауынгерлері солтүстік уәлаяттардағы тәліптерге партизан шабуылдауды жалғастырып келе жатқаны хабарланды. Бірақ қарсылық майданы лидерлері Тәжікстан секілді достық пиғылы бар көрші елдерді қайта топтасу үшін немесе тәліптерге шабуылдарды ұйымдастыру үшін пайдаланатынын мәлімдеген емес.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер билікке келуін келді, бірақ елді ұстап тұра ала ма?