Accessibility links

Тәліптер билікке келуін келді, бірақ елді ұстап тұра ала ма?


Тәліптер ұялы телефондарының камерасына өздерін түсіріп отыр. Кабул 11 қыркүйек 2021 жыл.
Тәліптер ұялы телефондарының камерасына өздерін түсіріп отыр. Кабул 11 қыркүйек 2021 жыл.

Тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда өз билігін орнатқанда, бұлай боларын ешкім күтпеген еді. Бірақ тәліптер билікке келген соң біршама қиындыққа тап болды. Ел халықаралық көмектен қағылып, экономикалық ахуал ауырлады. "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобы да тәліптерге қауіп төндіре бастады.

Тамызда шетел әскерінің соңғы легі соғыс жайлаған елден кетіп жатқанда, "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды өз бақылауына алып, әлемді есеңгіретті.

Бірақ сарапшылар бүлікшіл топтан толыққанды үкіметке айналуға тырысып жатқан қозғалыстың билік үшін күрес алдында тұрғанын айтады.

Тәліптер саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстар легімен күресіп жатыр. Еркін экономика мен гуманитарлық дағдарысты қосқанда, мұның бәрі олардың қатал билігі үшін сынға айналды. Ішкі алауыздықтың артуы, халықаралық оқшаулану және Хорасан тобымен бәсеке – осының бәрі "Талибан" билігін әлсіретті.

Ауған журналистикасының ардагері, 1990 жылдардан бері тәліптер туралы жазып жүрген Сами Юсуфзай қозғалыстың елді басқаруға тырысудың орнына жеңісін әлі тойлап жатқанын айтады.

"Олар жел көбіктің ішінде қалды, – дейді Юсуфзай Азаттыққа. – Соғыс бір тарау болды. Экономиканы басқару, ауғандардың бірлігін сақтап қалу және халықаралық қолдауға ие болу – бұл мүлдем басқа тараулар".

"Талибан" жауынгерлері әскери парад кезінде. Кабул, 14 қараша 2021 жыл.
"Талибан" жауынгерлері әскери парад кезінде. Кабул, 14 қараша 2021 жыл.

Сарапшылар ел ішінде тәліптер билігіне наразылық күшейетінін ескерткен еді. Билікке келген соң содырлар адам құқықтарын өрескел бұзып, этникалық және діни топтардың көбін ығыстыра бастады.

Сарапшылар мұндай жағдай азаматтық соғыстың тұтануына әкеліп, елді ірі лаңкестік топтардың мекеніне айналдыруы мүмкін екенін ескертті.

ЕЛДІ БАСҚАРУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Тәліптердің билікке келуінен Ауғанстанда тұратын 38 миллион адам қаттырақ жапа шекті.

Халықаралық донорлар көмек беруді доғарған соң, сыртқы көмекке тәуелді Ауғанстан экономикасы құлдырады.

Қазір "Талибан" тек санаулы мемлекеттен көмек ретінде негізгі тауарлар мен қолма-қол ақша алып отыр.

Иран сарбазы иран-ауған шекарасына жиналған ауған босқындарының біріне сусын беріп жатыр. 19 тамыз 2021 жыл.
Иран сарбазы иран-ауған шекарасына жиналған ауған босқындарының біріне сусын беріп жатыр. 19 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" бірнеше рет Вашингтоннан АҚШ бұғаттаған Ауғанстан Орталық банкінің 9,4 миллиард доллар активін беруді сұрады. Бірақ Американың ресми өкілдері санкцияға ұшыраған "әл-Қаида" тобымен байланысын үзбеген топқа қаржы беруге келіспеді.

Содан кейін Ауғанстанда банктер жабылып, ел қолындағы ақша азайды, шетелден келетін ақша аударымдары да тоқтады. Бұл гиперинфляция мен азық-түліктің қымбаттауына алып келді.

Тәліптердің билікке келуі Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты да үдетті. Халықаралық ұйымдар елде гуманитарлық апат болатынын болжады.

БҰҰ биыл қыста Ауғанстанда 23 миллион адамға азық-түлік жетпей, көмекке зәру болуы мүмкін деп мәлімдеді.

"Талибан" мен Ауғанстан билігі күштерінің соғысы кезінде үйінен кеткен Құндыз уәлаятының тұрғындары Кабулдағы орталық саябақта отыр. 9 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" мен Ауғанстан билігі күштерінің соғысы кезінде үйінен кеткен Құндыз уәлаятының тұрғындары Кабулдағы орталық саябақта отыр. 9 тамыз 2021 жыл.

"Тәліптер алдағы уақытта экономиканың күйреуі мен гуманитарлық дағдарысқа тап болды. Бұл үкіметтен шара қабылдауды қажет етеді" дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс институтының директоры Марвин Вайнбаум. "Тәліптер билік басында әлі де отыруы мүмкін, бірақ басқаруы әлсірейтін көрінеді".

Ауғанстандағы "Талибан" билігін ешбір мемлекет мойындамады. Шетел үкіметтері мен ұйымдар оларға көмек жіберуге де тартыншақтап отыр.

Вайнбаумның сөзінше, халықаралық қауымдастықтың тәліптерге әсер етудің жалғыз тетігі – "Талибан" қозғалысын мойындаудан бас тарту.

"Бұл елдер тәліптердің монополиясы орнамаған үкіметті артық көреді. Олар инклюзив режим орнатып, ұстамды әлеуметтік саясат ұстануға ертерек шақыру арқылы тәліптерді сынап көрді. Талибан бұл талаптарды елеусіз қалдырып, ресми мойындалуын қиындатып алды" деді ол.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ӨРШУІ

Билікті қайта қолына алған "Талибан" халықаралық қауымдастыққа өзінің өзгергенін көрсету үшін жақсы имидж қалыптастыруға тырысты.

Бірақ қозғалыс 1996-2001 жылдардағы билік кезіндегі репрессияшыл заңдары мен кертартпа стратегияларын қайта енгізді.

"Талибан" жаңа үкімет құрамына әйелдерді қоспады. Қыздардың орта білім алуына, әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салды.

Afghanistan -- women protest in Kabul on October 21. "Талибан" сарбазы әйел құқығы үшін наразылыққа шыққан әйелді тоқтатып тұр. Кабул, 21 қазан 2021 жыл.
Afghanistan -- women protest in Kabul on October 21. "Талибан" сарбазы әйел құқығы үшін наразылыққа шыққан әйелді тоқтатып тұр. Кабул, 21 қазан 2021 жыл.

Кабул мен басқа қалаларда ауған әйелдері наразылыққа шығып, құқықтарын сақтауды талап етті. Бірақ тәліптер оларға күш көрсетіп, кейбірін қамауға алып, наразылықтарды тоқтатқан.

Құқық қорғаушы топтар тәліптерді сотсыз дарға асу, жөн-жосықсыз қамау немесе күш көрсету арқылы адам құқықтарын бұзып жатыр деп айыптады.

Амнистия енгізетініне сөз бергеніне қарамастан, содырлардың бұрынғы лауазымды тұлғалар мен әскери қызметкерлерге, топты жария түрде сынаған азаматтарға шабуыл жасағаны айтылды.

Негізінен пуштун халқынан тұратын "Талибан" елдегі этникалық топтарды, тіпті, қозғалыс құрамына кірмеген пуштундарды да қудалауға кіріскен.

Тәліптер өзбектер, түркімендер мен шиит хазарларды үйінен қуып, жерлерін алып қойғаны хабарланды.

"Талибан" билікте монополия орнатып, үкіметтегі лауазымдардың бәріне қозғалыс ардагерлері мен жақтастарын отырғызды.

"Тәжіктер мен өзбектер арасында, тәліптер ішінде наразылық күн сайын артып жатыр" дейді Юсуфзай.

"Аштық пен экономикалық коллапсқа ұшыраған пуштун емес адамдар тәліптерге қарсы құрылған қарулы топқа немесе, тіпті, ДАИШ-қа қосылу жолын қарастырып жатыр" деді ол "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша атауын атап.

Елдің батысында орналасқан Герат қаласындағы "Шекарасыз дәрігерлер" орталығында ем алып жүрген балаларының жанында отырған әйелдер
Елдің батысында орналасқан Герат қаласындағы "Шекарасыз дәрігерлер" орталығында ем алып жүрген балаларының жанында отырған әйелдер

АҚШ мемлекеттік департаментінің Ауғанстан жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, ғалым Барнетт Рубин соғыс ұзаққа созылса, көрші елдер мен аймақтағы державалар билікке қарсы топтарға қару беруді доғаратынын айтады.

"Олар қарулы қақтығыстың жалғасқанын қаламайды" дейді ол.

Ол тәліптердің тәртібі мен тапқырлығы билікті сақтай алғанымен, "Талибан" ислам эмираты "ақырындап өзгеруі мүмкін" дейді.

Бірақ Вайнбаум наразылықтар өрши беруі ықтимал екенін айтады.

"Наразылық ошақтары көбейе береді, ең маңыздысы, "Талибан" ішінде де наразылық күшейе беретін шығар" дейді ол.

Билікті сақтап қалу және топ ішіндегі ауызбіршілік тәліптер үшін нөмірі бірінші басымдық болды дейді ол.

Бірақ көптеген дағдарыспен күресуге жұмылу керек кезде, тәліптер басшылығында да алауыздық пайда болған.

Сарапшылар тәліптердің ауызбіршіліктен айырылу ықтималдығы бұрын-соңды мұндай болмағанын айтады. Елдің шығысындағы Хаккани тобы мен оңтүстіктегі Қандағарда шоғырланған топтың негізін қалаушылар арасында келіспеушілік үдеп жатқаны айтылып жүр.

Сарапшылардың пікірінше, Ауғанстанда азаматтық соғыс қаупі артып жатыр.

"АҚШ пен Батыстың пікірінше, бұл жаһандық террор топтарының нығаюына ықпал етеді" дейді Вайнбаум.

ХОРАСАН ТОБЫМЕН КҮРЕС

Тәліптер исламдағы сүннит ағымының радикалды сектасы саналатын сәләфизм бағытын ұстанатындарды қудалап жатыр.

Елдегі сәләфтар тәліптер қамауына алынып, солардың қолына қаза тауып жатқандарын айтады. Олар сондай-ақ тәліптерді сәләфит мешіті мен медресесін, діни семинариясын жапты деп айыптап отыр.

Тәліптердің сәләфтарды жаншуы "Ислам мемлекеті" Хорасан тобына қарсы үдей түскен соғысына тұспа-тұс келді. Бұл топ мүшелерінің көбі – сәләфтар. Ауғанстанда жүздеген мың сәләф тұратыны айтылып жүр. Олар негізінен елдің шығысындағы Нангархар, Кунар, Нуристан уәлаяттарында шоғырланған.

"Ислам мемлекетінің" Хорасан тобы тәліп легитимдігіне тікелей қарсы шығып отыр" дейді Рубин. "Олар Хорасан тобы мен сәләфтарға қарсы жауыз әрекеттерге барады. ДАИШ-қа қарсы қолданылмағанда, мұндай әрекеттер қатты сынға ұшырайтын еді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG