Ауғанстанда билік басына "Талибан" қозғалысы келгелі халықаралық ұйымдар исламшыл топтың әйелдерге қатысты қатаң ережелерін сынға алған еді.
Бірақ шет мемлекеттер мен ұйымдар тәліптермен кездескен делегациясына әйелдерді қоспаған. Тіпті, тәліптермен әйелдер құқығы жайлы келіссөздерді де кілең ер адамдар өткізген.
Бұл ауған әйелдері мен халықаралық құқық қорғаушы ұйымдардың ашуын туғызды. Олар шетелдік дипломаттар мен мекемелерді екіжүзді деп айыптады.
"Талибан" әйелдерге қатысты репрессияшыл заңдарын қайта күшіне енгізіп, қыздардың білім алуына, әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салды. Қозғалыс 1990-жылдары билікте болғанда, осындай ережелерімен көзге түскен еді.
"Әйелдердің бейбіт процестердің бәріне қатысуы не үшін керек деген мәселе ондаған жыл талқыланды. Ал 2021 жылы мемлекеттердің, БҰҰ-ның, көмек көрсету ұйымдарының тәліптермен кездесуге тек ерлерден тұратын делегация жіберуі шошытады" дейді Human Rights Watch ұйымының әйелдер құқығы жөніндегі бөлім директорының орынбасары Хизер Барр Азаттыққа.
Барр Twitter парақшасында ерлерден ғана тұратын кездесулерді #sausageparty (қатысушыларының көбі ер адам болатын шара не топ) хэштегіне жинаған. Ол осылайша Ауғанстанның жаңа әрі қатаң лидерлерімен кездесуге әйелдердің қатысуы маңызды екенін көрсеткісі келген.
Германия мен Нидерланд тәліптермен әйелдерсіз кездескен елдердің ең кейінгі мысалы болып отыр. Бұл елдердің делегациясы Ауғанстанның жаңа билігімен 18 қарашада келіссөз жүргізген.
Тәліптердің Еуроодақ, Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Қытай, Пәкістан елдері өкілдерімен кездесуінде түсірілген суреттерде де әйелдер жоқ. БҰҰ Балалар қоры, Қызыл крест халықаралық комитеті, Шекарасыз дәрігерлер ұйымдарының тәліптермен кездесуіне де әйелдер қатыспаған.
Өткен айда Нью-Йоркте БҰҰ штаб-пәтеріне барған танымал ауған әйелдердің делегациясына кірген дипломат Асила Вардак осы мәселені БҰҰ ғимаратында көтергенін айтады.
"Делегация құрамына әйелдерді қоспау тәліптердің ережесін қолдау сияқты екенін айттық. Әйелдер "Талибанмен" тікелей байланыса алмаса, олар солай артта қала береді" дейді ол Азаттыққа.
Әлеуметтік зерттеулерді талдау ұйымының жетекшісі Мариам Бариалайдың сөзінше, Батыс үкіметі мен ұйымдар Ауғанстандағы әйедер құқығын бұзып жатыр. Бұл зерттеу ұйымы бұрын Кабулда жұмыс істеген.
"Тәліптердің саяси келіссөздерге әйелдерді қатыстырмау идеясын қабылдау масқара және дұрыс емес" деді ол Азаттық радиосына.
БҰҰ Ауғанстандағы арнайы өкілі Дебора Лайонс "Талибан" лидерлерімен жиі қарым-қатынаста болады.
17 қарашада ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде тәліптер "ислам ережелері аясында әйелдер құқығын қорғап, білім беруге рұқсат береміз дегеніне қарамастан, ауған әйелдері мен қыздарының жалпы құқығы мен еркіндігі шектелді" деді.
Халықаралық деңгейде мойындалған үкімет құлаған соң, тамыздың ортасында "Талибан" қозғалысы 1996-2001 жылдардағы билігіне қарағанда ұстамдырақ болатынын айтқан еді.
Бірақ тәліптер уақытша үкіметке әйелдерді қоспады. Қыздарға білім алуға, әйелдерге жұмысқа баруға тыйым салды.
Ауған әйелдері көшеге шығып, құқықтарын сақтауды талап етті. Бірақ тәліптер оларға күш көрсетіп, таратып жіберді. Наразыларды ұрып-соғып, қамауға алды.
"Бұл әйелдер бұрын-соңды мұндай қолдау мен тілектестікті қажет етпеген, себебі олар гендерлік апартеидке айналып бара жатқан жүйемен күресіп келеді" деді Вашингтонда орналасқан Атлант кеңесінің мүшесі, ауған белсендісі Сахар Халамзай.
ПІКІРЛЕР