АҚШ пен "Талибан" арасындағы тарихи келісімнен кейінгі күмән мен келіспеушілік

АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад (сол жақта) пен "Талибан" жетекшісі Абдул Ғани Барадар келісімге қол қою рәсімңі кезінде. Доха, Катар, 29 ақпан 2020 жыл.

Ауғанстандағы ұзаққа созылған соғысты тоқтатуды көздейтін АҚШ пен "Талибан" арасында бірнеше күн бұрын ғана қол қойған тарихи келісімнің сиясы кеппей жатып талас тудыратын мәселелер пайда болды.

АҚШ пен "Талибан" келісімге ақпанның 29-ы күні қол қойды. Құжатта Ауғанстаннан шетелдік әскер шығарылып, қауіпсіздікті сақтау міндеті тәліптердің мойнына жүктелетіні жазылған.

Келісімде сондай-ақ Ауған үкіметі мен "Талибан" арасында атысты біржола доғару және билік бөлінісі туралы тікелей келіссөз бастау шарты көрсетілген. Бірақ екі мәселеге байланысты туған пікір қайшылығы Ауғанстан ішіндегі келіссөздерге деген күмәнді күшейтті.

"Талибан" Ауғанстан үкіметінен тұтқындағы 5 мың адамын босатуды сұрайды, ал Кабул қарсы тараптың талабын орындаудан бас тартып отыр. Бұған қоса тәліптер Ауғанстан үкіметінің ел ішіндегі "келіссөздер кезінде шабуылдар мен қантөгіс азаюы керек" деген ұсынысына келіспеген.

"ӨТЕ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ"

Қос тарап арасындағы келіспеушілік АҚШ-тың Ауғанстан үкіметімен және "Талибан" қозғалысымен келісімінде бір мәселені екі түрлі нұсқада жазуынан басталған.

"Талибанмен" жасаған келісімінде Вашингтон Ауғанстан үкіметі тұтқынға алған "Талибанның" "5 мыңға жуық" адамын қайтаруды қолдайтынын және басқа тараптың "мың шақты" тұтқыны Ауғанстан ішіндегі келіссөздер басталатын наурыздың 10-ына қарай босатылатынын" жазған.

Ал ақпанның 29-ы күні қол қойылған АҚШ-Ауғанстан декларациясында Кабул үкіметі қос тараптан біршама тұтқынды босату бойынша келіссөздерге қатысады деп қана жазылған және тұтқындардың нақты саны көрсетілмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен тәліптер арасындағы келіссөз қалай аяқталды?

АҚШ пен "Талибан" арасында жасалған келісімге қатыспаған Ауғанстан үкіметі тұтқындарды алмасуға келіспегенін мәлімдеді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани тұтқын алмасу мәселесін "Ауғанстан ішінде өтетін келіссөздердің күнтәртібіне қосуға болады, бірақ ол келіссөздің алғышарты бола алмайды" деді.

Ал "Талибан" наурыздың 2-і күні 5 мың жауынгері босатылмайынша, Ауғанстан ішіндегі келіссөздерге қатыспайтынын айтты.

"Талибан" қозғалысының мүшелері.

Қазір Вашингтондағы Атлантикалық кеңесте аға ғылыми қызметкер болып істейтін бұрынғы ауған дипломаты Омар Самад бұл мәселе сенімді күшейтудің орнына келісімге келу жолындағы кедергіге айналғанын айтады.

"Қазір бұл мәселені барлық тарап келісетін формула бойынша шешу үшін саяси қысым керек. Мәселенің бір шешімі ретінде тұтқындарды Ауғанстан ішіндегі келіссөздерге дейін және одан кейін біртіндеп босатуды ұсынуға болатын шығар" дейді Самад.

АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары шенді өкілі наурыздың 2-сі күні Вашингтон Ауғанстан үкіметі мен "Талибан" бұл мәселе бойынша келісімге келер деп күтетінін білдірді.

Мемлекеттік департаментте өткен арнаулы брифинг кезінде аты-жөні белгісіз шенеунік "Келісімде күтілетін сандар мен мерзім көрсетілген. Бұл өте қиын мәселе. Қос тарап та өз пікіріне берік, бірақ оң шешімге қол жеткізуге тырысамыз" деді.

Халықаралық дағдарыс тобының Ауғанстан бойынша аға сарапшысы Эндрью Уоткинс "[АҚШ - "Талибан" келісімінде] екіұшты дүниелер көп, бұл тіпті өте маңызды мәселелер туралы жазылған тұстардан да байқалады. Бірақ бұл екіұштылық жақсы, ол тез бейімделуге мүмкіндік береді" деді.

Tалибанның мыңдаған адамын босату Ауғанстан үкіметін биліктің маңызды тетіктерінен айырып, тәліптердің соғыс алаңындағы позициясын күшейту арқылы бейбіт келіссөздер процесіне қауіп төндіруі мүмкін.

Қолда бар дерек бойынша, Ауғанстанда "Талибанның" 10 мың адамы тұтқында отыр.

"Тұтқындарды босату арқылы басқа мәселелерді Ауғанстан үкіметінің пайдасына шешуге болады, бірақ Кабул бұл келіссөздерде халықаралық қауымдастық, ауған халқы мен саяси көшбасшыларына арқа сүйейді" дейді Уоткинс.

2001 жылы АҚШ әскері Ауғанстанға кіріп, "Талибан" режимін құлатқалы тұтқын алмасу немесе босату процесі бірнеше рет өткен.

Соңғы рет былтыр қарашада өткен тұтқын алмасу барысында "Талибан" батыстан келген екі азаматтың орнына қызметі жоғары үш адамын қайтарып алған. Олардың қатарында "Талибан" арасында ықпалды саналатын Хаккани тобының басшысы Сираджуддин Хакканидің інісі Анас Хаккани де бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Джалалуддин Хакканидің қалдырған "мұрасы"

ҚАНТӨГІСТІ АЗАЙТУ

Ауғанстан ішіндегі қиын әрі ұзаққа созылады деп күтілген келіссөздер кезінде шабуылдар мен қантөгісті азайту керек деген ұсынысқа келгенде үкімет пен "Талибанның" ойы екіге жарылды.

"Талибан" өкілдері ақпанның 29-ы күнгі келісім алдында АҚШ және Ауғанстан үкіметімен арасындағы бір аптаға созылған бейбітшілік аяқталғанын мәлімдеп, наурыздың 2-сі күні өз адамдарына Кабул әскеріне қарсы шабуылды қайта бастау туралы бұйрық берді.

Содан бері "Талибан" күштері бүкіл Ауғанстан аумағында бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Наурыздың 3-і күні Логар өңіріндегі әскери базаға жасалған шабуыл салдарынан кемінде бес әскери қызметкер қаза тапты.

Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Наурыздың 1-і күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті тоқтату процесі жалғасып, оның соңы атысты біржола доғаруға ұласатынын мәлімдеген. Ол "тәліптер қантөгісті азайту процесінен бас тартатын болса, өздеріне белгіленген ережені ашық бұзады" деп айтқан.

АҚШ-"Талибан" келісімінде тәліптердің Ауғанстан ішіндегі келіссөздер кезінде қантөгісті азайту керегі жөнінде ештеңе жазылмаған.

Бірақ Ауғанстандағы НАТО күштерін басқаратын генерал Скотт Миллер наурыздың 2-сі күні "АҚШ Ауғанстан ішіндегі келіссөздер кезінде қантөгіс аз болады деп күтеді" деген мәлімдеме жасады.

Самадтың пікірінше, бір апталық бейбітшіліктен кейін ережелер анық болған жоқ, сондықтан оларды талқылау керек болатын.

"Қантөгісті азайту сенімді нығайту шарасы ретінде қарастырылуы керек еді, бірақ келіссөздерде керісінше, келісімге келумен байланысты ықпал ету құралы ретінде қолданылып отыр. Ғани кедергілер мен келісімге келу жолдарын іздеп жатқан кезде, тәліптер қантөгісті азайтуды қысым көрсету ретінде пайдаланатын сияқты" дейді ол.

Ауғанстан үкіметі "Талибан" өкілдерімен "бірінші байланыс" деп атаған процесті бастау үшін Катарға делегация жіберді. Сарапшылардың пікірінше, бұл соғысушы тараптардың қантөгісті азайту жөніндегі пікірін және келісімнен не күтетінін білу үшін байланыс құруға мүмкіндік береді.

Бірақ наурыздың 3-і күні тәліптер Кабул өкілдерімен Катарда тұтқындағы адамдарын босатудан басқа тақырыпты талқылау үшін кездеспейтінін айтты.

""Талибан" өз жауынгерлері мен Ауғанстан үкіметіне "исламдық жүйе" үшін күресуді жалғастыратынын көрсету үшін әскери қимылдың жалпы көлемін азайтқанымен, одан біржола бас тартпайды деген күмәнім бар" дейді Уоткинс.