"Манафорт Ресей мүддесі үшін Қырғызстанға барған"

Саяси технолог Пол Манафорт

“Проект” басылымы Дональд Трамптың сайлау штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафорттың Қырғызстандағы "қызғалдақ" революциясынан кейін сол елге барып, Ресей мүддесі үшін жұмыс істегенін жазды. Зерттеу материалында Манафорт пен оның әріптесі Константин Килимниктің іс-сапарын ресейлік олигарх Олег Дерипаска қаржыландырған деп айтылады.

Ресейлік "Проект" басылымының журналист-зерттеушілері АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған, саяси технолог Пол Манафорттың "Қырғызстандағы кейбір саяси әрекеттерге қатысы барын" анықтаған.

Украинада он жылдан астам жұмыс істеген Манафортқа АҚШ соты қаржылық қылмыстар бойынша айыптар таққан.

"АМЕРИКАЛЫҚ АВИАБАЗАНЫ ЖАБУ БОЙЫНША ЛОББИ ЖАСАҒАН"

22 тамыз күні орыс және ағылшын тілдерінде жарияланған "Проект" жобасының зерттеу мақаласында Пол Манафорт пен оның ресейлік әріптесі Константин Килимниктің "қызғалдақ" революциясынан кейін 2005 жылы Қырғызстанға келіп, Ресей мүддесі үшін жұмыс істегені айтылады.

Осы мәселеге байланысты Мәскеуде зерттеу жүргізген журналистердің бірі Мария Жолобова мұны бірнеше ақпарат көзі растағанын айтады. Дерек көздерінің айтуынша, Манафорт та, Килимник те Бішкекте америкалық авиабазаны жабу мәселесін көтерген және бірнеше рет Бішкекте болған.

2014 жылы жабылған АҚШ-тың "Транзиттік тасымалдау орталығы"

- Біздің білетініміз – олар "Манас" америкалық авиабазасын жабу мақсатында лобби жасаған. Ол кезде Ресей белсенді түрде жабуға күш салған. Ақпарат көздерінің бірі – Килимниктің тікелей қоластында жұмыс істеген адам, дәл сол кезде Қырғызстан бойынша мәселелермен айналысқан. Біз кемінде, бір саяси технологтың Қырғызстанға Килимникпен бірге саяси кеңес үшін барғанын білеміз. Бұған қоса, Қырғызстан сапары туралы нақты білетін Манафорт штабының бұрынғы қызметкерінің дерегі бар,- деді Мария Жолобова.

Журналист сонымен бірге Манафорт пен Килимниктің Қырғызстанға қанша рет барғанын және қашан барғанын әзірге, білмейтінін айтқан. Олардың нақты кімнен тапсырма алғаны да белгісіз.

Зерттеу мақаласында Константин Килимниктің Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевке жұмыс істегені жазылған. Онда Манафорт пен Килимниктің сапарларын ресейлік олигарх Олег Дерипаскаға тиесілі компания қаржыландырғаны да айтылады. Алайда Дерипасканың өкілі мұны жоққа шығарады.

2018 жылы сәуір айында АҚШ-тың қаржы министрлігі "Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына араласу мүмкіндігіне" қатысты Ресей президенті Владимир Путинге жақын бірқатар азаматтарға қатысты санкция жариялаған. Санкция салынғандардың арасында олигарх Олег Дерипаска мен оның компаниялары да бар.

ПОЛ МАНАФОРТТЫҢ БИОГРАФИЯСЫ

Бұрын Филиппин аралдары мен Африканың кейбір елдерінде жұмыс істеген саяси технолог Пол Манафорт 2005 және 2015 жылдар аралығында Украинада саяси кеңесші қызметін атқарды. Ол Украинаның бұрынғы президенті, Еуромайдан басталғаннан кейін елден қашып кеткен Виктор Януковичтің сайлау штабында жұмыс істеген. Килимник те Манафортпен тікелей жұмыс істескен және оның Киевтегі кеңсесіне жетекшілік еткен.

2016 жылдың наурыз айында АҚШ-та сайлау науқаны қызып тұрған шақта Пол Манафорт Дональд Трамптың сайлау штабына қосылған және маусым айында оған жетекшілік етті. Бірақ украиналық "Регионы" партиясының оған 12,7 миллион доллар көлемінде ақша төлегені және салықтан жалтарғаны жайлы деректер белгілі болған кезде қызметінен кетуіне мәжбүр болған.

2017 жылы наурыз айында украиналық депатут Сергей Лещенко Пол Манафорттың кейбір табысын жасыру үшін 2009 жылы офшор компаниясы мен қырғызстандық банк есепшотын қолданғанын мәлімдеген.

АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің ықтимал әсерін зерттеп жүрген АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер 69 жастағы Пол Манафортқа 18 пункт бойынша айып таққан. 21 тамызда сот алқасы оны 8 пункт бойынша кінәлі деп тапты. Кінәлі деп табылған баптар арасында банктік алаяқтық, салықтан жалтару, шетелдік есепшот туралы ақпаратты жасыру сияқты айыптар бар.

Бұл айыптар Манафорттың Трамптың сайлауалды штабында жасаған жұмыстарына тікелей қатысы жоқ. Манафорттың өзі айыптардың бәрін жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтады.

Ресей президенті Владимир Путин және олигарх Олег Дерипаска

КИЛИМНИКТІҢ РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫСЫ

АҚШ-та сонымен бірге Константин Килимникке де айып тағылған. Жоғарыда аталған сот процестері барысында Килимниктің Манафорт пен Дерипаска арасында делдал болғаны айтылған еді. Сотта сонымен бірге оның ресейлік арнайы қызметімен байланыста болғаны айтылады.

"Проект" басылымының өкілдері Килимниктің көптің көзіне түсуге тырыспайтынын жазады. Басылымның жазуынша, оның суреті ашық дереккөздерінде мүлде жоқ.

Ол Манафортпен әріптестік орнатқанға дейін үкіметтік емес ұйымдардың бірінде жұмыс істеген. "Еуромайданнан" кейін біраз уақыт Киевте тұрып, соңғы жылдары Ресейге барып қоныстанған.

48 жастағы Константин Килимник Украинада туған. Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарасты әскери университетті тәмамдаған..

2017 жылы Азаттықтың ағылшын қызметіне берген сұхбатында Килимник "ресейлік шпион" емес екенін айтып, Манафортқа тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған. Манафортты "өз ісінің майталманы" ретінде сипаттаған.

"Проект" журналистері Мәскеу түбінде тұратын Килимникке хабардасқан кезде сөйлесуге құлық танытпаған. Манафорт өкілі Джейсон Малони да Манафорттың Қырғызстанға сапары туралы сұрақтарға жауап бермеген. Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтен де жауап ала алмаған.

"Қызғалдақ" революциясынан кейін Қырғызстандағы лауазымды қызметтерде істеген бірқатар шенеуніктер Азаттықтың Қырғыз қызметіне Манафорт пен Килимник жайлы білмейтінін айтқан.

Константин Килимник (сол жағында бірінші тұр) және Пол Манафорт (үстел басында ортада отыр). 2006 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев 2009 жылы ақпан айында басшылықтың Бішкектегі американдық авиабазаны жабу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген.

Жарты жылға жуық уақыттан кейін базаның "транзиттік тасымалдау орталығы" ретінде жұмыс жасай бастағаны белгілі болған. Бірақ нысан 2014 жылы толық жабылды