Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) наурыздың 11-і күні жариялаған есепте 2014-2018 жылдар аралығында АҚШ-тың қару-жарақ экспорты көрсеткіші 36 пайызға артқаны айтылған. Осының алдындағы бес жылдық кезеңде бұл көрсеткіш 30 пайыз болатын. Қазір АҚШ қару сатудан өзге елдерден айтарлықтай озып кетті.
"АҚШ әлем бойынша қару-жарақ сатудан жетекші ел ретінде позициясын бұрынғыдан да нығайтты, - дейді SIPRI-дің қару-жарақ және әскери шығындар бағдарламасы директоры Од Флерант. - Соңғы бес жылда [АҚШ] кемінде 98 елге қару-жарақ, соның ішінде әскери ұшақтар, шағын қашықтыққа ұшатын қанатты және баллистикалық зымырандар, қашықтан басқарылатын бомбалар тәрізді қазіргі заманғы қару түрлерін сатты".
SIPRI есебінде Вашингтон мен Мәскеудің қару-жарақ экспорты бойынша көрсеткіштерінің алшақтай түскені айтылған.
"2014-2018 жылдар аралығында АҚШ-тың негізгі қару-жарақ түрлері бойынша экспорты Ресейден 75 пайызға артық болды. 2009-2013 жылдары тек 12 пайыз ғана көп болатын" делінген құжатта.
АҚШ қару-жарақтың жартысынан көбін (52 пайызын) Таяу Шығысқа сатқан.
SIPRI-дің хабарлауынша, 2014-2018 жылдары Ресейдің қару-жарақ экспорты 17 пайызға қысқарған. Бұған Үндістан мен Венесуэланың қару сатып алуды азайтқаны әсер еткен.
Құжатта қару-жарақ сатудан қазір Франция үшінші орында (әлемдік көрсеткіштің 6,8 пайызы) екені айтылған. Одан кейінгі орындарда Германия (6,4 пайыз) мен Қытай (5,2 пайыз) тұр.
Бүкіл әлем бойынша қару-жарақ саудасы көрсеткішінің 75 пайызы осы бес елдің үлесінде деп жазады SIPRI. Еуропа одағы елдерінің жалпы үлесі 27 пайызды құраған.
Әскери қару-жарақ сатып алудан Сауд Арабиясы әлемде алдыңғы орынға шыққан. Соңғы бес жылда бұл ел қару сатып алуды 192 пайызға ұлғайтқан. Мұның алдындағы бес жылдық кезеңде әлем бойынша қару импортының 4,3 пайызы Эр-Риядтың үлесінде болса, қазір бұл көрсеткіш 12 пайызға жетіп отыр.
"Парсы шығанағындағы кей араб мемлекеттері [аталған кезеңде] қару сатып алуды күрт көбейтті" дейді SIPRI.
"Мұндай өсімге әсер еткен негізгі себептердің арасында бір жағынан Иран мен екінші жағынан Сауд Арабиясы және Біріккен Араб әмірліктері арасындағы өзара сенімсіздікті атауға болады" дейді зерттеушілер.
Бұға қоса олар көпшілік Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанама соғысқа жатқызатын Йемендегі қарулы жанжалды, сол тәрізді Сауд Арабиясы жетекшілігіндегі араб елдері коалициясының Парсы шығанағындағы шағын мемлекет - Катарға қарсы әскери іс-қимылдарын атап көрсеткен.
Пәкістан әлемде қару-жарақ сатып алу көрсеткіші бойынша 11-орында тұр. Бірақ бұл ел қару сатып алуды мұның алдындағы бес жылдық кезеңдегі 4,8 пайыздан 2,7 пайызға дейін кеміткен. Пәкістан негізінен Қытай (70 пайыз), АҚШ (8,9) пен Ресейден (6 пайыз) қару сатып алған.
Оның бәсекелесі Үндістан болса қазір әлемде қару сатып алудан екінші орындағы ел саналады. Үндістанға Ресей (58 пайыз), Израиль (15 пайыз) және АҚШ (12 пайыз) қару сатқан.
SIPRI өткен жылы желтоқсанда жариялаған есебінде АҚШ компаниялары 2017 жылы 222,6 миллиард доллардың қаруын сатқанын айтқан болатын. Ал Ресей жыл ішінде 37,7 миллиард доллардың қаруын сатқан.