Тунистегі соңғы еврейлер

Күміс әшекейлер сататын еврей Йоан Хадид дүкенінде тұр. Тунис, Джерба аралы, 26 мамыр 2016 жыл.

Араб әлеміндегі ежелгі әрі ең соңғы еврей қауымдастығына қауіп төніп тұр. Бірақ бұл қатер «Ислам мемлекеті» содырларынан келген жоқ.

Тунистің Джерба аралында, үлкен синагоганың (еврейлердің мінажат үйі – ред.) қасындағы бейіттер астаң-кестең болып, тас сынықтары шашылып жатыр. Бұл зиратты вандалдар емес, еврейлердің өздері қиратқан.

Соңғы 50 жылда бұл елден көшкен еврейлер жақындарының сүйектерін де қоса әкетіп, олардың ивритше жазылған құлпытастарын тастап кетіп жатыр.

- Мұнда 80, 90 жыл бұрын жерленген кісілер бар. Оларды көтергенде сүйектері сынып кетуі мүмкін, - дейді Йосиф Саббах есімді тұрғын.

Ол жылына он шақты сүйекті қазып алуға көмектеседі. Израильге қоныс аударып жатқан еврейлердің біразы туыстарының сүйектерін алып кетеді.

Джерба аралындағы зиратқа келген Ричард пен Дебора Хакун туыстарының бейітінің басында тұр. Тунис, 27 мамыр 2016 жыл.

Тірілерін айтпағанда, Джерба аралынан өлгендерінің де «кетіп жатқаны» Тунисте бірнеше мың жылдар бойы тұрған еврей қауымдастығының көшіп бітуге таяғанын аңғартады. Біздің дәуірімізге дейінгі 586 жылы Тұңғыш храм қиратылғанда еврейлер осында келіп бас сауғалаған.

Одан бері екі мың жылдан көп уақыт өтті. Кейіннен Испаниядағы инквизициядан қашқандар, Мароккодан, Алжир мен Ливиядан ауғандар осы елді паналаған.

Бір кездері Тунисте 100 мыңға тарта еврей болған, ал Джерба аймағын көбіне дәстүрді қатаң сақтайтын діндар иудейлер (еврейлер – ред.) мекендеген. 1940-60-жылдардағы қуғын-сүргін оларды тағы да үдере көшуге мәжбүр етеді. Бүгінде Джербада мыңнан астам еврей қалған.

Қалып қойғандары үлкен отбасылар мен патриархалдық құндылықтарды қолдаған саясаттың шапағатын көрді. Алайда көп ұзамай еврейлер жаңа қиындыққа кезікті. Мұндағы әйелдер құқықтарының көп шектелетінін айтса, ерлер Тунистегі экономикалық дағдарыстың зардабын шегіп жатырмыз дейді. Израильге көшкендер бірден азаматтық алып, бірқанша проблемаларынан құтылады, есесіне араб әлеміндегі ең соңғы еврей қауымдастығы жойылады.

ТУНИС - ЕВРЕЙЛЕРІНІҢ МАҚТАНЫШЫ

Мамыр айының соңында Джербаның еврейлер қоныстанған екі анклавының бірі – Хара Сгирадағы Гриба синагогасына жұрт көп жиналды. Мінәжатқа қатысу үшін жыл сайын мұнда әлемнің әр түкпірінен қалың кісі келеді.

"Араб көктемі" кезінде билігінен құлаған Тунистің бұрынғы президенті, еврейлердің қорғаушысы атанған Бен Әли.

Келушілер шырақ жағып, синагоганың еденіне тілек жазылған жұмыртқалар қояды. Бұл жолы да көңілді халық көшемен шерулетіп ән салды, Тунистің қызыл туымен безендірілген аулада кускуспен (жергілікті тары - ред.) балық жеп, інжір брендиі мен сыра ішті.

2-ғасырда өмір сүрген Шимон Бар Иочай раввиннің (дінбасы - ред.) құрметіне өткізілетін бұл шара Тунистің ерекше мақтанышы саналатын.

Революция болып, диктатор басшы Бен Әли биліктен кетірілген 2011 жылы бұл жиын өтпей қалды. Еврейлердің басты қамқоршысы да сол Бен Әли болатын.

Жергілікті еврейлер қауымдастығын елдегі тұрақтылықтың символы деп атаған жаңа үкімет мінәжат шарасын қайта өткізуге мүмкіндік жасады. Алайда 2015 жылдың басынан бері мұнда үш ірі теракт болды, оның үстіне «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының содырлары Джербадан бір сағаттық қана жерде орналасқан. Сондықтан, діни жиыннан сән кетіп, туристер күрт азайды.

Мінажаттың алғашқы күні Тунис парламенті спикерінің орынбасары Әбделфаттах Муру сөз сөйлеп, еврейлердің көшпеуге шақырды. Муру Тунистің бас раввині Хаим Биттэнмен Гриба синагогасының сыртында құшақтап көрісті.

Осы жиында спикер «Тунис еврейлерді қорғайды. Тек бір ғана мәдениет болған жерде радикализм орнайды. Көп мәдениет болса ғана біз бір-бірімізді түсінеміз» деп мәлімдеді.

ТЕРРОР ҚАУПІ

Фестиваль кезінде қауіпсіздік барынша күшейтілді. Келушілер металл детекторлардан, содан соң арнайы күштер қарауылдап, әскери техника қойылған тексеру пункттерінен өтті. Әуеде тікұшақ айналып жүрді. Жүк көлігі жарылып, синагогада 21 кісі опат болған 2002 жылғы шабуылдан бері бұл ел осындай сақтық шараларына көшкен.

Джебра аралындағы синагогадағы мерекені күзетіп тұрған Тунис әскері.

Израль үкіметі Гриба фестивалі басталардың қарсаңында азаматтарына Туниске бармауға кеңес беріп, үндеу жасады.

Гриба фестивалінің президенті, 74 жастағы Перез Трабелсидің айтуынша, Израиль революциядан (Бен Әли режимі құлаған төңкерісті айтады - ред.) бері жыл сайын осындай ескерту жасайтын болған.

- Шынымен еш қауіп жоқ. Біздің қоныс аударуға қақымыз бар, бірақ біздің ешқайда кеткіміз келмейді, - деді ол.

Дегенмен Первездің өзі де осыдан үш жыл бұрын әкесінің сүйегін Израильге апарып, қайта жерлеген. Ал оның алты баласы Парижде тұрады. Раввин Биттэннің айтуынша, Тунистегі революциядан бері Джербадан 30-ға тарта еврей көшіп кеткен, көшуге жиналып жатқандары да біршама. Бірақ олар террор қаупінен көшіп жатқан жоқ.

ИЕРУСАЛИМГЕ БЕТ БҰРУ

Тұрғындардың айтуынша, Гриба синагогасының іргетасына қиратылған Тұңғыш храмның кірпіштері қаланған. Джербадағы еврейлер Иерусалимді атажұрт ретінде қадірлейді.

Хара Кебира аталатын еврей анклавында төртінші сынып оқушыларына сабақ беретін Ширан Трабелси 2006 жылы ата-әжесімен бірге Израильдің Ашкелон қаласына қыдырып барған кезін әңгімелеп берді.

- Басқа әлемге барғандай болдым. Онда бәрі жайқалып тұр, жер-дүние жап-жасыл, тап-таза. Қайтып келген соң мұндағы сүреңсіздік еңсемді түсірді, - дейді ол.

Ширан Трабелсидің айтуынша, Джербадағы еврейлер түгел қоныс аударуы керек. Дегенмен ол ата-анасы мен болашақ күйеуі көшпейінше ешқайда кетпейтінін айтады.

Тунистің бас раввині Хаим Биттэн (ортада) парламент спикері Абдельфаттах Мурумен бірге. 25 мамыр 2016 жыл.

Раввин Биттэннің айтуынша, еврей әйелдерінің тек өз қауымының ортасында ғана жұмыс істеуге қақысы бар. Раввин әйелдерді бұлай шектеу діни заңның талабы екенін айтады. Сондықтан мұндағы еврей әйелдері мұғалім, тәрбиеші, шаштараз, тігінші сияқты кәсіп түрлерімен ғана айналысады.

Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін 24 жастағы Йиска Маму мектепте экономиканы оқығанын айтады. Алайда Джербадағы еврей әйелдері сияқты ол да жоғарғы оқу орнына бармаған. Оның да Израильге көшкісі келеді, себебі мұнда «үй тазалағаннан басқа жұмыс жоқ».

Жас әйелдердің көбінің мұңы – осы. Дегенмен, азғантай еврей қауымдастығының өсіп-өнуі үшін мұндай әйелдердің көп болғаны керек. Мұнда жылына 30-ға тарта сәби дүниеге келеді. Ерлердің де көпшілігі аралдан көшіп кетуді армандайды. Олардың көбі экономикалық себептермен қоныс аударып жатыр.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Джербадағы ер кісілердің көбі сияқты Йони Хаддад та зергерлік бұйымдар сатуды кәсіп етеді. Бұл қауымдастықтың күміс әшекей, мұсылман әйелдер көп сатып алатын алтын жалатылған қалыңдық тәжі мен алқа сатумен даңқы шыққан. Зергерлік кәсіп мұнда атадан балаға мұра болып келеді.

Алайда Хара Кебираның жанындағы шағын базарда қазір бірді-екілі орыстілді туристерден басқа қалың кісі байқалмайды. 2015 жылдың жазында ИМ-ге қатысы бар содырлар тобы жағалауда орналасқан Соусе қаласындағы қонақүйге шабуыл жасап, 38 адамды өлтіріп кеткен. Қаза болғандардың көбі Британиядан келген туристер еді. Содан бері Туниске демалуға келетіндердің қарасы азайып, соның кесірінен мұсылмандардың да, еврейлердің де саудасы тоқырады.

Иерусалимде Хаддадтың туыстары тұрады екен. Алайда оның Джербадағы үй-жайы мен бизнесін тастап кеткісі жоқ. «Жағдай нашарлай берсе, көшуге қам жасаймыз. Әрине Израильге. Біздің баратын жеріміз – сол» дейді ол.

Израильге қоныс аударуды насихаттайтын агенттіктің өкілі Йигал Палмор «Жағдай түбірімен өзгермейінше, бірде-бір араб мемлекетіндегі еврей қауымдастығының болашағы жоқ» дейді.

Оның айтуынша, Мароккодағы Тунистегіден де үлкен еврей қауымдастығында тек қарт кісілер қалған, ал Египет, Ливан және Сирия қауымдарында ондаған кісі ғана бар. Ал Ливия мен Алжирде еврейлер мүлде қалмады.

ЕКІ ОТАН

Бейсенбінің кешінде 16 жастағы Елинор Хаддад үйін тазалап, еден жуып, демалысқа дайындалып жүр. Үлкен ағасы демеушілердің ұйымдастыруымен Израильге барып, қарындасына білезік әкеп берген. Ал Елинор олай өз бетімен сапарға шыға алмайды, себебі раввин Биттан қыздардың жалғыз жолға шығуына тыйым салған. Есесіне, оған Израильден сарқыт келді.

Тунис қоғамына жұтылып кетпес үшін қыздар мектебіндегі оқушылар сабақты Израиль бағдарламасымен оқиды. Хаддад иврит және араб тілдерінде таза сөйлейді. Израиль дәстүрі бұлардың тұрмысына дендеп еніп келеді. Жұма күні кешке олар кускустан әзірленген дәстүрлі еврей тағамын ішеді, ал бейсенбіде Еуропадан Израильге иммигранттар арқылы жеткен тағамның түрі - тауық шницелін пісіреді.

Бейсенбі күні кешке Елинор Гриба синагогасының кіреберісінде құрбыларымен әңгімелесіп қайтты. «Әдетте қыздармен жабық есіктің ар жағында отырамыз. Мінажат – жұртпен кездесіп, өзіңді де көрсетіп қайтатын кез» дейді ол.

- Мүмкіндік берілсе, Израильге көшер едім. Бірақ мұнда да жаман емес, - дейді Хаддад.

Зират басында жүрген Йосиф Саббахтың да Израильге көшкісі бар, бірақ ол ондағы қымбатшылықтан қорқады. Әкесі қайтыс болғанда ол бауырларымен бірлесіп, оның мәйітін Израильге алып барып, Иерусалимде жерлепті.

- Ал ескі зираттағы бұрынғы сүйектер сол жерленген қабірінде қалуы керек, - дейді Йосиф.​

Даниэлла Чеслоудың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.