Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған – НАТО елдерінің ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз қарым-қатынаста отырған жалғыз президент. Енді ол Түркияның сыртқы саясатын өзгертіп, Батысқа бет бұруға тырысып жатыр. Бұл қанша уақытқа созылады? Мәскеу шеттеп қала ма? Мұның Украина үшін маңызы қандай?
Биыл Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған үшін өзі билікте болған кейінгі 20 жылдағы ең қиын сайлау өтті. Ол сайлау алдында елдегі ұлтшыл, консерватив сайлаушылардың қолдауына ие болып, халықтың назарын экономикалық мәселелерден басқа жаққа аудару үшін Батыстағы одақтастарын түйрей сөйлеп, неше түрлі мәлімдеме жасады.
ЛГБТ қауымының құқығын қорғауға қарсы шықты, Швецияның НАТО-ға мүше болуын қолдамады, Вашингтонды сайлауға араласты деп айыптады.
Биылғы сайлауда Ердоғанға қарсы солшыл центристік көзқарастағы Кемаль Қылышдароғлы үлкен қарсылық көрсетті. Бірақ Ердоған сайлауда жеңіске жетіп, тағы бес жылға президент мерзімін жеңіп алды. Енді Батыс елдерімен күрделі қарым-қатынасын реттеп, Мәскеумен экономикалық байланысын, Украинадағы соғысқа қатысты позициясын қайта қарай бастады.
11-12 шілдеде Литвада өткен НАТО саммитінде Түркия президенті Швецияның НАТО-ға қосылуын қолдап, бәрін таңғалдырды. Ол сондай-ақ Түркияның Еуроодаққа қосылу туралы өтінішін қайта қарауды сұрады.
Содан бірнеше күн бұрын Анкарада Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдап, "Украина НАТО-ға мүше болуға лайық" деді. Ресей мұны ауыр қабылдады. Түркия президенті Украинаның бес командирін Путинмен келісілген мерзімінен бұрын босатып, Кремльдің шамына тиді.
Осының бәрі Ердоғанның мерейін асырды. АҚШ президенті Джо Байденмен жеке кездесіп, Вашингтонның Түркия әскеріне қажетті "F16 ұшақтарын жібереміз" деген уәдесін алды. Швеция Түркия-Еуроодақ арасындағы кеден одағы келісімін жаңартуға және терроризмге қарсы күреске көмектесетін болды. Бұл – Анкара үшін күрділерді басып-жаншудың кезекті амалы.
Cарапшылар сөзінше, бұл Ердоған Мәскеуден біржола ажырап, Батыспен бірге болады дегенді білдірмейді. Өйткені Түркия президенті мен Ресей басшысының Батыс елдері бүкіл әлемге ықпалын жүргізгісі келеді, бұған қарсы тұру керек деген пікірі ортақ. Батыс елдері Ердоғанның жеңілісін тілеп отырғанда, Владимир Путин сайлау науқанына қаржылай көмек берген еді.
Ердоғанның Батысқа бет бұруын Түркия экономикасын тірілту үшін шетелдік инвестиция көлемін арттыру ниетімен түсіндіруге болады. Бұл шешімге сондай-ақ "Вагнер бүлігінен" кейін Ресей президенті Владимир Путиннің беделінің төмендеуі де әсер еткен болуы мүмкін.
Түркия мен Ресейдің байланысы қос авторитар басшының қарым-қатынасына негізделген. Бірақ әлсіреген Путин сенімді серіктес болудан қалып барады.
– Ердоған сайлаудан кейін батыспен қарым-қатынасын түзетуге тырысқанымен, бәрі өз шарты бойынша жүргенін қалайды, – дейді Вашингтондағы Брукинг институтының ғылыми қызметкері Аслы Айдынтасбас.
Сарапшының сөзінше, Ердоған әзірге өзі қалыптастырған мәселелерді шешкісі келмейді.
Түркия Еуроодаққа кіргісі келсе, бұл мәселенің бәрін шешуі керек. Алайда Түркия бойынша сарапшы Николас Данфорт "Ердоғанның Батысқа қарай жасаған қадамдары адам құқықтары мен заң үстемдігі сияқты маңызды мәселелерді шешпей-ақ, саяси басымдыққа қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр" дейді.
Бакудегі даму және дипломатия университетінің ғылыми қызметкері Руслан Сүлейманов "Карнеги қоры Бейбітшілік үшін" орталығы жариялаған есепте "Ердоғанның еуропалық интеграция туралы пікірі келер жылы өтетін муниципалды сайлауда өз партиясына батысшыл көзқарастағы сайлаушылардың дауысын алып беру үшін жасалды" деп жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Есік ашық, бірақ өтініш кірмей-ақ қойыңыз". НАТО Украинаны мүшелікке неге қабылдамады?НАТО-НЫҢ ҚИЫН СЕРІКТЕСІ
Түркия мен Батыс елдерінің қарым-қатынасы Ердоғанның тұсында бүлінді. Түркия басшысы Путинмен байланысын нығайтып, қарсыластарын түрмеге жауып, демократияның дамуына тежеу болды.
Түркия мен Ресей арасында да текетірестер болған, бірақ олар қайтадан тез тіл табысып кетті. 2015 жылы Путин Сирия шекарасына жақын маңда ресейлік ұшақты атып түсіргені үшін Түркияны "ту сыртымыздан пышақ сұқты" деп айыптады. Бірақ бірнеше айдан кейін қос мемлекеттің арасы қайта жылып сала берді.
2016 жылы Түркияда болған мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныстан кейін Ердоған Ресейдің C-400 жүйесін сатып алды. Бұл НАТО елдеріне ұнаған жоқ. Анкара Мәскеумен 2,5 миллиард долларға келісімшарт жасасқаннан кейін 2019 жылы АҚШ Түркияны F-35 бағдарламасынан шығарып тастады.
2021 жылы АҚШ-та жаңа президент Джо Байден сайланды. Сайлауалды науқан кезінде Байден Ердоғанды "автократ" деп атап, "АҚШ түрік оппозициясына президентті жеңуге көмектесуі керек" деді.
– Түрік басшылығында қалған кей элементтерді қолдап, оларды Ердоғанға қарсы күресуге ынталандыра аламыз, – деді Байден 2020 жылы.
2021 жылы сәуірде президент болғанына үш ай өткен Байден Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. АҚШ басшысы Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Осман империясында армяндардың жаппай өлтірілуін "геноцид" деп бағалайтынын айтты.
"Байденнен бұрынғы президенттер АҚШ-тың стратегиялық серіктесі, НАТО-дағы ең үлкен екі әскердің біріне ие Түркиядан қол үзіп қалмас үшін мұндай өткір мәлімдемелер жасамайтын. Ал сыртқы саясатында адам құқықтары мен демократияға баса мән беретін Байден Ердоғанның көңіліне қарап, қылпақтамады" деп жазды сарапшылар.
РЕСЕЙДІҢ УКРАИНАҒА БАСЫП КІРУІ
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде Түркия НАТО үшін бір жағынан таптырмас көмек, екінші жағынан Батыс елдерінің шамына тиетін серіктес болды.
Ердоған – НАТО-дағы Путинмен жақсы араласатын, Зеленскиймен де қарым-қатынасы түзу жалғыз басшы. Бұл оны Ресей мен Украина арасындағы жақсы делдал етеді.
Соғыс басталғаннан кейін Ердоған бір жағынан Ресейді сынап, Украинаға көмектессе, екінші жағынан санкцияларды елемей, Мәскеумен саудасын нығайтты.
Түркия Украинаға қару-жарақ жіберуді НАТО-ның басқа мүшелерінен ерте бастады. Соғыстың алғашқы кезеңінде түріктің Вayraktar дроны Украина үшін жақсы қорғаныс болды. Аталған дронды шығаратын Bayraktar компаниясының ортақ иелерінің қатарында Ердоғанның күйеубаласы да бар. Қазір компания Украинада дрон өндіретін зауыт салып жатыр. Нысан 2025 жылы ашылуы керек.
Түркияның көмегімен Мәскеу мен Киев келісімге келіп, Украина Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік алды. Түркия бидайды Ресей мен Украинадан сатып алады, сондықтан бағаны тұрақтандырып, азық-түлік дағдарысын шешу Анкараның өзіне де пайдалы болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Қара теңіздегі астық келісімінен шықты. Мұның салдары қандай болмақ?Ердоған соғысып жатқан қос тарапты тұтқын алмасуға да көндірді. 2022 жылы қыркүйекте Түркия өз қолындағы Азов полкінің бірнеше командирін Зеленскийге тапсырды. Ол мұны дәл НАТО саммитінің алдында жасап, одақтағы беделін көтеріп алды.
Ресейлік пропагандистер Ердоған Мәскеуге қастық жасап отыр деді. Кей сарапшылар Ердоған "Вагнер бүлігінен" кейін Путиннің биліктегі орнына алаңдаулы дейді.
– Ердоған Путинді ренжітіп алмас үшін өзін сақ ұстауға тырысып отыр. Түркияның сыртқы саясатында тепе-теңдік орнап жатыр. Бұл Украинаның тәуелсіздігіне деген құрметпен байланысты, – дейді мемлекеттік департаменттің бұрынғы қызметкері, Атлантикалық кеңестің сарапшысы Рич Аутзен.
Ресей Украинаны жаулап алса, бұл Түркия үшін геосаяси және стратегиялық апат болады. Өйткені Қара теңіздің көп бөлігі Ресейдің қолына өтеді. Сөйтіп Ресей Түркиямен келіссөз жүргізерде ұтымды жағдайда болады.
Ресей Украинаға басып кіргенде Анкара ресейлік әскери кемелерді Қара теңізге кіргізбей қойды.
Қара теңізді Түркия, Ресей, Грузия, Украина және НАТО-ға мүше Румыния мен Болгария бөліп пайдаланады. Анкара Мәскеудің қырым татарларын қудалап, мұсылман қауымына қысым көрсетіп отырғанын құп көрмейді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Азов командирлерінің босатылуына қатысты пікір білдіріп, "Анкара НАТО саммитінің алдында үлкен қысымға душар болып, одаққа адалдығын көрсеткісі" деді.
– Ресей Ердоғанның Швецияны НАТО-ға қабылдауға келіскеніне таңғалған жоқ. Түркияның өз міндеттемелері бар. Одан ешқашан артық нәрсе күткен емеспіз, – деді Песков.
Ердоған НАТО-дағы вето құқығын пайдаланып, Финляндия мен Швецияның одаққа кіруіне тосқауыл болған еді.
Ол қос мемлекеттен күрд топтарының көзін жоюды талап еткен. Түркия үкіметі күрд жасақтарын "террористер" деп атайды. Ердоған осы талабы арқылы сайлау алдында біраз қолдауға ие болды. Артынша АҚШ-пен қарым-қатынасын түзеп, F16 ұшақтарына қайта қол жеткізді.
Швеция НАТО-ға Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығынан кейін қосылуға ниет білдірді.
Бірақ Түркия НАТО-ны Ресейге қарсы тұру үшін күшейтуді емес, әлемдегі тұрақтылықты сақтайтын қауіпсіздік бойынша ең үлкен одақ құру үшін кеңейтуді ойлап отыр, – деді Ердоғанның баспасөз хатшысы Фахреттин Алтун.
Ердоған "Мәскеу Азов командирлерін не үшін босатқанымызды түсінді, бізге өкпесі жоқ", – деді. Кремль үнсіз қалды.
ПУТИННІҢ ТҮРКИЯҒА САПАРЫ
Тамызда Ресей президенті Владимир Путин Түркияға ресми сапармен барады. Путин постсоветтік мемлекет басшыларынан кейін ең жиі кездесетін президент – Ердоған. Бұл олардың қарым-қатынасы түзу екенін, Украина, Әзербайжан, Сирия мен Ливиядағы мүдделері жақсы үйлесіп отырғанын көрсетеді.
Қос мемлекет басшысы кездесу барысында Украинадағы соғыс, бидай келісімін жаңарту және экономикалық байланыстар туралы сөйлесуі мүмкін.
– Ердоған сөз тауып, Путинді кикілжіңді шешу жолдарын ойлануға итермелей алады, – дейді Оутзен.
Сарапшылар болжамынша, бұл жолы сайлауда жеңіп, Батыс елдерімен байланысын ретке келтіріп алған Ердоған басымдыққа ие болады. Оның бір осал тұсы: Түркияның Ресей энергетикасына тәуелділігі және ел экономикасының әлсіздігі.
Сондықтан Түркия Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциясына қосылған жоқ.
Қазір Түркиядағы инфляция 40 пайыз шамасында, ал ұлттық валюта доллармен салыстырғанда құлдырап барады. Сондықтан Ердоғанға экономикалық қиындықтар керек емес.
Былтыр Ресей Түркияға тауар экспорттауда Қытайдан озып, ол елге мұнай мен газын мол сатқан.
Еуропаға жол жабылған соң, ресейлік кәсіпкерлер мен туристер Түркияға ағылып, ел экономикасына ақша құйып жатыр.
Ердоғанның Батысқа бүйрегі бұрып, Таяу Шығыстағы көршілерімен байланысын нығайтуы экономикалық мәселені шешудің Путиннен басқа да жолдары бар екенін көрсетеді. Путинмен кездесу қарсаңында Ердоған Таяу Шығыстан ірі көлемде инвестиция тарту туралы келіссөздер бастады.
– Түркияға Ресейдің арзан энергетикалық өнімдері әлі де керек. Бірақ Путин мен Ресей элитасы Түркияға көбірек мұқтаж, – дейді АҚШ-тағы Джордж Мэйсон университетінің профессоры Марк Кац.
Ресей санкцияға ілінген тауарлардың көбін Түркия арқылы алып келді.
– Батыстың қаржы нарықтары жабық болғандықтан, Ресейге ақша айналымы үшін Түркия керек. Сондықтан Мәскеу Анкарамен қарым-қатынасының нашарлауына жол бермейді. Путин Ердоғанның біржола Батысқа кетіп қалғанын қаламайды, – дейді Кац.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Автократтар апаттан да ұпай жинауға үйір