Accessibility links

Автократтар апаттан да ұпай жинауға үйір


Жойқын жер сілкінісінен қираған ғимараттарды аралап жүрген Режеп Ердоғанның Қаһраманмараш қаласына сапары. Түркия, 8 ақпан, 2023 жыл.
Жойқын жер сілкінісінен қираған ғимараттарды аралап жүрген Режеп Ердоғанның Қаһраманмараш қаласына сапары. Түркия, 8 ақпан, 2023 жыл.

Тарихтағы ауыр зілзаланы өткерген Түркияда президент қоғамды тұтастыққа, бірлікке шақырып отыр. Он мыңдаған адам қаза болған табиғат апаты Ердоған билігінің қатаң сыналуына себепші болды. Биліктің кейбір әлеуметтік желіні бұғаттап, сынды қабылдамауы авторитаризм көрінісін байқатады. Ал апат кезінде мәліметтерді бұрмалап, саяси ұпай жинау Орталық Азияда бұрыннан бар.

6 ақпандағы Түркия мен Сирияда болған аса ауыр зілзаладан қаза болғандар саны күн санап артып барады. Қазірге дейін екі елдегі адам шығын 45 мыңнан асты деп шамаланады. Магнитудалық қуаты 7,8 болатын жер сілкінісі салдарын жоюға әлем елдері атсалысып жатыр. Апат болғаннан бергі екі аптаның ішінде құтқарушылар үйінді астынан әлі де адамдарды алып шығып жатыр. Жойқын зілзалада зардап шеккен түркиялықтарды құтқаруға әлемнің 100-ден астам елі көмектесіп отыр. Олардың арасында бұрын Анкарамен қырбай болып келген Армения мен Грекия да бар.

ЖЕЛІНІ ШЕКТЕУ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕРДІ ТЕРГЕУ

2016 жылы әскери төңкеріске талпыныс жасалғанда Түркия президенті халыққа мобильді телефонмен әлеуметтік желі арқылы жолдау арнауға мәжбүр болған. Алайда соңғы зілзаладан кейін Түркияда Twitter тәрізді әлеуметтік желі шектеліп, қайта қосылған. Бұл шектеу TikTok пен Instagram желілеріне де қатысты.

Twitter қызметін шектеу аталған желінің түркиялық сегментінде жойқын жер сілкінісінен кейін билікке қарсы "сыни пікірлер тасқыны" ұлғая бастаған соң байқалған. 8 ақпанда көпшілік желіге прокси-серверлер арқылы кіруге мәжбүр болған. Кейін желіні бұғаттау саябырлағанымен, Түркияда табиғи апат және төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желіні шектеу тәжірибесі бұрыннан бар.

Зілзаладан баспанасыз қалған жұрт президент Режеп Ердоғанға талап-шағымын айтып тұр. Қаһраманмараш, 8 ақпан, 2023 жыл.
Зілзаладан баспанасыз қалған жұрт президент Режеп Ердоғанға талап-шағымын айтып тұр. Қаһраманмараш, 8 ақпан, 2023 жыл.

Телеарналарда оқиға орнындағы адамдар құтқару жұмысына шағына бастаған кезде тікелей эфирде әңгіме ауанын бұрып жіберу немесе сөзін үзу тәрізді әрекеттермен қоса, тілшілерді тергеуі Түркия билігінің сын көтере алмайтынын көрсетеді. Бас прокуратура Мердан Янардаг және Анвер Айсевер тәрізді билікті сынаған журналистерді үстінен қылмыстық іс қозғап, "адамдарды өшпенділік пен дұшпандыққа шақырғаны үшін" тергей бастаған. Тергеуге тартылған адамдардың бірі – саясаттанушы Озгюн Эмре Коч.

Түрік билігі оқиға орнынан репортаж әзірлеген басқа да баспасөз өкілдерінің жұмысын шектеді, ал 9 ақпан күні "адамдар арасында үрей мен қорқыныш таратқан" 274 деректі анықтағанын хабарлады. Оның ішінде ондаған адам ұсталып, бірнеше адам қамауға алынған.

БИЛІКТІҢ ҮНДЕУІ

Осындай жағдайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Twitter-дегі парақшасында ауық-ауық елді ынтымақ, бірлікке шақырған үндеулері жарияланған.

Зілзаладан кейінгі президент Ердоғанның желідегі пікірінің бір шоғыры мынандай болып келеді:

"Біз халық пен мемлекеттің ынтымағы мен бірлігінің арқасында осынау дүлей күндерді артта қалдырамыз деп сенемін. Бұл – бір жүрек, бір білек болып жұмылатын күн".

"Біз ұлт ретінде тарихымыздағы ең жойқын апаттардың бірімен бетпе-бет келіп отырмыз. Алланың қалауымен бірлік пен ынтымаққа жұмылып отырған кезде бұл апатты да еңсереміз...".

"Біз әр қиындықтың артынан жеңілдігі болатынына сенетін ұлтпыз. Осы қиын күндерге де бір жүрек, бір білекпен төтеп береміз".

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған зілзаладан кейін үкімет адам өмірін құтқаруға басымдық беретінін, биліктің осы бағыттағы шынайы қадамына күмән келтіруге болмайтынын да айтып жүр.

Президент Ердоған 14 ақпан күні халыққа арнаған жолдауында әлеуметтік желідегі көпшілік пен оппозицияның сынына да қатысты да айтып өткен. Онда ол қарсыластарын "Бірігіп жұмыла жұмыс істейтін кезде негізгі оппозиция сүйкімсіз жүзбен танылды" деп айыптаған. Ердоған оппозиция билікке жала жауып, зілзаланы өз ұпайын түгендеуге тырысады деп есептейтінін білдірген.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ АЙЫПТАУ

Оның айтуынша, билік қалыптасқан қиын жағдайға және жабылған жалаға қарамастан, күш жұмылдырып әрекет ете береді. Ердоған оппозициия трагедия орнында "саяси ұпай жинау үшін оңды-солды әрекеттерге барғанына" өкініш білдіреді. Және ол "азғырушыларды" назарға алып отырғанын да жасырмайды. Ол мұндайда студенттерді билікке қарсы айдап салып отырғандар бар екенін айтады.

Түркияда мұның алдындағы ауыр зілзала 1999 жылы болған. Режеп Тайып Ердоған 17 мың адам қаза тапқан Измит зілзаласынан кейін билікке келген. Ол биыл Халықтық альянстың атынан сайлауға түсуге әзірленіп жатқан. Сайлауды заңда көрсетілген мерзімінен бір ай шамасы ерте, 14 мамырда өткізбек болған Түркия зардабы өте ауыр жойқын жер сілкінісінен соң сайлау уақытын өзгертер-өзгертпесі әзірше белгісіз.

Белгілісі – билікте жүргеніне 20 жылға жуықтаған Ердоған (2003 жылдан – премьер-министр, кейіннен – президент) биыл тағы да сайлауға түспек болатын. Жер сілкінісінен кейінгі мәлімдемелерінде ол қоғамды өз маңына топтасуға шақыра бастады.

Түркия президенті Режеп Ердоған парламент отырысында өз партияластарына қол бұлғап тұр. Анкара, 18 қаңтар, 2023 жыл.
Түркия президенті Режеп Ердоған парламент отырысында өз партияластарына қол бұлғап тұр. Анкара, 18 қаңтар, 2023 жыл.

Президент Ердоған зілзаладан соң төтенше жағдай басқармасында сөйлеген сөзінде мәселені саясиландырмауға үндеді. Ердоғанның сөзін оның коалициядағы одақтасы Ұлттық қозғалыс партиясының жетекшісі Девлет Бахчели де қуаттаған. Ол "бүгін – орынсыз айтысқа уақыт шығындайтын кез емес" деген.

ОППОЗИЦИЯ СЫНЫ

Жойқын зілзала толқынынан кейін түрік қоғамы мен оппозиция апатқа билікті кінәлап, сынай бастаған. Олар "билік дұрыс әрекет еткенде, мұнша ауыр шығынға жол бермеуге болар еді" дейді.

Алдағы президент сайлауына ықтимал үміткердің бірі, оппозициялық Республикалық халықтық партияның жетекшісі Кемал Кылычдароғлы апат орнында көргенінен жаны түршіккенін айтқан. Ол Ердоған 20 жыл бойы билікте отырғанына меңзеп, оны "ғасыр апаты" деп айыптаған. Кылычдароғлы сайлау өз уақытында өтуі керек деген.

Оппозициялық Республикалық халықтық партияның жетекшісі Кемал Кылычдароғлы
Оппозициялық Республикалық халықтық партияның жетекшісі Кемал Кылычдароғлы

Ал Түркия соты сырттай 27 жылдық жазаға кескен, қазір Германияда тұратын журналист Джан Дүндер Ердоған 1999 жылғы жер сілкінісі салдарын пайдаланып, билікке келгенін еске салады. "Ол енді 2023 жылғы зілзала қирандыларымен бірге биліктен кететін сияқты. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған бұл зілзала оны саясат үйінділерімен жерлейтін болады" деп жазған Джан Дүндер.

Измит зілзаласынан кейін Түркияда "зілзала салығы" енгізілген. Эджевит үкіметі әуелде уақытша енгізген бұл салық мөлшерін кейін Ердоған үкіметі өсіріп отырған. Ал 2018 жылы сайлаушыларды өзіне тарту үшін Ердоған билігі заңсыз салынған құрылысқа амнистия жариялады.

Кейінгі жойқын зілзаланы атом бомбасы жарылысына теңеген Түркия президенті қираған үйлердің 98 пайызы 1999 жылға дейін салынған деген уәж айтқан.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ОҒАШ МӘЛІМДЕМЕЛЕР

2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба суқоймасы жарылып, салдарынан алты адам қаза тауып, 70 мың шамалы адам эвакуацияланды. Сардоба суы шекаралас Қазақстанның оңтүстігіне де жайылған. Оқиға кезінде суқойма мен зардап шеккен аудандарға бірнеше мәрте сапарлаған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тұрғындармен кездесуде апат себебін түсіндіруге тырысқан. Сардоба суқоймасы 2010 жылы Мирзияев премьер-министр болып тұрған тұста салынған. Апат кезінде тұрғындармен кездескенде ол алдымен бұрын бұл аудандар судан тапшылық көргенін айтып, суқойманы салу дұрыс шешім болғанын дәлелдеуге тырысты. Сол кезде Өзбекстан президенті баспаналары қираған тұрғындарға салынған жаңа құрылысқа меңзеп, адамдар бұрынғыдан да жақсы үйлерде тұратынын айтқан. Ол жергілікті тұрғындармен кездесуде "Бір жамандықтың бір жақсылығы бар. Жақсылығы сол – жаңа шаһар, жаңа аудан, жаңа көше, жаңа махалля және гүлденген жаңа ауыл саламыз. Сіздер де тыныш, мен де тыныш..." деген.

Су тасқынынан кейін қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар алдында сөйлеп тұрған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев. 1 мамыр, 2020 жыл.
Су тасқынынан кейін қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар алдында сөйлеп тұрған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев. 1 мамыр, 2020 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон кейінгі жылдары "алдағы қыс қатал" болатынын жиі ескертіп келеді. Алайда бұл ескертуден биліктің өзі қорытынды шығарған емес. Тәжікстанның таулы аймақтарында табиғат апатынан адамдар зардап шегіп, шығынға батып жатады. Мәселен, кейінгі күндердегі қар көшкінінен қаза тапқандар саны қазір 20-ға жуықтап қалған.

2010 жылы Қазақстанда, Алматы облысындағы Қызылағаш ауылындағы суқойма жарылып, кем дегенде 45 адам қаза тапты. Ауылды су алып, тасқыннан кейін жаңа құрылыс салынған. Қызылағаш ауылы қалпына келтірілген кезде осы ауылға сапарлаған сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев тасқын құрбандарына арнап тұрғызылған ескерткішті ашқан.

Осы рәсімде автократтарға тән өктемдікпен сөйлеген Назарбаев ауыл тұрғындарының көпшілігі "Қазақстанға әлі еңбегі сіңбеген" оралмандар екенін айтқан. Назарбаев сөзінде мемлекет "қаржы қиындығына қарамастан, тұрғындардың үйін тұрғызғанын ұмытпау керегін" еске салып, "бұл халық мынадай жақсы үйлерде тұрамыз деп ойламаған шығар" деген. Назарбаевтың трагедиядан кейінгі осы астамшыл пікірі қоғамда резонанс тудырған.

please wait

No media source currently available

0:00 0:08:02 0:00
Жүктеп алу

Кейін Назарбаев 2015 жылы Астанада жастар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан неге дамымай отырғанын климатпен байланыстырды. "Біз ұмтылып отырған 30 ең бай елдің климаты Қазақстанмен салыстырғанда анағұрлым қолайлы... Біз барлық индустриямызды, қалаларымыз бен ауылдарымызды жылына жеті ай бойы жылытамыз" деген ол.

Назарбаев Қазақстан экономикасы мен қазақстандықтардың өмір сүру жағдайына климат, аумақтық қашықтық пен теңізге шығатын жолдарының болмауы ықпал ететінін айтқан.

Әрине, Түркиядағы кейінгі жойқын зілзала мен Орталық Азиядағы бертінгі табиғи апат көлемін еш салыстыруға келмейді. Дегенмен осындай апат кездеріндегі ел басшыларының оғаш пікірі олардың шынайы жағдайды тым алыстан бағалайтынын көрсетеді. Мұның бір себебі олардың билікте ұзақ отырғанына да байланысты болса керек.

Түркия билігінде отырғанына 20 жылға жуықтаған Режеп Тайып Ердоғанның зілзала алдындағы рейтингі елдегі инфляция мен қымбатшылық салдарынан құлдырап кеткен. Алайда алдағы сайлауға қатысуға барынша мүдделі Ердоған зілзала зардаптарын еңсеріп, өзін барынша іскер басшы, ұлттың көсемі ретінде көрсетуге тырысатын сияқты. Ал 2023 жылдың қазан айында Түрік республикасының құрылғанына 100 жыл толмақ. Осындай атаулы дата мен саяси науқан қарсаңында мақсатына жету жолындағы Ердоғанның әрекеттері мен мәлімдемелері оның автократтар жолына біржолата түскенін байқатады.

Түркияда президент бес жылға сайланады. Бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды. 2017 жылғы конституциялық референдум арқылы Түркия парламенттік басқарудан президенттік басқаруға өткен. Ердоғанның референдумға дейінгі президенттігі нөлдестіріліп, 2018 жылы ол қайта президент болып сайланған. Түркияда 14 мамырда президент және парламент сайлауы қатар өтеді деп айтылады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG