Стамбул мешіттерінде түбегейлі өзгеріс жүріп жатыр. Құлшылық орындарын әйелдер үшін сыпайы, жайдары да жылы орынға айналдыру туралы бұл жаңа бастамаға қарсылар да бар.
Кадри Авси Эрдемли ханым бір имаммен оның иелігіндегі мешіттің хал-ахуалы жайлы, әсіресе, әйелдер бөлмесі туралы мәселе көтеріп сөйлесіп отыр. Әйелдерге арналған кішкене бөлме лас, оған қоса ол бөлме қойма ретінде пайдаланылады. Стамбулдың наиб-мүфтиі ретінде Эрдемли ханымның міндеті – мешіттерді әйелдер қауымы үшін жайлы, әрі кіріп-шыққанға барынша қолайлы етіп өзгерту.
МЕШІТТІ ӘЙЕЛГЕ БЕЙІМДЕУ
- Әйел заты мешіт табалдырығын аттағанда Құдайдың үйіне кіреді. Сондықтан соған сәйкес қарым-қатынасты сезінуі керек. Құдайдың алдында ер мен әйел тең. Дін ұстанғанда екеуінің де құқығы бірдей, - дейді ол.
Эрдемли Стамбулдағы үш мыңнан астам мешітте ер мен әйелге тең жағдай жасалуын қадағалайтын кампанияны басқарады.
Наурыз айынан бері Эрдемли әйелдерге арналған құлшылық бөлмелеріне жәрдем беріп, қаладағы мешіттерді аралау үшін 30 команда жинады. Ол жария болған жайттар адамды таңғалдырады дейді.
- Біздің команда әйелдерге арналған дәретханасы жоқ көптеген мешіттерді, не болмаса намаз алдында дәрет алатын жері жоқ құлшылық орындарын тауып алды. Әйелдерге арналған бөлмелер өте лас, не қоймаға айналып кеткен. Әйелдер намаз оқып, құлшылық ететін жер де қалмапты, - дейді Эрдемли.
Мешіттердегі әйелдер секциясын тап-тұйнақтай ету - өз алдына бөлек әңгіме. Одан басқа құлшылық кезінде әйелдер мен ерлерді бір-бірінен бөліп тұратын перделер ортадан алынып тасталмақ.
Эрдемли ер мен әйелді араластырмау шарасы Құранға сәйкес жүзеге асады деп баса айтады. Яғни бірінші сапта - ерлер, екінші сапта - жас балалар, ең соңғы сапта - әйелдер тұрады. Мешіттер алдағы ақпан айына дейін осы өзгерістерді бастауы тиіс.
Соңғы екі айдың ішінде Эрдемли бұл реформалар Құранға сәйкес жүргізілетінін түсіндіру үшін қаладағы имамдармен және ресми дін басшыларымен қырық-елу рет кездескен.
УАҒЫЗШЫ ӘЙЕЛДЕР
«Дианеттің» (Түркия парламенті қаржыландыратын дін істері жөніндегі мекеме) діни сарапшысы, Стамбулдағы Догус университетінің профессоры Истар Гөзайдынның айтуынша, бұл іс-шара - осы ұйымның бақылауы бойынша жасалып жатқан кең көлемді өзгерістердің бір бөлшегі ғана.
- «Дианет» мешіттерге қарап, ондағы тұрақты қызметтерді ғана бақылап отыруға үйреніп алған еді. Қазір олар қоғамдағы әрбір адаммен, оның ішінде, әсіресе, әйелдермен де байланыс орнатуға тырысып жатыр. Соңғы он жылдың ішінде біз әйел адамдардың «Дианеттің» көрнекті қызмет орындарында жұмыс жасап жүргенін байқап отырмыз. Әсіресе, «Дианет» әйел уағызшылардың қызметін және мешіттегі тағы да басқа қызметтерді ұсыну арқылы олармен байланысқа шыққысы келеді, - дейді Гөзайдин.
«Дианеттің» соңғы жылдары жасаған реформаларының бірі - Эрдемли сияқты мүфтидің әйелден шыққан орынбасары және одан бөлек «вайзез» деп аталатын әйел уағызшылардың тағайындалуы. Мешіттерді әйелдердің мұқтаждығына ыңғайлау үшін күресіп жүрген Эрдемлиге жәрдем беруге «Дианеттің» басшысы Мехмед Гөрмез де бар күшін салып жатыр.
2011 жылғы қарашада ол «Дианеттің» жетекші мүшелері бас қосқан жиналыста дінді теріс тәпсірлеген дүмшелерді айыптай отырып, әйелдерге байланысты қалыптасып қалған қарым-қатынасты сынаған болатын.
ЖАҚТАУШЫЛАР
Азаттық тілшісі Стамбулдың орталық көшелерінің бірінде кетіп бара жатқан дін ұстанатын әйелдермен тілдесіп еді, олар қазіргі талқыланып жатқан өзгерістерді барынша қолдайтындарын білдірді.
22 жасар Айшегүл "өзгертетін нәрсе жетіп артылады" деді.
- Әйелдер бөлмесі ерлермен салыстырғанда әлдеқайда тар. Оларға арт жақтағы не бұрыштағы қалған-құтқан жерлерді бере салған сияқты. Әйелдер бөлімін әлі де әбден тексеру керек, - дейді Айшегүл.
Айшегүл - он жылдан бері Әділет пен даму партиясының (ӘДП) билігі аясында пайда болып, өсіп келе жатқан исламшыл орташа тап өкілі. ӘДП билікте отырған жылдары қоғамдағы бірқатар әлеуметтік өзгерістерге себеп болды. Олардың ішінде мемлекеттік қызмет орындарына хиджап киген әйелдердің жұмысқа алынуы және білім саласындағы оларға қойылған шектеулерді біраз жеңілдеткендерін айтуға болады.
Профессор Гөзайдин "мешіттерді әйел адамдар баруға ыңғайлы етіп жасау жұмыстары арнайы діни білімі бар әйелдерге деген сұранысты арттырады" деп біледі.
- Біз дін ұстанатын әйелдердің университеттерде көптеп білім алып, жұмыста да көбейіп бара жатқанын көріп отырмыз. Соның арқасында қоғамда да анығырақ байқалатын жағдайға жетті. Ертеректе олар негізінен бала бағып, үйге қарап, тағы басқа үй шаруаларын атқарып, дәстүрлі түрде ғана өмір сүріп келді. Қазір күннен-күнге олар көбейіп, кәсіби өмірге жиі араласа бастады. Енді олар мешіт жүйесінің де белсенді бөлігі болып, қоғамда болып жатқан оқиғаларға араласқысы келеді, - дейді Гозайдин.
ҚАРСЫЛАР
Бірақ елдің бәрі мұндай өзгерістерге риза емес.
Мешітке қатысты бастаманы зерттеп жүрген исламшыл Zaman («Заман») газетінің тілшісі Әли Булач бұл іс-шараны сынайды.
"Мен қарқындап бара жатқан бұл іс-шаралар әйелдерді үйлерінен шығармай тұрған кедергілерді алып тастауды мақсат тұтқан деп ойлаймын. Әйелдер, бірінші мешітке барыңдар, сосын жұмыс тауып аласыңдар. Сонда барлық жеткен жетістіктерің Ислам дінінің аясында заңды болады" деп жазды ол желтоқсанның 3-і күнгі мақаласында.
Оның пікіріне бірнеше исламшыл жазушы әйел уытты тілмен жауап жазды. Олардың біреуі «Ол (Әли Булач – ред.) әйелдерді қорлап отыр» деп ашынады.
Бұл бастамалар туралы қоғамда қарама-қайшы пікір туғаны анық. Сүлеймения мешітінде азан тыңдап отырған кейбір мұсылмандар да өзгерістер туралы сын, ескертпелерін білдірді. Сондайлардың бірі - жекеменшік дүкен иесі, 50 жастағы Мехмед Гүл.
- Меніңше, әйелдердің орыны – үй. Олар құлшылықтарын үйде жасағаны дұрыс. Мешіт олар түгілі ерлер үшін де сондай кең емес. Әсіресе, жұма намазында не болмаса діни мейрамдар кезінде ерлердің өзіне жер жетпей кетеді. Әйелдерге бұл жаққа келу жақсы емес, - дейді ол.
Тіпті әйелдердің арасында да өзгерістерге қатысты алаңдаушылық білдіргендер болды. Әсіресе, мешіттегі әйелдер мен ерлерді бөліп тұратын перделерді алып тастауға қатысты пікір бір жақты емес.
Есімін атаудан бас тартқан бір әйел былай деп түсіндіреді:
- Ортада перде болмаса, бөлініп отыру мүмкін емес қой. Ерлер бізді көрмеуі керек. Олар бұл жаңалықты ендіре алмайды-ау. Перде қалайда болуы тиіс. Бұл - жүріс-тұрыстың діни тәртібі. Ерлерге әйелдерге қарауға тыйым салынған. Сондықтан олар бізді көрмеуі тиіс.
Наиб-мүфти Эрдемли ханым "құрметтелмей жүрген иманды әйелдерінің жан-жүректерін баурау үшін әлі қыруар істер атқару керек екенін" мойындайды.
Бірақ ол "енді шегінуге болмайды" дейді.
- Бұл – үлкен жоба. Бірақ ең маңызды нәрсе - менталитеттің өзгеруі. Негізгі идея - имамдар мен уағызшылар арқылы қоғамды сауаттандыру. Кейбір әйелдер өздерінің күнделікті құлшылықтарын ерлермен бірге орындаса, күнә болады деп қорқады. Ал кейбір ер адамдар "әйелдермен бірге құлшылық қылсақ, дұғамыз қабыл болмайды" деп сенеді. Бірақ Құранда "әйелдер перденің артында тұрып намаз оқысын" не болмаса "мешіт тек ер кісілер үшін ғана" деп жазылмаған ғой. Мешіттің ішінде, Алланың алдында ерлер мен әйелдер тең. Бұл – даусыз ақиқат, - дейді ол.