Батыс Қазақстанның тумасы, Оралдағы педагогика институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген, қазақша еркін сөйлейтін Әмина Федоренко Түркияда оқып жатқан күйеуінің ұсынысымен 8 жыл бұрын Стамбулға көшіп барған. Ол әуежайдан түскенде жүк сөмкесінде кестеленген екі көрпеқабы мен домбырасы ғана болғанын есіне алады.
Қазір Әмина – Түркия, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Ресейдегі мұсылмандық сән ортасына аты таныла бастаған ерекше қолтаңбалы дизайнер. Шалғайдағы ауылда өсіп, мұсылмандықты қабылдаған 30 жастағы екі балалы этникалық орыс келіншек өзін «қазақпын» деп таныстырады. Тұрмысқа шыққасын қыз кезіндегі аты-жөнін өзгерткен Әминаның күйеуі – исламды қабылдаған тәжікстандық этникалық украин.
Қазақстанда тіл маманы һәм журналист ретінде жинаған жұмыс тәжірибесі дизайнердің кейін Түркияда бастаған бизнесіне аса қажетті болып шыққан. Бала кезден икемі болған тігіншілік пен дизайнерлік қабілетін жүзеге асыру кезінде өз киім үлгілерін өзі жарнамалайтын модель болуына да тура келген. Әмина Федоренко Азаттыққа Түркиядағы бәсекесі күшті мұсылманша сәндік киім саласында өз орнын қалай тапқаны туралы әңгімелеп берді.
Азаттық: – Не себепті Қазақстандағы филология мен журналистика саласынан кетіп, Түркиядағы бәсекесі күшті мұсылманша сән үлгісі ортасында жеке брэнд ашуға ұмтылдыңыз?
Әмина Федоренко: – Біріншіден, мұсылманша сән саласындағы бұл жобама қызығушылық танытқаныңызға рақмет айтам. Екіншіден, журналистиканы біржола тастаған жоқпын. Телеарнада жұмыс істеуді бала кезден арман еттім. Ғашық болған кәсібім, әлі айыққан жоқпын. Керісінше, осы телевидениеде мұсылман қыздар орамал таға жүріп жұмысын қалай сақтап қала алады деген ізденіс мені сән саласына жетектеп әкелді. Орамал тағудың алдыңа қойған мақсатыңа кедергі болмауын қаладым. Кез-келген пайдалы қызмет саласында, мемлекеттік, я қоғамдық ұйым болсын мұсылман қыздар өз қабілет-қарымын толық пайдалануы үшін зайырлы қоғамға көркі мен көркем мінезі сәйкес келіп оңайырақ интеграцияланғаны жөн деп ойлаймын.
Талабыма сай зайырлы ортаға интеграциялануға сеп болатын мұсылманша киім үлгісі шығар деп ұзақ күттім. Ондай ыңғайлы киім тапсам, өзім айналыспас едім. Таппағандықтан алғашқы қадам жасадым. Мен тігетін киімдер арқылы адамдардың мұсылман әйелдер туралы теріс стереотиптерден арылуын, ал қыздардың өздерінің мұсылман екенін мақтан тұтуын қалаймын. Осы сезімді өсіріп, бекіту үшін барымды саламын.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: – Сән саласына журналистикадан бірден ауысатындай тігіншілікпен бұрын айналысып көріп пе едіңіз, тәжірибеңіз бар ма еді? «Бастамам сәтсіздікке ұшырамас па екен» деген қорқыныш болды ма?
Әмина Федоренко: – Бала кезімде көркемсурет мектеп-студиясында оқыдым, жасымнан кесте тоқу мен тігіншілік өнеріне әуес болдым. Негізгі білімімнің бұл салаға қатысы жоқ. Адамның кәсібіне қандай да бір арнайы алған бастапқы білімі ғана көмек бола алмайды. Өмірде үйренген нәрсең ұмытылмайды. Сол себепті өз күшімді басқа салада сынап көргім келді. Қандай да бір іске бейім болсаң, оған бәрібір уақыт та, күш те табасың. Ал қорқынышқа келсек, жаңа істі бастарда кедергілер кезігеді. Бірақ менде үрей болған емес. Ол туралы тіпті ойламаппын. Сәтсіздіктен қорықпаймын, өйткені келесі жолы бәрібір сәті түседі.
Азаттық: – Сіздің брендті жергілікті сәнді киім тігу орталықтарынан бөлекше етіп тұрған ерекшелік не деп ойлайсыз? Мата түрі ме, дизайн ба, әлде баға ма?
Әмина Федоренко: – Идеямды тартымды етіп жеткізу үшін фактурасы әртүрлі маталарды қолданам. Аксессуарға, түйреуіштерге, түймелер мен өзге де фурнитура элементтеріне арнайы тапсырыс берем. Кейде бір ерекше, сапалы түймені табу үшін көп уақыт шығындап, бүкіл қаланы шарлап шығам. Тек дизайнға емес, сапаға да көп көңіл бөлінеді. Детальдарға ерекше мән береміз, лазермен кестелеу болсын, жай астар салу болсын. Muslima Wear брендінің киімдері жоғары сапалы материалдардан тігілсе деп күш саламыз. Классикалық стиль мен ұлттық нақыштар салынған қазіргі тенденцияларды ұштастырып, матаға эксклюзивті дизайнерлік принт басамыз. Әрбір сән үлгісіне жанымды салам десем болады.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: – Түркиядағы тұтынушылар қазақша ою-өрнек пен зер түскен мұсылман киімдерін киюге ынталы болып шықты ма?
Әмина Федоренко: – Мені шабыттандыратын ең маңызды идеялар қатарына этнос пен бай мұсылмандық мәдениет қосындысын көрсету жатады. Түрлі идеяларды іздеп жүрем, әр коллекциямда қазақтың ұлттық ою-өрнектерін қолдануға тырысам. Бірақ бұл өрнектерді Түркияда «османлы оюлары» деп атайды. Түркияда мұндай киім киюге ынталы клиенттердің нақты санын айта алмаймын, бірақ өсіп келе жатыр.
Азаттық: – Клиенттеріңіздің дені Түркияда ма, әлде басқа мұсылман елдерінен де тапсырыс көп түсе ме?
Әмина Федоренко: – Тапсырыс көп елден түсіп жатыр. Клиенттерімнің ұлты мен діндерінің әртүрлілігіне қарап, кейде өзім де таң қалам. Ресейдің Кавказынан, Германиядан, АҚШ пен Малайзиядан жиі тапсырыс түседі. Түрлі нәсіл мен ұлт өкілдері біздің ою-өрнек түскен көйлекті киіп, тұтынушы ретінде риза болып алып жатыр. Бұл да мен үшін қуаныш. Дизайнер ретінде танылу – басты мақсатым емес. Muslima Wear бренді ретінде тігілген сәнді мұсылман киімі танылса, алушы қыз-келіншектерді қуанышқа бөлесе және өздерін рахат сезіндірсе, сол маған жетеді.
Азаттық: – Модель ретінде киім үлгілерін вебсайтыңызда өзіңіз жарнамалайтын сияқтысыз. Бұл салада арнайы дайындықтан өттіңіз бе?
Әмина Федоренко: – Бұл да мен үшін бір күрделі сұрақ. Модель ретінде көріну өз басыма да оңайға соққан жоқ. Біріншіден, тұтас денені жауып тұратын арнайы мұсылман киімі болғасын, кәдімгі кәсіби модельдер ол киімді жарқыратып ашып көрсете алмауы мүмкін. Екіншіден, мұсылман қыздарды мұндай жұмысқа көндіру және қиын. Үшіншіден, бұл бизнесті енді бастағанда біздің кәсіби модель жалдайтын қаржылық жағдайымыз да болған жоқ. Сөйтіп өзіме модель болуға тура келді. Өзім тіккен киімді өзім қалаған түрде таныстыруға тырыстым. Адамның бет-әлпеті, мимикасы, эмоциясы, түр-тұлғасы, түсірілім кезінде жарық пен камераны сезіну қабілеті өте маңызды. Бұл жағынан алғанда 2000 жылдардың ортасында қазақстандық телеарналарда жұмыс істеп жинаған тәжірибем көп көмек болды. Қазір брендіміз үшін жаңа бейне іздеп жатырмыз.
Азаттық: – Фотографыңыз кім?
Әмина Федоренко: – Негізгі фотографым – жергілікті кәсіби маман. Бұрындары рок жұлдыздарды түсірумен айналысқан, қазір өзі де күтпеген жерден мұсылмандық сән үлгілерін, менің киімдерімді суретке тартып жүр. Басқа да бірнеше фотографпен жұмыс істейміз. Ал декорацияны өзім таңдаймын, коллекцияның тақырыбын өзім қоям, фотографқа ол жағынан көп жұмыс қалдырмаймын.
Азаттық: – Бұл жобада жолдасыңыз қандай рөл ойнайды? Киім тігу цехыңызда қанша адам жұмыс істейді?
Әмина Федоренко: - Күйеуіме жан-жақты қолдауы үшін алғысым шексіз. Ол қатыспаса, бұл жоба жүзеге аспас та еді. Ағылшын, түрік, парсы, орыс тілдерін меңгерген, бірнеше дипломы бар, өз саласында карьерасы өсіп келе жатқан адам.
Бірақ менің идеямды жүзеге асыру үшін бар салмақты өзі көтеріп алды. Күйеуім – Душанбеден, шешесі – тәжік, әкесі – украин. Эверест құсаған таудай болып артымда тұрғаны енді білініп жатыр. Жалпы командамыз да түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұрады. Талантты, кәсіпқой, мақсатшыл 15 шақты қызметкеріміз бар. Күнделікті жұмыста мұндай адамдармен араласу рухани жан дүниеңді кеңітіп, достығыңды күшейтеді. Мен бұл жобаға үлес қосып жатқан барлық әріптестеріме разымын.
Қонақтар үйге кіріп, біздің қазақша ою-өрнек пен кесте түскен көрпе-жастықты, жиһазды, Қазақстанның туын көргенде барып қазақтың үйі екенін байқайды.
Азаттық: – Қазақ және түрік тілдеріне судай мұсылман этникалық орысты жолықтырғанда түркиялықтар таң қалмай ма?
Әмина Федоренко: – Қазақстанда туып өстім, тәнім орыс болса да, жаным – қазақ. Күйеуімнен түрік достары «Жолдасың кім?» деп сұраса, «қазақ» деп жауап береді. Олар үйге келгенде есік ашқан мені көріп таң қалады. «Жолдасым – қазақ» деп ең ғой, көк көзді мына келіншек кім?» деп сұрайды. Қонақтар үйге кіріп, біздің қазақша ою-өрнек пен кесте түскен көрпе-жастықты, жиһазды, Қазақстанның туын көргенде барып қазақтың үйі екенін байқайды. Оралда туып, Ақтөбе облысындағы Құмқұдық деген бір қазақ ауылында өстім. Қазақ орта мектебін бітірдім, ауылымызда Қапаш ата деген ақсақалымыз бар еді. Сол кісінің нақылдарын кішкентайымнан құлағыма құйып өстім. Үлкеннің жолын кеспеуден бастап, шай құюға дейін үйретуші еді. Егер өзім көрген қазақ мәдениеті мен дәстүрін ең құрығанда осындай мұсылманша сәнді киім арқылы болсын әлемге таныта алсам, қазақтың дәстүрлі киіміне ұқсайтын, бірақ қазіргі заманға сай көйлектерді ұсына алсам, бақытты болар ем.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: – Кейбір ақ-қара түсті дәстүрлі мұсылман әйелдердің киім үлгісімен салыстырғанда сіз ұсынатын дизайн мен бояулар көзге бірден түсетін қанық болып көрінеді. Мұндай көзге түсетін ашық түсті киім үлгілері мұсылман әйелге көпшіліктің назарын ерекше аударуы мүмкін деп сынаған адамдар болды ма?
Әмина Федоренко: – Кез-келген істе мақтау мен сын қатар жүреді. Дәстүрлі мұсылман киімдерінің стилі мен реңі араб елдерінде, түркітілдес елдерде, Кавказ елдерінде әрқилы. Малайзиядағы мұсылман киімі ашық әрі түрлі-түсті, араб елдерінде дәстүрлі қара түсті, Түркияда консервативтік стильді, Кавказда көйлек пен етекті киімді (юбка) ұнатады, еуропалық мұсылман қыздар туниканы қалайды, түркі елдерінде ұлттық нақыштар түскені керек. Ең бастысы қандай орында және қай аймақта киетін киім екенін білу. Біздің модельдерден әркім өз керегін тапса дейміз. Қандай да бір үлгіні күшпен таңуға болмайды, таңдау еркін қалдыру керек. Бізге дініне қарамастан әртүрлі ұлтқа жататын қыздар хабарласып жатады.
Азаттық: – Алда жоспарлап отырған қандай сән коллекцияларыңыз бар? Қазақстанда және басқа да Орталық Азия елдерінде көрсетілім ұйымдастыру ойыңызда бар ма?
Әмина Федоренко: – Биыл жыл соңына дейін Стамбулда Орталық Азияға байланысты «Жібек жолы» атты тематикалық коллекциямның презентациясын өткізсем деп жоспарлап жүрмін.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!