Қыс келіп, күн суыта бастаған кезде Түркіменстанның шығысындағы билік өкілдері халыққа "коммуналдық төлемдерді уақытылы төлемеген отбасылар азық-түлікті арзандатылған бағада алу мүмкіндігінен айырылады” деп ескерткен.
Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат берген ондаған жергілікті тұрғынның айтуынша, желтоқсан айының басында үкімет мемлекеттік кәсіпорындарға коммуналдық төлем қарызын жинауға көмектесу науқанын бастап, Лебап облысының тұрғындарына ауызша ескерту жасаған.
– Тұрғындарға қарызын өтеуге желтоқсанның соңына дейін уақыт берді… Газ бен жарықты былай қойғанда, адамдарға нан сатып алудың өзі қиынға соғып отыр, – дейді Дарганата ауданының тұрғыны.
Азаттықтың Түркімен қызметіне пікір берген азаматтардың бәрі билік тәуелсіз ақпарат құралдарымен сөйлескен адамдарды жазалайтынын айтып, аты-жөнін құпия қалдыруды сұрады.
Түркіменстанның көп азаматы үшін коммуналдық төлем қарызы бұрын кездеспеген жаңа дүние болып отыр. Өйткені былтырға елде газ, электр жарығы және су мемлекеттік субсидиямен берілетін.
Бұл коронавирус пандемиясы кезіндегі азық-түлік тапшылығының теріс салдары мен экономикалық құлдырауды күшейтуі мүмкін. Түркіменстан – "елде коронавирус жұққан науқас тіркелген жоқ" деп мәлімдеген әлемдегі жалғыз мемлекет.
Ауыл тұрғындары пайдаланып отырған электр жарығы үшін ақша төлеу керегін жақсы түсінеді. Бірақ көп отбасы бүкіл табысын тамаққа жұмсап, коммуналдық төлем қарызын жабуға ақша таба алмай отырғанын айтады.
Ауыл тұрғындарының көбі ауыл шаруашылық саласындағы маусымдық жұмыстар болмайтын қыс уақытында табыссыз қалады. Сондықтан көп адамға коммуналдық төлемдерді уақытынан кешіктірмей төлеу қиынға соғады.
Көбі ауылға жақын орналасқан қалаларға барып, кездейсоқ жұмысқа тұрады немесе Түркия сияқты шет мемлекеттерде жұмыс істейтін отбасы мүшелері жіберген ақшаға күн көреді.
Коронавирусқа қарсы күрес мақсатында бірқатар қалаға кіруге шектеу қойылған. Түркіменстан билігі елде коронавирус жоқ деп мәлімдеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық ресми тұлғалар түркімен шенеуніктерін коронавирус статистикасын ашық жриялауға шақырып, нәтиже шығара алмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нанның кезегінде сағаттап тұрамыз". Азық-түлік тапшы Түркіменстанда дүкендер жаңа ереже шығардыКөрші елдердің экономикасы пандемиядан зардап шегіп, тауар жеткізу тізбегі үзілген соң, ол жақтан түсетін ақша аударымдары да тоқтаған.
Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Лебап облысының Дарганата және Фарап аудандарында кемі 10 отбасы желтоқсанның соңына дейін коммуналдық төлемдердің қарызын жабуға ақша таба алмайтынын айтқан.
Түркіменстанда электр жарығы мен газға есептегіш құралдар орнату 2019 жылы басталды. Осы кезде үкімет ондаған жыл бойы электр энергиясы, газ бен ауыз суға беріліп келген субсидияларды тоқтатты.
1993 жылы енгізілген субсидия жүйесіне сәйкес, отбасының әр мүшесіне ай сайын 35 киловатт-сағат электр энергиясы, 50 текше метр газ, 250 литр ауыз су берілетін.
2014 жылы мұнай мен газдың әлемдік нарықтағы бағасы төмендегеннен кейін Орталық Азияның газға бай мемлекетінде экономикалық қиындықтар басталды.
Елдегі алты миллион халықтың басым көпшілігі кейінгі төрт жылда бағаның өсуі, азық-түлік тапшылығы сияқты мәселелерге кезікті. Бірақ Түркіменстан үкіметі мұндай қиындықтардың барын жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ел вирустан емес, аштан өлуден қорқады". Түркіменстанда не болып жатыр?2020 жылы шекара жабылып, COVID-19 пандемиясына байланысты азық-түлік импорты қиындағаннан кейін жағдай одан әрі ушықты.
Осы жылы ұнның бөлшек бағасы 50 пайызға, өсімдік майы 130 пайызға өскен.
Биліктің "коммуналдық төлемдер бойынша қарызы өтелмеген азаматтар азық-түлікті жеңілдікпен алу мүмкіндігінен айырылады" деген ескертуі шын мәнінде жүзеге аса ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Бірақ билік уәдесінде тұрса, ауылдағы мыңдаған адам қыстың бел ортасында аш қалуы мүмкін.
Түркіменстан халқының көбі ұн, нан, өсімдік майы, күріш, қант, картоп сияқты негізгі өнімдерді мемлекеттік дүкендерден алады. Мұнда тауарлар жекеменшік дүкендер мен базарларға қарағанда әлдеқайда арзан бағада сатылады.
Бірақ кейінгі кезде мемлекеттік дүкендердегі азық-түлік қатары азайып, тауарлар шектеулі мөлшерде ғана келетін болған. Адамдар көбіне мемлекеттік дүкендердің алдында сағаттап кезекте тұрады. Халықтың көбі үйіне құр алақан қайтады. Өйткені олардың кезегі келгенше, азық-түлік таусылып қалады.
Қарашада Ашхабад тұрғындары кей аудандарда адамдар таңғы 7-де ашылатын мемлекеттік дүкендерге бірінші болып кіру үшін түні бойы кезекте тұрғанын айтқан.
Билік өзін сынағандарды қатаң жазалайтын Түркіменстанда азық-түлік тапшылығы бірнеше наразылық шарасына себеп болды.
10 қарашада ондаған адам мемлекеттік дүкендердегі ұн тапшылығына шағыну үшін Марый облысы Гарагум аудандық әкімшілігі ғимаратының жанына жиналған.
Бірақ аудандық билік өкілдері халықпен қысқа кездесу өткізгеннен кейін полицияға жиналғандарды таратуды тапсырған. Олар тіпті "мәселені шешуге тырысамыз" деген уәде де бермеген.
Бұл – Мары облысында биыл өткен екінші наразылық акциясы. 3 сәуірде 30-ға жуық әйел жолды жауып, кейіннен азық-түлік тапшылығына қатысты наразылық білдіру үшін өңірлік әкімшіліктің алдына барған.
Митинг билік өкілдері наразылардың әрқайсысына екі келі ұн беру туралы уәдесімен аяқталған.
Түркіменстан билігі ұзаққа созылған азық-түлік дағдарысын еңсеруге қатысты қандай жоспары барын ашық жарияламаған. Батыс бақылаушылары осы уақытқа дейін елде болған сайлаудың бір де бірін әділ әрі бәсекеге толы өтті деп мойындамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ақша жоқ". Тамақтан тарыққан түркімендер мал-мүлкін, алтынын сатып жатыр