Accessibility links

"Ақша жоқ". Тамақтан тарыққан түркімендер мал-мүлкін, алтынын сатып жатыр


Байрамалы ауданында қас қарайған шақта көшеде алтын бұйымдар сатып отырған адамдар. Мары уәлаяты, Түркіменстан.
Байрамалы ауданында қас қарайған шақта көшеде алтын бұйымдар сатып отырған адамдар. Мары уәлаяты, Түркіменстан.

Үкіметтен қайран болмаған соң Түркіменстанның шығыс өңірлеріндегі ақшасы жоқ халық азық-түлік алу үшін қолда барын - әшекей бұйымдар, көлік мен малды сата бастады.

"Бала-шағаға тамақ, кәрі ата-анамызға дәрі алатын ақшамыз қалмады", - деді мамырдың 20-сы күні Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлык радиосына берген сұхбатында Байрамалы қаласының аты-жөнін айтпауды өтінген тұрғыны.

"Билік жақында болған дауылдан соң үйімізді қайта салуға көмектеспей отыр. [Үйіміздің] қатты бүлініп, мүжіліп жатқан қабырғасы мен шатырын жөндеуге өз қалтамыздан ақша төлеп жатырмыз", - деді ол.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Түркіменстанның шығысында қалың нөсер мен сұрапыл дауылдан бірқатар елдімекен қатты зардап шекті.

27 сәуірде Түркіменабат қаласында болған дауылдың салдары.
27 сәуірде Түркіменабат қаласында болған дауылдың салдары.

Сәуірдің 27-сіндегі қатты дауыл Мары мен оған көрші Лебап аймақтарына орасан шығын әкелді. Ресми деректе апаттан төрт кісі мерт болғаны айтылды. Бірақ өзге ақпарат көздері ондаған адам қаза тапты деген дерек келтіреді. Апаттан көп адам жарақат алған.

Дауылдан көп үй қирап, бірқатар елдімекен бірнеше апта бойы сусыз, жарықсыз қалды. Бұл тұрғындардың онсыз да қиын жағдайын онан сайын ауырлата түсті.

Елдегі барлық ақпарат құралын бақылауында ұстап отырған Түркіменстанның томаға-тұйық, авторитар үкіметі табиғат апаты туралы тіс жарған жоқ, ал қираған үйлердің видеосын түсірген бірнеше адам қамалды.

Ашғабаттағы мемлекеттік азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.
Ашғабаттағы мемлекеттік азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.

Бес жылдан бері елде негізгі тұтыну тауар түрлері қат болып, жаппай жұмыссыздық жайлап, инфляция аспандап тұр.

Түркіменстан осындай ауыр экономикалық жағдайда тұрғанда бұл дауыл жығылған үстіне жұдырық болды. Әсіресе бес миллион тұрғыны бар елдің шалғай ауылдары азық-түлік тапшылығы мен бағаның көтерілуінен қатты жапа шегіп жатыр.

Оның үстіне банк картасымен есеп айырысуға мүмкіндік беретін төлем жүйесі енгізілмеген Мары сияқты ауылды жерлерде қолма-қол ақша жоқтың қасы.

Жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы тұрғындардың банктегі есепшоттарына түседі, ал банктер мен банкоматтарда қолма-қол ақша аз болғандықтан, жұрттың көбі бар ақшасын ала алмай қиналады.

Ашғабатта банкоматтан ақша алу үшін кезекте тұрған адамдар.
Ашғабатта банкоматтан ақша алу үшін кезекте тұрған адамдар.

Соның салдарынан картамен төлем қабылдайтын, арзандатылған бағамен тауар сататын мемлекеттік дүкендерде ұзақ-сонар кезек арылмайды. Бірақ мемлекеттік дүкенде тауар ауқымы шектеулі болғандықтан әр адамға тауар шақтап қана беріледі.

Бала-шағасын асыраудың басқа жолын таппай дал болған отбасылар ақша табу үшін мал-мүлкі мен әшекей бұйымдарын, көлігін арзан бағаға сатып жатыр дейді Азатлык радиосының тілшісі мен Марыдағы бірнеше дереккөз.

"Мысалы, Мары базарында бұзаулы сиырды орта есеппен 5400 манатқа (шамамен 1540 доллар) алатын болсаң, қазіргі жағдайда тұрғындар ондай малды 4000 манатқа (1140 доллар) да бере салады", - дейді тілші. "Тіпті бұдан да арзан бағаға беріп жатқандар бар".

Мары уәлаятындағы мал базары.
Мары уәлаятындағы мал базары.

Дауыл болғанына қарамастан, жергілікті әкімшілік коммуналдық қызмет ақысын уақытында төлеуді талап етеді. Тамақ алып, қарызын жабу үшін көлігін сатып жатқан тұрғындарға Мары әкімшілігі қосымша кедергі туғызып қойды.

Бірнеше тұрғынның сөзін келтірген Азатлык тілшісі тұрғындардың ақтан өзге түсті көлікті сата алмай отырғанын хабарлады. Билік басқа түсті көлікті жаңа иесіне тіркеуден бас тартады. Тілшінің айтуынша, соның кесірінен жұрт көліктерінің түсін аққа бояп әуре-сарсаңға түсіп жатыр.

Кейбіреуі көлікті жаңа иесіне тіркеуден бұрын ақ түске бояймын деп уағдаласады. Ол үшін сатушы көлік бағасын арзандатуы керек.

2018 жылы Түркіменстан астанасы Ашғабатта қара түсті автокөлікке бейресми тыйым салынған. Бүкіл ел тұрғындарына тек ақ түсті машина алуға кеңес берілді.

Түркіменстанның авторитар президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ақ түсті ұнататыны көпке белгілі. Ол билікке келгелі Ашғабатта ақ мәрмәрмен қапталған ақшаңқан ғимарат пен ескерткіш көбейді.

Нөсер мен дауылдан үйлері қираған Лебап аймағының тұрғындары да үкіметтен еш көмек алмаған. Олар да дәл осындай қиындықты бастан кешіп жатыр. Соның салдарынан Лебап аймағының орталығы Түркіменабат қаласында мамырдың 14-іне бұрын-соңды болмаған наразылық шарасы өтті.

Аймақ әкімшілігі ғимаратының алдына жиналған бірнеше жүз адам биліктен су мен электр жарығын қалпына келтіруді, бүлінген үйлерді жөндеуге көмек беріп, көшеде жиналған лай мен қоқысты тазалауды талап етті.

Үкімет сыни пікір мен халық наразылығын жақтырмайтын Түркіменстанда мұндай шара өте сирек болады.

Мақала Азаттықтың Түркімен қызметінің репортажы негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG