25 қыркүйекте Түркіменстанда Халық мәслихатының жиынында (жылына бір-екі рет өтеді) ел президенті 62 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедовке "елдің құрметті ақсақалы" төсбелгісі тапсырылды.
Бердімұхамедовке бұл атақты беру туралы қаулыны Мәжіліс төрайымы Гүлшат Маммедова оқыды. Қаулыға сай, президентке "құрметті ақсақал" атағы "отан алдындағы жасампаз, адал және жанкешті еңбегі үшін" берілген. Бұдан бөлек, Бердімұхамедовке бұл атақты беруді "әр салада жұмыс істейтін ел азаматтары мен қоғамдық ұйымдар өтінген".
Бердімұхамедовке атақ тапсыру рәсімінде дон (шапан) жауып, түркіменнің ұлттық бас киімін кигізді. "Құрметті ақсақал" төсбелгісін алған сәтте президент "бұл атақ халық алдындағы жауапкершілігімді арттыра түседі" деді. Төсбелгі алған жиында президент елде екі палаталы парламент құруды (Халық мәслихаты – жоғарғы палата, Мәжіліс – төменгі палата) идеясын ұсынды. Ол бұл идеяны жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгеріс енгізу жобасын дайындауды тапсырды.
Бердімұхамедовке "Құрметті ақсақал" атағы елде азық-түлік қымбаттап, елде ұн, қант, сәбіз тапшылығы қысқан сәтте берілді. Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, елдің кейбір аумағында жұрт ұн алу үшін кезекке тұрып жатыр.
Бердімұхамедовте қазір 20-дан астам медалі мен ордені бар. Түркіменстан жұрты оны "Арқадағ" ("желеп-жебеуші" деген атағы - ред.) деп атайды. Ол – "Түркіменстанның атбегісі", "Елге еңбегі сіңген архитектор". 2011 және 2017 жылы ол Түркіменстан батыры атанған. Елдің бірінші президенті Сапармұрат Ниязовке батыр атағы бес рет берілген. 2004 жылы Халық мәслихаты Ниязовке бұл атақты бесінші рет тапсырмақ болған еді, бірақ ол "оставкаға кетпейтінін, халықпен бірге қала беретінін айтып", атақтан бас тартқан. Ниязов 2006 жылы өмірден өткен.
Ниязов тұсында Түркіменстанда ақсақалдар кеңесі биліктен дербестеу еді. 1994 жылы олар Ниязовқа шах мәртебесін беру идеясына қарсы шыққан еді. Шах атағы Ниязовқа берілмеген.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АТАҚТАР ЖАРЫСЫ
Гурбангулы Бердімұхамедовтен бөлек Орталық Азия лидерлері арасында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да атақтары жеткілікті.
2010 жылы Қазақстан парламент Назарбаевқа "Қазақстанның бірінші президенті – Елбасы және Ұлт көшбасшысы" мәртебесін берген. Назарбаевқа "Елбасы" мәртебесін берер алдында мәжіліс депутаттары "бұл – халықтың тілегі мен қалауы" деген. Осы жылы 3 маусымда Назарбаев мемлекеттік басылымдарда "мәртебе беруді сұраған халқына рақмет айтып", атақтан бас тартатынын мәлімдеген. Назарбаев заңға қол қоймайтынын жариялаған. Бірақ парламент пен үкімет Назарбаевты айналып өтіп, оған "Елбасы" мәртебесін берген. Конституциялық заңға сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (қазір ел президенті), сол уақыттағы Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов, сол кезде үкіметті басқарған Кәрім Мәсімов (қазір ҰҚК басшысы) қол қойған еді.
Заңға сай, Назарбаевтың бейнесін бүлдіру әрекеттерін жасағандарға айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал баспасөз құралдары арқылы жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Заң бойынша, Назарбаев пен оның отбасы жауапқа тартылмайды.
Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ биліктегі "Нұр Отан" партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қалған. Қазір ол елдегі биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың "Құрметті сенатор" деген атағы да бар.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның да "Ұлт көшбасшысы" атағы бар. 2015 жылы Тәжікстан парламенті Рахмонға арнап "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы" заңын қабылдаған. Заңда "Рахмон мемлекет басшысы, бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы ретінде өкілеттігін атқарған кезеңдегі іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды" деп жазылған.
Парламент Рахмонға "егеменді Тәжікстан мемлекетінің, бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" деген мәртебесі де берген.
ПІКІРЛЕР