Жеңілдетілген бағамен нан, сұйық май, күріш сияқты ең қажет азық түрлерін алуға дүкенге келген оларға сатушылар өздері қаламаған тауарды қоса ал деп міндеттейді. Соңғы кездері елдегі 6 миллион тұрғынның біразы нан-суын осындай дүкендерден алуға мәжбүр.
Ел астанасы – Ашғабаттың бірнеше тұрғыны Азаттыққа үкімет дүкендеріндегі сатушылардың бір бөтелке сұйық майға бір қорап жеміс шырынын қосып сататынын айтты. Бір килограмм қант алу үшін бір бөтелке газдалған су қоса алуға міндеттісің.
Осы мәселе бойынша Азаттық сөйлескен тұрғындардың барлығы биліктің қудалауынан қорқып, аты-жөндерін атамауды сұрады.
Жекеменшік дүкендер мен базарларда азық-түлік бағасы бұдан алты есеге дейін қымбат болғандықтан, табысы төмен әулеттер сатушылардың бұл талаптарына көнуге мәжбүр.
Орталық Азияның қатаң бақылаудағы бұл елінде бірнеше жылдан бері азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық болып жатыр. Бір жыл ішінде ұн 50 пайызға, сұйық май бағасы 130 пайызға қымбаттаған.
"НАН АЛҒЫҢ КЕЛСЕ, ПРЕЗИДЕНТ ПОРТРЕТІН САТЫП АЛ"
Бағасы арзан тауарға өтпей жатқан басқа тауарды қосып сату – мемлекеттік дүкендерде бұрыннан бар тәжірибе.
Мәселен, тамызда Лебап аймағындағы кей дүкендер нан мен ұн алу үшін алдымен президент Гурбангулы Бердімұхаммедовтің портретін сатып алуды талап еткен.
Тұрғындардың айтуынша, дүкендерде қат тауардың қасына басқа затты қосып сату жазылмаған ережеге айналған. Олар тұрғындардан бір азық-түлік түрімен бірге жергілікті жерде жасалған басқа бір затты өз қалауымен таңдап алуды талап етеді.
Кей дүкендер мұны жергілікті тауар өндірушілерді қолдау әрекеті деп санайды.
Соның кесірінен тұрғындар қаласа да, қалмаса да, дүкенге барғанда сусын мен тәттілер алып қайтуға мәжбүр.
Олардың айтуынша, тіпті қасындағы міндеттелген тауарды қоса есептегеннің өзінде, бұл басқа коммерциялық дүкендерге барғаннан арзанға түседі.
Тұрғындар мұндай дүкендерден нан, ұн, ет, күріш, қант, сұйық май және картоп сияқты басты азық-түлік түрлерін алады.
Бірақ мұндағы негізгі тауар тез бітіп қалады, ал алушы көп. Сондықтан жұрт азық-түлік алу үшін дүкенде сағаттап ұзақ-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Кейбіреуі сонша тұрса да, үйіне құр қол қайтады, себебі кезегі жеткенше тауар бітіп кетеді.
Ашғабаттағы дүкенде кезекте тұрғандар Азаттық тілшісіне нан алу үшін қала ортасына сырт жақтан келгендерін айтты, себебі олар тұратын аудандағы дүкендерде нан бітіп кеткен.
ҮКІМЕТ "БӘРІ ЖАҚСЫ" ДЕЙДІ
Азық-түліктің қаттығынан наразылыққа шығып жатқандар да бар. 3 сәуірде оңтүстік-шығыстағы Мары ауданында 30 шақты әйел көлік жолын бөгеп, жергілікті әкімшілік ғимаратына барып, қарсылық білдірді. Әкімшілік өкілдері әрқайсына екі килограм ұннан береміз деп уәде еткен соң жиналғандар тарап кеткен.
Үкімет елде азық-түлік тапшылығы, экономикалық қиындық сияқты мәселелердің бар екенін жоққа шығарады.
Бұған қоса Ашғабат елде Covid вирусын жұқтырған бірде-бір адам жоқ деп отыр.
Қыркүйекте Human Rights Watch (HRW) және қуғынындағы «Түркіменстанның адам құқықтары бастамасы» ұйымы Түркіменстан үкіметін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді жасырып отыр деп айыптап, жұмыссыздық пен кедейліктен жапа шеккен жандарға көмектесуді талап етті.
23 қыркүйекте жарияланған есебінде HRW және «Түркіменстанның адам құқықтары бастамасы» ел үкіметінің өз халқына әлеуметтік көмек беру бойынша стратегиясы жоқ екенін және адамдардың азық-түлік алу және лайықты өмір сүру стандарттарын қамтамасыз ету міндеттемелерін орындамай отырғанын айтты.
«Түркіменстан: әрекетсіздік пен жоққа шығару» азық-түлік дағдарысын күшейтті» деп аталған бұл есепте қиындыққа тап болған түркімен азаматтарының оқиғалары суреттеледі.
«Отбасымыз былтырғымен салыстырғанда биыл тамақты аз жейді. Себебі ақшамыз аз, [азық-түлік] бағасы да аспандап кетті. Кезек көп, тауар қат болғандықтан соны алудың өзі қиын» деді Түркіменстандағы үлкен отбасының отағасы шілде айында берген сұхбатында.
Сегіз баланың әкесі – Сапардың айтуынша, оның қарт анасы азық-түліктің қоймаға түскенін күтіп, дүкенде сағаттап кезекке тұрады.
«Таңғы 4-6-ларда оянып, кезекке тұруға кетеді... Дүкен ашылатын кезге жақындағанда оны басқа кісі алмастырады. Кезегің келгенше 3-4 сағатқа дейін күтуге тура келеді» дейді Сапар.
Коронавирус пандемиясы кесірінен шекаралар жабылған соң Түркіменстанның экономикалық жағдайы нашарлап кетті.
Басты азық-түлік жеткізуші – Иранмен арадағы шекара жабылғалы тапшылық тіпті ұлғайып, баға қымбаттаған.
Бірақ проблема коронавирус тарағаннан бұрын-ақ басталған.
HRW және «Түркіменстанның адам құқықтары бастамасы» есебінде сөзі келтірілген бір студент былтыр қарашада өз табысының 70-80 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын айтқан.