Түркіменстан бейтарап саясатын өзгерте ме?

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Өзбекстан, Ташкент, 8 қазан 2015 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Өзбекстан, Ташкент, 8 қазан 2015 жыл.

Түркіменстан билігі 20 жылдан бері БҰҰ-дағы «бейтарап ел» мәртебесін қолданып, әлемнен оқшауланумен келеді. Бірақ соңғы айларда Түркіменстанның бұл саясатын өзгертуді талап ететін оқиғалар болды.

Түркіменстанның «позитивті бейтараптық саясатының» 20 жылдығын атап өтуге екі ай қалды. Алайда соңғы уақыттары бұл стратегияға сызат түсіретін аймақтық және әлемдік оқиғалар болды. Ол оқиғалар «позитивті бейтараптық» анықтамасын қайта қарауды талап етеді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қазанның 7-сі және 8-і күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте болды. Өзбек президенті Ислам Каримов қазанның басында Бердімұхамедовті іссапармен келуге шақырған еді.

АУҒАНСТАНҒА АЛАҢДАУ

Бұның алдында бірнеше күн бұрын ғана «Талибан» мен басқа да шетелдік содырлар Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кундуз қаласын басып алды. Өзбекстан баспасөзі Бердімұхамедов пен Каримовтің кездесуі туралы жаңалықтарын «Екі ел басшысы Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір алмасты...» деп бастады.

Түркіменстанмен шекаралас Ауғанстанның солтүстік-батысындағы жағдай бұл елдің солтүстік-шығысындағы ахуалдан оңып тұрған жоқ. Қазанның 8-і күні, екі президент кездескен кезде, Ауғанстанның Pajhwok ақпарат агенттігі «Талибан» жасағының «Фарьяб облысының Гарзиван және Паштункот аудандарын басып алды» деп мәлімдеді. Фарьяб – Ауғанстанның Түркіменстанмен шектесетін төрт облысының бірі.

Меймене қаласындағы ауған үкіметі әскері. 9 шілде 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Меймене қаласындағы ауған үкіметі әскері. 9 шілде 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Осы мақалада Талибанның қазанның 4-і күні Фарьяб облысының орталығы Меймене қаласын басып алу үшін шабуыл жасағаны, бірақ онысы сәтсіз болғаны жазылды. Облыс кеңесі төрағасы Сайед Абдул Баки «Гарзиван мен Паштункотта адам шығыны бар, үкімет қауіпсіздік қызметін күшейтпегенде тәліптер Мейменені басып алатын еді... » деген.

Ауғанстанның Түркіменстанмен шекаралас тұсында үш түркімен шекарашысы мен үш солдат 2014 жылы елге кірмек болған қарулы адамдар қолынан қаза тапқан еді.

Үш солдатты Фарьяб облысынан Түркіменстанға өтпек болған қарулы адамдар сол жылы мамыр өлтірген. «Талибан» содырлары мен олардың шетелдік одақтастары қазір облыстағы ондаған ауылды басып алған.

2014 жылдың ақпанында әскерилер Бадгис провинциясынан Түркіменстанға өтіп, үш түркімен шекарашысын атып өлтірген еді. Түркімен шекарасына жақын жердегі әскерилер Багдис және Жаузжан провинцияларына жиі шабуылдайды.

Түркіменстан да, Өзбекстан да ешқандай әскери блокқа мүше емес. Қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда бұл елдерді қорғауға ешбір мемлекет міндетті емес. Өзбекстанмен салыстырғанда қауіпсіздік тұрғысынан Түркіменстанның жағдайы тіпті нашар. Өзбекстан тәуелсіздік алған соң әскерін жасақтай бастады, ал Түркіменстан елді сыртқы қауіптерден тасалау үшін «позитивті бейтараптық» мәртебесіне сүйеніп, әскеріне немқұрайды қарады.

2014 жылы шекарада адам өлімі болған соң түркімен билігі әскерін нығайтып, Ауғанстанмен шекаралас аймақтардың күзетін күшейткендей болған. Соңғы деректер бойынша, Түркіменстан әскері мен соғыс машиналарының 70 пайызы қазір Ауғанстанмен шекаралас 744 километрлік аумақта тұр.

Түркімендер бұл жерде ор қазып, бекіністер салып, жаңа шекара бекеттерін орнатып жатыр. Бірақ Түркіменстан армиясы сынақтан өтпеген, шама-шарқы белгісіз. 2014 жылғы оқиғаларды ескерсек, түркімен әскерінің Ауғанстандағы содырларға төтеп беруі қиын.

КАРИМОВТЫҢ КЕҢЕСІ

Енді Ташкентке келген Бердімұхамедовке оралайық. Түркіменстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы 2006 жылдың соңында Бердімұхамедов президент болған соң күрт жақсарды. Оған түркімен лидерінің өзбек президенті Каримовке үлкен құрметпен қарайтыны да әсер еткен болуы мүмкін. Бұлардың қарым-қатынасы қария мен жас адамның арасындағы ілтипатқа ұқсайды. Сондықтан Бердімұхамедов көршісімен әскери көмек туралы сөйлесіп жатса, таңғалуға болмайды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Каримов Совет Одағы тарағалы саяси ислам мен әсіредіншіл экстремистерге қарсы күресіп келеді. 1992-97 жылы Тәжікстанда азамат соғысы болғанда қақтығыс аймағына өзбек әскері де кірді, олар 1999 және 2000-жылдары қырғыз-тәжік шекарасындағы тауларға бекінген «Өзбекстан ислам қозғалысы» содырларын Бішкек немесе Душанбенің рұқсатын алмастан атқылады.

Каримовтің осы бұрынғы әрекеттеріне қарап, егер Бердімұхамедов Ауғанстанмен шекаралас аумақтағы қауіпсіздікті нығайтуға көмек сұраса, қолдау көрсетуге дайын болар деп топшылаймыз.

Ашғабад АҚШ-тан да әскери көмек сұрап отыр. Осы апта Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов Вашингтонға барады. Солайша «позитивті бейтараптық» саясатына сызат түсті.

ГАЗ МӘСЕЛЕСІ

Соңғы болған тағы бір жағдай Түркіменстанның сыртқы және елдегі саясатына ықпал етеді. Қазанның 7-сі күні Ресей Каспий теңізінде соғыс кемесінен Сирияны көздеп зымыран ұшырғанда, Каспийді жағалай орналасқан басқа елдерге – Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Түркіменстанға «Каспий теңізін біздің флот басқарады» деген емеурін жасағандай болды.

Түркіменстан мен Әзербайжан Еуропа Одағымен бірге «Транскаспий» газ құбырын салуды (ТСР) бірнеше айдан бері талқылап келеді. ТСР -түркімен газын Каспий теңізінің астымен Әзербайжанға жеткізіп, ары қарай Еуропаға асыруы тиіс жоба. Бұл жоба іске асқан жағдайда Еуропаның Ресей газына деген тәуелділігі азаяды. Әлбетте, Ресей бұл жобаға қарсы.

Түркіменстан өзінің үш ірі газ тұтынушысының екеуі – Ресей мен Ираннан айырылса, тек Қытай ғана қалады. Түркіменстан газды ғана экспорттап күн көріп отыр. Қазіргі кезде түркімен газын тасымалдауы мүмкін жаңа екі-ақ жоба бар - ТСР мен Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (TAPI) маршруттары.

TAPI-дің түркімен бөлігін салу осы жылдың соңында басталмақ. Бірақ Ауғанстан мен Пәкістанның оңтүстігіндегі Белуджистан облысындағы (газ құбыры өтетін) жағдай қиындап кеткендіктен, құбырдың Ауғанстан шекарасынан ары асуы екіталай.

Ресей қанатты зымырандарын ұшырған соң ТСР жобасының да салынып бітуі күмәнді болып қалды.

Мұның бәрі Түркіменстанның жағдайын қиындатып тұр. Қазанның 4-і күні Түркімен оппозициясы сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, елдің газ саласындағы қызметкерлерді жұмыстан көптеп қысқартып жатыр. Оған соңғы екі жылда әлемдік нарықтағы газ бағасының 50 пайызға төмендеуі ықпал еткен.

Енді Түркіменстан бизнес стратегиясын қайта қарауға мәжбүр. ТСР мен TAPI және Иранға тартылған екі газ құбыры 1990 жылдардың ортасындағы идеялар болатын. Одан кейін Түркіменстан 2006 жылы «Орталық Азия – Қытай» газ құбырын тартуға келісті. Қазір ол құбырдың төрт саласының үшеуі іске қосылды. Түркімен шенеуніктері 2015 жылы Қытайға 50 миллиард кубометр газ тасимыз деп жоспарлап отыр. Салыстырып көріңіз, 2015 жылдың аяғына дейін Ресей мен Иран бірлесіп түркімен газының 10 миллиард текше метрін тұтынбақ.

Түркіменстаннан Қытайға тартылған газ құбыры. Қазақстан, Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан Қытай компанияларының Түркіменстанға келуіне рұқсат еткен соң қытай құбырлары салына бастады. Қытай ұлттық мұнай корпорациясы Түркіменстанның жағалаудағы мұнайы мен газын барлауға шарт жасасты. Түркіменстаннан Орталық Азия арқылы Қытайға төселген құбырды да Қытай салды, шығынын Қытай көтерді.

Көптеген шетелдік компаниялар Түркіменстанда жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Олардың кейбірі TAPI жобасына қосылуды қалайды әрі жерасты газ кенішін игеруде үлесіміз болса дейді. Түркімен билігі бұл талапты қабылдамай отыр. Ашғадаб пайданың жалғыз қожасы болып қана қоймай, шетелдіктерді елге енгізбеуді көздейді.

Түркімен режимінің тұрақтылығы оқшаулануға негізделген, сондықтан олар шетелдіктерден сақтанады. Шетелдік компанияларға жер астын барлауға келісім беру Түркіменстанның қиюы кеткен экономикалық мәселесін тез шешуге көмектесуі мүмкін. Бірақ ол үшін «позитивті бейтараптық» саясатына түзетулер енгізу керек.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.