Ресейдегі кей топтар үшін Вашингтондағы тәртіптсіздік "Америка енді бағыт-бағдар бере алмайды, ондай құқығынан айырылды" деп табалауға сылтау болды.
Трамп жақтастарының Капитолийді басып алып, демократиялық дәстүрлі бұзуы "шіріген режим үшін таптырмас пропагандаға айналатын болды" деп өкініш білдіргіндер де бар.
Джо Байденнің сайлаудағы жеңісін бекіту процесін аз уақытқа кідірткен АҚШ-тағы саяси бассыздықтың салдары енді ғана біліне бастады. Ресейде Вашингтондағы оқиғаны күні-ақ саралай бастады.
"ЕСКІРГЕН САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ"
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп жақтастарының тобы сайлау нәтижесін растау процесі басталған Конгреске басып кірдіКремль серіктері Капитолийдегі жағдайды тұрақтылық пен көркеюді мадақтайтын, билікте отыра бергісі келетін Ресей президенті Владимир Путин үшін олжа көреді.
"Демократия мерекесі аяқталды" деді Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесінің сыртқы істер жөніндегі комитетін басқаратын Константин Косачев.
"Табағаланым емес, бірақ бұл – расында азғындау. Америка енді бағыт-бағдар бере алмайды, ондай құқығынан айырылды" деп жазды ол Facebook-те.
"АҚШ енді өзінің сайлау стандарттарын өзге елдерге таңа алмайды. Ол әлемдегі "демократияның шамшырағы" болудан дәмелене де алмайды" деп мәлімдеді Ресей парламентінің төменгі палатасы – Мемлекеттік думаның депутаты Леонид Слуцкий Ресейдің "Новости" ақпарат агенттігіне.
Федерация кеңесінің мүшесі Андрей Климов "соңғы жиырма жылда Украина, Грузия және Қырғызстанда билікті құлатқан, "түрлі-түсті төңкерістер" деп аталатын халық толқуларын АҚШ ұйымдастырды" деген сарындағы Ресейде бұрыннан айтылып келе жатқан мәлімдемені қайталады.
"Түрлі-түсті төңкерістердің бумерангы айналып келіп АҚШ-тың өзіне тиіп отыр" деді Слуцкий. "Мұның барлығы АҚШ-тың билік жүйесін дағдарысқа ұшыратуы ықтимал".
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мүмкіндікті мүлт жібермей, АҚШ-тың саяси жүйесін "көнерген" деп атады.
"Бұл – АҚШ-тың өз шаруасы" деді Захарова мемлекеттік ТАСС агенттігіне. "Дегенмен АҚШ-тағы сайлау жүйесінің ескіргеніне, заманауи демократия талаптарына сай келмейтініне, көптеген заң бұзушылықтарға себеп болғанына және америкалық БАҚ-тың саяси күрестің құралына айналғанына назар аударамыз" деді Захарова.
Ал мемлекет бақылауындағы Russia Today арнасының басшысы Маргарита Симоньян Ресейге маманданған америкалық журналист Джилл Догертидің "АҚШ бұдан былай өзін демократияның үлгісі деп ешқашан атай алмайды" деген сөзіне мысқылмен жауап қатты.
"Ол ешқашан (демократияның үлгісі - ред.) болмаған да. Сіздердің мұны көруіңіз тек уақыт еншісінде болатын" деп пікір білдірді Симоньян Twitter желісінде Догертидің жазбасына.
КРЕМЛЬ ҮШІН ОЛЖА МА?
Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің саясаттану кафедрасын басқаратын Григорий Голосов Конгрестегі оқиға Кремль үшін олжа болды дейді. Голосов Кремльдің Ресей саяси жүйесін Батыс демократиясынан айрықшаланбайды деп көрсеткісі келетінін, бір кездері оны "басқарылатын демократия" деп ақтауға тырысқанын атап өтті.
Дегенмен ол Ресейдегі оппозициялық топтар АҚШ-тағы сайлаудың жалпы алғанда қаншалық бәсекелі өткенінен сабақ ала алады дейді. Оның сөзінше, АҚШ-та бір саяси партия қарсыласын ашық бәсекеде жеңе алды, Ресейдегідей жаппай бұрмалау, бюллетеньді топтап салу болған жоқ.
АҚШ-тағы сайлауды бақылап отырған Ресейде қыркүйек айында парламент сайлауы өтпек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптың ашулы жақтастары Капитолийге қалай басып кірді?АҚШ-тағы тәртіпсіздікте төрт адам қаза тауып, ондаған адамның жарақаттанғанын атап өткен Голосов дәл осындай жағдай Ресейде қайталанса, салдары бұдан әлдеқайда ауыр болатын еді дейді.
"Мұндай жағдай Ресейде болғанда не болар еді деп кез-келген ресейліктен сұраңызшы. Кез-келген ресейлік жаппай қантөгіс болатын еді деп жауап береді" деп айтты ол.
"Трамптың қызметінен осылай кетуі Кремль үшін демагогиялық сипаттағы бір сұрағын түрлендіруге мүмкіндік беріп отыр. Енді олар "Вашингтондағы жағдайдың қайталанғанын қалайсыздар ма?" деп сұрайды" деп жазды 1990-жылдардың басында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары болған Георгий Кунадзе.
"Бұл шіріген режим үшін аз пропаганда емес" деді ол Facebook-те.
Азаттыққа берген кейінгі сұхбатында Кунадзе Путин мен оның жақтастары осы сұрақты 2014 жылы Украинада жаппай наразылық болған кезде де қойғанын атап өтті. Наразылық ресейшіл президенттік биліктен қуылуымен аяқталды, Ресей мұны АҚШ пен Батыс елдері ұйымдастырған "бүлік" деп атады.
Кунадзе Ресейдегі оппозициялық топтардың АҚШ-тағы саяси жүйеден алары көп емес.
"Жалпы алғанда Ресейдің көзқарас мынадай: Үкіметті кім басқарса, сол ойына келгенін істей алады, мейлі ол президент болсын, мейлі премьер-министр болсын, мейлі басқа болсын" деді ол.
Бұрын Кремльдің саяси технологы болған, қазір саяси шолушы Глеб Павловский АҚШ-тағы оқиғаны 1991 жылғы тамызда Мәскеуде болған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетімен мысқылдай отырып салыстырды. 1991 жылы биліктегі тоңмойын коммунистер сол кездегі совет басшысы Михаил Горбачевті биліктен кетірмек болған.
Павловский Facebook-те 1991 жылы әскері мемлекеттік төңкеріске қарсы наразылық танытушыларды баса алмаған елдің "енді келіп америкалықтарға үлгі көрсетпек болғанын" жазды.
Қарашадағы сайлауға дейін-ақ Ресейдің кейбір жетекші саясаткерлері Кремльге қатысты қатаң саясат ұстанады делінетін Байденді ұнатпайтындарын ашық білдіре бастаған.
Ал Байденнің жеңісі әлдеқашан белгілі болып, Конгресте түпкілікті мақұлданатыннан бірнеше күн бұрын Кремльдің саясатын қолдап жүретін Владимир Жириновский Трамп билікте қалу жолдарын табуы керек деген оғаш ұсыныс білдірген.
"Ресей оған қолдау көрсете алады. Мысалы, араб шейхтарынан қаржылай қолдау көрсету жөнінде келісетін еді. Одан қайтарым ретінде ешнәрсе сұрамаймыз. Себебі Трамп қазіргі жағдайда онсыз да жабырқап, одан жиреніп жүр. Қазір Америка президенті қызметінде қалуға қайрат танытуы керек" деп жазды ол.
"АҚШ-ТАҒЫ БИЛІК ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ РЕСЕЙ ҮШІН ЕРТЕГІ"
Вашингтондағы оқиғадан кейін АҚШ саяси жүйесінен күдер үзбей, саяси жүйе механизмдері азды-көп жұмыс істеді дейтіндер де бар. Олардың сөзінше, сайлау өтті, штаттарда дауыс саналып, расталды, сайлаушылар алқасы дауысын беріп, соңында Конгресс сайлау нәтижесін бекітті. Енді билік бір саяси топтан екінші топқа өтеді.
"Бұл драма Америка демократиясының дағдарысқа ұшырауы да, сайлаудың летитимділігінен айрылуы да, я болмаса мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті де емес" дейді Мәскеудегі Саяси технологиялар орталығының сарапшысы Алексей Макаркин "Эхо Москвы" радиосына берген пікірінде. "Бұл – өзін көпшілік деп санайтын, азшылыққа айналғанын мойындағысы келмейтін адамдардың драмасы".
Кремльдің кейбір саясатына қарсы шыққаны үшін Ресей парламентінен қуыла жаздаған Дмитрий Гудков Вашингтондағы дүрбелең АҚШ саяси жүйесінің қандай екенін көрсететінін айтады.
АҚШ-тың құқық қорғау органдары мен басқа да қауіпсіздік органдары "президенттің барын, сонымен бірге парламенттің, соттың бар екенін біледі. Бұл мекемелердің барлығы бір-бірін бақылайды. Бұл өте жақсы нәрсе" деп жазды ол Facebook-те.
Бірақ ол мұндай билік бөлінісі бір ғана билік тармағы орнаған Ресей үшін жай ғана "рождестволық ертегі" екенін айтады. "Ресейде ар-ұят пен заңды құрметтеуге үндеуден пайда жоқ" дейді ол.