Біріккен Араб Әмірліктері Еуропаға түйе сүтін экспорттауды арттыру үшін Қазақстаннан 100 түйе сатып алуды жоспарлап отыр. Дубайдың түйе шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша, бұл ел сүт өнімін төрт есе арттыруды көздеген.
Дубайдағы орталық ветеринарлық зерттеу лабораториясы айналысып жатқан жаңа жоба бойынша Таяу Шығыста мініске ғана жарап келген түйе бұдан былай сауын мал ретінде де ұсталмақшы. Зертхана сүтті деп саналатын қазақстандық інгендерден тұқым алуды жоспарлап отыр.
Орталық ветеринарлық зерттеу лабораториясының директоры Улли Вернери жергілікті The National («Нэшнл») газетінің тілшісіне берген сұқбатында: «Бізде экспортқа шығаратын сүт жеткіліксіз, тіпті Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) сұранысына толық жауап бере алмай жатырмыз» дейді.
Оның айтуынша, лабораториядағы үш мың түйе күніне бес мың литр ғана сүт береді. Вернеридің болжауынша, Еуропаның шұбатқа деген сұранысы 10 есе жоғары болуы мүмкін.
Өткен жылы БҰҰ-ның Азық-түлік бағдарламасы жөніндегі мекемесі жүздеген миллион тұтынушысы бар әлемдік нарықтағы түйе сүтінің саудасы 10 миллиард АҚШ доллары болды деп бағалады.
ҚАЗАҚСТАННАН ТҮЙЕ ТАСУ
Басылымға осы көктемде Қазақстанға баратынын айтқан доктор Вернери асыл тұқымды сауын түйелер сатып алып, БАӘ-де сүтті інгендер санын көбейтпекші. Ол қазақстандық түйелер күніне 20 литрге дейін сүт беруі мүмкін деп үміттенеді.
Дубайлық маман Қазақстанның сүтті інгендерінің арқасында сүт өнімін төрт есеге ұлғайтып, түйе шаруашылығын дамыта түсуді мақсат тұтады.
13 ай буаз болатын аналық түйені бес жасқа толғанша саууға болмайтынын ескерткен басылым түйе сүтін өндіру ұзаққа созылатын іс екеннін жазады. Вернери: «Бұл істі бес жыл бұрын бастаған едік. Биыл алғашқы сауын – 20 литр шұбатқа қолымыз жетер» деген үмітін білдірген. Ал Қазақстанда сауын малы ретінде күтімі жақсы інгендер үш жылда екі рет боталайды.
Түйе сүтінің өнімдерін Еуропаның нарығына шығару үшін әлі де қазіргіден 30 есе көп інген керек.
Вернеридің айтуынша, түйе сүтінің өнімдерін Еуропаның нарығына шығару үшін әлі де қазіргіден 30 есе көп інген керек. Ол бұл мақсатта басқа да Таяу Шығыс елдері түйе шаруашылығын дамытуды қолға алу тиіс деп санайды.
Азаттық радиосы осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін Дубайдағы орталық ветеринарлық зерттеу лабораториясына хабарласты. Орталықтың менеджері Рената Вернери алдағы түйе сатып алу жоспарларына қатысты Қазақстаннан жауап күтіп отырғандарын, әзірге еш жауап келмегенін айтты.
ШҰБАТТЫҢ ПАЙДАСЫ
Шұбаттың адам денсаулығына пайдасын білген бұл лаборатория мамандары, оның сиыр сүтінен әлдеқайда жеңіл, холестерині 40 пайызға аз, әрі құрамында С дәрумені үш есе көп екенін айтады. Түйе сүті кейбір тағамдардан, оның ішінде лактозадан аллергиясы қозатын адамдар да тұтына алатын қажетті өнім дейді мамандар.
Бірақ БАӘ-де түйені көбіне мініс үшін ұстағандықтан, олардан көп мөлшерде сүт алу мүмкін болмай отыр деген лаборатория директоры Вернери:
«Біз күніне 10 литр сүт беретін біраз түйені Судан мен Сауд Арабиясынан сатып алдық» дейді The National басылымына.
ШҰБАТТАН ШОКОЛАД ЖАСАУ
БАӘ алғашқы болып түйе сүтінен жасалған шоколад жасауды да дамытпақшы. 2008 жылы бұл елдің шұбатынан жасалған өнім ретінде, БАӘ-нің Al Nassma деген сауда белгісімен Австрияда шоколад өндіріле бастаған. Оның құрамында 28 пайыз құрғатылған түйе сүті бар.
Австриялық HM Chocolate Holding компаниясы Al Nassma-ның 50 пайыз акциясына ие. Компания ұнтақ сүтті Дубайдағы орталық ветеринарлық зерттеу лабораториясының Camelicious деген компаниясынан алып тұрады.
Дәл осы басылымға берген тағы бір сұқбатында Улли Вернери жылына Австрияға 35 тонна шоколад жасауға болатын 10 тонна құрғақ сүт жіберіп отырғандарын айтады. Ол: «Біздің мақсатымыз – шұбаттан жасалған шоколадты өз елімізде жасап, Еуропа нарығына кеңінен шығару» дейді.
ЕУРОПАДА ҚЫМЫЗ ДА АШЫТАДЫ
Германияның Вальдбрун аймағында күн сайын 200-ге жуық бие сауып отырған фермер Ганс Цольманның кәсібі туралы Азаттық радиосы жазған болатын. Тілшімізге берген сұқбатында неміс кәсіпкері: «Қымызды сұраушы елдер қатары жыл сайын артып келеді. Біз бие сүтінен жасалған өнімдерді Франция, Голландия, Бельгия елдеріне экспорттап келеміз» деген болатын.
Цольманның фермасындағы 200 бие күнделікті үш рет автоматтандырылған құрылғымен сауылады. Саумал мен ашытылған қымыз бөлек сатылады. Цольман отбасы бие сүтінен косметикалық заттар мен балмұздаққа дейін өндіреді.
Неміс фермері қымызды пайдалану дәстүрін қазақтардан алғанын айтады. Өнімдерін «био-қымыз» деп атаған Цольман отбасының бие сауумен айналысқандарына 50 жылдан асқан.
Жылқы шаруашылығын бастаған оның қайын атасы Рудольф Шторх Совет Одағында тұтқында болған кезінде өлім аузынан қалғанын, өзін қазақ отбасы қымызбен емдеп жазғанын айтып, отбасына осы кәсіпті бастап беріп кеткен.