Украина депутаты АҚШ сенатына өзі берген суреттердің ішінде 2008 жылғы ескі фотолардың кетіп қалғанын растамады. Ол бұл суреттерді Украинаға шабуыл жасалғанына дәлел ретінде салғанын айтады.
«БЕРЕЗА БІЗДІ ШАТАСТЫРДЫ»
Шығыс Украинада киевшіл «Днепрь» батальонын басқаратын депутат Юрий Береза Оклахома штатының сенаторы Джеймс Инхоуфтің қызметкерлерімен өткен жылы қараша айында кездескен. Сол кездесуде ол Инхоуфтің өкілдеріне «тамыздың 24-і мен қыркүйектің 5-і аралығында түсірілген суреттерді бергенін» айтады.
Березаның сөзіне қарағанда, «Бұл суреттер Иловайскідегі ұрыс кезінде, одан кейін Пески мен Мариуопольде – үш жерде түсірілген». Ол Азаттықтың Украин қызметіне «2008 жылғы суреттерді жіберген емеспін» деді.
Ақпанның 12-сі күні Washington Free Beacon жаңалықтар сайты ресейлік әскерилердің Украинаның шығысында соғысып жатқанына тікелей дәлел ретінде сол суреттерді жариялады. Бірақ осы бір консервативтік сайттың журналистері «Инхоуфтың штабынан алынған, басқа еш жерде жоқ» фотолардың кейбірінің шынайылығына күмән келтірген.
Мұның алдында, бір күн бұрын Инхоуф осы суреттерді АҚШ сенатында сөйлеген сөзінде көрсеткен еді. Бірақ қарулы конвойдың екі фотосуреті 2008 жылы Ресей әскері Грузияда соғысқан кезде түсірілген екен. Тағы біреуін ресейшіл сепаратистер қазан айында Луганскіге таяу Красный Луч қаласына шабуыл жасаған сәтте AFP агенттігі түсірген болып шықты.
Украинадағы «Донбасс» батальонының командирі және депутат Семен Семенченко да кездесуде болған. Ол АҚШ конгресі қызметкерлеріне ресейлік әскерилерді әшкерелейтін 300-дей суреттің берілгенін растады. Бірақ Семенченко ол суреттердің «кейбірі ғана есінде қалғанын» айтады.
Ол «Фотоларды көрдім. Вашингтондағы кездесуде суреттерді бірнеше рет үстелге жайып тастады» дейді. Бірақ Семенченко ол суреттерде не болғанын толық есіне түсіре алмады. Березаның Facebook парақшасында Украина депутаттары делегациясының АҚШ конгресі өкілдерімен кездесуі фотолары бар. Әлгі суреттер үстелде шашылып жатыр, бірақ олар анық көрінбейді.
Украинаға әскери көмек беру туралы заң жобасының авторы Джеймс Инхоуф АҚШ сенатында сөйлеген кезінде «Бұл суреттерді [Украина делегациясымен кездескенде] алдық. Фотографияларда Украинаның сол ауданында тізіліп тұрған танкілер бар» деді. Бірақ ол «кейбір фотосуреттердің жалған екені жөнінде дәлелдер пайда болған кезде ренжігенін» жасырмады. Ол «Бұл суреттерді өзіміз түсірдік деп берген украиналық парламент өкілдері өздерін орға жықты» деп мәлімдеді.
Березаның «бұл суреттерді мен бермедім» деген уәжін терістеу үшін Инхоуфтың баспасөз хатшысы Донелль Хардер ханым New York Times-ға сілтеме жасап, украиналық депутаттардың жалған суреттері туралы ақпаратты Азаттыққа электрондық пошта арқылы жіберді. Ол «жалған суреттер жіберуге ешқандай қажеттілік жоқ еді, Украина делегациясының жалған суреттердің басқа суреттерге қалай араласып кеткенін тексеруге де ниетінің жоқтығы қынжылтады» деді. Бірақ Хардер ханым Ресейдің сепаратистерді танкі және басқа да ауыр әскери қарулармен жабдықтағанын, оның кесірінен Украина азаматтарының қаза тапқанын жоққа шығармайды.
«ӘДЕЙІ ІСТЕГЕН ЖОҚ»
Ұрыс басталған 2014 жылдың сәуір айынан бері Украинаның шығысында 5 мың 300-ден астам адам опат болды. Ресей президенті Владимир Путин «соғыс қимылдарына Ресейдің қатысы жоқ» деген мәлімдемесін қайталап келе жатқанымен, Мәскеудің ресейшіл сепаратистерге тікелей әскери көмек көрсетіп отырғанына, соның ішінде Ресей армиясына жаңадан шақырылған сарбаздарды да Украинаға жібергеніне дәлелдер жеткілікті.
Ақпанның 15-іне қараған түні, атысты тоқтату туралы жаңа келісім күшіне енерден бірнеше сағат бұрын Украинадағы АҚШ елшісі Джеффри Пайет Дебальцево қаласының спутниктен түсірілген суреттерін жариялап, қала маңында тұрған ауыр артиллерияның «Ресейдікі екенін» жазды. Бұл аумақта екі тарап арасында бірнеше апта бойы шайқастар болып жатыр.
Ал Батысқа қарсы пікірлерімен, Украинадағы қақтығысқа қатысты күмәнді ақпараттар жариялауымен танылған Ресей мемлекеттік баспасөзі «фотосуреттер Вашингтон мен Киевтің қателескенін дәлелдейді» деп шулай жөнелді.
Бірақ өткен жылдың қарашасында украиналық делегация ішінде болған америкалық Филлип Карбер (Джорджтаундағы профессор және Виржиниядағы Potomac Foundation төрағасы) Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында Береза сондай әрекетке қасақана бармады, «жаңылып қалды» дейді.
Оның сөзіне қарағанда, Украина депутаты «өз адамдары түсірген бір пакет фотография» әкелген. Екінші пакеттегі суреттерді депутат «Ресей қаруын көрсету мақсатында ғана алып келгенін» айтқан. Карбердің сөзіне қарағанда, Сенат өкілдері «суреттерді араластырып жіберген», содан кейін «бірнеше суретті кездесулерде көрсетуге таңдап алған».
Украина делегациясы мен АҚШ сенаты өкілдерінің сол жолғы кездесуінен үш ай өткенде Джеймс Инхоуф көмекшілері суреттер жөніндегі Филлип Карбердің пікірін сұраған. Карбер «бұл суреттерді Украина солдаттары Иловайск қаласында қоршауда қалғанда Юрий Березаның адамдары түсірген» деген пікірін айтқан. Ол Юрий Березаның қызметкерлеріне хабарласып, суреттер жайында сұрағанда олар фотографиялардың Иловайскіде түсірілгенін растаған. Карбер бұл жөнінде сенат қызметкерлеріне хабарлаған.
Иловайскіден түсірілген суреттердің шынайылығы күмәнсіз. Онда ресейшіл сепаратистер қоршауына түскен Украина батальоны солдаттарының жанып кеткен мәйіті түсірілген. Оларға басында [сепаратистер] қоршаудан шығатын жолды көрсетуге уәде берген, бірақ кейін бәрін өлтірген. Юрий Березаның өзіне жарықшақ тиіп жараланып, сол жерде кем дегенде жүз адам қаза тапқан.
(Левко Стек пен Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)