Киевте полиция мен шерушілер қақтығысты

Your browser doesn’t support HTML5

Киевтегі қақтығыстар. 25 қараша 2013 жыл.

Бүгін Киевте үкімет үйінің жанында билікке наразылық шеруіне шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болды.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкімет үйі жанына мыңға тарта адам жиналып, президент Виктор Януковичтен осы аптада Еуропа Одағымен (ЕО) саяси және сауда келісімін жасауды талап еткен.

Наразылар полиция күзетіп тұрған ғимаратқа түрлі заттар лақтырған. Оларға жауап ретінде полиция көзден жас ағызатын газ шашқан. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, шеруге шыққандар Киевтегі орталық көшелердің бірін жапқан. Бірақ кейін полиция жолды ашқан.

Өткен аптада Киев 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін ЕО-ның "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде ЕО-мен ассоциация туралы келісім жасауға дайындықты тоқтататынын хабарлаған еді.

Қарашаның 21-інен бері Украина оппозициясы ЕО-мен келісімнен бас тартқан билік шешімімен келіспей наразылық шерулерін өткізіп келеді. Жексенбіде Киевте мыңдаған адам ЕО мен Украинаның туын ұстап Киев орталығынан жүріп өткен.

22 қарашада ЕО-ның сыртқы кеңею істері бойынша комиссары Штефан Фюле келісімге келесі жылы да қол қойылуы мүмкін екенін айтқан. Украина премьер-министрі Николай Азаров "Киев пен Брюссель ЕО-мен ассоциация туралы келісімге келер жылдың басында өтетін ЕО мен Украина саммитінде қол қоя алады" деп мәлімдеген.

ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЫ

Украина халқының басым бөлігі Еуропа Одағымен одақтасуды қалайды. Қазан айында өткізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижесі бойынша, Украина халқының 45 пайызы Еуропа Одағымен Ынтымақтастық шартына қол қоюды жақтайды, ал тұрғындардың тек 14 пайызы ғана Ресейге қарасты Кеден одағына кіруді құптайды. Януковичтің Аймақтар партиясы мүшелерінің жартысына жуығы Еуроодақпен интеграцияны жақтаса, оппозицияда еуропашылдардың саны бұдан да көп.

Жабық есіктің ар жағында өткен Путин-Янукович құпия келіссөздері Кремль басшысының Армения президенті Серж Саргсянмен 3 қыркүйекте өткізген кездесуіне ұқсайды. Сол басқосудан кейін Вильнюсте Ынтымақтастық шартына қол қоюды бұрыннан бері талқылап, бір тоқтамға келіп тұрған Армения аяқ астынан Кеден одағына кіретінін жариялаған.

Украина 1918-21 жылдары да Батыспен жақындасуға ұмтылған еді. Киев бұл шақта орыс билігінен тәуелсіздік алуға тырысты.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай Ресей империясы құлады. Балтық елдері, Польша, Беларусь пен Украина бөлініп кетті.

Польша мен Финляндия тәуелсіз елге айналды да, Украина егемен ел болуға бар күшін салғанымен, дербес мемлекет бола алмады.

Сол кездегі Украинада бірінші дүниежүзілік соғыс пен Ресейдегі азаматтық соғыс, поляк-совет соғысы және партизандар күресі қабаттасып кетті. Егемендік алғысы келген елдің шекаралары белгіленбеген, ішкі күштері де бірікпеген, тарихи одақтастары жоқ және дипломатиялық дәстүрі қалыптаспаған еді.