Украинада қорғаныс министрі – ең тұрақсыз қызмет

Украинаның қорғаныс министрі Степан Полторак. Киев, 13 қазан 2014 жыл.

Украинада жарты жылдың ішінде қорғаныс министрі үш рет ауысты. Киев неге соғыс жүріп жатқан уақытта әскери саланың басшысын қайта-қайта өзгерте береді?

Қазірге дейін ресейшіл сепаратистермен арада жүріп жатқан соғыста 3500-ге жуық адам қаза тапқанын ескерсек, Киевтегі ең тұрақсыз қызмет қорғаныс министрі болса керек.

Украина президенті Петр Порошенко қорғаныс саласын үш ай басқарған Валерий Гелетей орнынан кеткен соң ұлттық гвардия командирі Степан Полторакты қорғаныс министрі етіп тағайындады.

Гелетей Иловайск қаласы үшін болған соғыста украин әскерінің көп шығынға ұшырағаны үшін сынға ұшырап, ақыры отставкаға кетуге мәжбүр болды. Оның алдындағы екі министр де орыстілді аймақтағы сепаратистерді тоқтата алмағаны үшін сынға ілігіп, қызметтерінен босаған.

Игорь Тенюх: «Еуромайданнан» Қырым аннексиясына дейін

Игорь Тенюх – бұрын теңіз флоты командирі болған, «Свобода» оңшыл партиясы қатарында. Ол мәскеушіл президент Виктор Януковичті орнынан кетірген екі айлық шеруден кейін басталған аласапыранда билік вакуумын толтырған уақытша «камикадзе үкімет» құрамында қорғаныс министрі міндетін атқарды.

Украина қорғаныс министрі болған Игорь Тенюх. Киев, 16 наурыз 2014 жыл.

Тенюх «Еуромайдан» кезінде әскерді шерушілерге қарсы қару қолдану туралы заңсыз бұйрықтарға бағынбауға шақырғаны үшін халыққа танылған.

Тенюх қызметіне кіріскеніне бір ай өткенде Ресей әскері Қырымға басып кіріп, Мәскеу бұл аймақты құрамына қосып алды. Киевтен ешқандай нақты пәрмен алмаған түбектегі украин сарбаздары абдырап қалды. Сол кезде шерушілер де, парламент депутаттары да Тенюхты жігерсіз деп сынаған.

Парламент «бұл қызметке байланып қалған жоқпын» деген Тенюхты наурыздың 25-інде отставкаға жіберді.

Михаил Коваль: Шығыстағы жасқаншақтықтан Донбастағы соғысқа дейін

Ресей Қырымды аннексиялаған соң бірер апта өтер-өтпестен ресейшіл сепаратистік топтар Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарындағы әкімшілік ғимараттарын басып ала бастады.

Киевтің әу дегендегі реакциясы бұлыңғыр болды. Танк мінген дайындықсыз украин солдаттары сепаратистердің позицияларын әдейі қоршап «тірі дәліз» жасап тұрған қарусыз ресейшіл тұрғындарға тап келді.

Ресей Қырымдағы сценарийді елдің шығысында тағы да қайталайды деген болжам мен мұндай шабуылға тойтарыс беруге армияның күші жетпейді деген күмәннен соң Украина ішкі істер министрлігінің басқаруымен қарулы батальондар құрылды.

Мамырдың соңында Петр Порошенко президент болып сайлана салысымен соғыс үдей түсті. Маусым айында соғысты тоқтату туралы бітімге келе алмаған Порошенко жаңа командасымен бірге елдің шығысын заңсыз қарулы топтардан тазалау операциясын бастауға кірісті. Шілденің 3-інде президент пен парламенттің қауіпсіздігіне жауапты болып келген Валерий Гелетей қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Валерий Гелетей: Шағын жеңістер мен қырғын және бітім

Парламентте кандидатурасы бекітілген соң сөз алған Валерий Гелетей: «Маған сеніңіздер, Қырымда жеңіс парады өтеді» деп уәде берді.

Шілде-тамыз айларында Киевтің батыл шабуылдарынан кейін өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск республикаларының солдаттары қорғанысқа көшті. Тамыздың ортасынан украин күштері басты қалалар – Луганск мен Донецкіні қоршауға алды.

Украина қорғаныс министрі болған Валерий Гелетай. Краматорск, 18 шілде 2014 жыл.

Алайда тамыздың соңында сепаратистер Ресеймен шекарада, Азов теңізінің маңында жаңа майдан ашты. Сарапшылардың көбі мұнда Ресейден мыңдаған сарбаздың көмекке келгенін айтады.

Бұдан соң Украина қарулы күштерінің беделін түсіретін қайғылы оқиға болды. Әскер Донецк маңындағы Иловайск қаласында ресейшілдер қоршауында қалған ұлттық гвардия жасақтарын қорғай алмады. Осы шабуыл кезінде Украинаның 100-ге жуық сарбазы қаза тауып, біраз әскері қолға түсті.

LB.ua ақпараттық сайты бас редакторының жазуынша, министр Гелетейдің бұл шабуылға дайын болмағаны соншалық, ол журналиске SMS хат жазып, оқиға орнында жүрген әріптес тілшісінен бүлікшілердің топографиялық координаттарын сұрауды өтінген.

Қыркүйектің басында Порошенко мен Путин қол қойған бітім туралы келісімнен соң соғыс біраз саябырлады. Бірақ Донецк әуежайы маңындағы ұрыс бәрібір тоқтаған жоқ. БҰҰ мәліметтері бойынша, содан бері мұнда кем дегенде 331 адам қаза тапқан.

Степан Полторак: Статус-квоны сақтау

Осы аптада Порошенко мен Путин тағы да кездеспек. Мәскеу шекара түбіндегі әскерін шегіндіріп, базаларына қайтаратынын мәлімдеді.

Украинаның шығысындағы әскери ахуал. 14 қазан 2014 жыл.

Украинаның жаңа қорғаныс министріне қазір қалыптасқан территориялық статус-квоны сақтап, өзіне бағынышты емес аймақтардың бар екенін уақытша болса да мойындауға, олардың ауқымы ұлғайып кетпеуін қадағалауға тапсырма берілетін тәрізді.

Полторактың тағайындалуы Украина ұлттық гвардиясынан құралған батальондардың қаншалық маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді. Ең шешуші деген ұрыстар кезінде бұл батальондар майдан өтінде болды.

Украина армиясында зор беделі бар бар Полторак Қырымның аннексиясынан кейін ұлттық гвардия сарбаздарының ерікті жасақтарын құрумен айналысқан. Оның соңғы алты айдағы майдан тәжірибесі кәдеге асар деген үміт бар. Бұл – әзірге президент Порошенконың үміті.

«Генералдармен сөйлестім, тұрақты әскермен, батальон командирлерімен кездестім. Олардың кеңестері таңдауымыздың дұрыстығын растайды» дейді Петр Порошенко.

Азаттық тілшісі Глэн Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.