Әлемге Голодоморды баяндайтын фильм шықты

Голодомор жайлы Bitter Harvest фильмінен алынған кадр.

Киев елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистермен бітімге келмеді, Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы жақсарған жоқ. Ал кинотеатрлар Сталин ұйымдастырған ашаршылық – Голодомор туралы жаңа киноны көрсетуге дайындалып жатыр.

Bitter Harvest (Ібілістің егіні) фильмі негізінен ғашықтар тағдырын сипаттайды, оқиға советтік Украина кезінде осы елде болған ашаршылық тұсында өрбиді. Революцияны көрсетпегені болмаса фильм «Дәрігер Живаго» оқиғасына ұқсас. 1930 жылдары миллиондаған адам опат болған Голодомор қырғыны әлі күнге дейін екі елдің қарым-қатынасына көлеңке түсіріп келеді.

Голодомор жайлы Bitter Harvest фильмінен алынған кадр.

Украина үкіметі мен ресейшіл сепаратистер төрт жылдан бері соғысып келеді: Украинаның шығысында 9750 адам қаза тапты, Ресей Қырым түбегін басып алды. Жаңа фильм осындай шиеленіс кезінде жарық көрді, енді АҚШ пен Ұлыбританияда бұл фильм осы айдың соңында көрсетілмек.

ФИЛЬМДІ ТҮСІРГЕНДЕР

Канадалық-украиналық режиссер Джордж Менделюк «фильм негізінен махаббат хикаясын баяндайды. Дәрігер Живагоның құрметіне түсірдік десе де болады, негізгі тақырып – ғашықтардың тағдыры, басты мақсат Голодоморды көрсету емес» дейді. Айта кетерлігі, Менделюк 1980 жылы «Президентті ұрлау» атты саяси триллер түсірген болатын.

Макс Айронс, Саманта Баркс және Теренс Стэмп тәрізді британиялық актерлер ойнайтын фильмде советтік басшы Сталиннің басқаруымен жасалған ашаршылық коммунистік билікті нығайтуға бағытталды деп сипатталады, украиналықтар оны геноцид деп санайды.

«Фильм басқа өлшемді қамтиды, ол жерде Сталин туралы, оның ашаршылықты қолдан жасағаны туралы айтылады, бірақ қазір де сондай жағдай қайталанып отыр. Қырымға басқыншылық жасау, Украинаның шығысындағы жағдай - тарихтың қайталанғаны» дейді Менделюк.

Голодомор жайлы Bitter Harvest фильмінен алынған кадр.

Фильм шаруа жігіт пен оның қызы туралы. Жігіт ғашығымен қосылуды қалайды, бірақ Қызыл армияның қатал заңы, елді қырған ашаршылық, Сібірдегі еңбек лагеріне жер аудару, т.б. тарихи оқиғалар екі жасқа кедергі болады. Фильмнің оқиғасы елді ашаршылық әбден титықтатқан 1933 жылмен аяқталады.

Фильмнің тағы бір авторы Ричард Бачинский Гувер 1999 жылы Украинаға алғаш саяхаттап барғанда кино түсіру туралы ойланады. Украиналық эмигранттардың екінші буыны саналатын 59 жасар Бачинский Канадада туып-өскен.

Украиналық иммигранттың қызына үйленген актер әрі продюсер 2004 жылы "қызғылт-сары" революцияға қатысқан болатын. Сол кезде тарихи отанының көп зардап шеккенін, ал Голодомор туралы фильмді ешкім түсірмегенін естиді.

2008 жылы Киевке көшіп келіп, шенеуніктерге фильм түсіргісі келетінін айтып, қаржылық көмек сұрайды. Бірақ ол кездегі премьер-министр Виктор Януковичтің үкіметі де, елдегі ауқатты кәсіпкерлер де көмектесуге ниет білдірмейді.

Батыс елдерінің тұрғындары Сталиннің жауыздық әрекеттерін білуі керек, оның үстіне қазіргі Украина мен оның басындағы жағдайды меңзедік.

2001 жылы Бачинский-Гувер Торонтодағы инвестор, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ата-анасы Львовтан қашқан Ян Игнатовичке жолығады. Инвестор фильмге қажетті 21 миллион АҚШ долларын толықтай көтереді.

«Батыс елдерінің тұрғындары Сталиннің жауыздық әрекеттерін білуі керек, оның үстіне қазіргі Украина мен оның басындағы жағдайды меңзедік» дейді Игнатович.

Фильмге 12 түрлі сценарий жазылған, авторлар қажетті нұсқаны таңдаған соң 2013 жылы түсірілім басталған. Украина ауылын көрсететін жерлері Киевтің маңындағы Пирогово этнографиялық музейінде түсірілген.

Басты кейіпкердің досының рөлін сомдайтын украиналық актер Александр Печерица жауапкершілікті қатты сезінгенін айтады. «Голодомор туралы кітаптан емес, атам мен әжелерімнен естідім. Украинаның жері шұрайлы болса да халық аяқ астынан ашаршылыққа ұрынды» дейді актер.

ГОЛОДОМОР ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР

Совет Одағының астық өндіретін елдерінің көбін қамтыған ашаршылық туралы көптеген пікірлер бар. Украинадағы аштықтың қолдан жасалғанын советтік кезеңде сыбырлап айтса, 1991 жылы тәуелсіздік алған соң бұл тақілеттес пікірлер ашық айтыла бастады. Ондай пікірлердің бір парасы «Сталин басқарған политбюро тәуелсіздікті көксеген украиналықтарды жаншып тастау үшін әдейі істеді» дегенге саяды.

Голодомор жайлы Bitter Harvest фильмінен алынған кадр.

Соның салдарынан украиналықтар басқа советтік республикалармен салыстырғанда көптеп қырылды: дереккөздер 2,4 миллионнан 7,5 миллионға дейін адам өлді деседі (бұдан да көп санды атайтындар бар).

Советтік билік ашаршылық құрбандарының санын азайтып көрсетті, бірақ СССР тарар алдында тарихшылар оның себебі мен салдары туралы ашық айта бастады. Бірақ ресейлік шенеуніктер әлі күнге дейін «ашаршылықты қолдан жасады» деген пікірмен келіспейді.

Йель университетінің тарихшысы, 2010 жылы шыққан «Қанға боялған дала: Гитлер мен Сталиннің арасындағы Еуропа» кітабының авторы Тимоти Снайдер «Бұл - советтік трагедия: сендер Ресейге айрықша көңіл бөлесіңдер, Украинаны мойындамай тұрып қазақтардың да аштықтан қырылғанын айту керек» дейді.

Йель университетінің тарихшысы Тимоти Снайдер.

Оқи отырыңыз: Тарихшы: «Ашаршылықта геноцидтік сипат бар»

Соңғы жылдары Владимир Путин басқарған Ресей үкіметі совет тарихын (соның ішінде Сталинді) ақтап алуға тырысып жатыр, тіпті жантүршігерлік жайттарды ізгілік шарасы етіп сипаттауға тырысады. Мысалы, Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединский советтік кезеңге сынмен қарауға тырысқандарды аямай сынайды.

2015 жылы ол қудалауға ұшыраған советтік агент туралы британ фильмін іске алғысыз етіп сынады. Кино орыс тіліне аударылып, кинотеатрлардан көрсетуге дайын еді. Министрлік сайтына жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Мединский украина халқының аштықтан қырылуын мысқылдайды.

«Фильмде не керектің бәрі бар: Сталин Украина үшін Голодомор жасайды, күн сайын 25 мың адамды өлтіреді, ашыққан балалар әлсіз құрдастарын жейді, Совет Одағында адам өлімін тексеруге болмайды, себебі «бізде адам өлтіру жоқ, ол тек капитализмде бар» деп жазады Мединский.

2016 жылдың қазанында Кремльге тәуелді «Спутник» сайты «Голодомор - Батыс елдері нацистік Германия мен соларға берілген украиналық ұлтшылдар ойлап тапқан өтірік» деген санасыз пікірді жариялады.

Голодомор жайлы Bitter Harvest фильмінен алынған кадр.

Янукович басқарған Украина үкіметі 2006 жылы Голодоморды геноцид деп таныды, бұл мәлімдемені 20 шақты мемлекет қолдайтынын білдірді. Қарашаның 26-сы ресми түрде «Голодомор құрбандарын еске алу күні» деп аталады.

«ТАРИХИ ШЫНДЫҚ АЙТЫЛУЫ КЕРЕК»

Украинадағы ашаршылықты геноцид атағандарымен, үкімет мүшелері бір пікірде болмады. Януковичтің өзі «ашаршылық қолдан жасалды» деген мәлімдемелерді жұмсартуға тырысты. Ол тағайындаған соңғы білім министрі қаза тапқандар саны ұлғайтылып көрсетілді деп ұлтшылдардың ашу-ызасын тудырды.

Мұндай әрекеттердің тоқтауына елдегі соңғы оқиғалар ғана әсер етіп қойған жоқ. Голодомор туралы фильмдер жарық көрді, басқа да көркем туындылар түсіріліп, кең тарап жатыр. Азаттыққа Украинаның мәдениет министрі Евгений Нищук «Тарихымызды түгендей бастадық. Әлемдік қауымдастық украиналықтардың осындай қасіретті бастан кешкенін білуі керек» дейді.

Bitter Harvest фильмінің соңғы түсірілімдері кезінде Украинада дүрбелең болып жатқан. 2013 жылдың қарашасында сол кездегі президент Янукович Еуропа Одағымен серіктес болудан бас тартып, Ресейді таңдады. Бұл шешімге наразы халық төрт ай бойы шеруге шықты, солайша 2014 жылдың ақпанында Янукевич биліктен кетті.

Сценарийдің соңғы нұсқасын жазуға көмектескен Менделюк фильмді наразылық шерулері күшейіп тұрған ақпан айында түсіріп біткендерін айтады. Фильмді жасаушылар атыс-шабыс пен шеруге мән бермей жұмыс істеуге тырысқан. Бачинский-Гувер фильмнің идеясы он шақты жыл бұрын туғанын, сондықтан осы кезеңге сай келгені сәйкестік екенін ескертеді.

Алайда Ресей мен Украина қарым-қатынасы үшін 1933 пен 2017 жылдардың айырмасы болмай тұр. «Заманауи саясатты былай қойғанда, советтік Украинада үш миллионнан астам адам сұмдық жағдайда өлді, оны әртүрлі түсініп, бағалауға болады. Бірақ ақпараттық соғыс ретінде тарихты жоққа шығару адамгершілікке қайшы. Орыстар да, украиналықтар да 1930 жылдары болған шындықты білуі керек, оның зияны жоқ» дейді әлі фильмді көрмеген Снайдер.

Азаттықтың Қазақ қызметінің қосымша дерегі:

1930 жылдары Қазақстанда болған ашаршылыққа саяси тұрғыдан ресми түрде әлі саяси баға берілген жоқ. Кейбір ғалымдардың дерегіне қарағанда, Қазақстанда аштықтан қырылғандар Украина халқымен салыстырғанда пайыздық тұрғыдан үш есе көп. Мәселен, қазақстандық тарихшы Қайдар Алдажұманов "1926 жылғы санақта 3 миллион 350 мыңның айналасындағы қазақтың 2 миллион 100 мыңдайы аштан өлді (ашаршылық құрбандары туралы зерттеушілер 1 миллион мен 2 миллион арасында деп әртүрлі сан айтады – ред.)" деген дерек айтады.

Майк Экхелдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.