Донецк мен Луганск облыстарында ұрыс басталғаннан бері соғысып жатқандарға көмек көрсететін адамдар мен ұйымдар Ресей де, Украинада да пайда болды. Жауынгерлерге қажет заттарға (түнемел қапшықтар, бронь бешпенттер, оқ өтпейтін каскалар, т.б.) Украина еріктілері ақша жинады. Ал ресейлік еріктілер гуманитарлық көмектен бөлек, Украинаға баратын жасақтарға адам шақырды.
Отставкадағы әскери қызметкер Юрий Касьянов бұрын әскер жабдықтаумен айналыспағанын айтады. Бірақ Украинадағы жағдай мен әскердің ахуалы оны «осы шаруамен шұғылдануға мәжбүр еткен». Ол Донбаста қарулы қақтығыс басталған бетте таныстарымен бірігіп, Украина армиясын қажет заттармен жабдықтау ісін ұйымдастыруға кіріскен. Касьянов бұл әрекетін «қоғамның өзін өзі ұйымдастыруы, қалыпты жайт» деп атайды.
«SOS әскері» («Армия SOS») ұйымы волонтерлерінің ірі демеушілері жоқ. Азаматтық бастама көтерген ұйымның есеп-шотына түсетін қайырымдылық ақша аударымдары көбінесе 200 гривнадан (шамамен 15 доллар) аспайды. Бірақ кейде бірер мың доллар салатындар да бар. Оның үстіне, тұрғындар киім-кешек, әскери формалар мен түнемел қапшықтарды өздері сатып алып, азаматтық бастама кеңсесіне әкеліп жатады. Қоймада жиналған заттар шайқас жүріп жатқан аймаққа біртіндеп жөнелтіледі.
Юрий Касьянов алдыңғы шепте жиі болады. «Өлген адамдардың мүрделерін, жаралы жауынгерлерді көресің. Бірақ бәрінен бұрын, бейбіт заманда, туған жеріңде ешкімге қажеті жоқ соғыстың болып жатқаны жаныңа батады. Жаңа қоғам құратын, бала сүйетін жастағы жігіттер мерт болып жатыр. Ішінде әскерилер де, қарапайым азаматтар да бар. Бұл бір жағынан еңсеңді езеді, бірақ екінші жағынан бойыңа күш-қуат береді. Бейбіт өмір сүру үшін мына қатерді, агрессияны тоқтату керек екенін түсінесің. Менің де, майдан өтінде жүргендердің бәрінің ең үлкен, ең басты арманы - осы» дейді ол.
Жаңа қоғам құратын, бала сүйетін жастағы жігіттер мерт болып жатыр.
«SOS әскері» ұйымының Facebook-тегі парақшасына жариялаған, пилотсыз ұшатын аппараттарға ақша жинау туралы хабарландыруында «Қазір пилотсыз басқарылатын аппараттар өте қажет. Барлау және әскери ұшақтар сепаратистер шоғырланған аудандардың үстімен ұша алмайды. Олардың көтерілген мезетте-ақ атып түсіреді. Ал барлау топтары Донецкінің ашық даласында жасырына алмайды. Танктердің, «Градтардың», артиллерияның қимыл-қозғалысын жіті бақылау үшін бізге дрондар (пилотсыз ұшатын аппараттар) керек» деп жазылған.
Касьяновтың айтуынша, «Қайырымдылық көмек жинала бастаған кезде, яғни бірнеше ай бұрын бронь бешпенттер, шлемдер, ауызсу сияқты тіршілікке қажет заттардың өзі жетіспейтін. Қазір Украина тұрғындарының қайырымдылық көмегінің арқасында мемлекет армияны қажет заттармен жабдықтап отыр. Енді «тепловизор» аталатын аппараттар, пилотсыз ұшатын дрондар, қорғанысы мықты радиостанциялар, рациялар, жолсызбен жүретін көліктер сияқты жоғары технологиялық заттар жетіспейді». Касьянов «Сепаратистер мұндай заттармен жақсы жабдықталған. Қолдарында Ресейде жасалған пилотсыз ұшатын аппараттары көп. Оларды біздің әскерлердің үстімен ұшырып, блокпосттарымыз, лагерьлеріміз тұрған тұстарды, әскердің қозғалысын біліп отырады» дейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Юрий Касьяновтың айтуынша, қарапайым адам сияқты сарбаздарға да күнделікті жуынып-шайыну, киім-кешек жуу, тіс тазалау, қырыну керек. Майданда соғысып жатқан олардың формалары, аяқ киімі тез тозады. Оның үстіне, туыстарымен хабарласып, сөйлескісі келеді. Сондықтан әскери қызметшілерге ұялы телефондарды күн сәулесінен қуаттандыратын құрылғылар қажет.
Гуманитарлық көмекті украиндар ғана жинап жатқан жоқ. Өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск «халық республикаларына» («ДХР» және «ЛХР») көмек Ресейден келеді. Мәскеуден ақша, дәрі-дәрмек, киім-кешек және азық-түлік жинау ісін мамырдың 24-і күні «Донецк халық республикасының» Ресей Федерациясындағы «ресми өкілдерімен» тиісті келісімге қол қойған ЛДПР (Ресей либералдық-демокартиялық партиясы) парламенттік партиясы ұйымдастырады.
«Донецк халық республикасына» Мәскеудегі кеңселерінің бірін берген ЛДПР Ресейдің басқа қалаларындағы филиалдары арқылы дәрі-дәрмек, ақша және басқа қажет заттарды жинауға басшылық етеді.
Дондағы Ростов қаласында бүкіл Ресейден жиналған киім-кешек пен азық-түлікті сақтайтын гуманитарлық көмек орталығы құрылған. Кейбір ресейліктер шайқас жүріп жатқан аймақ тұрғындарына дәрі-дәрмек алуға ақша аударып, материалдық тұрғыда көмектеседі. Бірақ Ресейде гуманитарлық көмекпен қатар, әскери мамандығы бар адамдарды жинап, Донецк және Луганск «халық республикалары» жағында соғысуға аттандырады.
«Донецк халық республикасының» (ДХР) алғашқы әскери комиссариаты Славянск қаласында мамыр аяғының аяғында пайда болған. Ол кезде «Антимайдан» сайтында Донбас халық жасағына кіруге шақырған хабарламалар жарияланып, Украинадағы байланыс телефондары да көрсетілді. Бірнеше күннен кейін Мәскеуде ДХР әскери комиссариатының филиалы ашылғаны белгілі болды. Бұл туралы өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» сайтынан басқа да интернет ресурстар хабарлады. Әлеуметтік желілер мен «ДХР» мен «ЛХР» сепаратистік құрылымдарын қолдайтын түрлі сайттарда «Донбасс халық жасағына» кіргісі келетіндерге Мәскеудегі кеңсеге электронды пошта немесе скайп арқылы хабарласуды сұрайды. Хабарландыруда «Бауырлар, канал ашық! Славянскідегі полковник Стрелковтің армиясы мен Новороссия халқы сіздерден көмек күтеді!» деп жазылған.
Азаттық радиосының орыс редакциясы тілшілері әскери комиссариатпен хабарласқан еді. Бірақ оның қызметкерлері ресми сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Азаттық тілшісі өзін ерікті ретінде соғысқа барғысы келетін адам ретінде таныстырып, әскери комиссариат өкілінен «Ресейлік еріктілерді жөнелту пункттерінің жұмысын үйлестірумен айналысатын» Михаилдің телефон нөмірін алды.
Михаил – Украина шекарасынан небәрі 70 шақырым жердегі Ростов облысы Шахты қаласында туған. Оның айтуынша, еріктілерді жасақтау пункттері Мәскеуде және Воронеж бен Брянск қалаларында жұмыс істейді. Бірақ ол бұл орындар жайлы толығырақ (мысалы мекенжайы туралы) ақпарат бермеді. Ресейден еріктілер жинау, оларды қаруландыру және бұл жасақшылардың Украинаның қай жеріне баратыны туралы біраз жайттар Михаилмен әңгіме барысында анықталды.
Your browser doesn’t support HTML5
- Менен не керек екенін білсем деп едім.
- Аяқ киім, форма, иыққа асатын күртең болсын.
- Қандай форма кию керек?
- Ыңғайлы форма ал.
- Яғни, кез келген киім алсам болады ғой. Ал ол жақта қажет дүниенің бәрін бере ме?
- Иә, беруі мүмкін, бірақ әскери киім ала барғаныңыз жөн.
- Сонда Шахты қаласына баруға тиіспін бе?
- Иә.
- Ол жақта мені кім күтіп алады?
- Маған телефон соқсаңыз, күтіп аламыз. Осы нөмірге хабарласыңыз.
- Ал қаруды ана жаққа барған кезде бере ме?
- Оны анық білмеймін. Иә, барған соң береді...
- Адамдарды бірден жөнелтпейтін шығарсыздар. Ол жаққа барған соң тексеру сияқты бірдеңеден өту керек шығар? Ол қандай тексеру?
- Ол жақта тәртіп бар. Барған соң тест сияқты тексеру болады. Кімді қайда жіберуді тестен өткен соң шешеді. Тәжірибеңді, неге қабілетің бар екенін тексереді.
Ол жақта тәртіп бар. Барған соң тест сияқты тексеру болады.
- Ал жас мөлшері маңызды ма?
- 18-ге толмағандарды алмайды. Қалғандардың жасына қарамайды. Жуырда 63-тегі бір кісі келді.
- Ары қарай не болатынын толығырақ айтыңызшы.
- Шахтыға келесіз, командаға кіресіз де, ана жаққа барасыз, ол жақта өздері күтіп алады да, тиісті орынға жібереді. Бір-бірден жібермейміз. Біраз адам жиналған соң жөнелтеміз, ал ол жақта сіздерді күтіп алады.
- Ал шекарадан қалай өтеміз?
- Қазір ол жақта бәрін реттеп қойған. Мұндай нәрселерді телефонмен айта алмаймын. Өткізетін каналымыз бар.
- Сонда шекарадан заңсыз өтеміз бе?
- Ол жерде шекарадан заңды, заңсыз өткізетін каналдар бар. Мен заңды жолмен барып қайттым. (Украина армиясы Ресеймен арадағы шекараны толық бақыламайды).
- Ал шекарадан заңды өту үшін қолымда Ресей паспорты ғана болса жеткілікті ме, басқа ештеңе керек емес пе?
- Ештеңе керек емес.
- Қанша ақша алып шығайын? Алғашында керек болуы мүмкін ғой.
- Оны білмеймін. Әйтеуір азын-аулақ ақшаңыз болғаны дұрыс. Ол жерге келген соң қажет заттардың бәрін береді. Бірақ ақшаңыз болғаны дұрыс қой. Ал тамақ пен жатын орын бізден.
- Мені қай қалаға жіберуі мүмкін?
- Бірден Луганскіге жібереді. Арғы жағы қалауыңызға байланысты.
- Ал ұрысқа жарайтынымды қалай анықтайды?
Бірден Луганскіге жібереді. Арғы жағы қалауыңызға байланысты.
- Армиядағы сияқты анықтайды. Ол жақта армия бар ғой.
- Дәрігер бар ма? Әлде медициналық анықтама ала барайын ба?
- Білмеймін. Анықтама туралы ешкім сұраған емес. Меніңше, психологиялық тест сияқты бірдеңеден өткізетін болуы керек.
- Ал Ресейге қайтып келгенде түрмеге қамамай ма?
- Бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Әзірше ондай жағдай болған емес. Бірақ біздің заңнан бәрін де күтуге болады. Бұрын әйтеу ондай болған емес, бірақ кім біледі...
- Ол жақтан қайтпай қалуым да мүмкін ғой?
- Оны бір құдай біледі
- Ал кері қайтқым келсе ше? Мысалы, соғысты да, бәрін тастап үйге қайтқым келді делік...
- Қайтып келгендер болған. Біреулер бір аптадан кейін қайтып келді. Проблема жоқ. Ешкім сені байлап ұстамайды. Бірақ интернеттен қараңыз, ДХР әскери комиссариаты да бар.
- Тамақ жағы қалай, әлде өздеріңіз тамақтандырасыздар ма?
- Ол жағынан қам жемеңіз, бәрі бар. Әзірше ешкім аш қалдым деп шағымданған жоқ. Жуырда өзім де болып қайттым, тіпті Мәскеуде ондай жақсы тамақ ішпеппін.
(Александра Вагнер, Андрей Королевтің мақаласын орыс тілінен Азаттықтың Қазақ қызметі аударды)