Түркияның Қырымға «жәрдемдесу» ниеті

Украина президенті Петр Порошенко мен Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Киев, 10 қараша 2014 жыл.

Осы апта Түркия сыртқы істер министрі Киевке барды. Украина басшысы және Қырым татарлары жетекшілерімен кездескен ол Түркияның Украина аумағының бүтіндігін қолдайтынын, Қырым татарлары құқығын қорғауға көмектесетінін айтты.

Халықаралық сарапшылар Түркияның Қырымды Украинаға қайтару ісінде жәрдемші бола алатынын, бірақ ашық көмек көрсетпейтінін, өйткені Ресеймен саудасы үлкен екенін айтады.

Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Киевке қарашаның 10-ы барды. Ол Украина мен Түркияның стратегиялық кеңесінің жұмыс органы – стратегиялық жоспарлау тобының 3-отырысына қатысты. Осы сапарында Чавушоглу Украина президентімен және Қырым татарлары қозғалысы жетекшілері Мұстафа Жемилев және Рефат Чубаровпен жеке кездесті.

Мевлют Чавушоглу

Украина президентінің ресми сайтында Петр Порошенконың кездесу кезінде Чавушоглуді Қырым татарларының құқығын қорғауға жәрдемдесуге шақырғаны жазылған. Оған қоса, Порошенко Ресейдің адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелерін бұзғанына қатысты көптеген әлем елдерінің позициясына Түркия да қосылар деп үміттенетінін білдірген.

Ал Мевлют Чавушоглу Түркияның Украина аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтып, Қырымда тұратын татар қауымына көмектесу үшін бірқатар жобалар ұсынған.

Атап айтқанда, Мевлют Чавушоглу Қырымның байырғы тұрғындары тұрмысын бағалау үшін Түркияның түбекке бейресми делегация жіберуі мүмкін екенін айтты. Ол «Қырымға бейресми түрде адам жіберіп, халықтың жағдайын тексерген жөн» деген.

ҚҰРЫЛТАЙ СТАМБУЛДА ӨТЕ МЕ?

Чавушоглумен жабық есік жағдайында өткен кездесуде Қырым татарларының жетекшілері кезекті құрылтайды Стамбулда өткізу мәселесін талқылаған. Мұны «Крым.Реалии» сайтына пікір білдірген Украинаның Қырым татарлары ісі жөніндегі өкілі Мұстафа Жемилев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ресей аннексиялаған Қырым аумағында құрылтай өткізу қауіпті болуы мүмкін, сондықтан қазір Меджлис жиынды қайда өткізу мәселесін қарастырып жатыр.

Мұстафа Жемилев пен Рефат Чубаров

«Мәскеу құрылтай делегаттарына қысым жасауы мүмкін. Ресей - ештеңемен санаспайтын мемлекет. Құрылтайды не Украинаның құрлық бөлігінде, не Стамбулда өткізген жөн деп отырмыз. ЕО қамқорлығымен Брюссельде өткізсек пе деген де ой бар. Бірақ оған қарағанда Түркия қолайлы» дейді Жемилев. Алайда оның сөзіне қарағанда, Стамбулда құрылтай өткізуге ең үлкен бөгет болып тұрған дүние – Ресейдің белсенділерді түбекке қайта кіргізбеу қаупі.

Ол «Қырым татарларына ондай кепілдікті ешкім бермейді. Мевлют Чавушоглу да Ресейдің белгілі бір уәделерді бергенімен, сөзінде тұрмауы мүмкін екенін түсінеді» дейді.

Жемилев түрік министрінің Қырымға бейресми делегация жіберу идеясын қолдады. Оның айтуынша, бақылаушы топтарды түбекке кіргізу үшін Түркия Ресейге ықпал ете алады.

«Ресей мен Түркия арасындағы сауда байланысының ауқымды екенін ескерсек, олар Түркияның талаптарына мұқият қарайды. Егер бақылаушыларды кіргізбей қойса, түрік қоғамы оған ықпал ете алады деп ойлаймын» дейді Жемилев.

УКРАИНАНЫ ДА ҚОЛДАЙДЫ, РЕСЕЙГЕ ДЕ ҚАРАЙЛАЙДЫ

Сарапшылар түрік бейресми бақылаушыларының Қырымға баратынына күмәнмен қарайды. Украинадағы саяси зерттеулердің тәуелсіз орталықтары кеңесінің төрайымы Юлия Тищенко «бақылаушылардың түбекке бара қоюы неғайбіл» дейді.

Юлия Тищенко

«Бейресми делегация ол жаққа қалай барады? Мәскеуден ұша ма? Онда аннексияны мойындаған болып шығады. Ал Украина жақтан барса, оларды кіргізе қоймас» дейді сарапшы. Дегенмен ол «Түркияның бұл бастамасы мақтауға лайық» деп, «қазір Қырымда халықаралық бақылаушылардың жоқ екенін» айтты.

Бұған қоса, Тищенко Стамбулдың Қырымды қайтару жолында Киевке септесе алатынын ескертті.

Дегенмен, оның ойынша, «Украинаның аумақтық тұтастығын сақтау жолында Түркия аса белсенді әрекеттерге бара қоймайды. Оған бірнеше себеп бар. Ресей мен Түркия тығыз сауда қатынастарын орнатқан. Түріктердің сақтық жасап, Қырымға қатысты аса белсенді болмауына Ресеймен экономикалық әріптестігі ықпал еткен».

«Сыртқы істер майданы» қайырымдылық қорының бақылаушылар кеңесінің жетекшісі Андрей Клименконың пікірінше, Түркияның Қырымды қайтару ісіне белсене кіріспеуіне тек Ресеймен сауда байланысы ғана емес, Украина дипломатиясының қателіктері де ықпал еткен.

Клименко «Қырым татарларының Меджлисі халықаралық әрекетін Еуропа мен АҚШ-тан гөрі Түркияға бағыттаса, Түркия мен Украина арасындағы серіктестік күшеюі мүмкін» деп санайды.

Андрей Клименко

«Жақында Түркияға барып, Қырым аннексиясы туралы симпозиумға қатыстым. Сонда бұл елде орта тапты былай қойып, зиялылардың өзі Қырымдағы жағдай туралы ештеңе білмейтінін аңғардым. Мұндай жағдайда Түркияға үміт арту қиын» дейді Клименко.

Оның пікірінше, бұл жағдайды Украина дипломатиясы, БАҚ және Қырым татарлары өкілдері біріге әрекет етіп, шешуі тиіс.

(Алексей Скрыпниктің мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)