"БҰҰ комитеті менің пайдама шешім шығарды". Халықаралық ұйымның қолдауы қазақстандықтарға не береді?

Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқығы жөніндегі кеңесі. Женева, Швейцария.

Кейінгі он жылда БҰҰ комитеттері 38 қазақстандықтың өз елінде әділетсіз сотталғанын анықтап, оларды ақтайтын шешім шығарған. Бірақ Қазақстан соттары халықаралық ұйымның істі қайта қарау туралы талабын көбіне елеусіз қалдырады. Онда неге адамдар әлі күнге БҰҰ-ға жүгінеді?

"ІСТІҢ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ ҮШІН ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛГЕННІҢ БӘРІН ЖАСАЙМЫЗ"

21 қазанда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедияровтың пайдасына шешім шығарып, Қазақстан соты оның ісін әділ қарамай, еркін пікір білдіру құқығын бұзған деп тапқан.

2012 жылы шілдеде Ахмедияров пен ол басқаратын "Уральская неделя" газеті Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Тілекқабыл Имашевтың арызы бойынша қозғалған сотта жеңіліп қалған. Орал қалалық № 2 соты Имашевқа қорлау болып көрінген газет материалы үшін редакцияға бес миллион теңге айыппұл салған.

Журналист, "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Қазақстанда Жоғарғы сотқа дейінгі барлық инстанциядан өттік. Өйткені қазақстандық сот жүйесінің барлық мүмкіндігін пайдаланып көрмейінше, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым бере алмайсың. Бірақ бірінші инстанциядағы сот шешімі өзгеріссіз қалды, – дейді Лұқпан Ахмедияров.

Журналистің пікірінше, мұндай шешімдер азаматтарға Қазақстан сотында құқығы қорғалмаған жағдайда халықаралық институттарға жүгінуге болатынын көрсетеді.

– Әрине, қандай жағдай болмасын, ешқашан не арыз беруші, не мемлекеттік жүйе маған бұл бес миллионды өз еркімен қайтармайтынын түсінемін. Бұл – біз бастап отырған жеке сот процесі. Қазақстан БҰҰ комитетінің шешімін орындап, істі сотта қайта қарауы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – дейді Ахмедияров.

23 қарашада БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті журналист әрі белсенді Жанна Байтелованың да шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Байтелова алты жыл бұрын Алматыда бейбіт акцияда ұсталып, жауапқа тартылғанымен келіспей халықаралық комитетке жүгінген. Комитет оның еркін пікір білдіру және бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылған деп тапқан.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық баспасөз құқығын қорғау ұйымының тілшісі Жанна Байтелова.

– Осының өзіне риза болып отырмын, өйткені еркін пікір білдіру құқығым халықаралық деңгейде мойындалды. Комитет шешімі көңілімнен шықты. Бұл мен үшін принцип жағынан өте маңызды. Еш кінәм жоқ деп санаймын. Әзірге комитет шешімінің негізінде не істеуге болатынын ойластырған жоқпын. Тұтқындалғаным үшін Қазақстаннан моральдық өтемақы талап етуге болатынын білемін. Солай істейтін шығармын. Заңгерлермен кеңесіп көремін. Комитет шешімін пайдаланатым сөзсіз, – деді қазір "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының тілшісі болып істейтін Жанна Байтелова.

"МЕМЛЕКЕТ МҰНДАЙ ШЕШІМГЕ РЕАКЦИЯ БІЛДІРУДІ ҚОЙДЫ"

2003 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары туралы халықаралық пактілерге қосылып, 2005 жылы ратификациялаған. 2007 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосымша хаттамаға қол қойып, оны 2009 жылы ратификациялаған. Хаттамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жеке шағым түсіре алады.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро сайтының редакторы Андрей Гришиннің айтуынша, он жыл бұрын БҰҰ комитеттерінің алғашқы шешімдері шыға бастаған кезде Қазақстан билігі қандай да бір реакция білдіріп, жағдайды түзетуге тырысатын.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин.

– Бірақ мұндай жағдай сирек, бірен-саран ғана. Осының ең жарқын бір мысалы – Қостанай облысының тұрғыны, азаптауға ұшыраған Александр Герасимовтың ісі. Бұл – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне берілген бірінші шағым және 2012 жылғы бірінші шешім болды. Мемлекет Герасимовқа өтемақы төлеп, комитет талабын жартылай ғана орындады. Полиция қызметкерлері сол күйі жауапқа тартылған жоқ. Комитеттің екінші талабы осыған байланысты еді, – дейді мемлекеттің тек осы істе ғана БҰҰ шешімімен жартылай келіскенін айтқан Гришин.

– Бірнеше іс бойынша болмашы талаптар ғана орындалды. Мысалы, азаптау салдарынан мүгедек болып қалған адамға 100 немесе 200 мың теңге көлемінде өтемақы төледі. Ал БҰҰ өтемақы денсаулыққа келген шығынға сай көлемде болуы керек деген талап қойған еді. Содан бері мемлекет турасын айтқанда, мұндай шешімге "пысқырмайды" да. Қазір ешқандай реакция білдірмейді, – дейді бюро өкілі.

Гришин Қазақстан соттарының БҰҰ комитеттерінің шешіміне назар аудармауын Конституцияға 2017 жылы енгізілген өзгерістермен байланыстырады. Ол кезде билік Конституцияның 4-бабының 3-тармағына өзгеріс енгізген. Бұрын осы бапта "Республика ратификациялаған халықаралық келісімдер Қазақстан заңнамаларынан жоғары тұрады" деп жазылған еді. Яғни, мемлекет халықаралық келісімде көрсетілген шарттарды, оның ішінде БҰҰ комитетінің шешімдерін орындауға міндетті болатын. Кейінірек "Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдердің республика аумағында жүзеге асу тәртібі мен шарты Қазақстан заңнамаларымен анықталады" деген өзгеріс енгізілді.

– Ұлттық заңнамада бұл туралы ештеңе жазылмаған. Сондықтан мемлекет қазір БҰҰ шешімдерін заңды түрде орындамай отыр. Әрине, комитет шешімінен кейін жәбірленушілер шындыққа қол жеткізгендей сезімде болуы мүмкін. Бірақ бұл шешімнің ешқандай құқықтық салдары жоқ. Мемлекет бұған әдейі бармай отыр. Конституцияға енгізілген өзгертудің күшін жойса да, ештеңе өзгере қоймайды. Өйткені мемлекет бұрын бұл норма бар кездің өзінде БҰҰ шешімдерін басшылыққа алмайтын. Бәрі мемлекеттің саяси еркіне байланысты. Мемлекет ел ішінде адам құқығын және халықаралық келісімдерді бұзушы рөлін таңдап отыр деп ойлаймын, – дейді Андрей Гришин.

"МЕМЛЕКЕТ ЕШТЕҢЕ ІСТЕМЕЙ ОТЫР ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ"

"Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Анар Ибраева БҰҰ комитеттеріне шағым дайындау және мониторинг жүргізу ісімен айналысады. Құқық қорғаушы комитет шешімінің жүзеге аспауын бұған жауапты бір де бір мемлекеттік органның болмауынан көреді.

Құқық қорғаушы Анар Ибраева.

– Заң жүзінде белгілі бір мемлекеттік органға БҰҰ комитеті шешімдерін жүзеге асыру міндетін жүктеу керек. Мемлекет ештеңе істеп отырған жоқ деуге болмайды. Меніңше, бұл шешімдерді қалай жүзеге асыру керегін билік өкілдерінің бәрі бірдей түсіне бермейді, – дейді сарапшы.

Ибраева "Қадір-қасиет" ұйымының мұрындық болуымен 16 сарапшы мемлекетке комитет шешімдерін жүзеге асыруға көмектесетін жол картасын дайындағанын айтады. Сарапшылар бір жыл ішінде мемлекеттік орган өкілдерімен жеті жұмыс кездесуін өткізіп, БҰҰ комитеттерінің шешімдерін қалай біртіндеп орындауға болатынын түсіндірген.

– БҰҰ комитеті халықаралық келісімді ратификациялаған мемлекетке қатысты ғана осындай шешім шығара алады. Кез келген мемлекетті алып, оған қарсы шешім шығаруға болмайды. Яғни өзіне қарсы шағым беруге мемлекеттің келісімі болуы керек. Қазақстан халықаралық пактіні де, оған қосымша хаттаманы да ратификациялаған. Бұл жерде екі халықаралық келісім туралы айтып отырмын. Бұл белгілі бір ұйымнан алып, орындамай қоя салатын қарапайым кеңес емес. Заң сияқты келісім де орындауды талап етеді. Одан бөлек, Конституцияның 4-бабында солай жазылған, – дейді Ибраева.

Сарапшының дерегінше, мемлекет тарапынан құқығы бұзылған азаматтар БҰҰ-ның мынадай төрт комитетінің біріне шағым бере алады:

  • адам құқықтары жөніндегі комитет;
  • азаптауға қарсы комитет;
  • нәсіліне бола алалауды жою жөніндегі комитет;
  • әйелдерді алалауды жою жөніндегі комитет.

Бүгінге дейін БҰҰ-ның үш комитеті 38 шешім шығарған. Олардың жартысына жуығы құқық қорғаушылар, белсенділер мен журналистерден түскен арыз бойынша қабылданған. Азаптау туралы шағымды қараған азаптауға қарсы комитет – он, адам құқықтары жөніндегі комитет алты шешім шығарған. Осындай екі іс бойынша өтемақы төленген. Әйелдерді алалауды жою жөніндегі комитеттен бір шешім тіркелген. Әзірге нәсіліне бола алалауды жою жөніндегі комитет Қазақстанға қатысты бір де бір шешім шығармаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Реформатор" Тоқаевтың "қайшылықты ұстанымы" мен "реформалар пакеті"

– Комитеттің әр шешімі ерекше және осыған ұқсас шағым беретін басқа адамдар үшін өте маңызды. Қазақстан қазір БҰҰ комитеттерінің шешімін мойындамай отыр. Олай болмаса, шешімдер орындалуы керек еді. Мен бұл шешімдерді "кеңес" деп атағаныммен, шын мәнінде, комитет мұны "мемлекет атқаруы тиіс жұмыс" деп түсінеді. Комитет шешімдерінде "кеңес береміз" деп жазылмайды. Оның орнына комитет "алғысы келеді" немесе "осындай әрекет күтеміз" деп көрсетеді. Бірақ мемлекет комитеттің көп шешімін жауапсыз қалдырды, – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, комитет жіберген 20-ға жуық "кеңес пен талаптың" арасында мыналар бар:

  • өтемақы төлеу;
  • заңнаманы өзгерту;
  • комитет шешімдері қалай орындалғаны жөнінде ақпарат беру;
  • комитет шешімі жазылған мәтіндерді жаппай тарату.

– Біздің ұйым БҰҰ комитеті шешімдері бойынша Қазақстанның қандай шаралар қабылдағанын сұрап, сыртқы істер министрлігіне хат жолдады. Бірақ барлық шешім туралы жауап алған жоқпыз. 2020 жылдың қазанына дейін кей шешімдердің мәтіні Жоғарғы соттың сайтында ғана болды. Ал қазаннан бастап бұл шешімдер тағы бес мемлекеттік органның сайтына жарияланды, – дейді Анар Ибраева.

"БҰЛ АРЫ ҚАРАЙ КҮРЕСУГЕ КҮШ БЕРЕДІ"

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина БҰҰ комитеттерінің шешімін азаматтардың өз құқықтары үшін күресуіне жақсы себеп деп бағалайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина митинг кезінде. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

– Комитет шешімдері Қазақстанда адам құқықтары қорғалмайтынын және әділ сот жоғын дәлелдейді. Бұл шынымен солай. Істі халықаралық инстанцияға жеткізіп, мемлекеттің азаматтың құқығын бұзғанын дәлелдеп, үкіметке кемшілікті түзету туралы талап қою адамға өз құқығы мен бостандығы үшін ары қарай күресуге күш береді, – дейді Төреғожина.

Істі халықаралық инстанцияға жеткізіп, мемлекеттің азаматтың құқығын бұзғанын дәлелдеп, үкіметке кемшілікті түзету туралы талап қою адамға өз құқығы мен бостандығы үшін ары қарай күресуге күш береді.

Құқық қорғаушының дерегінше, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті қазірге дейін Қазақстан азаматтарының жазықсыз тұтқындалмау құқығы, сот әділдігіне қол жеткізу құқығы, пікір білдіру еркіндігі, бейбіт жиын өткізу құқығы, сайлау және сайлану құқығы, дискриминациядан қорғалу құқығы сияқты салаларда құқығы бұзылғанын анықтаған.

– Барлық шағымдар бойынша оң шешім шығып жатыр. Арыз иесі көрсеткен барлық бап негізге алынбауы мүмкін, бірақ бұл көбіне аргумент тапшылығына байланысты. Өкінішке қарай, біздің заңда шешімдерді міндетті түрде орындау керек деп жазылмаған. Ондай норма жоқ. Комитет шешімі сот ісіне қатысы бар жаңа дерек болып саналмайды. Сондықтан сот оларды дәйек ретінде қарастырудан бас тартады. Бұл шешімдер Қазақстанға келгенімен, іс ары қарай жылжымай, тұрып қалады, – дейді құқық қорғаушы.

Төреғожина азаматтар биліктің немқұрайды әрекетіне қарамастан БҰҰ комитеттеріне шағым беріп, Қазақстанға халықаралық міндеттемелерін орындатқызу үшін күресті жалғастыруы керек деп есептейді.

Азаттық БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің Ахмедияров пен Байтелованың ісі бойынша шығарған шешіміне байланысты пікір алу үшін Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне хабарласып көрді.

Редакция Жоғарғы соттың БҰҰ комитетінің шешімдеріне байланысты қандай шара қолданатынын білуге тырысты. Соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов бұл мәселе жайлы Батыс Қазақстан облыстық және Алматы қалалық соттарынан пікір алуға кеңес берді.

– Заң бойынша Жоғарғы сот басқа сот инстанцияларының ісіне араласа алмайды. Істі Жоғарғы сот қараған болса, біз өз позициямызды білдіре аламыз, – деді телефонмен қойылған сұраққа жауап берген баспасөз хатшысы. Бірақ кейінірек ол телефон қоңырауына жауап бермей қойды.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі ресми хат жіберуді сұрады. Ал журналиске "күте тұрыңыз, анықтап жатырмыз" деген Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі қайта хабарласқан жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Құқығыңызды пайдалану үшін рұқсат керек емес"