"НАТО-ны нығайту, халықаралық кибернетикалық қылмыстармен күрес және Ресей Федерациясына қарсы қосымша санкциялар салу туралы заң" деп аталатын S.3336 нөмірлі құжаттың "Америка қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы заң" деген қысқаша атауы да бар.
Заң жобасы Конгреске АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Хельсинкиде шілденің 16-сында өткен кездесуінен кейін іле-шала түскен болатын. Құжатта сенаторлардың саяси мәлімдемелерімен қоса, Ресейдің әрекеттеріне қарымта ретінде ұсынған нақты шаралар тізімі де бар.
Заң жобасында "Совет одағының Балтық елдерін аннексиялап алғанын мойындамағаны (1940 жылғы Декларация) сияқты АҚШ Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын да мойындамайды" деп көрсетілген. Бұған қоса, құжат АҚШ әкімшілігіне НАТО-дан шығуды көздейтін қадамдарға баруға тыйым салады.
Заң жобасының кей тарауларында химиялық қару қолданғаны үшін (әңгіме Ұлыбританияның Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальді улау туралы) және кибершабуылдар мен 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына киліккені үшін Ресей жауапты деп жазылған. Бұған қоса, Ресей Сирияда әскери қылмыстар жасаған болуы мүмкін деген пікір де айтылады.
Заң жобасы қашан қаралатыны әзірше, белгісіз. Ресейге қатысты санкциялар туралы алдыңғы заң жобасы былтыр Конгрестің қос палатасында көпшілік дауыспен қабылданған.
Азаттықтың Орыс қызметі санкциялар туралы жаңа заң жобасынан үзінділер жариялап отыр:
АҚШ қарсыластарына қарсы күресті санкциялар арқылы жүргізу туралы заңды кеңейту
"Америка қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы заң" күшіне енген соң 180 күннен кейін президент мына жеке және заңды тұлғаларға санкция салуы тиіс:
- (1) заңсыз әрі коррупциялық әрекеттерге Ресей президенті Владимир Путиннің атынан тікелей немесе жанама түрде қатысқан саяси қайраткерлер, олигархтар мен өзге тұлғаларға және осы саяси қайраткерлер, олигархтар мен өзге тұлғалар атынан әрекет еткен адамдарға;
- (2) заңсыз әрі коррупциялық әрекеттерге Ресей президенті Владимир Путиннің атынан қатысқан ресейлік жартылай мемлекеттік заңды тұлғаларға;
- (3) осы заңсыз және коррупциялық әрекеттерден едәуір пайда тапқан (1) және (2) параграфтарда көрсетілген тұлғалардың отбасы мүшелеріне;
- (4) (1), (2) немесе (3) параграфтарда сипатталған тұлғалармен ақшалай операциялар жүргізген тұлғалар, оның ішінде қаржы институттарына.
236–237 бөлімдер. Энергетикалық жобаларға салынған инвестицияларға қатысты санкциялар
Егер тұлға Ресей Федерациясынан тысқары жерлердегі ресейлік мемлекеттік я жартылай мемлекеттік компанияларға тиесілі энергетикалық жобаларға мына заң туралы біле тұра 250 миллион АҚШ долларынан асатын көлемде инвестиция құйса, президент "Америка қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы заң" күшіне енген соң 180 күннен кейін оған санкция салуы тиіс.
Ал ресейлік энергетикалық компаниялардың өзіне мынадай санкциялар салу ұсынылған:
Санкцияға Ресейге бір миллион доллардан асатын соманың тауарын, технологиясын сатқан, жалға берген немесе қызмет көрсеткен және қаржы берген тұлғалар ілігеді.
Мына тауарларды сатуға, қызмет түрлерін көрсетуге тыйым салынады:
- (b) Ресейге айтарлықтай көмектесуі мүмкін тауарлар, технологиялар сатуға, қызмет көрсетуге және қаржы беруге немесе өзге де қолдау көрсетуге;
- (1) Ресей территориясында орналасқан мұнай ресурстарын барлауға;
- (2) Ресейде мұнай өндіруге, оның ішінде Ресейде мұнай ресурстарын барлауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды салу, жаңарту және жөндеу бойынша көрсетілетін кез-келген тікелей көмекке тыйым салынады.
238-бөлім. Ресейдің мемлекеттік қарызы
Бұл бөлімге сәйкес, заң күшіне енген соң 90 күннен кейін АҚШ президенті:
- (1) Заң күшіне енген соң 180 күннен кейін АҚШ азаматтарының Ресейдің мемлекеттік қарызына қатысты әлдебір мәмілелерге қатысу, қаржыландыру я өзге де әрекеттеріне тыйым салу тетігін әзірлеуі тиіс;
- (2) Халықаралық төтенше жайттар кезіндегі экономикалық құқық туралы заңда (50 U.S.C. 1701 et seq.) қарастырылған барлық құқықтарын пайдалануы, оның ішінде (b) тармағында көрсетілген бір немесе одан көп ресейлік қаржы институттарының меншік я мүдделері АҚШ-та немесе АҚШ азаматының иелігінде және бақылауында болса, бұл меншік пен мүдделерге қатысты мәмілелердің бәрін бұғаттауға және тыйым салуға қажет нәрсенің бәрін жасауы тиіс.
Заңда мына тізім келтірілген:
- (1) Внешэкономбанк
- (2) Сбербанк
- (3) ВTБ Банкі
- (4) Газпромбанк.
- (5) Мәскеу банкі
- (6) Россельхозбанк
- (7) Промсвязьбанк
Заң жобасында Ресей Федерациясының Орталық банкі, Ұлттық әл-ауқат қоры мен Қазынашылық қызметі шығарған облигациялар Ресейдің ұлттық қарызы болып саналатыны көрсетілген.
239-бөлімде кибернетикалық кеңістікте АҚШ-қа қарсы қастық әрекеттерге тартылған ресейліктермен ынтымақтаса әрекет еткен тұлғаларға қатысты осындай шаралар қарастырылған.
Санкцияны Еуропа одағы және АҚШ-тың Мемлекеттік департаментімен іс-қимылды тығыз үйлестіре отырып енгізу ұсынылған. Президент осы заң талаптарын орындау үшін нақты не істелгені баяндалған алғашқы есепті Конгрестің тиісті комитеттеріне заң күшіне енген соң 60 күннен кейін жолдауы тиіс.
623-бөлім АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметі директорын Ресей президенті Владимир Путиннің байлығы мен жеке активтері туралы егжей-тегжейлі есеп әзірлеп, заң қабылданған сәттен бастап 180 күннің ішінде Конгреске жолдауға міндеттейді. Оның арасында төмендегідей құжаттар да бар:
- (1) Владимир Путин және оның отбасы мүшелері кірісінің жуық шамаланған құны мен кіріс көздері - жылжымайтын мүлік, инвестициялар, банктік есеп-шоттар, өзге де бизнес-мүдделер және мүліктің түпкілікті қожайындары туралы ақпарат;
- (2) Владимир Путинмен жақын араласатын шетелдік саяси тұлғалар мен Ресей олигархтарының тізімі.
- (b) Есеп құпия емес құжат түрінде болуы тиіс, бірақ құпия сілтемесі болуы мүмкін.
701-бөлім. Мемлекеттік хатшы "Ресейді терроризмді демеуші елге жатқызуға бола ма, жоқ па?", осыны анықтап, өз ұйғарымын Конгреске заң қабылданғаннан кейін 90 күннің ішінде жолдауы тиіс.
704-бөлім. Ұлттық бірігіп әрекет ету орталығын құру. Оның мақсаты - АҚШ пен оның одақтастарына Ресей үкіметі тарапынан төнген мынадай гибрид қатерлерге қарсы іс-қимылын үйлестіру:
- дәстүрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жалған мәлімет тарату және үгіт-насихат жүргізу;
- мәдени, діни, білім және саяси ұйымдар немесе партиялар құрып, оларды айла-шарғымен пайдалану;
- коррупциялық әрекеттерге, қылмыс жасауға және қастық ниетпен ықпал етуге заңсыз қаржы беру;
- жартылай әскери ұйымдар және өзгелердің көмегіне жүгіну арқылы диверсиялық тактикалар және "қитұрқы" әрекеттер ұйымдастыру;
- кибернетикалық шабуылдар және өзге де дәстүрлі емес қатерлер;
- энергетикалық ресурстар немесе инфрақұрылымдарды тәуелсіз елдер мен саяси субъектілерге ықпал ету үшін пайдалану.
705-бөлім. Еуропа және Азия елдеріне инфрақұрылым мен сайлау механизмін кибершабуылдардан қорғауы үшін, коррупцияға қарсы күресіп, заң үстемдігін нығайта алуы үшін, Грузия, Молдова және Украина территорияларына Ресей басқыншылығы мен оккупациясы тудырған гуманитарлық дағдарыс пен тұрақсыздықты реттеу үшін Ресей ықпалына қарсы іс-қимыл қорына 2020-2021 жылдарға 250 миллион доллар бөлінеді.
706-бөлім. Конгресс Ресей үкіметінің күштерді, барлау операцияларын, кибершабуылдарды, ықпал ету кампанияларын, оның ішінде коррупция мен дезинформация арқылы пайдалануы Еуропа және Еуразия елдеріне төнетін айқын қатер деп біледі.
- Бұған қарымта ретінде бұл елдердің үкіметтері институттарын, саяси жүйелері мен азаматтық қоғамын нығайту жөніндегі күш-жігерін екі есе арттыруы тиіс.
- АҚШ үкіметі Ресей үкіметі әлсіретуге тырысып отырған НАТО, ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – ред.) және ЕО сияқты демократиялық және құқықтық институттарды қолдайды.
- Адамның негізгі құқықтары мен заң үстемдігіне, тәуелсіз БАҚ-тарға, азаматтық қоғамға және Ресейдің қауіпті ықпалынан қорғауда болашақта басты рөл атқаратын өзге де демократиялық институттарға төнген қатерлерге тойтарыс беру үшін АҚШ үкіметі Еуропадағы күш-жігерін арттыруы тиіс.
707-бөлім. Конгресс Ресей үкіметі Интерпол механизмдерін саяси мақсаттарына - саяси қарсыластарын қудалау және қорлау үшін пайдаланады деп санайды. АҚШ мұндай зиянды әрекеттерге тосқауыл қою үшін өзінің ықпалын пайдаланып, Интерполды Ресейдің мұндай механизмдерді пайдалану мүмкіндігін уақытша тоқтату сияқты амалға жүгінуге көндіруі тиіс деп санайды.
708-бөлім. Конгреске мына жайттар мәлім болды:
- 2016 жылы наурызда "Халықаралық амнистия" ұйымы "Сириялық және ресейлік күштер медициналық нысандарға қасақана шабуыл жасап, халықаралық гуманитарлық заңдарды өрескел бұзған. Бірақ ең сорақысы, - ауруханаларды жою, бұл олардың әскери стратегиясының бір бөлігі болған" деп баяндалған есебін жариялаған.
- 2017 жылғы қыркүйектің 21-інде Мемлекеттік департамент өкілі Идлиб пен Хама провинцияларында жасалған әуе шабуылдары салдарынан азаматтық тұлғаларға арналған медициналық нысандар мен бас сауғалайтын орындар қирағаны туралы хабарлап, " Сирия режимі мен оның ресейлік одақтастарының бұл жолғы шабуылының құрбандары тағы да медициналық нысандар мен қызметкерлер және бейбіт тұрғындар болды" деп мәлімдеген.
- 2018 жылы ақпанда Сирия және Ресейдің әуе соққысынан 230 бейбіт тұрғын мерт болып, кемінде тоғыз медициналық нысан зақымданған. БҰҰ-ның адам құқығы комитеті басшысының мәлімдемесінде әуе шабуылдары жағдайға қарай "әскери қылмыс саналуы мүмкін" делінген.
- Қарашаның 13-і күні Алеппоның халық тығыз қоныстанған аудандарын басқарылмайтын снарядтармен атқылау салдарынан кемі 84 адам қаза тауып, 150 адам жараланған. Наурызда БҰҰ-ның Сириядағы жағдайды тексеру комиссиясы Ресейдің әуе соққысы "әскери қылмыс болуы мүмкін" деп мәлімдеген.
Осы жайттарға байланысты мемлекеттік хатшы Конгреске Ресей үкіметі я болмаса оның бұйрығымен Сирияда жүрген жартылай әскери топтар мен жалдамалылардың ықтимал әскери қылмыстары мен адамгершілікке жат қылмыстары туралы есеп жолдауы тиіс.
709-бөлім. Ұлттық барлау қызметі директоры мемлекеттік хатшы және қорғаныс министрімен бірлесіп Иран күштерін немесе Иранмен байланысты қарулы топтарды Сириядан шығаруды қамтамасыз етуге Ресей үкіметі қаншалықты құлықты және қауқарлы екенін бағалайтын, Ресей үкіметі Басар Асад режиміне, ливандық "Хезболла" тобына, Иранға я болмаса Сириядағы онымен байланысты күштерге Израильдің қауіпсіздігіне немесе әскери үстемдігіне қатер төндіретін қару-жарақ, технология мен ақпараларды тікелей я жанама түрде берген я бермегенін анықтап заң қабылданғаннан кейін 90 күннің ішінде Конгреске есеп жолдауы тиіс.
710-бөлім. Конгресс технологиялық компаниялар, мысалы, әлеуметтік желілер өз платформаларының Ресей үкіметі мен өзге елдер тарататын жалған ақпараттан таза болуына жауапты деп санайды.
(Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы аударылып басылды)