АҚШ мұсылмандарына қатысты секем сейілмей тұр

Питер Кинг, республикашыл конгресмен. Вашингтон, 10 наурыз 2011 жыл

Республикалық партиядан сайланған конгрессмен Питер Кинг өз елін үлкен қатерден қорғаймын деп жанталасып жүр. Ал оны сынаушылар болса, осы жалғыз адамның кесірінен мемлекеттік деңгейде исламофобия саясаты жүргізілуі мүмкін деп қауіптенеді.

Америка мұсылмандарының радикалдануына байланысты Кингтің бастамасымен шақырылатын конгрестегі тыңдау қарсаңында өзара қарсы топтардың пікірталасы қызып келеді. Қарапайым америкалықтан бастап Ақ үй қызметкерлеріне дейін осы пікірталасты жіті бақылап отыр.

МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ДОСЫ ЕДІ, ҚАСЫНА АЙНАЛДЫ

«Питер Кинг» деген есім соңғы бес жыл бойы Лонг-Айлендтегі Ислам орталығында өте жиі ауызға алынады. Осы орталық орналасқан ауданның атынан уәкілдік ететін республикалық партия өкілі ретінде ол бұлардың досы, әрі жақтасы саналып келген.

«Кинг мырза мен Лонг-Айленд Ислам орталығын көп нәрсе жақындастырып тұратын. Ол біздің ең қасиетті орнымыз – бас мешітті ашу салтанатына қатысқан. Біздің жамағаттың үйлену қуаныштарына да жиі келіп тұратын», – дейді ислам орталығының төрағасы Хабиб Ахмед.
Америкалық мұсылман Шейх Ахмед Девидар Капитолийдің алдында Құран оқу арқылы Ислам мәдениетінің алуантүрлі екенін жариялау акциясына қатысып тұр. Вашингтон, 25 қыркүйек 2009 жыл

Ал қазір мұның бәрі өзгерген. Осы күні Питер Кинг туралы сөз бола қалса, жұрттың бойын ашу-ыза, үрей кернеп, халық абдырап қалады.

Уәкілдер палатасындағы ішкі қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде ол «Америка мұсылмандарының радикалдануы» деп өзі ат қойған тақырыпқа байланысты тыңдаудың алғашқы бөлігін бастауға әзірленіп отыр. Қазір тек Лонг-Айленд қана емес, бүкіл елдің аумағына бұған қатысты сан-алуан пікірлер айтылып жатыр.

ИМАМДАРДЫҢ 85 ПАЙЫЗЫ ЭКСТРЕМИСТ ПЕ?

Кингтің өзі болса, «міндетім – елімді фундаменталистердің қатерінен құтқару» деп отыр. Бұған сыни пікірмен қараушылар болса ол АҚШ мұсылмандарына қарсы «маккартизм» әдісін қолданып, тұтас бір қауымға күйе жақпақшы дейді. 1950-жылдары сенатор Джон Маккарти АҚШ-тың билеуші институттарына коммунизмнің ықпалы басым болып барады байбалам салып, Конгресте тыңдау өткізген болатын.

Наурыздың 7-сінде CNN («Си-Эн-Эн») телеарнасына берген сұхбатында ол өзіне қарсы шығып жүргендерді «ақиқатты көзге ілмейтіндер» деп атап, «олар біз барлығымыз бір-бірімізді жақсы көреміз дегенге жұрттың бәрін иландырғысы келеді» деп салған.

Жұртты оның «Американы қорғау керек» деген ұрандары емес, «АҚШ-тағы имамдардың 85 пайызы экстремист» деген мәлімдемесі ашуландырды. Кинг бұл ақпарды америкалық нақышбанди сопылардың көсемі Хишам Каббанидің 1999 жылы айтқан сөзінен алғанын айтады. Ал Каббани мырза болса, бұл сөзінің анық-қанығын таратып айтқан жоқ.

Елдегі мұсылман ұйымдары мұның жаңсақ сөз екенін сол кезде-ақ айтып, жаппай қарсылық білдірген, қазір де ол ойларынан танбай келеді. Алайда, Кингтің өзі тыңдау күні жақындаған сайын өз сөзінің растығына өзі де күмәндана бастаған сыңайлы.

Себебі интернеттегі жеке сайтында жарияланған телесұхбатында ол: «Қазір қанша екенін білмеймін, бәлкім 80 пайыздан көп шығар, ал мүмкін одан аз шығар», - дегендей пікір айтыпты. Және бір сөзінде ол мұсылман қауымының азғандай бөлігі ғана радикалданған болуы мүмкін депті.
Питер Кинг, республикашыл конгресмен. Нью-Йорк, 20 желтоқсан 2010 жыл

Кинг Америка мұсылмандарының заң органдарымен ымыраласпау жөнінде уағдасы бар деген пікір айтты. Біраз ресми тұлғалар бұл сөздің жалған екенін айтып мәлімдеме жасады. Соның ішінде әділет министрі Эрик Холдер «террор қаупін сейілтуде мұсылмандар мен арабтекті америкалықтардың қосқан үлесі өлшеусіз» деді.

Ішкі қауіпсіздік комитетіндегі оппозициялық топ – Демократиялық партия мүшелері конгрестегі тыңдауға мұсылмандардың тергеу орындарына көрсеткен көмегіне қатысты сөз сөйлейтін мамандарды шақырып жатыр.

«МҰСЫЛМАНДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ КЕМСІТУ»

Мұсылмандардың құқықтарын қорғайтын Америка-Ислам қарым-қатынасы кеңесінің үкіметпен байланыс жөніндегі директоры Кори Сейлордың айтуынша, Кингтің бастамасымен шақырылатын бұл тыңдау Исламға қарсы дискриминацияны мемлекеттік деңгейде заңдастырып беруі мүмкін.

«Бүгінгі ең басты қаупіміз – біз қазір ескі үлгідегі кемсітушіліктен үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылатын кемсітушілікке ойысып бара жатқан сияқтымыз. Оклахома штатында Ислам қағидаларын орындауға, Ислам қаржылық операцияларын жүргізуге тыйым салатын заң бар, ал Теннеси штатында мұсылман болудың өзін заңсыз деп танитын заң жобасы талқыланып жатыр, енді міне, конгрессмен Питер Кинг мұсылмандарға төртінші мәрте қара күйе жағып, онысына Конгресс қабырғасындағыларды сендірмекші», - дейді Кори Сейлор.
Dove World Outrich (Дав Ворлд Аутрич) шіркеуінің пошта жәшігінде "Ислам - зұлымдық" деп жазылған. Флорида штаты, Гейнсвил қалашығы, 8 қыркүйек 2010 жыл

Осы ұйыммен қатар «Американың Азаматтық бостандық одағы» және басқа да ондаған ұйым өкілдері қол қойып, Питер Кинге жолдаған хатта: «Бірер ғана заңсыз әрекет пен қатаң мәлімдеменің кесірінен тұтас бір қауымға кінә арту ақылға сыйымсыз және әділетсіз, бұрынырақта болған мұндай оқиғалардың барлығы өзара дүрдараздыққа, әділетсіздікке және кемсітушілікке соқтырған», - делінген.

АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ КИНГТІ ҚОЛДАЙДЫ

Наурыздың 6-сында Нью-Йорктегі Таймс сквер алаңында «Мен де мұсылманмын» деген тақырыппен өткен наразылық шарасында жиналған қауым мұндай тыңдаудың шақырылуына қарсылық білдірді. Дегенмен сол уақытта жақын маңайда осы тыңдаудың өткізілуін қолдаған азғантай топтың да шеруі өтіп жатты.

Ал соңғы жүргізілген зерттеулерге қарағанда америкалықтардың жартысына жуығы Кинг айтып жүрген сөздерде еш сөкеттік жоқ деп санайды.

«Гэллап» компаниясы өткізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне көз жүгіртсек, америкалықтардың 52 пайызы елдегі мұсылмандардың радикалды бағытқа ауысуын талқылауда тұрған ештеңе жоқ деген пікірде. Ал сұралғандардың 38 пайызы мұндай тыңдау өткізудің дұрыс емес екенін айтқан.
Нью-Йорктегі террорлық шабуылға ұшыраған дүниежүзілі сауда ұйымдары ғимаратына жақын маңда ислам орталығын салуға қарсы шыққан топ. Нью-Йорк, 22 тамыз 2010 жыл

«Бәрі мешіттен басталды. Олар адамдарын мешітте дайындықтан өткізді, сосын Дүниежүзілік сауда үйінің бірінші, сосын екінші мұнарасы құлады – бәрі мешіттен басталды. Ол шіркеуден, не басқа бір жерден басталған жоқ. Маған бұл ұнамайды», - дейді Нью-Йоркте тұратын Сильвия есімді зейнеткер.

2006 жылы АҚШ Конгресіне сайланған алғашқы мұсылман ретінде уәкілдер палатасының депутаты Кейт Эллисон да бұл тыңдауға қатысып, сөз сөйлемек. Ол бұл тыңдауды «дұрыс бағыттағы әрекет емес» деп атап, Кинге өз зерттеуін жүргізуде Америка мұсылмандарынан басқа топтарға да көңіл бөлу керек деген кеңес берді.

Десе де, АҚШ-тың өз ішіндегі фундаменталистік террор бас көтеріп келеді деген пікірді жоққа шығарушылар өте аз.

Washigton Post («Вашингтон пост») газеті АҚШ-тың әділет департаментіне сілтеме жасай отырып таратқан мәліметке қарағанда, соңғы екі жыл ішінде 50 шақты АҚШ азаматы түрлі террорлық әрекеттерге қатысы бар деп айыпталған, олардың барлығы радикалдық Исламға ұйығандар.

АҚШ үкіметінің жыл сайын шығаратын «Ел ішіндегі террорға қатысты есептің» соңғы шығарылымында шетелдік террорлық ұйымдарға жұмыс істеп жүрген АҚШ азаматтарының саны артқаны айтылған.

АҚ ҮЙ АСА САҚ

Президент Барак Обама өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Денис Макдунухты Вашингтондағы Мұсылман орталығына жіберіп, жағдайдың мән-жайына қанығуды сұрады.

Көптеген сарапшылардың айтуынша оған сөз сөйлету арқылы Ақ үй тыңдау басталар қарсаңда үрейлі мұсылмандарды сабасына түсіргісі келді деп санайды.

Макдунух «бірнеше адамның әрекеті үшін тұтастай бір қауымдастықтарға кінә тағып, құбыжық етуге болмайтынын» ескертіп, «АҚШ-та адамдар тобына айып тағу тәжірибесі қолданылмайтынын» айтты.
АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон Каирдегі Сұлтан Хасан мешітінде. 4 маусым 2009 жыл

Ол Ақ үйдің «Америкалық мұсылман отандастарымызға қатысты соңғы жылдары қалыптасқан қате пікірлер мен жалған мифтерді сейілту» бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

Бірақ, Лонг-Айленд Ислам орталығының директоры Хабиб Ахмед бұл тыңдаудың Америка мұсылмандарына тигізер зияны көп бола ма деп қауіп етеді.

«Бұл қарапайым адамдардың өміріне қатысты болғандықтан, әсері көп болады. Көршім маған күдіктене қарай бастауы мүмкін, жұмыстағы әріптесім бұл тыңдауды көруі мүмкін, көп балалар қазірдің өзінде мектепте қиындықтарға кезігіп жатыр. Олар көпшіліктің мазағына айналды, әсіресе хиджаб киетін қыз балалар. Олардың «сүлгімен оранғандар», «шүберек жамылғандар» деп кекетеді. Аузынан шыққан сөзге жұрттың бәрі ойлана бермейді, әсіресе мынау сияқты тыңдаулардың қарапайым адамдар өміріне тигізер зияны көп болады», - дейді Х.Ахмед.