11 желтоқсан күні АҚШ-тың дәрі-дәрмек сапасын бақылайтын мекемесі (Food and Drug administration) Pfizer және BioNTech компаниялары бірлесіп әзірлеген коронавирус вакцинасын мақұлдады.
Осыған орай, видео үндеу жолдаған АҚШ президенті Дональд Трамп вакцинаны миллиондаған адамды құтқарып, пандемияны тоқтатын "медицина ғажайыбы" деп атады.
"Біз қауіпсіз әрі тиімді вакцинаға бар болғаны тоғыз ай ішінде қол жеткіздік. Бұл – тарихтағы ең керемет жетістіктердің бірі" деді Трамп FDA мекемесінің вакцинаны мақұлдағанын хабарлай отырып.
FDA мақұлдауынан бір күн бұрын тәуелсіз кеңесшілер тобы 16 және 85 жас аралығындағы адамдарға арналған екі-дозалы бұл вакцина пайдалануға жарайды деген қорытынды шығарған. Вакцинаны америкалық Pfizer фармацевтикалық компаниясы мен оның германиялық серігі BioNTech әзірледі.
Pfizer осы аптада 1,5 миллион адамға арналған 3 миллион дозаны шығаратынын хабарлады.
Вакцинаны бірінші болып денсаулық сақтау қызметкерлері мен қарттар үйінің тұрғындары қабылдайды.
Pfizer/BioNTech вакцинасы көктемге қарай жаппай қолжетімді болмақ. АҚШ үкіметі Pfizer-ге наурызға дейін 100 миллион дозаға тапсырыс берді.
Вакцина АҚШ-та коронавирус індетінің үшінші толқыны басталғанда мақұлданып отыр. Елде вирус жұқтырғаны расталғандар саны 16 миллионға жуықтады, 295 мың науқас қайтыс болды. Кейінгі күндері науқастар саны еселеп артып, ауруханаларға салмақ түсіп отыр. Салдарынан штаттар карантин шараларын қайта енгізуге мәжбүр болды. Ал мұндай шектеулер экономикаға соққы болып тиіп жатыр.
Pfizer-BioNTech вакцинасы әдеттегіден қысқарақ уақытта әзірленгендіктен, АҚШ-тың денсаулық сақтау жөніндегі шенеуніктері бас уайымы халықты вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екенін сендіру болып отыр.
ВАКЦИНАНЫҢ ТӨТЕНШЕ МАҚҰЛДАНУЫ
11 желтоқсан күні FDA шешімі шықпас бұрын Washington Post газеті АҚШ президенті әкімшілігінің жетекшісі Марк Медоуз FDA басшысы Стивен Ханға қоңырау шалып, күннің соңына дейін вакцинаны мақұлдауы керегін болмаса жұмыстан шығатынын айтқан деп хабарлады.
Кейінірек Хан президент әкімшілігі басшысымен болған әңгіменің басылым жазғандай сипатта болмағанын айтты.
Бірақ Трамп осыған дейін жария түрде вакцинаны тезірек мақұлдауға шақырып келген. Twitter желісіндегі жазбаларында ол FDA мекемесін баяу қозғалатын тасбақаға теңеген.
"Вакцинаны мақұлдаңыз, доктор Ханн" деп жазды Трамп 11 желтоқсан күні Twitter-аккаунтында. "Ойын ойнауды доғарып, адамдарды құтқаруды бастаңыз".
Денсаулық сақтау мамандары биліктің бұл саяси қысымын сынға алып, мұның халықтың вакцинаға деген сеніміне нұқсан келтіретінін айтты.
Кейінгі әлеуметтік сауалнамалар америкалықтардың жартысы ғана жаңа вакцинаны алуға дайын екенін көрсеткен. Қалған жартысының елу пайызы таңдауын әлі жасамаған, елу пайызы вакцинадан бас тартқан.
Мамандардың есебінше, бұқаралық иммунитеттің пайда болуы үшін АҚШ халқының кемі 70 пайызы вакцинаны салдыруы керек.
Pfizer-BioNTech вакцинасы сынақтың үшінші кезеңінде тиімділігінің 95 пайыз екенін көрсетті.
Бұл вакцинаны Ұлыбритания, Канада, Мексика, Сауд Арабиясы және Бахрейн елдері осыған дейін-ақ мақұлдап қойған. Еуроодақ келесі апталарда мақұлдауы тиіс.
АҚШ билігі сондай-ақ Moderna компаниясының әлі мақұлданбаған вакцинасының қосымша 100 миллион дозасына тапсырыс бергенін хабарлады. Moderna компаниясына берілген тапсырыс осымен 200 миллион дозаға жетіп отыр. Бұл 100 миллион адамды вакциналауға жетеді.
АҚШ дәрі-дәрмек сапасын бақылау мекемесі Moderna вакцинасы жөніндегі шешімін осы айдың соңына дейін қабылдауы керек. Moderna жарияланған вакцинасының тиімділігі Pfizer/BioNtech вакцинасының тиімділігімен шамалас.
FDA қарауында Johnson & Johnson және AstraZeneca вакциналары да бар.