АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден былтыр сайлауалды науқан кезінде Ақ үйдің сол кездегі әкімшілігіне қарағанда қатаң саясат ұстануға уәде берген. Содан бері сол сөзінде тұруға тырысып келеді. Биыл 20 қаңтарда президент қызметіне кіріскен Байден бұрынғы президент Дональд Трамп билікте болған жылдары Ресейдің АҚШ-қа қарсы жасаған "зиянкес" іс-әрекеті үшін Кремльге қарсы екі рет санкция салып үлгерді.
15 сәуірде Ақ үй Ресейдің 10 дипломатын елден шығарып, ресейлік 6 технологиялық компания мен 32 жеке тұлғасына қарсы санкция салатынын мәлімдеді.
Бұл шаралар Ресей экономикасы үшін маңызды саналатын мемлекеттік қарызға да қарсы бағытталған. Ақ үйдің бұл шешімі алдағы бірнеше айда тағы жаңа санкциялар салуы мүмкін деген талқылауға түрткі болды.
Саяси сарапшылар мен Конгресс мүшелері де Мәскеуге қарсы санкцияларды қолдап, бұл шаралар Ресей президенті Владимир Путинге берілген белгі болады деген пікір айтты. Олардың арасында Кремльге қарсы бұдан әлдеқайда қатаң шаралар қолдану керек деп санайтын, Ресейден Еуропаға газ тасымалдайтын "Северный поток 2" құбырының жобасына қарсы санкция салуды ұсынғандар да болды.
Бірақ Ресей нарығы қалыпты күйінен айныған жоқ. Бұл – санкциялардың экономикаға кейбіреулер күткендей ауыр салдары болмайтынын білдіреді. Тіпті Ресей валютасы рубльдің долларға қарағанда тұрақтылығы артты. Өйткені Байден қарыз санкциялары бойынша соққы берді, ал олардың қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Ресейге жаңа санкция салып, 10 дипломатты елден шығаратынын мәлімдедіБритандық Oxford Economics зерттеу фирмасының маманы Евгения Слепцова 15 сәуірде "Әлі де қапқанынан үргені көп" деген тақырыпта пікірін жариялады.
Былтыр көктемде Байден Демократиялық партиядан президент сайлауына түсетінін мәлімдеп, қарашада сауалнама қорытындысы бойынша сайлауда Трампты жеңіп шығатыны белгілі болған кезде АҚШ Ресейге қарсы санкция салады, америкалық банктер мен инвесторлардың Ресейдің мемлекеттік қарызын (бюджетті толтыру үшін сатылымға шығарылатын мемлекеттік облигациялар) сатып алу мүмкіндігі шектеледі деген болжамдар жиі айтыла бастаған.
Биыл 15 сәуірде Байден әкімшілігі жаңа санкцияларды жариялап, Ресейдің мемлекеттік облигацияларын сатып алуға неге тыйым салғанын түсіндірді.
"Путин режимі тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін іс-қимылға бірнеше рет барғанын ескерсек, Америка халқының Ресей үкіметін қаржыландыруына еш себеп жоқ" деді Ақ үйдің лауазымды шенеунігі.
"СИМВОЛИКАЛЫҚ МӘНГЕ ИЕ ШАРАЛАР"
Ресей мемлекеттік облигацияларын сатып алуға дайын инвесторлар саны азайған сайын Кремльге бюджетке қажет ақша өндіріп алу да қиындай түседі. Бұл бүкіл экономикаға, компаниялар мен тұтынушыларға да кері әсер етеді.
Бірақ Байден әкімшілігі мемлекеттік қарызға қатысты барынша жұмсақ санкциялар қолдануды жөн көрген.
Бұл санкциялар 14 маусымда күшіне енеді. Содан кейін АҚШ банктері Ресейден федералды қарыз облигациялары деп аталатын мемлекеттік облигацияларды тікелей сатып ала алмайды. Бірақ дәл осы облигацияларды екінші нарықтағы ресей банктерінен сатып алуға еш кедергі жоқ.
Слепцова бұл туралы "Рубль түріндегі мемлекеттік қарыз нарыққа символикалық түрде ғана әсер етеді" деп жазды.
Байден әкімшілігі ресейлік мемлекеттік қарызға тыйым салады деп күткен инвесторлар Ресей федералды қарыз облигацияларын сатып алуды азайта бастаған. 2020 жылдың басында америкалық инвесторлардың қолындағы федералды қарыз облигациялары 35 пайызды құраса, 2021 жылы сәуірдің басында бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін төмендеген (кейінгі алты жылдағы ең төменгі көрсеткіш). Шетелдіктердің федералды қарыз облигацияларын жаппай саудаға шығара бастауынан доллар бағамы 80 рубльге жетіп, Ресейде инфляция өсті.
Мәскеудегі BCS Global Mark инвестиция банкінің экономисі Владимир Тихомировтың сөзінше, қазір Ресейдің 185 миллиард доллар төленбеген федералды қарыз облигациясы бар, оның 37 миллиард доллары шетелдік инвесторлардың еншісінде.
Экономистің дерегінше, федералды қарыз облигацияларының 12-14 миллиард доллары америкалық инвесторларға, қалған бөлігі еуропалық және азиялық инвесторларға тиесілі.
Санкциялар америкалықтардан басқа шетелдік инвесторларға ешқандай міндет жүктемейді. Бірақ қаржы министрлігінің бұрынғы маманы, қазір Атлант кеңесі сараптама орталығының аға ғылыми қызметкері болып істейтін Брайан О’Тулдың айтуынша, Еуропаның ірі банктері кейін болуы мүмкін салдарынан қорқып, көбіне АҚШ қаржы министрлігі санкцияларын орындауға тырысады.
Алайда 2019 жылы Трамп әкімшілігі Ресей мемлекеттік қарыз облигацияларын сатып алуға тыйым салған кезде бұл шешім басқа инвесторларға әсер ете қоймаған.
Слепцованың айтуынша, Трамптың кезінде салынған санкциялар Кремльді шетел қаржысынсыз қалдыруға көмектесе алмаған. Өйткені Ресей еурооблигациялар шығаруға көшкен. Сарапшы осы санкциялардан кейін Ресей мемлекеттік облигацияларын сатып алған шетелдік инвесторлар қатары көбейгенін айтады.
ДОМИНО ЭФФЕКТІСІ
Ресей үкіметі бюджетін қаржыландыру үшін долларға қарағанда, рубльмен есептелетін қарызға көбірек тәуелді. Сондықтан АҚШ-тың жаңа санкциясын қатаң шаралардың біріне жатқызуға болады.
Байден әкімшілігінде істейтін лауазымды шенеуніктің сөзінше, Ақ үй бұл санкциялар басқа салаларға да домино эффектісі бойынша әсер етеді деп үміттенеді.
"Тарихқа көз жүгіртсек, АҚШ инвесторларының нарықтағы сатып алу құқығын шектеу Ресей қарызының құнын арттырып, елдегі капиталдың сыртқа кетіп, валютаның әлсіреуіне әкеліп соғатынын көруге болады. Осының бәрі Ресейдің экономикалық өсімі мен инфляцияға әсер етеді" деді жаңа санкциялар жарияланғаннан кейін пікір білдірген, аты-жөнін атағысы келмеген шенеунік.
Байден әкімшілігі мемлекеттік қарызға қатысты санкциялардың жұмсақ түрін таңдау арқылы қазір Ресейге жеңіл қысым көрсетіп, ауыр соққыны кейінге қалдыруды жөн санаған сияқты.
15 сәуір кешке Джо Байден "АҚШ бұдан да қатаң санкция салар еді, бірақ кикілжіңді одан әрі ушықтырмау үшін бұлай жасамаймыз деген шешімге келдік" деді. АҚШ президенті "Ресей алдағы уақытта демократиямызға араласуын доғармаса, оның әрекетіне жауап ретінде тиісті шаралар қолдануға дайынмын" деп ескертті.
Вашингтондағы халықаралық қаржы институты бас экономисінің орынбасары Элина Рыбакова бұл мәлімдемеден кейін америкалық банктер мен инвесторлар болашақта Ресейдің рубльмен есептелетін мемлекеттік облигацияларын сатып алуда аса сақ болуға тырысады деп санайды.
"Кей бақылау департаменттері мұндай тәуекел ақталмайды деп айтуы мүмкін. Бірақ қазіргі санкциялар символикалық тұрғыдан ғана әсер етеді" дейді ол.
МҰНАЙДАН ТҮСЕТІН ТАБЫС
Ресей президенті Путин 2014 жылы Қырымды аннексиялап алып, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткен кезден бастап АҚШ пен оның одақтастары мемлекеттік қарызға санкция салады деп күткен. Ресей үкіметі шығынын қысқартып, елдің валюта қорын 600 млрд долларға дейін көбейткен.
2015 жылы мұнай бағасының құлдырауы мен Ресейге қарсы салынған санкциялар ел экономикасына соққы болып тиді. Бірақ биыл Ресей экспортқа шығаратын негізгі тауары – мұнай бағасының өсуіне байланысты біраз пайда тапты.
Биыл бір баррель мұнайдың бағасы орташа есеппен алғанда 45 доллар болса, Ресей 3,7 трлн рубль (48,5 млрд доллар) қарыз алуды жоспарлаған. Қазір бір баррель мұнай 60 доллар шамасында сатылып жатыр. Осыған байланысты Ресейдің қаржы министрлігі наурызда бюджетке қосымша 25 млрд доллар табыс түсетінін хабарлады.
Ресей АҚШ-тың жаңа санкцияларына жауап ретінде 2021 жылы шетелден алатын қарызын төрттен бірге немесе 11,5 млрд долларға қысқартатынын мәлімдеді. Бұл қаржы шетел инвесторларына тиесілі қарыз көлемінен көп.
"Әлем экономикасы құлап, мұнай бағасы күрт төмендемесе, Ресейге ондай ірі көлемде қарыз алудың қажеті жоқ. Сондықтан олар қаржы саясатына аздаған өзгеріс енгізіп, жаңа қарыз алмауға тырысады" дейді Тихомиров. Сарапшы Ресейдің экономикалық өсімі туралы жасаған болжамдарына санкциялар әсер етпейді деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Санкциялар мен өткір мәлімдемелер сайысы". Байден келгелі үш держава арасы не болып жатыр?