Тұтқиылдан озған Трамп

АҚШ-тағы президент сайлауына түсіп жатқан Дональд Трамп. 23 ақпан 2016 жыл.

«Мұсылмандарды АҚШ-қа кіргізбеймін» деген Дональд Трамп Республикалық партия атынан сайлауға түсуі мүмкін.

Былтыр маусымда АҚШ-тың Республикалық партиясының ауқатты демеушілері Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы Митт Ромнидің шақыруымен Юта штатындағы қымбат демалыс орнында «коктейль кешіне» жиналған.

Осы отырыста президенттіктен үміткер болады-ау деген алты үміткер назарға ілікті. Құрал-жабдық шығаратын Positec Tool корпорациясының басшысы Том Дункан жұрттың біршамасы Висконсин штатының губернаторы Скотт Уолкер мен сенатор Марко Рубио (вице-президент қызметіне) жұбы билікке келcе деген үміттерін айтқан.

Ал Том Дунканның өзі Огайо штаты губернаторы Джон Кэсич пен Hewlett-Packard корпорациясының бұрынғы басшысы Кэрли Фиоринаны қолдаған. Ал біраздан бері сайлауға түсуге ниет танытып жүрген Дональд Трампты ешкім көзге ілмеген. Араға төрт күн салып Нью-Йорктің жылжымайтын мүлік магнаты сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бірер апта өткен соң ол Республикалық партиядағы барлық бақталастарынан озды.

АҚШ президенті сайлауына Республикалық партия атынан түсуге тырысқан үміткерлер: (солдан оңға қарай) сенатор Рэнд Пол, Нью-Джерси штаты губернаторы Крис Кристи, нейрохирург Бен Карсон, сенатор Тед Круз, сенатор Марко Рубио, Флориданың бұрынғы губернаторы Джеб Буш, Огайо губернаторы Джон Кейсик. Айова, 28 қаңтар 2016 жыл.

Трамптың суырылып шығуы телеарналар мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыға түскенімен, Республикалық партия элитасының жабық есіктің ар жағында өткен бұл кеңесі назардан тыс қалды.

Дональд Трамп жаздың ыстық күнінде стадион толы адам жинап, теледидар эфирін бермей жүрсе де, сауалнама қорытындыларынан оны жас пен кәрі, еркек пен әйел жапырыла қолдап жатқанын естісе де, партия элитасы оны байсалды үміткер ретінде мойындамай келді.

Юта штатындағы партия элитасының басқосуына ұқсас жиындар Американың түкпір-түкпірінде өткен. Республикалық партия серкелерінің көбі Трамп бір күні өзі-ақ сайлаудан бас тартады немесе АҚШ халқы оның даңғой, намысқа тиетін әңгімесінен, «Американы қайтадан ұлы елге айналдырамын» деген бос мәлімдемелерінен жалығады деп үміттенді.

Бірақ олардың қателескені көп ұзамай белгілі болды. Трамп «суперсейсенбі» күні партия үміткерлері сынағында штаттардың басым көпшілігінде жеңіске жетіп, президент сайлауына түсуге жақындап қалды.

Reuters агенттігі тілшісімен сұхбатында Республикалық партия донорлары, стратегтері, сайлауалды науқанын ұйымдастырушылары сайлаушылардың көңіл күйін дұрыс болжай алмағандарын мойындады. «Мексикамен шекараға биік дуал тұрғызамын, мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне уақытша тыйым саламын және Сириядан келетін босқындар тасқынын тоқтатамын» деп уәде берген Дональд Трампты қолдаушылар күрт көбейіп кетті.

Үміткердің баспасөз хатшысы Хоуп Хикс бұл тақырып бойынша комментарий беруден бас тартты.

БОЛЖАМ РАСТАЛМАДЫ

Трамп Республикалық партияның өз ішінде жүретін үміткер ұсыну процесінен тыс, өз бетінше де өрлеп келеді.

Мәселен, 2015 жылғы ақпанда өткен партия белсенділері бас қосатын үлкен жиын - Консервативтік саяси әрекет конференциясына қатысқандар Трампқа емес, Висконсин штатының губернаторы Уолкер мен техастық сенатор Тед Крузға ерекше қошемет көрсеткен еді.

Ал Дональд Трамп өзін басқа кандидаттардың алдына шығарған әйгілі популистік жоспарларын жариялады.

«Оның сөзін жұрт жақсы қабылдады, бірақ дауысқа салғанда ол көп қолдау жинай алмады» дейді осы жиынды ұйымдастырған Америка консервативтер одағы төрағасы Мэтт Шлапп. Ол конференцияда Кентукки штатынан сайланған сенатор Рэнд Пол көп дауыс алған.

Дегенмен, бұл жиынға көбіне сайлау науқанына қатысып жүрген консерватор белсенділер келген, ал Трамптың жолын ашатын нағыз фанаттары оған қатыспаған. Осы конференцияда қолдауға ие болған кандидаттардың көбі орта жолдан қайтты. Уолкер науқанға қатысқаннан екі ай өткен соң сайлауға түсуден бас тартты. Пол үміткер іріктеудің алғашқы айналымынан соң ойыннын шықты. Ал Круз болса оншақты іріктеудің тек үшеуінде ғана жеңіске жетті.

Республикалық партия атынан президент сайлауына түсуге үміткер болған Скотт Уокер. Мэриленд, 3 наурыз 2016 жыл.

Былтыр тамыз айының басында Республикалық партияның дәулетті өкілдері 2016 жылғы сайлау науқанын талқылауға Нью-Йорктегі жағажайда орналасқан Hamptons демалыс орнына жиналған.

Қорғаныс министрлігінің бұрынғы өкілдері, үлкен жылжымайтын мүлік фирмасының директоры, жеке акциялардың белгілі қожайыны, консерватор ғалымдар қатысқан басқосуда көбі Флорида штатының бұрынғы губернаторы Джеб Бушқа қолдау білдірген. Мұны Reuters агенттігіне аты-жөнін атамауды өтінген партия өкілі айтты.

«Түрлі тақырыптар қозғалды, бірақ соның ішінде, меніңше, ең басты түйткіл – Дональд Трамптың кандидатурасына деген үрей болды» деді партия өкілі.

Ол кезде Трамптың бүкіл ел аумағындағы рейтингі қарсыластарынан екі есе жоғары болатын (Reuters/Ipsos мәліметі бойынша).

Агенттік дереккөзінің айтуына қарағанда, жиналғандар Трамптың америкалықтардың тамырын дәл басқанын мойындаған әрі басқа кандидаттар да соның деңгейіне түсіп кете ме деп қобалжыған. Олар бір аптадан кейін өтетін Республикалық партияның алғашқы президенттік пікірсайысында Трамп үстемдік етіп кетпес деп үміттенген. Партиядағылар «Трамптың бұл жетістігі ұзаққа созылмас» деген ойда болған. Олардың бұл болжамы расталмады.

«АЛҒАШҚЫ СИГНАЛДАР»

Джеб Буштың кандидатурасын қолдайтын Right to Rise қоғамдық тобы оған бөгет болады-ау дейтін басқа үміткерлерді жолдан тайдыру мақсатында 100 миллион доллар қаражат жинаған. Алайда олар былтыр жазда да, күзде де Буштың бәсекелесі Дональд Трамп болады деп ойлаған жоқ. Тіпті танымалдығы Буштікінен артып бара жатса да олар Трамптан қауіптене қоймаған.

Былтыр күзде «Трамп бізге бәсеке бола қоймас» деген партия өкілі оның биыл қаңтар-ақпанда көш соңына сырғиды деп болжаған еді.

Оңтүстік Каролина штатындағы праймеризде ойсырай жеңілген Джеб Буштың өзі ақпанның 21-і күні сайлауалды жарысынан шығып қалды.

Positec башысы Дункан «былтыр қараша-желтоқсанда үш кандидаттың өкілдерімен сөйлескенімде олардың ешқайсысы Трампты тіпті ойларына да алмаған» дейді.

- Алда әлі көп уақыт болатын. Шынымды айтсам, ол құрдымға кетеді деп ойладым, - дейді ол.

Ал қазір уақыт аз қалды. Партия басшылығы науқанның бас кезіндегі Трамп жетістігін паш ететін «дабыл сигналдарын» байқамай қалған тәрізді.

Сондай сигналдардың бірі 2015 жылдың қаңтар айында Айовадағы Бостандық саммитінде (Iowa Freedom Summit) болды. Президенттік сайлау науқанының шымылдығын ашқан бұл жиында Трамп мінберге көтерілгенде көрермен ерекше көбейіп кеткен.

- Дональд Трамптың атын атап шақырғанымызда отырыстың көрігі қызды. Партия басшылығындағылардың бәрі, ақпарат құралдары, бүкіл Жер шары Дональд Трамптың Республикалық партия атынан үміткер атануға шақ қалғанын көріп отырғанда мұны сезбей қалу мүмкін емес, - дейді конференцияны ұйымдастырған мекеме басшысы Дэвид Босси.

Reuters тілшілері Эмили Флиттер мен Лусиана Лопестің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.