Университетті Алматыда бітірген 25 жастағы Жолдас Өрісбаев АҚШ-қа білім бағдарламасымен барған. Қазір Нью-Йорк қаласындағы жергілікті басылымда тəжірибеден өтіп жүрген ол сол елде көрген-түйгенін әңгімеледі.
Азаттық: – АҚШ-қа қалай және қашан бардыңыз?
Жолдас Өрісбаев: – АҚШ-қа осыдан үш жыл бұрын Work and travel бағдарламасы бойынша келген едім. Ол кезде жаздық демалысымды осында өткізіп қайтқанмын. Содан кейін «осы жаққа жолым түссе екен, тәжірибе арттырып, кәсіби деңгейде білім алсам екен» деп біраз іздендім. Сосын университеттің соңғы курсында оқып жүрген шағымда интернет арқылы көптеген бағдарламаларды іздей бастадым. Коммерциялық емес ұйымның ұйымдастыруымен АҚШ-та өтетін «Журналистерге арналған тәжірибе арттыру» бағдарламасына қатыстым. Сол бағдарлама арқылы өткен жылдың сәуір айында Нью-Йоркке екінші қайтара келген едім. Қазір IFERS бағдарламасы бойынша жергілікті Red Hook басылымында тəжірибеден өтіп жатырмын.
Азаттық: – Қазақстанда жергілікті сайттарда жұмыс істепсіз. Қазір АҚШ басылымында тәжірибеден өтіп жүрсіз. Екі ел журналистикасында қандай айырмашылық бар?
Жолдас Өрісбаев: – Бұл жерден ең бірінші байқағаным – кез келген ақпаратты кем дегенде екі-үш дерек көзінен нақтылап беруге күш салатынын аңғардым. Нақтыланбаған ақпарат ешқашан жарияланбайды. Сосын өте жылдам жұмыс істейді. Мәселен, маңызды іс-шара өтіп жатқан болса, соған қатысты деректі кез келген жағдайда тауып, соған сәйкес ақпарат беруге тырысады. Үшіншіден, Қазақстанда әрбір басылымның тұрақты журналистері жұмыс істейді. Ал бұл жақта негізінен фрилансерлер жұмыс істейді екен. Әрі бұл өте тиімді екенін аңғаруға болады.
Азаттық: – Басылымға фрилансер болудың тұрақты тілшіліктен артықшылығы бар ма?
Жолдас Өрісбаев: – Бұл жерде фрилансерлер тәуелсіз. Саяси-әлеуметтік шараларға өздері барып, сол жерден өтімді сараптама жасауға тырысады. Сол жолда ізденеді. Материалдарын әртүрлі басылымдарға ұсынады. Бұл газет-журналдарда жарық көрген сараптама материалдардың өтімді болуына септігін тигізеді.
Ал Қазақстанда керісінше штаттағы журналист болуға тырысады. Әрине, жақсы сараптама жасайтын журналистер бар. Бірақ бір басылымға ғана тұрақты жұмыс істегеннен кейін ол ізденуді жоғалтады. Уақытын көп бөліп, қиналып сараптама дайындамайды. Бір жағы бұл бәсекенің жоқтығынан болса, екінші жағынан адам табиғаты тек өзіне қажет екенін сезген кезде ғана шынайы жұмыс істейді. Ал сақтандыруы бар кезде, мәселен, штатта жұмыс істеп тұрса, жақсы сараптама жасаса да, нашар сараптама жасаса да сол белгіленген көлемдегі қаламақыны алады. Яғни тұрақты жалақы басылымдағы жарияланатын сараптама материалдардың сапасына кері әсерін тигізеді.
Азаттық: – Тәжірибеден өту уақытыңыз аяқталған соң қандай жоспарыңыз бар?
Жолдас Өрісбаев: – Тәжірибемнің уақыты аяқталған соң елге қайтуға тиіспін. Бірақ о баста Lost немесе Bloomberg басылымдарында жұмыс істеу басты мақсатым болған. Негізгі қызығушылығым экономика, қаржы салаларындағы сараптамаларға қатысты. Яғни сол саладағы жаңалықтарға көбірек басымдық беремін. Өйткені қазіргі өте маңызды сараптамалар – сол салада. Мен атаған басылымдар тек осы салада жазады. Маған әзірге ондай мүмкіндік туған жоқ. Әйтсе де әлі сол мақсатта еңбек етіп жүрмін. Ол үшін өте мықты маман болу керек. Бірақ Нью-Йоркке келгелі мақсатыма бір табан жақындағанымды сеземін.
Азаттық: – АҚШ-та өзіңіз сияқты қанша қазақ бар? Олардың кәсіптері не?
Жолдас Өрісбаев: – АҚШ-та қазақтар Хьюстон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Чикаго және Сан-Францискода. Олардың әрқайсысында қазақ мәдени орталықтары бар. Қазақтардың ең көп шоғырланған жері ретінде Техас штаты айтылады. Бірақ менің есебім бойынша, Америкадағы қазақтар көп тұратын қала – Нью-Йорк. Қала өте үлкен. Бірақ кей кездері көшеден серуендеп жүрсең, қазақша сөйлесіп бара жатқандарды көріп қаласың. Мұндай жағдайларды бірнеше мәрте байқадым. Шамамен 8 мыңға жуық қазақ бар деп есептелінеді. Олардың бір бөлігі – Green card арқылы тұрақты тұруға келгендер, екіншілері – жұмыс визасымен келгендер. Одан басқа түрлі жолдармен келген қазақтарды көруге болады. Өздерінің Нью-Йоркке келу мақсаттарына байланысты кәсіптері де әртүрлі. Бірақ Қазақстанға, қазақтарға қатысты өтіп жатқан шараларға жиналып, бас қосып тұрады.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.