Өзбекстан арналарына Каримовтің атын атауға тыйым салды

Ислам Каримовтің ескерткіші жанында тұрған адамдар. Ташкент

Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясының құрамындағы барлық телеарналарға эфирде елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің есімін атамау жөнінде бұйрық берілген.

Мұндай бұйрық берілгенін Азаттықтың Өзбек қызметіне жергілікті арналардың бірінде жұмыс істейтін жүргізуші хабарлаған.

"КАРИМОВТІҢ АТЫ АТАЛСА, БАСЫҢМЕН ЖАУАП БЕРЕСІҢ"

Жергілікті телеарна қызметкерінің айтуынша, енді бұдай былай эфирден таралатын барлық бағдарламада Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің есімі аталмауы тиіс. Бұл бұйрықты президенттің мемлекеттік кеңесшісі Хайриддин Султанов берген.

- Басшылық бізге: “Егер Каримовтің есімі эфирде аталса, онда бастарыңмен жауап бересіңдер. Бұл - мемлекеттік кеңесші Сұлтановтың бұйрығы” деп айтты, - деген өзбекстандық телеарналарының бірінің жүргізушісі.

Өзбекстан телеарналарының бірінде бас редактор қызметін атқаратын есімін атамаған азамат та Азаттықтың Өзбек қызметіне мұндай бұйрықтың болғанын растап, оның жәй ғана ұсыныс емес екенін айтқан.

- Бұл - ұсыныс емес, талап. Зиялы қауымның аға буын өкілдері Каримовті еске түсіріп, оны жиі ауызға алады. Сондықтан біз осы топ өкілдерін эфирге шығармас үшін барлық амалдарды қолдандық, - дейді есімін атамаған бас редактор.

Оның айтуынша, эфирде Каримовті атамау туралы бұйрық шамамен бір ай бұрын пайда болған.

Бұрын Өзбекстан арналарында елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовты жиі көрсететін

- Бірақ дүйсенбі күнгі жиналыста бізге оны тағы айтты. Жалпы жыл басынан бері Ислам Каримов жайлы азырақ айтып, Шавкат Мирзияев жайлы көбірек айтуға кеңес берген. Міне, бір айдан асты - редакторлар мәтіндерді лупамен қарап, Ислам Каримов есімін тауып, алып тастап жатыр. Қазір эфирде Ислам Каримовтің атын атау қауіптірек бола бастады, оған қарағанда эфирде діни экстремистік ұйымның жетекшісі Тахир Юлдаштың (“Өзбекстанның ислам қозғалысы” террористік ұйымының өлген жетекшісі - ред.) есімін атау жеңілірек, - дейді өзбекстандық телеарналардың бірінің бас редакторы.

"Ëшлар" телеарнасы тілшісінің айтуынша, эфирде сонымен бірге Ислам Каримовтің суреттері мен ескерткіштерін көрсетуге де болмайды. Оның есімі кездесетін репортаждарға тыйым бар дейді.

Азаттықтың Өзбек қызметі Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясының басшылығына хабарласқанмен бұл мәселеге қатысты түсініктеме ала алмады.

Ислам Каримовтың суреті бар плакат

БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПОРТРЕТТЕРІ МЕН КІТАПТАРЫН ЖОЮ

Бұған дейін Өзбекстан ғылым академиясының қолжазбалар институтының директоры жиналыс өткізген залда Ислам Каримовтің портреті ілініп тұрғаны үшін сөгіс алған.

Институтта жұмыс істейтін есімін атамаған ғалымның айтуынша, “өткен жиналыста ғылым академиясының басшылығы Каримовтің барлық портреті мен сөздері жазылған ұрандардың бәрін жоюды бұйырған”. Оның айтуынша, академия қабырғасындағы панноларда Ислам Каримовтің аты кездесетін барлық мәтіндер өшіріліп, Каримовтің ондаған портреті қолжазба институтының сыртына лақтырылған.

17 маусымда Бұхара мемлекеттік университетінің бір студенті Азаттықтың Өзбек қызметіне университет территориясына жүк мәшинесінің тоқтап, Каримовтың барлық кітаптарын тиеп алып кеткенін хабарлаған. Студенттің айтуынша, кітаптар макулатураға жіберілген.

Сенімді ақпарат көзіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі 20 тамызда Қашқар облысы мен Самарқандта Ислам Каримовтің ескерткіші мен имам Мұхаммад Әл-Бұқари кесенесі маңында полицейлердің рейд жүргізгенін айтады. Олар Каримовтің суреті бар сувенирлер, магниттер мен өзге де бұйымдарды тәркілеп, оны сатқан сатушыларға айыппұл салған.

Алайда Өзбекстанның өзге елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде әлі де болса Ислам Каримовтің суреттерін кездестіруге болады. Мысалы, Өзбекстанның Берлиндегі елшілігінде Ислам Каримовтің портреті әлі тұр.

Ташкенттегі Ислам Каримовқа арналған ескерткіш

- Бізге әзірге, Ислам Каримовтің портретін алып тастау туралы бұйрық түскен жоқ. Оның портреті әлі құрметті орында тұр. Елшілік ғимаратына кіре берісте бірінші президенттің атындағы мрамор тақтасы да әлі бар, - деді Өзбекстанның Германиядағы елшілігінің өкілі Азим Азатов 22 тамыз күні.

Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев 2017 жылы елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің атын мәңгі есте қалдыру қажеттігін айтқан. Өткен жылы қаңтар айында ол Каримовті мәңгі есте қалдыру туралы жарлыққа қол қойған.

2017 жылы 31 тамызда Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген Мирзияев Каримовтың "туған елі мен мемлекет алдында сіңірген ұлы қызметін" атап өтіп, елдің есінде мәңгі сақталатынын айтқан.

Мирзияев есте қалдыру шараларының әрі қарай да жалғаса беретінін айтқан. Дәл осы күні Ташкенттегі "Оксарой" резиденциясының алдында Каримовке арналған ескерткіш ашылды.

Сол жылы қыркүйек айында Самарқанд қаласында Каримовке арналған тағы бір ескерткіш ашылған.

Оқи отырыңыз: Ислам Каримовтің 80 жылдығында туыстары билікте қалмады

2018 жылы 30 қаңтарда Өзбекстан Ислам Каримовтің 80 жылдығын атап өтті. Бұл күні елдің Карши қаласында Ислам Каримовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Ал Самарқандта бірінші президентке арналған мемориалды кешеннің құрылысы аяқталды.